Р. Сыздык 1-том indd



Pdf көрінісі
бет178/180
Дата19.02.2023
өлшемі1,9 Mb.
#69286
түріБағдарламасы
1   ...   172   173   174   175   176   177   178   179   180
Фразеология 
Абай тіліндегі фразеологизмді жалпыхалықтық тілден, со-
нымен бірге өзіне дейінгі ауызша әдеби тілден алып қолданған 
және ақынның өзі жасаған тіркестері деп бөліп қараған аб-
зал. Ғасырлар бойы сұрыпталып, тұрақтанған тіркестерді 
пайдалану – жалғыз Абайдың емес, әрбір қаламгердің әдісі, 
бірақ мұнда әр ақын-жазушының фразеологизмдерді таңдауы, 
құбылтуы, қолдану орны, жиілігі т.б. жағынан өзіне тән 
қолтаңбасы көрінеді. Белгілі бір тілдегі фразеология байлығы 
қай автордың тілінде де негізгі тілдік жене поэтикалық құрал 
ретінде кәдеге асырылған. Абай да, әсіресе, өлендерінде халық 
қазынасына жататын тұрақты тіркестерді еркін қолданған. 
Мысалы, оның өлеңдеріндегі қас сағыну, қас сағынбау, із 
жоғалту, көзге ұру, қырымға қарау, титығы құру, табаны-
нан тозу, намысқа шашу, тілін безеу, басқа шауып, төске 
өрлеу, араны тоймау, малма сапсу, шылбыр беру, шаужай-
ынан қағу, табанынан таусылу, қырқын мінсе қыр артыл-
мау сияқты қимыл, іс-әрекетке қатысты өте образды тұрақты 
тіркестер – қазақтың жалпыхалықтық тілінің ертеден келе 


379
жатқан мүлкі. Соңдай-ақ жас өспірім, ақ көңіл, ақ пейіл, 
өркөкірек, жау жүрек тәрізді сындық мәнді фразеологизмерді 
де Абай халықтық қордан алып жұмсаған. Абай заманында 
бірқатар фразеологизмдер әлеуметтік жаңа қарым-қатынас, 
жаңа құбылыстарға байланысты туған қолданыстар болатын. 
Мысалы, шенді шекпен кию, басына іс түсу, ат мініп, ақша 
ұстау, жер аудару, жалға жүру, закон сұрау деген тіркестер – 
қазақ даласына келген жаңа әлеуметтік немесе экономикалық 
қарым-қатынастарға қатысты пайда болған, XIX ғасырдың II 
жартысының туындылары. Заманға қарай өмірге келген жаңа 
сөздерді жиі қолданғаны сияқты, ақын мұндай тың тіркестерді 
де жатсынбай қабылдайды. Оның үстіне Абай тілінен орынға 
сайлану, түсіп қалу (әкімшілік орыннан айырылу), байға кірісу, 
міндетті болу (халыққа не ұлыққа) тәрізді заманалық жаңа сөз 
орамдары табылады.
Фразеологизмдерді қолдануда ақын қазақ көркем сөзі тіліне 
үлкен үлес қосты, ол үлес перифрастикалық тіркестерді мол 
қолданудан, жаңа тіркестер жасаудан және кәнігі фразео- 
логизмдерді тұлғалық-құрылымдық түрін өзгертіп жұмсаудан 
көрінеді. Фразеология саласында Абай әкелген өзгеріс, жаңа- 
лықтардың келесі түрі – оның өз қаламынан жаңа тіркестер 
туғызуында. Фразеологиялық тіркестер – семантикалық шо- 
ғырлар, яғни жеке сөздер білдіретін мағыналардың бір-бірімен 
түйісуінен туған жаңа семантикалық единица. Абай образ жа-
сауда, айтпақ ойына экспрессивтік сипат беруде жеке сөздерді 
бір-бірімен тіркестірудің сарқылмас бұлақ сияқты екенін 
жақсы түсінген. Сондықтан қызметі мен құрылымы жағынан 
әр алуан жаңа фразеологизмдерді ұсынады. Олардың үлкен бір 
тобына семантикасы жағынан бір-біріне жанаспайтын сөздерді 
тіркестіріп жасағандары жатады. Мысалы, көңілдің жайлауы 
деген жаңа фразеологизмде көңіл деген дерексіз ұғым жайлау 
деген нақты зат атауымен қабыспауға тиісті еді, бірақ ақын 
көңіл сияқты абстракцияны жайлау тәрізді әрі шалқыған кең, 
әрі жадыраған «дүние» деп таныту үшін бұл кереғар екі ұғымды 
бір-біріне жанастырып, жаңа ассоциация туғызады. Көңілге 
ажым салу деген жаңа фразеологизм де – соны образ әрі оның 
экспрессивтік бояуы бұрынғы көңілі қалу, көңілі жабырқау 
дегендерге қарағанда әлдеқайда қою. Олжалау, пайдала-


380
ну (біреудің еңбегін, күшін, ойын т.б.) деген сөздер тұрғанда 
адам аулау, адам сауу деген фразеологизмдерді ұсынғанда 
да Абай мағыналары жуыспайтын ұғым атауларын (аулана-
тын аң, құс, сауылатын мал) тіркестіріп, жаңа образ жасайды, 
соңғы тіркестердің әсері алдыңғы етістік сөздерден әлдеқайда 
күшті екенін Абай жақсы білген. Оның тіліндегі бойды ұрлау 
(ұрланатын қолға ұстайтын зат болу керек қой), жүрегін ұстап 
сату (сатылатын зат, бұйымдар болуы керек), иман жүзін тоз-
дыру (тозатын киім, бұйымдар болуы керек еді) деген фразе-
ологизмдер де осы қатардан табылады. Бұлар – бір жағынан, 
метафоралық тіркестер, яғни мағына ауыстырып айту құралы 
ретінде көрінеді. Бұл типтес фразеологизмдер сан жағынан да, 
сонылығы жағынан да көзге бірден түсіп, Абайдың қазақ фра-
зеологиясына қосқан үлкен үлесі болып танылады. Абай қазақ 
тілінің фразеологиялық қазынасына орыс тілінен тікелей ауда-
ру (калька жолымен) арқылы жасалған жаңа тіркестер қосты. 
Әрине, бұлар сан жағынан көп емес, бірақ сол аз фактінің өзі 
қазақ поэзия тілінде Абайдан басталғанын көрсетеді. Мыса-
лы, Қартаң бай, қатты сақ бол, тілге көнсең, Мүйіз шығар 
қатынның тіліне ерсең (І, 200), мүйіз шығу тіркесінің дағдылы 
мағынасы мерейі үстем болу, ал Абайдағы мағынасы – «әйелі 
көзіне шөп салған еркектің халі», орысша «быть рогатым» 
дегеннің калька жолымен туған қазақшасы. Осы қатарға «Кеп-
терше сүйініскен демалыс бар», «Дүниедегі қызықтың бүгін 
бәрі, Саған салқын тартқандай, сен – бір кәрі» дегендердегі 
кептерше сүйінісу – ворковать как голубки, салқын тарту – по-
стывать (Лермонтовтың «Пускай теперь прекрасный свет Тебе 
постыл – ты слеп, ты сед» деген жолдарының аудармасынан) 
тәрізді фразеологизмдері де жатады. Сондай-ақ тактісіне би-
леу, бір сағаттан бір сағат сияқты тіркестер де негізі өзге 
тілдік (плясать в такт, от часу на час) деп тұрған сияқты. Ау-
дарма немесе калька тіркестердің бірқатары Абайдың төл 
шығармаларында қолданылған, сондықтан бұл әдіс тек аудар-
ма үстінде, шарасыздықтан қолданылған емес, орыс тілінің 
көркемдік дүниесін игеру, жарату сияқты талаптан туған деуге 
болады.
Абай бұрынғы фразеологизмдерді өзгертіп қолданғанда, екі 
түрлі әдіске жүгінеді: бірі – тұрақты тіркестің құрамындағы 


381
сөздердің бір-екеуін өзге сөздермен (көбінесе, синонимдерімен) 
ауыстырып қолдану. Мысалы, ант бұзу дегенді ант шайқау, 
ақылы кірді-ні – ақылға ену, ар-ұяттан безу-ді – ардан кету, 
ауызға сөз түспеді-ні – тілге сөз түспеді деп құбылту немесе 
өтірікті жүндей сабау-ды – өтірікті судай ағызу-дың орны-
на өзгертіп құру – Абай тіліне тән. Бұл тәсіл Абайда жүйеге 
айналған. Байырғы фразеологизмдерді өзгертуде екінші 
қолданған әдісі – тілде қалыптасқан тұрақты тіркестің идеясын 
алып, яғни мағынасын қуалап, соның ізімен жаңасын жасау. 
Мысалы, Абай заманына дейін де қазақ тұрмысында көліктің 
майын, аттың майын пайдалану (сұрау, беру) деген тіркестер 
болған. Осылардың идеясын (мағынасын) алып, ақын көздің 
майы, сөздің майын аямау деген тіркестер құрады. Көліктің 
немесе аттың майы дегенде, «аттың күші» деген ұғым беретін 
болса, көздің майы, сөздің майы дегендерде де Абай осы иде-
яны пайдаланады: көздің майын ағызу – көздің күші жасында 
болса, соны төгіп, «қалқаға сөз айту», сөздің майын аямау – 
сөз беретін күш-құдіретті аямай, барын айту. Пысық адамды 
әдетте еті тірі кісі дейді, осы мағынаны пайдаланып, Абай 
көңілі тірі деген тіркес жасайды. Жақын тарту, іш тарту де-
ген кәнігі фразеологизмдерді тарту сөзінің мағынасына иек 
артып, қайратсыз тарту, ыстық тарту, салбыраңқытарту 
деген жаңа тіркестер ұсынады. Пайдасы тию, зияны тию 
дегендердің үлгісімен панасы тию, еңбегін жалдау, күшін 
жалдау дегендердің үлгісімен жан жалдау сияқгы соны 
тіркестерді дүниеге келтіреді. Абай тілінде осылар сияқты 
ондаған жаңа фразеологизм, бір жағынан, тың образдар жа-
сап, поэтикалық құралдарға айналып жатса, екінші жағынан, 
қазақ әдеби тілінің, оның ішінде өлең тілінің фразеологиялық 
құрамын байытып, жаңа түрлерін қосты.
Әдеб.: Жұмалиев Қ. Қазақтың өлең кұрылысы, тілі жөнін- 
дегі Абайдың жаңалыктары // Майдан. - 1944. - № 1; Машабаева 3. 
Абай шығармаларындағы фразеологиялық ерскшеліктер //
ҚазССР ҒА Хабарлары. - Тіл-әдебиет сериясы. - 1974. - №2; 
Сыздықова Р. Абай және поэзия тілі // Қаз ССР ҒА Хабарлары. 
- 1985. - № 4.


382
МАЗМҰНЫ


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   172   173   174   175   176   177   178   179   180




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет