Р. Сыздык 1-том indd



Pdf көрінісі
бет159/180
Дата19.02.2023
өлшемі1,9 Mb.
#69286
түріБағдарламасы
1   ...   155   156   157   158   159   160   161   162   ...   180
Ауызша әдеби тіл
Абайдың алдында қазақтың ұзақ дәстүрлі, күшті дамыған, 
ауызша таралып, ауызша сақталған авторлы, профессионал 
әдебиеті болды. Ол негізінен поэзия түрінде, ішінара шешендік 
сөз деп аталған ұйқасты, ырғақты проза мен шежірелер түрінде 
өмір сүрді. Бұл әдебиеттің өкілдері XV-XIX ғасырларда өмір 
сүрген жыраулар мен ақындар және тарихта аты белгілі билер, 
шежірешілер еді. Бұл ауызша әдебиет үлгілері халықтың ауыз 
әдебиеті (фольклор) мұрасынан бөлек дүние болып саналады. 
Олар: XV-XVI ғасырларда өмір сүрген Асанқайғы, Қазтуған, 
Шалкиіз (Шалгез), Доспамбет, Шобан, Марғасқа, Жиембет жы-
раулар. XV-XVI ғасырлар – қазақ ру-тайпаларының өз алдына 
халық болып құрала бастаған кезеңі. Бұған дейін ноғайлылар 
мен қазақ ру-тайпалары Алтын Орда құрамында аралас-құралас 
өмір сүргені мәлім. Осы кезде, тіпті XV-XVI ғасырлардың 
өзінде бірсыпыра ру-тайпалар ноғайлы мен қазақ одақтарының 
біресе біреуіне қосылып, біресе ажырап, ауытқып жүрді. 
Біртектес кыпшақ тобында сөйлейтін ру-тайпалардың бұл 
араластығы олардың әдебиеті мен тілінде үлкен із қалдырды. 
Асанқайғы, Шалкиіз, Қазтуған, Шобан сияқты сөз зергерлері 
ноғайлы, қазақ болып бөлінгенде, әрқайсысы бұлардың 
мұраларын өзімдікі деп ала кеткенге ұқсайды. Ауызша түрде 
иемденгендіктен, әрине, ноғайлылар ноғай тілінің, қазақ ру-
тайпалары қазақ тілінің азды-көпті айырмашылықтарына 
икемдеп, өз тілдерінің үлгілері етіп сақтаған.


335
Аталған ақын-жыраулардың туындылары дидактиктикалық 
толғаулар, ақыл-насихат, арнаулар болып келетін мекен-
жайы, ел қорғау сарыны бар өлең-жырлар, портреттер болып 
келетін өзі, өзгелер, «хан иесі», ел-жұрты жайлы толғаныстар 
құрайды. Бұл әдеби дәстүрді ХVII-ХІХ ғасырларда Бұқар жы-
рау, Шал ақын, Махамбет, Шернияз, Сүйінбай, Шөже, Нұрым 
т.б. ақын-жыраулар жалғастырды. Алдыңғы дәуірлерден келе 
жатқан поэтикалық үлгі Жамбыл, Нұрпейістер бастаған ақын- 
дар легімен біздің заманымызға келіп, ұласып отыр. Сөйтіп, 
қазақтың ауызша авторлы әдебиеті ұрпақтан ұрпаққа, дәуірден 
дәуірге жалғасып, қалыптасқан, тұрақты, дәстүрлі поэтикалық 
мектеп болды және оның қырланған, нормаланған өз әдеби 
тілі болды. Оны біз «қазақтың ауызша әдеби тілі» деп атадық. 
Бұл – қандай тіл? Әдетте, ауызша әдеби тілі деп ауыз әдебиеті 
(фольклор) тілін түсінеді. Фольклор тілінде де, сөз жоқ, 
әдеби тілдің бірқатар белгілері бар. Ал қазақ тіліне келген-
де, «қазақтың ауызша әдеби тілі» және «ауыз әдебиеті тілі» 
деп бөліп, екі түрлі тіл жайында әңгіме қозғауға тура келеді. 
Өйткені екеуі де – ауызша таралатын, ауызша сақталатын 
сипаттағы тіл дәстүрі болғанымен, екі бөлек дүние. Алды-
мен, әдеби тіл деп нені түсіну керек, соны анықтап алған жөн. 
«Әдеби тіл» деген ұғым – тарихи өзгеріп отыратын түсінік. 
Қазіргі қазақ тілі үшін оның жазба түрінің болуы, сан сала-
лы стильдерге тарамдалуы, қоғам өмірінің барша саласына 
тұтас қызмет етуі – занды шарттар, өйткені қазіргі қазақ тілі 
– ұлттық мемлекеттік тіл, даму барысының ең жоғары саты-
сына көтерілген тіл. Ал мұндай шарттарға қазақ әдеби тілі 
әрдайым, барлық кезеңдерде бірдей жауап бере алмаған. Әдеби 
тілді тану сол халықтың мәдени-рухани дүниесінің тарихын 
танып-білумен тығыз байланысты. Көптеген халықтардың, 
соның ішінде қазақ халқының тарихында оның әдеби тілінің 
қалыптасып, дамуы көркем әдебиетінің, әсіресе поэзияның 
бағыты мен барысына тікелей қатысты болып келеді. Демек, 
белгілі бір кезеңдердегі көркем әдебиетті қалай танимыз, соған 
орай оның тілін де анықтауға тиіспіз. Ең алдымен, қазақ әдеби 
мұрасына келгенде, оның бірнеше ғасырлық ақын-жыраулар 
поэзиясын әдебиет деп және фольклор тілі үлгілерінен 
басқаша авторлы сындарлы әдебиет деп тану керек. Бұлайша 
бөліп тануға негіз болатын мынадай белгілер бар: халық ауыз 


336
әдебиеті (фольклор) – авторсыз дүние, ал ақын-жыраулар ту-
ындылары – иелері бар мұралар және ең маңыздысы – әр 
автордың шығармасы өзінің композициясы, тақырыбы, идеясы, 
көркемдеу тәсілдері жағынан бір-бірінен азды-көпті ажыраты-
лып тұрады. Екіншіден, халық ауыз әдебиеті тіліне, әсіресе, 
оның эпос сияқты кесек шығармаларына көптеген дәстүрлі 
образдар, дайын клишелер, біраз жеке сөздер мен тұрақты 
тіркестер ортақ болып келеді, бір-біріне ауысып жүреді. Ал 
ақын-жыраулар тілінде де мұндай ортақ белгілер болғанымен, 
фольклорға қарағанда, солғындау болады. Үшіншіден, ақын-
жыраулар поэзиясында уақыт пен мекенге қарай нақтылық, 
адамның ішкі дүниесін суреттеу, лиризм сарыны дегендер, 
фольклорға қарағанда, күшейе түседі. Бұлар – ауыз әдебиеті 
тіліндегі тілдік дәстүрден бірте-бірте қол үздіре бастайтын, 
суреттеудің жаңа амалдарын тудыратын сәттер, лексика мен 
грамматика саласында поэзия тілінің жалпы мүмкіншіліктерін 
байыта түсетін тәсілдер. Ақын-жыраулар тілінің осы белгісі 
халық ауыз әдебиеті тіліндегі біршама консервативтікті, 
поэтикалық шектелушілікті бұзып, дәстүрлі құрсаудан босата 
түседі. Төртіншіден, әрбір ақынның немесе жыраудың талант-
қабілетіне қарай өлең-жыр шығармашылық ерекшелігі мен 
техникасына бірте-бірте жаңалықтар қосылады, даралықтар 
туады, яғни авторлы поэзия ұйқас таңдау, өлең композиция-
сын тұрғызу, ырғақтық топтарды жасау сияқты салаларда ауыз 
әдебиеті шеңберінен шығып кетеді. Бұл көрсетілгендер осы екі 
әдеби үлгінің бір-бірінен ажыратылуға тиіс айырым белгілері 
болса, сонымен қатар олардың бір-біріне ұқсас ортақ тұстары да 
бар. Ең басты ортақ белгі – екеуінің де ауызша таралып, ауызша 
сақталуында. Осының салдарынан заман озған сайын олардың 
текстері біртіндеп жаңғыртылып отыру фактісі бар. Сондықтан 
бұларда ескі тұлға-тәсілдермен қатар, жаңа тілдік элементтер 
орын алған. Қазақ ақын- жыраулары тілінің қайнар көзі мен сөз 
мүсінін жасайтын қалыбы – ертеден келе жатқан ауыз әдебиеті 
тілі болғандықтан, кейбір суреттеу құралдары жағынан бұлар 
ұқсас келеді. Оның үстіне ауыз әдебиетінің эпос сияқты ірі 
дүниелерін тудырушылар немесе сақтап, таратушылар, бір 
жағынан, жыраулар болғандықтан, халықтың сөз өнерінің бар-
ша көркемдік қоймасы әрдайым олардың жадында сақталып, 
тілдеріне оралып тұратындығы да ақын-жыраулар мен фоль-


337
клор тілдерін жақындастыратын себептердің бірінен табылады. 
Айтыстар мен кейбір тұрмыс-салт жырлары мен толғауларда 
орын алатын суырып салушылық тәсілі ақын-жыраулар тілін 
халық поэзиясы дәстүрімен берік байланыстырады, өйткені 
суырып салу табиғаты табан аузында табыла қоятын дай-
ын үлгілерді қол көреді. Бұл да, сөз жоқ, кейбір авторлы ай-
тыстарды, толғауларды, бата-тілектерді фольклор дүниесіне 
ұқсаттырып жібереді. Сөйтіп, Абай кезеңіне дейін қазақтың 
халық әдебиетінен өзге, бірақ оған едәуір белгілерімен ұқсас 
келетін авторлы, сындарлы әдебиет те өмір сүріп келді және 
оның тілі әдеби тіл санатына кіреді деген тұжырым жасауға 
болады. Ол тіл қазақтың төл жазба әдеби тілінің негізі болды. 
Төл ауызша әдеби тіл мен жазба әдеби тілдің де өзара жақын 
келетін тұстары мен ерекшеленетін белгілері және болды. Олар 
– біріншіден, ауызша әдеби тілдің арнасы мен үлгілері жазба 
тілге қарағанда әлдеқайда тар болғандығында. Ақын-жыраулар 
өз халқының ауыз әдебиеті мен ішінара түркі халықтарына 
ортақ жазба үлгілерден басқа әдебиеттерге көп иек артпады, 
бұл, сөз жоқ, олардың тіліне салқынын тигізді. Жазба әдебиет 
болса, араб-парсы әдебиетіне де, өзге түркі әдебиеттеріне де, 
орыс әдебиетіне де көз салды, олардан үлгі-өнеге алып да-
мыды, мұның тілге де жағымды әсері тиді. Екіншіден, ауыз-
ша әдеби тілдің стильдік тарамдарға бөлінуін жазба тілмен 
байланыстыруға мүлде келмейді: алдыңғысы негізінен көркем 
поэзия мен ішінара шешендік сөздер жанрына қызмет етті, 
оның көркем проза, публицистика, ресми іс қағаздары және 
ғылыми стильдері болмады. Ал қазақтың төл жазба тілі 
өзінің пайда болған кезеңінен бастап, аталған стильдердің 
іргетастарын қалап алды. Үшіншіден, ең үлкен айырмашылық 
бұлардың таралу, сақталу әдісінде болды. Жазба алдындағы 
әдебиет ауызша таралып, сақталды. Ал әдеби тілдің жазумен 
танылып, жазба түрде таралғаны аян. Кішкене айырмашылық 
әдеби дүниені тудыру тәсілдерінде болды. Жазба әдебиет 
өкілдері өз туындыларын сан рет түзетіп, қырнап, өңдеп оты-
ратын мүмкіндікке ие. Ал ақын-жыраулар шығармасында бұл 
құбылыс солғын. Дегенмен ауызша туған өлең-жырлар да 
– ойланып, толғанудың жемісі, іштей сан рет сөз саралап, ой 
түюдің нәтижесі. Демек, «іштей редакция» мұнда да болып 


338
келетінін танимыз. Қазақтың нағыз ақын-жыраулары – ауыз-
дарына арнайы түскен сөзді ұйқастыра берушілер емес, белгілі 
дәстүрді ұстай отыра, сөзді таңдап жұмсаушылар, айтпақ ойын 
тыңдаушыларына әсерлі етіп жеткізушілер.
Қазақтың жазба әдеби тілі түтқиылдан, тақыр жерден пайда 
болған құбылыс емес, оның негізі, діңгегі қазақ халқы тарих 
төріне жеке этникалық құрам – халық болып келгеннен ба-
стап өмір сүре бастаған, сол халықтың рухани талабына жауап 
бере білген, эстетикалық талғамы үдесінен шыққан, ауызша 
таралып, ауызша сақталған бай, көркем әдеби тілі болды. Бұл 
әдеби тілді Абай жақсы білді, барын алып, жоғын толықтырды, 
жаңа кезеңге көтерді, дамуының жаңа бағытын бастады, оны 
қазақ халқының жаңа жазба әдеби тіліне ұластырды. Бұл тіл – 
қазіргі ұлттық мемлекеттік әдеби тіліміздің бастамасы, арқауы, 
іргетасы болды М.Әуезовтің жазғандарына қарағанда, Абай 
қазақтың бай ауыз әдебиетін, өзіне дейінгі және өзімен тұстас 
Арқа, Атырау, Жетісу ақындарын жақсы білген, тілдеріне зер 
салған. «Сөздері бірі – жамау, бірі – құрау», – деп сол әдебиеттің 
үш ірі өкілі – Бұқар, Шортанбай, Дулатты атап сынағанымен, 
олардан көп үйренген. Бұл сынында Абай олардың ақындық 
шеберлігін, сөз қиыстыру амалдарын олқысынбаған, бірақ 
суреткерлік идеяларына, ой кедейлігіне көңілі толмаған. 
Қазақтың ауызша әдеби тілін өз шығармаларына негіз етіп, 
жаңа сатыға көтергенде, Абай оның дәстүрлі нормалары мен 
даму барысындағы принцип-бағыттарын мансұқ еткен жоқ, 
керісінше, ең өміршең әрі қисынды белгілерін сақтап, оларды 
әрі қарай дамытты. Ауызша әдеби тіл қазақтың жалпыхалықтық 
сөйлеу тілін негіз етіп ұстанған болса, Абай да өз тілінің сөздік 
байлығы мен грамматикалық құрылысын жалпыхалықтық тіл 
нормасына бағындырды. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе 
жатқан көркемдік-бейнелеуші тәсілдерін барынша пайдалан-
ды. Бірақ Абайдың жаңашылдығы – бұл дәстүрді (нормалар-
ды) бұлжытпай, сол күйінде пайдалану емес, оны әрі қарай 
шығармашылық түрде шыңдап, оған сапалық жаңа сипат беру.
Әдеб.: Аманжолов С. Қазақтың әдеби тілі. - Алматы, 
1949; Әуезов М. Қазақтың әдеби тілі туралы // Әдебиет және 
исқусство. - 1981. - №4; Сыздықова Р. Абай шығармаларының 
тілі. - Алматы, 1968.


339


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   155   156   157   158   159   160   161   162   ...   180




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет