БЕЙБОЛМЫС – болмыс еместік, өмір сүретіндік қасиеттерді мүлде иеленбейтін, бар екендік белгілері тіптен байқалмайтын абсолютті алаңсыз жоқтықты білдіретін онтологияның басты категориясының бірі. Кейде Ештеңе ұғымының синонимі ретінде қолданылса, кейде Б. пен Ештеңе субьект-предикат қатынасында болады: «Бейболмыс болмыс емес болса, сонда ол не?» деген сауалға, ол – Ештеңе деген жауап алынады. Б. көне Үнді философиясындағы вайшешика ілімінде алғаш рет философиялық категория ретінде қолданылды және ежелгі Қытай философиясында Дао, Бостық, Хаос түсініктерін анықтау үшін пайдаланылды. Грек философиясындағы Парменид ілімінде «Болмыс бар, Бейболмыс жоқ» деген тұжырыммен әйгіленді де, орта ғасырдағы христиандық теологияда зұлымдықпен теңестірілді, кей сәттерде креационизмнің басты субъектісі ретінде толғанылды: құдай әлемді Жоқтан (Б-тан) жаратты. Класикалық неміс философиясының өкілі Г.Ф. Гегельдің ілімінде Б. болмыспен диалектикалық байланыста қарастырылды: Бейболмыс болмыспен бірлікте – болмыстың даму заңдылығынан тыс бола алмайды – болмыстың әрбір сәтінде қатысады – болмыстың ішкі мазмұнының бөлшегі – болмыстың қажетті бір қыры (тең қыры) – болмыс Бейболмыстан ажырамайды – болмыс Бейболмыс арқылы ғана болмыс болып тұр – болмыс пен Бейболмыс тең – болмыс дегеніміз Бейболмыстың өзі, Бейболмыс дегеніміз болмыстың өзі. Бейболмыс болашақ болмысына дейін және болмыс басқа болмысқа ауысқан күйден кейін байқалады. М. Хайдеггер мен Ж.П. Сарт ілімінде Б. іргелі онтологиялық толғанысқа айналды.
Б. өзге болмыс, мистикалық әлем, виртуальдік әлем, о дүние, баламалық физикалық әлемдер сияқты құбылыстармен тең емес. Б-тың ғылыми негізделген көріністері: астрономияда – хаос, физикада – вакуум, математикада – нөль, лингвистикада – «емес» сөзі, дінде – бастапқы жоқ, психологияда – шуньята, геометрияда – формасыздық т.б.
БЕЙБІТШІЛІК – 1) мемлекеттер арасындағы бейбіт қарым-қатынас, соғыссыз бейбіт өмір сүру; 2) тыныштық, қауіпсіздік, қорқынышсыз өмір; 3) соғысушы мемлекеттер арасындағы қарулы қақтығыстың тоқтатылуы.
БЕЛСЕНДІЛІК – өзінің негізгі белгілерінің (мақсаттылығы, мотивтері, саналығы, әрекет әдіс-тәсілдеріне ие болуы, эмоционалдығы) айшықталуымен, сонымен бірге, адамның бастамашылдығы және жағдаяттылық сияқты қасиеттермен ерекшеленетін, адам әрекетінің ерекше түрі немесе ерекше әрекет. Б. адамның тіршілік қозғалысының қарқынын білдіретін ұғым. Б. салыстырмалы түрде анықталады. Б.-тің қозғаушы күші – қажеттілік пен құштарлық. Тіршіліктің негізі – қозғалыс пен әрекет болса, оның қарқынды немесе баяу жүруі қажеттілік пен құштарлық ауқымына байланысты. Б. қарапайым, биологиялық, әлеуметтік, психикалық болып жіктеледі. Б. ұғымы әртүрлі ғылым саласында дербес ұғым, сондай-ақ, әртүрлі тіркестерде қосалқы ұғым ретінде кеңінен қолданылады. Тіпті белсенділікпен кейбір қосарлана айтылатын сөз тіркестері өз алдына ұғым ретінде қалыптасуда. Мыс.: белсенді адам, белсенді өмірлік позиция, белсенді оқыту, жүйенің белсенді элементі сияқты сөз тіркестері. Б. ұғымының кең мағынаға ие болғандығы соншалық, көп жағдайда оны қолдану белгілі бір анықтылықты, нақтылауды талап етеді.
БЕЙСАНАЛЫҚ – адам санасында зерделі сипатта анықталмайтын психикалық, тылсым процестердің жиынтығы, мәдениеттануда – сана құбылыстарынан сапалы өзгешеліктері бар қоғамдық сананың санаға дейінгі және төменгі саналық құрылымдары. Б. мәселесін мәдениетте қарастыру шығарм. табиғатын зерттеуден басталады. Платон шығарм. процесті эростың көрінісі ретіндегі санаға дейінгі құбылыстармен байланыстырылды. Орта ғасырларда Б. адам мен құдайдың тылсымдық бірлігі арқылы түсіндіріледі. Ары қарай Б. шығарм. қиял және интуицияға қатысты зерттелді. Кант қиялдаудың жасампаз қабілетін саналық пен Б-тың бірлігі деп түсіндірді. Данышпандар, дейді Кант, Б-лық қалыпта ерекше бір шабытпен жасампаздыққа барады. Олардың әрекеті табиғатпен ұқсас, айырмашылығы тек табиғаттың объективтілігінен гөрі адамдық Б-тың субъективті түрде және еркін болуында. Шеллинг шығарм. процесін толық иррационалды тұрғыдан түсіндіріп, Б-ты логика мен өмір практикасынан тыс интуициялық акт ретінде қарастырды. Иен романтиктері Б-ты табынатын культке дейін көтерді. Шопенгауер оны барлық әлемдік процестердің негізіндегі әлемдік ырық ретінде қарастырды. Б-ты жаңа зерттеу деңгейі З. Фрейд және оның шәкірттерінен басталды. Фрейд Б-ты санадан тәуелсіз адам жанының құрамдас бөлігі, тұлға құрылымының маңызды элементі – «Ол» ретінде қарастырады. «Олдың» негізін сексуалды-биологиялық қуат құрастырады. Б. ұстаным түрінде әрекет ететін және тұлғаның ішкі дүниесінің бөлігіне айналдырылған мәдениетті Фрейд «Әсіре-мен» деп атады. Интериоризацияланған мәдениет және сексуалды Б. инстинктердің арасында, Фрейд бойынша, қақтығыстар туып отырады. Егер мәдениет адамға шамасынан тыс талап қойса, онда адамда невроздар пайда болады. Мәдениет тек бір тұлғаның ғана жетістігі болмағандықтан, үлкен тобырлық немесе ұжымдық невроздар тууы мүмкін. Осы сипатта Фрейд көптеген мәдениеттер, тіпті, мәдени дәуірлер невротикалық болмады ма деген сұрақ қойды.ХІХ ғ. аяғымен ХХ ғ. басында мәдениеттегі Б-тың табиғатын әлеум. факторлармен түсіндіретін ілімдер қалыптасты. Леви-Брюль ежелгі халықтардың логикалық ойлауға дейінгі формалары туралы баяндады. К.Г. Юнг Б-ты мәдениет бастаулары – архетиптер арқылы түсіндірді. Ұжымдық, Б.Юнг бойынша, адамзат тарихының терең қойнауларынан бастау алады; миф, эпос, діни нанымдарда сақталып, түс көруде жаңғыртылады. К. Хорни Б-ты адамның болмыстық негізіндегі өз тұрақтылығын сақтауға бағытталған ұмтылыстарға әкеп тірейді. Леви-Строс Б-ты адам әлеміне тән рәміздер және таңбалар арқылы түсіндіреді. Б., әсіресе, тілдік құрылымдарда терең қалыптасқан.