21. ПОЛЛИАННАНЫҢ ЖАУАБЫ
Поллианна Пендлтондар төбешігінен түскенде, аспанды бұлт торлап алған еді. Бірден түнеріп даланы қараңғылық басқанынан Поллианна жауын болатынын түсінді. Осыны ойлап біткенше, қолында қолшатыры бар, аяғы-аяғына тимей асығып келе жатқан Нэнсиді байқады. Бірақ, ол ылғи осылай жүреді. Сол сәтте бұлт жөңкіле көшіп, аспан шайдай ашылып, күн жарқырай бастады.
– Менің ойымша, жауын солтүстікке қарай кетті, – деді аспанға қарап ойға шомған Нэнси. – Осылай боларын білгенмін, бірақ мисс Полли сені қолшатырмен қарсы алуымды және саған қарай жүгіруімді бұйырды. Мисс Полли сені уайымдай қалыпты.
– Уайымдай қалыпты? – деп қайталай күбірледі Поллианна, сосын бұлттарға қарап, оларды зерттей бастады.
Нэнси бірнеше рет қатарынан мысқылдады. Бұл да оған әсер етпегесін, ол ренішпен былай деді:
– Саған бәрібір сияқты, әйтпесе менің не айтқаныма құлақ асар едің. Мен саған сенің тәтең... сені ойлап уайымдап қалыпты деп айтып тұрмын.
– Уф! – деп күрсінді Поллианна, Нэнси оған тәтесімен қиын әңгіме болатынын есіне салды.
– Иә, сен маған не дедің, Нэнси? – деп сұрады ол. – Полли тәтем мені ойлап уайымдады ма? Бірақ мен оны түк те қорқытқым келмеген.
– Мен не, … мен қуаныштымын! – деп жауап берді Нэнси. – Саған мынаны айтайын: тәтең сені ойлағанына қуаныштымын! Қуаныштымын, қалқам, мен саған солай айтамын.
Поллианна Нэнсиге бақырая қарады.
– Сен тәтемнің мені ойлап уайымдағанына қуаныштысың ба? – деп сұрады ол. – Бірақ, Нэнси, бұлай ойнауға болмайды. Мұндай нәрсеге қуануға болмайды.
– Мен ешқандай да ойын ойнап тұрған жоқпын, – деп қоймады Нэнси. – Сен мұның не білдіретінін түсінбейтін сияқтысың. Полли...Тәтең... сен туралы... ойлайды! – деп кішкене балаға түсіндіргендей сөздерді бөліп-бөліп айтты.
– Неге түсінбейін? – деп сеніммен сөзін жалғады Поллианна. – Мұнда не түсініксіз? Адам сен туралы ойлағанда, оның мазасызданғаны ауыр тиеді. Біреу сені ойлап уайымдағаны үшін қалай қуанасың? Бұл жақсы емес, Нэнси.
– Неменеге біртүрлі боп қалдың?! – деп басын шайқады Нэнси. – Жоқ, сен мұның мәнін түсінбейтін сияқтысың. Қазір мен саған түсіндірейін. Сенің тәтең сені ойлап қамығады. Бұл оның тірі адамға ұқсай бастағанын білдіреді. Енді ол өзінің «борышын орындап» қана қоймай, ол бірдеңені сезіне бастады.
– Нэнси, сен не деп тұрсың! – деп одан әрі ызаланды Поллианна. – Полли тәтем, тек өз борышын ғана орындайды, оның борыштары өте көп, – деп мистер Пендлтонның сөзін қайталағанын өзі де сезбей қалды.
Нэнси қатты күліп жіберді.
– Мен саған осыны айтып тұрмын ғой! Мүмкін, сенің тәтең бұрын сондай болған шығар. Бірақ сен келгелі ол өзгере бастады.
Поллианна қасын керіп:
– Тыңдашы, Нэнси, мен сенен мынаны сұрағым келеді: Полли тәтеме оның үйінде тұрып жатқаным ұнай ма, қалай ойлайсың? Немесе оның үйінде тұрмағаныма қуана ма?
Нэнси қызға зерделей қарады. Бұл сұрақты ол Поллианнаның Харрингтондар зәулім сарайына келген күнінен бастап күткен. Ол осы сұрақты күткен және бұл сұрақтан қорыққан да болатын, ол қыздың сенімге толы жүрегін ауыртып алмай қалай жауап берерін де білмейтін. Бірақ бүгін мисс Полли жиеніне қарай қолшатыр алып тезірек жүгіруін талап еткеннен кейін, Поллианнаға беретін жауап табылды деді. Қазір ол өтірік көлгірсімей, оны шын қуанту жолын біледі.
– Полли тәтеме оның үйінде тұрып жатқаным ұнай ма? – деп қыз сұрағын қайталады. – Әлде оның үйінде тұрмағаным жақсы ма?
– Сен не, мені мүлдем тыңдамай тұрсың ба? Мен саған айтып тұрмын ғой, ол сені ойлап, маған қолшатырды тезірек жеткіз деп бұйырды. Ол маған: «Жүгір, қарсы ал!» деді. Ал ол кезде аспанда тек бір шөкім ғана бұлт бар еді. Ол тағы: «Оны барып қарсы алу керек, әйтпесе менің мазам кетті!» деді. Төбедегі заттарыңды төменге түсіруге бұйрық берген кім? Саған ұнаған әдемі бөлмеге орналастыру үшін солай етті ғой. Басында бұлай болғанын қаламаған еді...
Нэнси өзінің артық кетіп бара жатқанын дәл уақытында есіне түсіріп, жөткіріне қалды.
– Мен тәтеңде қандай өзгеріс болып жатқанын нақты айта алмаймын, – деп жалғастырды сөзін, – бірақ сен оған сондай қатты әсер етесің, ол бұрынғыдай емес, өзін басқаша ұстай бастады. Бұрынғыға қарағанда жұмсарып, мейірімді бола бастады. Мысалы, сенің мысығың мен күшігіңді алайық. Бұрын оларды бағар ма еді? Ешқашан бақпас еді! Ол қазір менімен де басқаша сөйлеседі. Сол сияқты басқалары да... тыңдашы мені, мисс Поллианна. Қазір ешкім де оның өмірін сенсіз елестете алмайды, – деп сөзін нақтылай аяқтады, осылай бірер минут бұрын аузынан қандай сөз шығып кете жаздағанын сезбеді деп үміттенді.
– О, Нэнси! Нэнси, мен сондай қуаныштымын! Полли тәтеме керек болғаныма сондай қуанамын! – деп шаттана жауап берді Поллианна. Сосын баспалдақпен көтеріліп келе жатып: – Енді мен оны ешуақытта тастамаймын! Мен өзім әрқашан Полли тәтеммен бірге тұрғым келетінін білетінмін. Бірақ ешуақытта оның да менімен бірге тұрғысы келетінін білмеппін, – деді күбірлеп.
Өз тағдыры шешілгеннен кейін, Поллианна мистер Пендлтонмен қалай қарым-қатынас жасайтыны туралы ойлады. Оның үйінде тұра алмайтыны ақиқат, бұл оны аямағаннан емес, керісінше, осы бақытсыз адамға бауыр басқаны сонша, оған көмектескісі келді. Мистер Пендлтон анасының кесірінен соншама жыл бойы өз үйінде жалғыз тұрып келе жатқанын естігелі бері, одан сайын көмектескісі келді. Жаны ашығаннан жүрегі ауырып кетті. Ол біреу-міреудің табылып кеткенін, сол үшін бәрін істейтінін....
Әрі қарай ол ойламады. Қуана дауыстап, орнынан ұшып тұрды. Бұл керемет ой еді! Мүмкіндік туғанда ол бірінші болып Пендлтондар үйіне асықты.
– Өмірімнің соңына дейін қуаныш ойынын бірге ойнауға дайынсың ба? – деп сұрады мистер Пендлтон ол кітапханаға кіргенде. Поллианна оның әдемі ұзын саусақтары креслоның жақтауын қатты қыса түскенін байқап қалды. Ал сенімді иті қожайынының көңіл-күйін сезіп, мұқият қарап отыр.
– Иә, – деп жауап берді Поллианна. – Өйткені сіз үшін ең қуанышты хабар әкелдім...
– Екеуіміз бірге ойнаймыз ба? – деді сөзін аяқтатпай мистер Пендлтон. Поллианна оның ернінің дірілдегенін сезді.
– Жоқ, бірақ… Мен сізді уайым-қайғыға салғым келмейді, мистер Пендлтон, – деп жалғастырды сөзін Поллианна, – бірақ мен сізге «жоқ» деп айтуым керек. Полли тәтем...
– Ол саған менің үйіме көшіп келуіңе тиым салды ма? – деп үшінші рет оның сөзін бөлді.
– Мен... Мен сұрамадым да, – деді ол көлгірсімей.
– Поллианна!
Ол кері бұрылып кетті. Оның мистер Пендлтонның көзіне тура қарауға күші жетпес еді.
– Сэр, менің қолымнан келмейді, – деп ақырын ғана жалғастырды ол. – Шынымен, қолымнан келмейді. Бұл туралы сұраудың да қажеті жоқ. Мен бәрін білемін. Полли тәтем екеуміздің бірге тұрғанымызды қалайды. Менің де қалауым сол. Сіз оның сондай мейірімді екенін білмейсіз ғой. Оған қоса тәтем көп нәрсеге қуана бастады. Ол бұрын мұны істей алмайтын. Сіз өзіңіз маған осылай дегенсіз! О, мистер Пендлтон! Қазір мен оны тастап кете алмаймын.
Кітапханада тыныштық орнады. Пештегі отынның сытырлай жанған дыбысы ғана естіледі.
– Мен сені түсінемін, Поллианна, – деді біраз уақыт өткен соң мистер Пендлтон. – Мен енді саған өтініш айтпаймын... ешқашан да айтпаймын, – деп ақырын айтса да, Поллианна оны естіді.
– Тұра тұрыңыз, мистер Пендлтон. Сіз әлі менің не ойлап тапқанымды білмейсіз ғой! – деп бүгінгі әңгімесін сенімді бастады. – Бұл сіздің ең қуанышты істеріңіздің бірі болады. Мен сізге шын айтып тұрмын!
– Мені енді ештеңе де қуаната алмайды. Қуану маған тән емес, Поллианна, – деді көңілсіз.
– Жоқ, сэр, сіз қуана аласыз, сіз қуана аласыз! Сіз өзіңіз “әйел қамқорлығы мен жүрегі, баланың болуы – үйді нағыз үйге айналдырады” деп айтып едіңіз ғой. Айттыңыз ба? Енді мен сізге соны жасауға көмектесемін. Сіздің үйде де бала болады. Әрине, ол мен емес...
– Сенен басқа маған ешкім керек емес! – деп үзілді-кесілді жауап берді Жон Пендлтон.
– Егер оның кім екенін білсеңіз, керек қылар едіңіз! – деді батылданған Поллианна. – Сіз сондай жақсы әрі мейірімді адамсыз! Есіңізге түсіріңізші, өзіңіздің түрлі-түсті шыныларыңызбен, монеталарыңызбен, тағы да басқа заттарыңызбен қаншама адамды қуантып жүрсіз. Тағы сіз пұтқа табынушылар үшін ақша жинап жүрсіз және...
– Поллианна! – деп қарсыласты Жон Пендлтон, – пұтқа табынушылар туралы енді ешқашан да әңгіме қозғамайықшы. Мен саған жүз рет айтқанмын: мен өмірімде бір де бір пенниді пұтқа табынушыларға жібермегенмін. Мен тіпті олар үшін ақша жинауды ойға да алмаппын! Түсінікті ме?
Ол басын көтеріп, көңілі қалған баланың көзіне тура қарауға дайындалды. Бірақ Поллианнаның қуанышты көзін көріп таңғалды.
– Солай ма, мистер Пендлтон! – деп ол қолын шапалақтап тұр. – Мен сондай қуаныштымын... енді... – ол қызарып кетті де үндемей қалды. – Мен, әрине, пұтқа табынушыларды аяп тұрмын дегім келмейді, бірақ енді сіздің басқаларға ұқсамайтыныңызды, сізге үнді елінің кішкентай балалары керек емес екенін білдім. Сізге Жимми Биннің ұнайтынына сондай қуаныштымын. Енді мен сіздің оны алатыныңызды білемін.
– Кімді аламын?
– Жимми Биннді. Ол «сіздің үйдің баласы» болатынын, түсінесіз бе? Бұл жаңалықты естісе, қатты қуанатын болды ғой. Өткен аптада, Алыс Батыстағы «Әйелдер көмегі» оны алғысы келмейтінін айтқанымда, ұнжырғасы түсіп кеткен еді. Ал енді оны сіздің алатыныңызды естісе…
– Ол қуанатын болар, ал мен ше? Бұл орындалмайтын іс, Поллианна! – деді Жон Пендлтон.
– Сіз оны алмаймын дейсіз бе?
– Иә, солай, Поллианна.
– Бірақ, мистер Пендлтон! Ол сіздің керемет үйіңіздің баласы болар еді, – деп жыларман болып, сендіре сөйлей бастады. – Егер сіз Жимми Бинді өз үйіңізге алсаңыз, ешуақытта өзіңізді жалғыз сезінбейтін едіңіз!
– Саған сенемін! Бірақ мен жалғыздықты таңдаймын.
Поллианна не істерін білмей қалды. Бірнеше ай бұрын Нэнсидің айтқандарын есіне түсірді.
– Мүмкін, сіз шкафыңызда сақтап жүрген қаңқаларды тірі баладан артық деп санайтын боларсыз?! – деп кіжінді ол иегі кемсеңдеп. – Бірақ мен олай ойламаймын!
– Қаңқа? – деп қайта сұрады мистер Пендлтон.
– Иә, Нэнси маған шкафыңызда сақтап жүрген қаңқаңыз бар екенін айтқан. Сосын...
Жон Пендлтон басын жоғары көтеріп қатты қарқылдап күлді. Ол бар жанымен шынайы күлді.
Поллианна оған шоши қарап, жылап жіберді. Жон Пендлтон күлкісін тиып, бойын тіктеп алып, салмақты кейіппен:
– Білесің бе, Поллианна, сен дұрыс айтасың, – деді ол. – Мүмкін сен өзіңнің дұрыс айтып тұрғаныңды сезбейтін де шығарсың. Мен енді түсіндім: менің шкафымдағы қаңқаларға қарағанда, тірі бала артық. Бірақ... – ол үндемей қалды. – Адамдар тез өзгермейтінін түсінесің бе? Әркім өзінің қаңқасына жабысып қалған. Ал қазір мен, сол жақсы бала туралы тағы да егжей-тегжейлі айтып бергеніңді қалаймын.
Поллианна жақсы бала туралы әңгімелеп берді. Қыздың таза күлкісі мистер Пендлтонның жүрегіне жол салды ма, әлде Поллианна байқұс Жимми туралы әңгімені әсерлі етіп айтты ма, әйтеуір Жонн Пендлтонның жүрегі шыдамады. Сол күні ол Поллианнаға келесі сенбіде Жимми Бинмен бірге келуін сұрады.
– Мен сондай қуаныштымын! – деді Поллианна үлкен досымен қоштасып. – Ол сізге ұнайды, мистер Пендлтон! Сол кезде Жиммидің үйі де, отбасы да болады, ал сіздің балаңыз болады, оны тәрбиелеп, бағып-қағасыз.
Достарыңызбен бөлісу: |