Бірінші – топырақ құралуының алғашқы кезеңі.
Екінші – топырақтың даму кезеңі.
Үшінші – топырақтың кемелденіп жетілген кезеңі.
Топырақ құралуының алғашқы кезеңі тау жыныстарына тірі ағзалардың қоныстануынан басталып, топырақ түзілуіне себепкер факторлардың қатысуымен жүреді. Осы алғашқы кезеңнің өзінде заттардың биологиялық айналымы қалыптасады. Бірақ бұл айналымның көлемі шамалы болады. Өйткені тау жыныстарына ең бірінші қарапайым өсімдіктер (саңырауқұлақтар, қыналар, балдырлар), микроағзалар қоныстанады. Осы кезеңде физикалық, физикалық-химиялық, химиялық процестер (заттардың еруі, шөгуі, булану, конденсациялануы, сіңуі т.б) жүреді. Осы құбылыстардың әсерінен заттардың өзгеруімен қозғалып жылжуы байқалады. Биогеохимиялық зат айналымы әлі қалыптаспаған болады. Топырақ құралуының алғашқы кезеңі барысында оның қатты бөлігінің көптеген белгілері болмайды. Топырақ әлі қалыптаспаған, тек оның құралуына дайындықтар жүріп жатқан кезең болып есептелінеді.
Топырақтың даму кезеңінің басталуы жер бетіндегі экожүйелердің биологиялық өнімінің ұлғаю кезеңінен басталады деп есептеуге болады
Осы кезеңде жоғары сатыдағы өсімдіктердің әрекетінің көлемі жоғарылап, биологиялық зат айналымның мөлшері ұлғаяды. Биологиялық зат айналымның әсерінен топырақта жаңа қосылыстар пайда болады және олар ағзалардың келесі тобына тиімділігі жақсы болып, келесі биологиялық айналымның көлемінің тағыда ұлғая түсуіне мүмкіндік туғызады. Осы кезеңде топырақта қоректік заттардың жинақталған қоры түзіледі. Биогеохимиялық зат айналымы қалыптасады. Физикалық қасиеттері өзгеріп, топыраққа тән қасиеттер пайда болып, оның заттық құрамы айқындалады. Сонымен қатар осы кезеңде топырақтардың әр типіне тән қасиеттер де пайда болады. Сөйтіп бұл сатыда топырақ өзіне тән ерекшеліктерінің барлығын өз бойына қалыптастырып, топырақ түзілді деп атай аламыз.
Топырақтың даму сатысы күрделі құбылыс және ол ұзақ уақыт аралығында байқалып, одан әрі қарай жалғаса береді. Топырақтың даму сатысы тіршілік көзі құрығанда ғана тоқталады деп есептеуге болады.