Шығ.: Адам философияның пәні ретінде // Вопр. филос., 1989, N 2; Герменевтика туралы очерктер. М., 1995.
РИККЕРТ Генрих (1863 – 1936) – неміс философы, мәдениеттанушысы. Неокантшыл Баден мектебінің өкілі. Өзінің таным теориясының тұжырымдамасын жасады. Тікелей болмыс ретінде берілген шындық иррациональдылық ретінде көрініс береді. Р. таным мен ғылымдардың екі типі: «табиғат туралы ғылымдар» және «мәдениет туралы ғылымдарды» ажыратады. Р. мәдениетті тәжірибенің айырықша аймағы ретінде қарастырады, онда жеке-дара құбылыстар құндылықтармен салыстырылады. Мәдениет туралы ғылымдарға ол «сананы» зерттеуге бағытталған танымды жатқызады, яғни тарихи-дараландырушы тәсілді – құндылықтармен салыстыра зерттейтін тәсілді атайды. Нақ осы құндылықтар индивидуальды ерекшеліктердің өлшемін анықтайды, «мәндіге», «бірегейлікке», «қызығушылық тудыратынға» бағыттайды. Р. адами әрекеттің әртүрлі аймақтарына сай келетін «құндылықтардың алты аумағын» ажыратады, олар: ғылыми таным, өнер, пантеизм, этика, «жалпы өмір игілігі», тұлғалық құдайға сенім ретіндегі нигилизм. Олардағы маңызды құндылықтарға ол ақиқатты, әсемдікті, тұлғадан тыс қасиеттілікті, құлықтылықты, бақытты, тұлғалық қасиеттілікті жатқызады. Ақиқатты ол түсінік пен шындықтың сәйкестігі ретінде емес, түсініктердің өзара сәйкестігі ретінде қарастырады.
Шығ.: Табиғат туралы ғылымдар мен мәдениет туралы ғылымдар//Мәдениеттану. ХХ ғасыр. Антология, 1995.
РИТМ, Ы р ғ а қ (грек. – лайықтылық, сәйкестік, үйлесімділік) – заттардағы немесе табиғат құбылыстарындағы (мыс., жыл мерзімдерінің, күн мен түннің ауысуы және т.б.), я мәдени бұйымдардағы элементтердің, сәттердің алмасуы. Өнер теориясында Р. категориясы өнер туындысын жасауда норма принципін білдіретін шама категориясымен тығыз байланысты. Динамикалық өнерлерде – музыкада, биде, метрикалық өлеңде Р. заңдары біртұтас. Көркем Р. адамды қоршаған дүниедегі ритмикалық заңдылықтарға бағытталған және адамның қабылдауының психофизиологиялық табиғаты мен ара қатынаста болады. Мыс., қазақ күйлерінің ырғағы адамның қоршаған орта ырғағын қабылдауын және оның ішкі толғаныстарын жеткізеді.