Р е д а к ц и я а л қ а с ы Редакция алқасының төрағасы



Pdf көрінісі
бет11/14
Дата06.03.2017
өлшемі6,13 Mb.
#8098
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

КӨНЕ ТАРИХТЫҢ 
КӨМБЕСІН АШҚАН ҚАЗАҚ
Бақыт
ЕЖЕНХАНҰЛЫ, 
Тарих ғылымының докторы,
шығыстанушы
Мамандардың  айтуына  қарағанда,  дүние  -
жүзіндегі  ең  бай  қорлардың  бірінен  сана-
латын  Қытайдың  бірінші  тарихи  мұраға-
тының  қорында  он  миллиондай  тарихи 
құжат  сақтаулы  жатыр  екен.  Осындай 
дүлей  дүниенің  ішінен  қазақ  тарихына 
қатысты деректемелерді табу және оны ау-
дарып,  жүйелеп,  ғылыми  айналымға  түсіру 
екінің  бірінің  колынан  келе  беретін,  атүсті 
шаруа  емес.  Өйткені  бұл  құжаттардың 
барлығы көне қытай тілінде, немесе мәнжүр 
тілінде, болмаса шағатай тілінде, не болма-
са  тот-моңғол  тілінде,  тіптен  парсы,  ти-
бет  тілдерінде  жазылып,  сақталған  болып 
шықты.  Әңгіме  осы  жерден  басталады. 
Қытайдың  көне  әдеби  тіл-жазуын  екінің 
бірі танып, түсіне бермейді. 
Өйткені  ол  бір  замандарда  бізде  де  әдеби 
тіл жазу ретінде қолданыста болған шағатай 
тілі  сияқты  қазір  қолданыстан  қалған  тіл 
-  жазу.  Сол  жұмысты  қолға  алып,  жаңағы 
мол  мұрағатты  қазақ  тарихының  кәдесіне 
жарату  үшін  сол  тілді  білуің  керек.  Құдайға 
шүкір, 
«Мәдени 
мұра» 
мемлекеттік 
бағдарламасының  аясында  осынау  игілікті 
іске Қытайдан атамекеніне оралған оралман 
ғалымдарымыз  үлкен  үлес  қосуда.  Олардың 
дені  тәуелсіздікті  алған  бетте-ақ  жаңаша 
көтеріліп  жатқан  Қазақ  елінің  ордасына 
бір-бір  уық  болып  шаншылып,  шаңырақтың 
шайқалмай,  елдің  еңсе  көтеруіне,  демо-
графиялық  жақтан  жетілуіне,  ғылым  мен 
өнеріне  үлкен  үлес  болып  қосылды.  Бұған  да, 
міне, 20 жылға жуық уақыт болыпты. Міне, 
осындай  отаншыл  топтың  маңдай  алдын-
да  көрнекті  тарихшы  ғалым,  ориенталист 
Бақыт Еженханұлы да бар. 
Ол  жойылып  кеткен  мәнжүр  тілін  үй-
реніп, Абылай ханның Цин патшасына жаз-
ған хатын оқуының арқасында қазақ тарихын 
жаңаша түзді. 
- Сізді қытай тілін қытайдың өзінен артық 
біледі деп естиміз... 
-  Мен  Шығыс  Түркістанның  Құмыл 
аймағында  дүниеге  келгенмін.  Әкем  өз  зама-
нында  сол  аймақтың  уәлиі  (біздіңше  облыс 
әкімі)  болған.  Менің  жан-жақты  білім  алуы-
ма,  ғылым  жолына  түсіп,  кемелді  азамат  бо-
лып  қалыптасуыма  әкемнің  көмегі  аз  болған 
жоқ, әрине. Балабақшадан бастап, мектепте де, 
жоғары оқу орнында да қытай тілінде оқыдым. 
Қытай  тіліне  жетік  болғанымның  арқасында 
қытай  шәкірттерін  алдыма  түсіре  қоймадым. 
ШЕТЕЛ ҚАЗАҚТАРЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ТІЛІ

85
Ішкі  Қытайдың  шекарасындағы  қалалы  жер-
де  туып-өскен  соң,  қытайтілді  қазақ  бол-
дым.  Қазақшам  өте  нашар  еді.  Қайта  демалыс 
уақытында  нағашыларымның  ауылына  барып 
жүріп, қазақша ептеп тіл сындырдым десем бо-
лады. 
-  Қытайдағы  екі  миллионға  жуық 
қазақ тар дың  арасынан  тұңғыш  рет  ғылым 
докторлығын небәрі 28 жасыңызда қорғап сыз. 
-  Қытайда  «Мәдениет  төңкерісінен»  кейін, 
яғни  1949  жылдан  1978  жылға  дейін  ғылыми 
атақ, дәреже беру мүлдем тоқтатылған, жойыл-
ған.  1978  жылдан  басталған  реформаның 
арқасында  ғана  ғылыми  дәреже  беру  қалпына 
келтірілді. Сондықтан ат төбеліндей қазақтарды 
былай қойғанда, оған дейін докторлық ғылыми 
дәрежесін қорғаған қытайлардың өзі де жоқтың 
қасы болатын. 1984 жылы магистратураға, одан 
докторантураға  түсіп,  өзіңіз  айтқандай,  1990 
жылы 28 жасымда ол жақтағы қазақтардың ара-
сынан тұңғыш докторлық ғылыми дәрежеге қол 
жеткіздім. 
1991  жылы  Үрімшідегі  Шынжаң  универ-
ситетіне келіп, жұмысқа орналастым. Екі жарым 
жылдай сол жерде қызмет істедім. Профессорлық 
атақты  да,  жайлы  үйді  де  берген.  Сол  арада 
Қазақстан  тәуелсіздік  алып,  шаттығымызда 
шек  болған  жоқ.  Өлгеніміз  тіріліп,  өшкеніміз 
жанғандай  күй  кештік.  Бұл  жақта  құшағын 
жайып,  қарсы  алып  тұрған  жақын  туыс,  жа-
нашыр  жақын  жоқ.  Сонда  да  тағдырымызды 
ұлттың тағдырымен байланыстыруға бірден бел 
будық. Бәрін тастап, 1993 жылы мамыр айында 
алғашқы  көштің  қатарында  Қазақстанға  көшіп 
келдім.  Артымнан  әке-шешем,  бауырларым, 
нағашыларым  –  бәрі  көшіп  келді.  Ата-анама 
топырақ осы жерден бұйырды. 
-  Бұл  жаққа  келген  соң  қиналып  қалған 
жоқсыз ба? 
-  Алғашында  қиналдық  қой.  Біз  ғана  емес, 
жергілікті  халықтың  өзі  қиналып  жүрген  шақ. 
Ғылым-білім  саласы  мүлдем  тоқырап  тұрған 
кез.  Сол  кезде  жанбағыс  үшін  аздап  сауда-
саттыққа  да  араласып  көрдік.  Марқұм  Манаш 
Қозыбаевтың қол астында жұмыс істедім. 1995 
жылға  дейін  Ұлттық  ғылым  академиясының 
Шығыстану  институтында  еңбек  еттім.  Бірақ 
ол  жерден  еңбекақы  ала  алмадық.  Абылай  хан 
атындағы  Әлем  тілдері  университетінде  сабақ 
бердім.  2003  жылы  Шығыстану  институты 
«Мәдени  мұра»  бағдарламасы  бойынша  ар-
найы  жұмысқа  шақырды.  Осы  жерде  «Қазақ 
тарихына  қатысты  қытай  деректемелері»  деген 
тақырыптағы «Мәдени мұра» бағдарламасының 
аясында жүзеге асырылуға тиіс аса ауқымды жо-
баны қолға алдым. 
- «Қазақ тарихына қатысты құжаттардың 
басым бөлігі Қытайда сақталған», – деген сөз 
рас па? 
-  Солай  деуге  де  болады.  Жалпы  саны 
төрт  мыңдай.  Бес  мың  жылдық  тарихы  бар 
елде  құжаттарды  сақтау  тәртібі  керемет 
жолға  қойылған.  Сақ,  ғұн  дәуіріне  қатысты 
ол  жақтағы  тарихи  құжаттар  жұртқа  белгілі 
болғанмен,  кейбірін  қайтадан  зерттеу  керек. 
Қазіргі  қазаққа  тікелей  қатысты  құжаттарға 
келсек,  олар  XVІІІ  ғасырдың  50  жылдары-
нан кейін пайда болған. Яғни Шин патшалығы 
жоңғар-қалмақтарды  жою  мақсатында  қазақ 
даласының шетіне тұяқ іліктірген соң басталған. 
Түрлі  мақсаттармен  қытайлар  қазақ  даласына 
елшілер  жіберген.  Осы  кезден  бастап  Төле  би, 
Абылай хан, Әбілпейіз сұлтан, Болат хан, Әділ 
сұлтан,  Бопы,  Көгедай  және  басқалары  Шин 
патшасының  билеушілеріне,  патшаларына  рес-
ми  хаттар  жазған.  Әртүрлі  мазмұнда  жазылған 
бұл хаттардың саны қазір 100-ден астам екендігі 
анықталып  отыр.  Бұл  хатнамалар  Қазақ  елінің 
мемлекеттік тарихы үшін аса маңызды деректе-
мелер екендігі даусыз. Ендігі бір пара құжаттарда 
қазақ-қытай  сауда  қарым-қатынастары  тура-
лы,  Абылай  хан,  Әбілмәмбет,  Қабанбай  сынды 
қазақ  көсемдерінің  осы  екі  жақтылы  сауданы 
жүзеге асыруда атқарған рөлдері көрініс тапқан. 
Бұнда  Шин  патшалығының  сауда-саттықта 
ұстанған  баға  саясаты  мен  сауда-саттықты 
жүзеге  асырудағы  әдіс-амалдары  жазылып 
қалдырылған.  Сонымен  қатар  қазақ-қырғыз, 
қазақ-қоқан,  қазақ-ойрат,  қазақ-орыс  қарым-
қатынастары  туралы  да  аса  құнды  тарихи 
құжаттар  табылып  отыр.  Табылған,  танылған 
мұрағаттар  бұлармен  ғана  шектеліп  қалмайды, 
қазақ-мәнжүр  дипломатиялық  байланыстары 
туралы  құжаттар,  қазақ  халқының  жан  саны 
туралы  да  мәліметтік  құжаттар  кездесіп  оты-
рады.  Мұның  бәрі  –  екіжақты  байланыстың 
жандануының арқасы. Қытайдың үш қаласында: 
Құлжа,  Үрімші,  Шәуешекте  –  тұрақты  түрде 
үлкен  жәрмеңкелер  ұйымдастырылған.  Ішкі 
Қытайдан  әкелінген  торғын,  жібек  маталар 
қазақтың  малына  айырбасталып  отырылған. 
Алыс-беріс күшейген. 
ШЕТЕЛ ҚАЗАҚТАРЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ТІЛІ

86
- Қайбір жылы қытай мұрағатынан Бұқар 
жыраудың өлеңдері де табылды емес пе? 
-  Ол  –  өтірік  сөз.  Кейбіреулердің  бұрмалап 
жүргені  ғой.  Олай  дейтінім  –  Пекиндегі  ең 
үлкен  мұрағатта  жұмыс  істеген  санаулы  ғана 
адамдар  бар.  Ондағы  қазақ  тарихына  қатысты 
мәліметтерді басқалардан кем білмеймін. Бұқар 
жыраудың  өлеңін  еш  жерден  кездестірген 
емеспін.  Қазақ  елі  мен  Шин  патшалығының 
қарым-қатынасы  тек  1754  жылдан  кейін  ғана 
басталған.  Оған  дейін  де  қытайлар  азғантай 
мәліметтер жинастырған, бірақ қазақтың нақты 
бір  жырауының  не  биінің  өлең  сөзі  Пекиндегі 
бірінші мұрағатқа түсуі мүмкін емес. 
-  Мұны  айтып  жатқаным,  осындай  үрдіс 
көбейіп кетті, қытайдың ұлы ақыны Ли Бай-
ды Елібай есімді қазақ ақыны етіп жатыр де-
гендей... 
-  Қытайдан  қазақтың  атасын  іздеу  –  ұят 
нәрсе.  Әрине,  көрші  елдермен  мыңдаған  жыл 
жүлгесінде  өзара  ықпалдасты  түрде  өмір  сүріп 
келгендігіміз,  әсіресе  қытай  өркениетімен 
тығыз қарым-қатынаста болғандығымыз белгілі. 
Өркениеттердің  тоғысуын  зерттеу  керек,  бірақ 
Ли  Байды  қазақ  қылу  өзіміздің  мүддемізге  де, 
тарихи шындыққа да сай келмейді. 
- Қытай мұрағаттарындағы қазаққа қатыс-
ты тарихи құжаттар қай тілде сақталған? 
-  XVІІІ  ғасырдан  басталған  тарихи 
құжаттар  мәнжүр  тілінде  жазылған.  Мұның 
себебі  –  Қытайды  үш  ғасыр  билеген  мәнжүр 
патшаларының қатаң талабы бойынша, құжаттар 
тек мәнжүр тілінде жазылған. 
- Мәнжүр деген қандай халық? 
-  Олар  –  Қиыр  Шығыстан  шыққан  жарты-
лай  көшпелі,  жартылай  отырықшы  ел.  Тілі  ал-
тай  тілі  жүйесіндегі  мәнжүр-тұңғыс  тіліне  жа-
тады.  Өте  жауынгер  халық  болған.  Орталық 
Азия  халқының  салт-дәстүрін,  мәдениетін  ер-
теден  білген,  араласқан  елді  екеу  десек,  олар 
– орыс пен мәнжүр. Екеуінің де түбімізге жете 
жаздағаны  сондықтан.  Бұлар  –  қытаймен  ер-
теден  тығыз  араласқан  ел.  Қытайды  үш  ғасыр 
билеген  мәнжүрлердің  патшалығы  1911  жылы 
қытайлардың  тарапынан  құлатылғаннан  кейін 
өздері де арада бір ғасырға жетпейтін уақыттың 
ішінде  қытайға  сіңісіп,  жұтылып,  қытайланып, 
құрып жоғалды. 
- Мүлдем қалмады ма? 
- Қытайдағы аз санды ұлттар ішінде өздерін 
«мәнжүрміз» дейтіндер бар. Олары – өтірік бо-
лар,  себебі  тілдерін  білмейді.  Мәнжүр  деген  –
қалмаққа  да,  түркіге  де  жатпайтын,  өз  алдына 
жеке-дара  ел.  Мәнжүр  тілі  деген  –  қазір  өлген 
тіл.  Оның  тіл-жазуын  қолданып  отырған  қазір 
ешқандай халық жоқ. 
-  Осы  жойылып  кеткен  мәнжүр  тілін 
қазақтан  сіз  ғана  біледі  екенсіз.  Қайдан 
үйреніп жүрсіз? 
-  Жойылып,  жоғалып  кетті  дегенмен, 
мәнжүрлердің бір қызық тарихы бар. 1761-1762 
жылдары Мәнжуриядан бірнеше мәнжүр, моңғол 
тектес  халықты  қазақ  даласымен  түйісетін  ше-
кара  түбіне  қорғаныс  үшін  көшіреді.  Өзіміздің 
Қорғас  шекарасынан  ары,  Қалжат  кеденінің 
арғы  жағында  Шапшал  деген  аудан  бар.  Сол 
жерде  20  -  30  мың  жан  саны  бар  «сібе»  деген 
халық  тұрады.  Ал  «сібе»  мен  «мәнжүр»  қазақ 
пен  қырғыз  сияқты.  Сібе  жұртының  әдеби  тілі 
мәнжүр  тілі  болған.  Жастары  білмесе  де,  қазір 
сібелердің  60-70  жастағы  сауатты  қариялары 
мәнжүр тілін оқи алады. Саусақпен санарлықтай 
қалған  сондай  бірлі-жарым  көнекөз  ғалым 
қариялардың бірімен Үрімшіде мақсатты түрде 
танысып, үш жылдай бірге жұмыс істедік. Сол 
арқылы мәнжүр тілін иегеруге кірістім. Ондағы 
мақсат  –  қазаққа  қатысты  мәнжүр  тіліндегі 
тарихи  құжаттарды  зерттеу.  Мәнжүр  тілін 
білмей,  аса  құнды  тарихи  мұрағаттарды  қазақ 
тарихының кәдесіне асыра алмайсыз. Әрі қолға 
түскен  тарихи  құжаттардың  басым  көп  бөлігі 
де осы мәнжүр тілінде. Бұл құжаттарды танып, 
түсінетін маман тарихшы Қытайдағы қазақтарда 
да,  Ққазақстандағы  тарихшы  ағайындарда  да 
жоқ. 
Қысылшаң  сәтте  Еженханұлы  әлдеқашан 
өлген  мәнжүр  тілін  үйренуге  бел  байлайды. 
Отандық  тарихтың  көсегесін  көгертіп,  ашық 
қалған  ақтаңдақ  тұсын  толықтырар  тари-
хи  кезеңнің  күнде  туыла  бермейтіндігін  жан 
жүрегіммен сезіне отырып, алдыма үлкен мақсат 
қойдым. Күнді түнге жалғай жүріп, мәнжүр тілі 
мен жазуын ақыры үйреніп шықтым. 
- Мәнжүр жазуы ғылыми тілде қалай ата-
лады? 
- Мәнжүр жазуы ғылыми тілде «көне ұйғыр 
жазуы»  деп  есептеледі.  Бұл  –  тек  ұйғырға 
қатысты емес, Еуразия даласындағы түркітілдес 
көшпенділердің жазуы болған. Ұйғыр хандығы 
жойылғаннан кейін бұл жазуды найман хандығы 
пайдаланған. Найман хандығын басып алған соң, 
олардан  моңғолдар  үйренген.  Моңғолдардан 
ШЕТЕЛ ҚАЗАҚТАРЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ТІЛІ

87
мәнжүрлер  үйренген.  Әрқайсысы,  әрине,  өз 
тілдеріне  сай  өзгерістер  енгізіп  отырған.  Бірақ 
түпнұсқасы көне ұйғыр жазуына барып тіреледі. 
- Айтпақшы, мәнжүр тіліндегі Абылай хан 
жолдаған хатты түпнұсқа деуге бола ма? 
- Түпнұсқа қалмақ тілінде де болуы мүмкін. 
Әлі табылған жоқ. Бәлкім, табылып та қалар. Ал 
мынау бізге жеткені – мәнжүр тіліне аударылған 
нұсқасы. Бұрын ғылыми айналымда болғаны –
қытай тіліне аударылған нұсқасы. 
- «Қытайда қазаққа қатысты төрт мыңдай 
құжат  бар»,  –  дедіңіз.  Оның  қаншасы 
зерттелді? 
- 2003 жылдан бері 600 - 700-дейін ғана қазақ 
тіліне  аударып  біттік.  Ең  үлкен  құнды  құжат  –
хан-сұлтандар  мен  билердің  хаттары.  Ол  хат-
тар  1755  жылдан  басталған,  саны  –  130-дай. 
Шағатай және қалмақ тілінде жазылған. 
-  Қытай  тарихшылары  да,  жалпы  иісі 
қытай  елі  де:  «қазақтар  бізге  бодан  болған, 
бағынышты  болған»,  –  дегенді  айтып  та, 
жазып  та  келгені  белгілі.  Оны  айтушылар 
дәлел  ретінде  Абылай  ханның  Ежен  ханға: 
«бодан  болып  бағынып,  қарашаң  болып 
мойынұсынамыз,  –  деп  жазған  хаты  бар 
дегенді  көлденең  тартатын  еді.  Сіз  осы  хат-
ты шұқшия зерттеп, мұның мүлдем басқаша 
екенін жарияладыңыз. 
-  Қытай  деректемелерін  қолға  алған  кезде 
ең  бір  шұқшия  қараған  тұсым  да  осы  хаттың 
әртүрлі нұсқасы болды. Соларды тауып, салыс-
тыра  зерттеу  жүргіздім.  Өйткені  он  сегізінші 
ғасырда  Қытайдың  бодандығына  барып  мойы-
нын сұғатындай Абылай ханның басына қаралы 
күннің  туып  тұрмағандығы  белгілі  болатын. 
Осында  қалайда  бір  шикілік  барын  сездім. 
Әсілінде,  Абылай  хан  мәнжүр-қытайдан  ба-
рынша  тәуелсіз,  олардың  ықпалынан  барынша 
аулақ  болу  саясатын  ұстанған  азаткер  көсем 
екендігі тарихтан белгілі. Қазақ елінің бақытына 
қарай, жоғарыдағы хаттың тот-моңғол тіліндегі, 
мәнжүр  тіліндегі,  көне  қытай  тіліндегі  аудар-
маларын  мұрағаттан  тауып,  қолыммен  ұстап, 
көзіммен көрдім. Алаш жұртын азаттыққа алып 
шыққан  ұлы  ханының  қолы  тиген  осы  хатты 
қолыма ұстаған кезде бүкіл жан дүниемді ыстық 
бір  ағыс  шарпып  өтіп,  көзіме  жас  толып  кетті. 
Әлгі хаттың әлденеше аудармасын түпнұсқадан 
салыстыра отырып зерттегенде, әлгі жаһанға жар 
салып  жүрген  хаттағы  «бодандық»,  «құлдық» 
туралы  айтылған  сөз  –  қисынсыз,  жалған  бо-
лып  шықты.  Абылай  ханның  Шин  патшасына 
хат  жазғандығы  рас,  хатты  олардың  тапсырып 
алғандығы  да  рас.  Хатты  аударған  кезде  отар-
шыл  озбырлар  хатта  айтылмаған  «саған  бодан 
болам, құл болам», – деген сөздерді жат ниетпен 
хат мәтініне жапсырып жіберген болып шықты. 
«Абылай хатының» қытай тіліндегі нұсқасы өз 
кезінде  өңделіп,  өзгеріске  ұшыраған  сенімсіз 
құжат,  сондықтан  бұл  құжатты  негіз  етіп 
жасалған тарихи тұжырымдамалар да жалған», 
–  деп  жаздық  та.  Осы  күнге  дейін  осы  хатты 
дәйек ете отырып қаншама тарихи тұжырымдар 
жасалып,  қаншама  еңбектердің  жазылғандығы, 
қазақтың елдік тарихына қаншама көлеңке түсіп, 
еңсемізді албастыдай басып келгендігі белгілі. 
Жоңғарлар  жойылғаннан  кейін  Шин 
патшалығы  қазақ  елінің  қарулы  күшімен 
бетпе-бет  келіп,  қазақ  қылышының  қаһарын 
байқағаннан  кейін  бейбіт  мәмілеге  қарай  бет 
бұрғандығы,  осыдан  кейін  екі  елдің  бітімге 
келгендігі,  бір-біріне  елшілер  жіберіп,  саяси-
дипломатиялық  қарым-қатынасқа  түскендігі 
құжат  сайын  көрініс  тауып  отырады.  Міне, 
осы  құжаттардың  барлығы  қазақ  елінің  сол 
тұста  тәуелсіз  ел  ретінде  өмір  сүргендігін, 
Шин  патшалығымен  терезесі  тең  ел  ретінде 
дипломатиялық  қарым-қатынас  жасағандығын 
айғақтайды. 
-  Бұл  өзі  айтарға  ғана  оңай  болғанымен, 
Қытайдың бірінші тарихи мұрағатына кіріп, 
ондағы  тарихи  мұрағаттарға  қол  жеткізудің 
өзі оңай бола қоймаған шығар. 
-  Ең  бастысы,  қол  жеткізген  күннің  өзінде 
ондағы қазақ елінің тарихына қатысты әлденеше 
тілде жазылып, сақталған тарихи мұрағаттарды 
танитын, табатын, оның тілін түсініп, аударып, 
ғылыми  айналымға  түсіретін  білікті  кәсіби  та-
рихшылар  болуы  керек.  Құдайға  шүкір,  өзімді 
айтпағанда,  Сұңғатайұлы,  Ошанұлы  қатарлы 
ғалымдарымыз қытай мұрағаттарынан қазақ та-
рихына қатысты қытай тіліндегі 500-ден астам, 
шағатай  тіліндегі  60-тан  астам,  ойрат  тіліндегі 
40-тан аса, сондай-ақ мәнжүр тіліндегі 3000-нан 
астам  мұрағаттық  құжаттарды  тауып,  оларды 
қазақ тіліне аударып, ғылыми айналымға түсіріп 
жатыр. Қазір бұл аса құнды тарихи құжаттар көп 
томдық  жинақтар  түрінде  жарияланып  үлгірді. 
Әлі де ондаған томдық құжаттар жинағы қазақ 
тіліне  аударылып,  жүйеленіп  жарыққа шығуын 
күтіп жатыр. 
-  Қазақ  тарихының  ашық  қалған 
ШЕТЕЛ ҚАЗАҚТАРЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ТІЛІ

88
ақтаңдақтарын  толтырып,  отаршылдар 
бұрмалаған  тарихты  өз  арнасына  қайтадан 
бұру үшін жан-жақты білімді ғалымдар ауа-
дай  қажет.  Осы  орайда  қытайдың  көне  тілі 
мен  мәнжүр  тілін  жаңғақша  шағатын  сізді 
ағылшын тіліне де жетік деп естиміз. 
-  Ағылшын  тілін  мектепте,  жоғары  оқу  ор-
нында  оқыдық.  Жаман  оқыған  жоқпыз.  Кейін 
өз  бетімше  жетілдірдім.  Қазақ  тарихына 
қатысты тарихи деректемелерді тек қана қытай 
мұрағаттарынан  іздеумен  шектеліп  қалмай, 
басқа  да  өркениетті  Еуропа  жұртының  бай  та-
рихи  мұрағаттарынан  да  іздеу  керек.  Алдыма 
осыны  да  мақсат  етіп  қойдым.  Ұлттық  ғылым 
акедемиясының  Шығыстану  институтының 
жетекшісі  Меруерт  Әбусейітова  ханымның 
тікелей жетекшілігімен Париж, Лондон қатарлы 
шаһарларда  болып,  ондағы  әйгілі  мұражай, 
мұрағаттарда отырып,  қазақ  тарихына қатысты 
аса құнды тарихи құжаттарды, карталарды, қазақ 
даласы мен қазақ халқы туралы жазылған ерте 
кездегі  естеліктер  мен  саяхатнамаларды  тауып 
келген жайымыз бар. Олардың да қазақ тарихы-
на жаңа бет болып қосылып, ғылыми айналымға 
түсуі алдағы күннің еншісінде деп білеміз. 
-  Жаңағы  айтылған  ұлан-ғайыр  тарихи 
мұрағаттарды  танып,  тауып  әкелген,  оны 
жүйелеп, ғылыми айналымға түсірген еңбегіңіз 
қазақтың  тарих  ғылымында,  Қытайдағы  та-
рихи  мұрағаттар  мен  деректемелерді  жүйелі 
түрде  тапқан,  ашқан  және  зерттеп  ғылыми 
жүйеге  түсірген  алғашқы  ғалым  ретінде  та-
рихта қалары шүбәсіз. Осы салада істеген аса 
ауқымды еңбегіңіз мемлекет, әріптестеріңіз та-
рапынан қаншалықты бағаланды? 
-  Өткен  жылы  Қазақстанның  кәсіби 
тарихшыларының  тұңғыш  құрылтайы  Аста-
на  қаласында  өткендігі  белгілі.  Бүкіл  та-
рихшылар  қауымы  бас  қосқан  осы  алқалы 
жиналыста  бес  тарихшы  ғалым  «Қазақсан 
Республикасының  ғылымына  сіңірген  еңбегі 
үшін» медалімен марапатталды. Сол бес ғалым-
тарихшының қатарында мен де бармын. Кәсіби 
тарихшылардың тұңғыш құрылтайында мұндай 
марапатқа  ие  болу  –  екінің  бірінің  маңдайына 
бұйыра  бермес  бақыт  деп  білемін.  Ендеше, 
еңбегімнің  ғалымдар  тарапынан  бағалануы 
–  осы  емес  пе?!  Бұған  қоса  Білім  және  ғылым 
министрлігі  «Тәуелсіздіктің  20  жылдығы» 
медалімен арнайы марапаттады. Ел-жұрттың ет-
кен еңбекті бағалауы деген – осы. 
-  Қазір:  «Қазақта  бұрынғы  заманда  ше-
кара болмаған», – деген сөз айтылып қалып 
жүр.  Тарихи  құжаттарда  осы  мәселеге 
қатысты айтылған сөз бар ма? 
-  Бар.  Абылай  хан  Шин  патшасына  жазған 
хатында өзі билейтін аймақтың Тарбағатай, Іле 
Алатауы  мен  Күнгей  Алатаудың  арасындағы 
үлкен белге дейін жеткенін баяндайды. Осыдан-
ақ  Абылай  хан  кезіндегі  қазақтың  шығыстағы 
шекарасы қазіргі шекарамыздан кем емес деуге 
болады. 
-  Cізді  тарихшы  ғана  емес,  талантты 
ақын  деп  те  естиміз.  Кезінде  қытайдың 
классиктері ғана жарияланатын, астаналық 
әдеби журналдарда қытай тілінде өлеңдеріңіз 
жария ланып тұрыпты. Бұның өзі сол кездегі 
Қытайдағы  қазақ  жастарына  үлкен  өнеге 
болған екен. Ақын Алмас Ахметбекұлы қазақ 
тіліне  аударған  сондай  өлеңдеріңіздің  бірі 
бізге де ұнады. 
- Ол – жиырма мен отыз жастың арасындағы 
жалынды шақта жазылған өлеңдер ғой. Жас кез-
де  жазғаныңдай  қайдан  болсын?!  Қытайша  өлең 
жазған  соң  бір  кезде  қазақ  емес,  қытай  ақыны 
болып  есептелдік.  Қытай  поэзиясы  ретінде 
бағаланды.  Бір  нәрсені  мақтанып  айта  аламын: 
ол әлгі қытайша жазылған өлеңдердегі ой-арман, 
пиғыл, ниет, көңіл-күй түгелдей қазақы болатын. 
Оны  қытай  тілін  білетіндер  сезеді.  Бірақ  бізден 
кәсіби  үлкен  ақын  шықпады.  Қазір  ғылыммен 
айналысқалы поэзияны мүлдем қойып кеттім. 
- Қытайтану саласында бізде қаншалықты 
іргелі ғалымдар бар? 
-  Біршама  бар.  Бұрынғылардан  профессор 
Клара Хафизованы, кейінгілерден Қытайдан кел-
ген  Тұрсынхан  Зоконұлы,  Сағынтай  Сұңғатай, 
Ошан,  Нәбижан  Мұхаметұлы  секілді  ғалым-
дарды бөліп атар едім. 
Құдайға  шүкір,  2003  жылдан  бері  қазақ  та-
рихына қатысты жиып-тергеніміз он том болып 
басылып  шықты.  Екі  томы  баспада  басылуға 
да йын  тұр.  Міне,  осының  бәрі  –  жиырма 
жылдығын атап өткен Тәуелсіздіктің арқасы. Ел 
аман, жұрт тыныш болсын. Қазақ елі әлемдегі ең 
озық елдердің бірі болуға толық құқылы. Соған 
сенеміз, сол үшін жұмыс істейміз. 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет