Әдебиет: Камю А. Избр. проив. – М., 1993; Философия. Энциклопедический словарь. – М., 2004, 349-350 бб.
КАНОН (грек. kanon – ереже, қағида, өлшем) – берік сақталған, дәстүрлі, жалпыға түсінікті үлгі. Бейнелеу өнерінде көркем тәсілдер мен ережелердің жиынтығы (композиция өлшемі, колорит, пропорция жүйесі). Бейнелеу өнерінде әр дәуірде белгілі бір К-ның берік сақталуы міндетті болған. К. деп сондай-ақ, көркем шығарм.-та өлшем ретінде баланатын ұлы шығармаларды айтады. К. Шығыстың көне мәдениетіне, Көне түркі мәдениетіне және Еуропа мен Азияның ортағасыр мәдениетіне де тән. Қайта өрлеу дәуірінде К. бейнелеу өнерінің түрлі саласында рационалды жолмен бейнеленген заттың (адам тұлғасының пропорциясы т.б.) үздік үлгісін табуға тырысты. Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Т 12. Астана: Аударма, 2005.
КАНТ Иммануил(1724 – 1804) – нем. философы, ғалымы, классикалық нем. философиясының негізін қалаушы, әрі оның атасы болды. К. И. өзінің философиясын бұған дейінгі дәуірде бір-бірінен алшақ кеткен диалектика, логика және таным теориясы туралы мәселелерді жан-жақты талдаудан бастады. «Таза зердеге сын» (1781) деген атақты шығармасында сөзді бұрын ерекше бағаланып, бас иіп келген зерденің қазіргі кезеңдегі қайшылыққа ұшырап отырған тағдырынан бастайды. К.И. өзіне дейінгі ойшылдардың эмпиризм және рационализм саласындағы сыңаржақ кеткен кемшіліктерін көрсете отырып, философияда бұрын-соңды болмаған үлкен жаңалық – коперниктік төңкеріс жасады. «Таза зердеге сын» атты еңбегінде К. таным процесіндегі қайшылықтарды кеңінен ашып, олардан шығу жолын көрсетті. Адамның таным қабілетін сезімдік, пайым және зерде деп үшке бөлді. Ол математиканы, жаратылыстануды және метафизиканы (философияны) априорлы (априорлы – латын тіліндегі тәжірибеден тыс пайда болған ұғым, ой, идея) синтетикалық тұжырым арқылы талдай келіп, таным процесінің қалыптасуы мен белгілі бір сатылардан өту жағдайын көрсетті. Осыдан математика – сезімділікке, жаратылыстану – пайымға, метафизика – зердеге қатысты екені анықталды. К. осылайша белгiлеген адамның таным қабiлетiнiң үш түрi философия тарихында ерекше рөл атқарады. Өйткенi, бұл, бiр жағынан, танымды бiртұтас, бiрақ iшкi қайшылыққа толы процесс деп қарау болса, екiншi жағынан, философияны жаратылыстану саласымен тығыз байланыстыруға жасалған әрекет едi. К. уақыт пен кеңiстiк жаратылыстану саласындағы ұғымдар ғана емес, олар дүниетанудың сезiмдiк формалары екендiгiн философия тарихында алғаш рет айқындап бердi. К.-тың зерде туралы көзқарасы философия тарихында, бұрын-соңды болмаған терең ойлар мен тың пiкiрлердi дүниеге ала келдi. Оның айтуынша, зерде дегенiмiз ол да пайым. Бiрақ, ол – пайымның жоғары формасы. Зерде таным процесінде категориялармен айналыспайды. Ол ұстындар арқылы көрінеді. К. зерде тудырған қайшылықтарға ерекше назар аудара отырып, оның антиномияларын да жан-жақты талдады. Бұл антиномиялар сырт қарағанда тек ойдың жемiсi ғана сияқты. Ендеше, одан туған қайшылықтар жасанды әрi жалған болып көрiнедi. К. өзiнiң «Практикалық зердеге сын» деген шығармасында көптеген мәселелерге жаңа көзқараспен қарады. Атап айтқанда, философ еркiндiктегi себептiлiк идеясы арқылы жаңа заман ойшылдарының бiразына сын айтты. Ол, әсiресе, Спинозаның жалпыға тән себептiлiктi қамтамасыз ету iлiмiн барынша сынады. Бұрын мораль мен парасат мәселелерiне тек қана дiн үстемдiк жүргiзiп келген едi. Өйткенi дiннiң айтуынша, мораль мен адамгершілiктiң қайнар көзi – құдай. Тек сол ғана мораль мен адамгершiлiктi беретiн. Бiрақ K. құдай туралы проблеманы шешуге болмайтын трансценденттi ұғым деп есептейдi. Сондықтан ол мораль мен адамгершiлiктiң қайнар көзi бола алмайды. К-тың ойынша, адамгершiлiк, парасат адам баласының бақытқа қарай ұмтылуымен тығыз байланысты. Бiрақ бақыт деген ұғымның өзi эмпирикалық, оның өзгеруi мен дамуы белгілi бiр дәуiрдiң жағдайымен байланысты. Егер адам белгiлi бiр iс-әрекетте парызға сәйкес iс атқарса, ондай адамда адамгершiлiк бар, ол парасатты. Алайда, адамның iс-қимылында әлi де адамгершiлiк, парасаттылық жоқ. К-тың ойынша, адамгершiлiк заңын жай ғана қағазға жазып, iлiп қоюға болмайды. Адамға ең алдымен кұдайдың болмысын және мәңгi өшпейтiн, өлмейтiн идеяны беру керек. Бұл адамгершiлiктің мақсатына жатады. Сондықтан ұлы философ бұл шығармасында зердеге қарсы шығып, сенiмге қарай жол ашады. Оның айтуынша, құдайдың болмысын ғылыми түрде дәлелдеу мүмкiн емес, бiрақ құдайға сену адамгершiлiкке бастайды. К-тың осы идеясы, зерделi ойы кейiнгi ойшылдар мен ақын-жазушыларғаерекше әсер еттi. К.-тың логикалық идеясы өз мазмұнынан айырылып қалды. Өйткенi ойлау туралы түйiннiң, қорытындының «өзiндiк затқа», оны ойлауға ешбiр қатысы болмады.