Республикалық ғылыми-әдістемелік конференция материалдары



Pdf көрінісі
бет64/225
Дата31.10.2022
өлшемі12,23 Mb.
#46351
1   ...   60   61   62   63   64   65   66   67   ...   225
Байланысты:
ЖИНАҚ Ә. Рақыш (1)

Ключевые слова: стилистика, прагмастилистика, прагматический фактор, деятельность и культура 
речи, стилистика ресурсов, стилистика оформление, стилистическая категория, стилистическая коннотация.
Қазақ халқының ән өнері ерте кезеңнен бері қалыптасып, дамып, тұрақты орныққан асыл 
қазына. Ежелгі фольклор саласындағы музыканың бір бөлігін құрайды. Ән өнері адамзаттың 
іңгалап туғанынан бастап өмірден өткенінен дейін құлағында сақталатын дыбысы. Осы орайда 
Абайдың өзі: 
«Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнынан кірер денең», – деп бекер айтпаса керек. Ән – халықтың ұлттық 
мұрасы. Ән ұлттың ежелден қалыптасқан сарынды да сазды үні. Әннің өзі ішінен ұлттық 
өнерге қарай негізделіп, әр ұлттың болмысына сай қалыптасып, орын алады. Ән өнері 
ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырады. Оның дәлелі халық әндерінің ауыздан-ауызға таралып, одан 
бөлек нотаға түскен әндердің жинақталуы осының көрінісі. Осы орайда бүгінгі таңдағы 
өнертанушылар қазақ халық әндерінің ұмыт болмауы жолында жұмыс жасауда. Тұтастай алар 
болсақ, ұлттық өнер, ұлттық дүние дегеніміз мынадай элементтерден тұрады: ән өнері; күй 
өнері; бейнелеу өнері; сәндік қолданбалы өнер; театр өнері; кино өнері және т. б. Қазақ 
халқының ұлт болып қалыптасу кезеңінде өзіне тән ән дәстүрі дүниеге келді. Соның 
нәтижесінде бай музыкалық мұрасы жасалды, мәдениеті қалыптасты. Қазақ әнінде халық 
өнерінің әр кезеңіндегі тыныс-тіршілігі, бітім-болмысы, заман үні көркем көрініс тапқан. 
Халқымыздың бізге жеткен ән-жыр нұсқаларының көпшілігі қазақ дәстүрлі ән өнерінің 
көшбасшылары, ақын Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, үкілі Ыбырай және т. б. дарын 
иелерінің мұралары болып табылады. Дарқан даланы той-думанға бөлеген әнші әрі жыршы, 
ақын әрі батыр қазақ халқының «Ән – көңілдің ажары» деген нақыл сөзі бар. Адам көңілінің 
әр сәтін ән ноталары арқылы небір әшекей-өрнектермен әсем безендіріп, нанымды 
суреттелгеніне бізге жеткен халқымыздың бай ән мұрасының кез келгені мысал бола алады. 
Әдебиеттің, музыканың, театрдың бастауы болып табылатын фольклор өнердегі, көркемөнер 
шығармашылығындағы өзіндік орнын ешқашан жоғалтпақ емес. Әрбір халықтың фольклоры 
ұлттық өнер шеңберінде өзіндік және этникалық өзгешелігінің айқындығымен, аумақтық және 
жергілікті стильдік үлгілерінің молдығымен ерекшеленеді. Қалың көпшіліктің көзқарасын, 
этностардың әлеуметтік-эстетикалық арман-мұраты мен моральдарының идеялық мазмұны-
ның ұқсастығын білдіре отырып, фольклор барлық ұлттың, халықтардың эстетикалық 
мәдениетін қалыптастырудың маңызды құралы болып табылады.
Қазақ халқының тарихында күрделі орын алған үлкенді-кішілі оқиғалардың қай-қайсысы 
болса да халық әнінің мазмұнынанкөрініс тапқан. Халық әндерінің өміршеңдігі де осындай 
қасиетінде. Әрине, Абай айтқандай: «Әннің де естісі бар, есері бар». Мирасқоры біз болған ән 
дүниесі халықтың өткен тарихының куәгері саналарлық «есті ән». Мұнда көне заман 
шындығын шертетін көп деректер мен бірге халық басынан өткерген тарих көшінің де тізбегі 
секілді мол мағлұматқа кенелетін жайлар бар. Ән –сан ғасырлық тарихы бар, талай-талай 
ұрпақтан өткен жол-жөнекей жөнделіп, өңделіп, жаңарып бізге жеткен жанр. Ғасырлар 
елегінен өткен әндер айшықтана, әрленіп музыкалық өнердің інжуіне, асыл қазынасына 
айнала берген. Кез келген ұлттың өзіндік кескін-келбеті мен болмыс-бітімін айқындайтын 
ұғымды оның өзіне тән ұлттық мәдениеті дейтін болсақ, қазақ мәдениетіндегі ән өнерінің алар 
орны ерекше. Данышпан Абайдың “Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына 
кірер денең” деген сөздері қазақ өмірінің бүкіл тыныс-тіршілігі өлеңмен өрнектелетінін айқын 
көрсетеді. Біз бұл өлең жолдарын жоғарыда айтып өттік. Шындығында сәби дүниеге келгенде 
“бесік жырымен” әлдилеп қарсы алып, адам дүниеден өткенде “жоқтау” айтып шығарып 
саламыз. Сонау ғасырлар қойнауынан басталатын осы тамаша дәстүр әлі күнге дейін жалғасын 
тауып келеді. Бүгінгі күн жастарының тойы да “жар-жар”, “беташармен” өтетіні ата-баба 
салтына адалдықтың айқын көрінісі іспеттес. Орыстың тамаша ғалымы Г. Потаниннің “Маған 
бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді” деген сөзі қазақ тұрмысының осындай 
даралығынан туған тұжырым болса керек. [1, 147 б. ] 


111 
Ол мәдени мұра, тарихи-рухани құндылық, халықтық салт-дәстүрлер, дәстүрлі халық ән 
өнері түсініктерімен тығыз байланысты болғандықтан, оның ерекшеліктері мен табиғаты қай 
кезде де халық жанына жақын болған. Халықтың музыкалық шығармашылығы әр халықтың 
рухани мәдениетінің басты құрамдас бөлігі болып табылады. Сонымен қатар, қазақ әнінің 
өзіндік тағы бір ерекшелігі, ұрпақтан-ұрпаққа, аймақтан-аймаққа тарай отырып, ауызша 
үйретіліп, дәстүрлі түрде орындалып, орындаушы өнерпаздардың орындау барысында, ша-
быттана отырып шығарманың кейбір жерлеріне өз өзгерістерін жасап отыруы жиі кездеседі. 
Қазақ халқы ежелден әншілік өнерімен ерекшеленген. Ұлттық дәстүрлі музыка қорымыздағы 
ең көп сақталғаны да осы – ән өнері. Өмірдің әр құбылысын әнге қосып, өз шежіресін әнмен 
жазған халқымызда шығарушысы ұмытылса да, мәтіні мен әуезі ел жадында сақталып келе 
жатқан бірнеше мың халық әндері бар. Тарихтың сан қилы талқысынан сүзіле өтіп келе жатқан 
бұл әндер ұлттық болмыс пен қасиетті, тұрмыс-тіршілікті білдіретін айрықша құндылық 
болып саналады. Небір жез көмей дарынды әншілер мен ән әуезін жанына жұбаныш жасай 
білген талантты өнерпаздар арқылы бүгінге жетіп отырған халықтық ән өнері – уақыт өткен 
сайын өз қасиетін арттыра түсетін, ұлттық ерекшелігімізді айқындап беретін асыл мұрамыз 
екені анық. Қанша буын өнерпаздар қолынан өтсе де, өз мазмұны мен маңызын жоймай, 
ұлттық мінезді, терең сезімді жырлап келе жатқан бұл өнер, шын мәнінде, өзіндік салт- сана-
мызды, дәстүрлі тірлігімізді сақтаушы қасиетімен де құнды. Кешегі мен бүгінгінің арасын 
жалғап тұрған халық әндерінде ақыл-парасат та, тарих та, ұлттық мінез бен игілік те тұнып-ақ 
тұр.
Бүгінгі таңда кітап оқу мәселесі мен көркем әдебиеттің құндылығы өте жоғары деңгейде 
деп айта алмаймыз. Себебі, жастар қауымы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түрлі 
телебағдарламалар мен бейнебаяндар, киноиндустрия саласы арқылы ақпарат алмасады. 
Көркем мәтін үлгілері де, көркем әдеби сөздер де осы ән мәтіндері мен бағдарламалар, фильм 
сценарийлерінде көрініс табады. Оқырман болсын, көрермен болсын көзбен көріп, құлақпен 
естуге құмар. Сол үшін де арнайы мерекелік кештер, той-думан, тіпті мерекелік бағдарлама-
лардың бәрі әуен мен әуезге құрылады. Сол әуендердің тез таралып, жастардың тілімен 
айтқанда «хит» болып кетуіне не әсер етеді? Әдемі әуені ме? Әуенге сай жазылған сөзі ме? 
Халық жадында ұзақ уақыт жатталып, ауыздан-ауызға айтылып жүретін әуеннің сөзі. Кез 
келген ән сөздерінің мәтіні белгілі бір стильге, жанрға, адамның ішкі жай-күйіне сәйкестеліп 
жазылатыны белгілі. Соған сай ән мәтінінің қандай стилистикалық тәсілдер арқылы, тілдік 
бірліктердің қолдану амал-тәсілдері арқылы жасалғанын анықтау керек. Стилистикалық 
тәсілдердің қатарына троп түрлері, стилистикалық фигуралар, стиль құраудың стратегиясы 
мен тактикасы жатады. Тілдік бірліктердің өзі дәстүрлі стилистикалық тәсілдері контекстен 
тыс стилистикалық коннотациялардың негізгі жүйесін құрай отырып, оның тұтас көркемдік 
сапасын жасайды. Сонымен қатар ән мәтіні болмасын, өзге мәтін болмасын қолданыс тілінің 
аясында тілдік бірліктердің анық, көркем, бейнелі шығуына стилистикалық мағына үлкен 
ықпал етеді. Біздің айтып отырған безендіруші стилистикамыздың негізін құрайтын белгісі – 
стилистикалық тапсырма. Стилистикалық тапсырма сөйлеушінің яки айтушының арнайы 
ойлап тапқан көркемдік, экспрессивтік айту мәнері, адресаттық қабылдауына арнайы стилис-
тикалық тиімді әсер қалдыру үшін қолданылады. Стилистикалық тапсырма айтушы хабары-
ның экспрессивті мағлұматын көрсете алады. Сонымен қатар кез келген мәтіннің прагма-
тикасының болатыны белгілі. Прагматика деп отырғанымыздың өзі – тілдік белгілердің, тілдік 
таңбалардың, оны қолданушы адамдарға қарым-қатынасын көрсетеді, сөйлеу қарым-қаты-
насының барлық параметрлерін қамтиды. Прагматикалық әдістемелік және әдістік зерттеулері 
тілдік факторларға негізделген. Прагматика тілдік таңбалардың әртүрлі деңгейлерін ғана 
қарастырмайды, сөйлеу қарым-қатынасының барлық параметрін зерттеуді нысана етеді, 
қандай мақсатта сөйлеп, жеткізіп тұрғанын көрсетеді. [2, 97 б. ] 
Бүгінгі уақытта стилистика мен прагматика үдерісінің интеграциясынан зерттеулердің 
жаңа ерекше прагмастилистика бағыты пайда болды. Сондықтан прагмастилистика көп 
аспектілі ғылым болып саналады. Диплом жұмысымызға кіріспес бұрын, прагматика мен 


112 
прагмастилистиканың зерттеу обьектісін, стилистикамен арақатынасын көп аспектілі 
бағдарларын анықтауымыз қажет.
Психологтардың зерттеу қорытындылары бойынша тыңдармандардың 80% әннің желісіне, 
барысына назар аудармас бұрын оның тақырыбына мән береді екен. Тақырыпқа қарап 
тыңдарман әнді ынтыға тыңдауы немесе керісінше жай ғана аттап кетуі мүмкін. Осы орайда 
мынадай сауал туындайды: Тақырып мәтіннен туады ма, әлде мәтін тақырыпты қуады ма? 
Ән тақырыптары автордың ішкі әлемі мен ұстанымы мен әннің мазмұны мен мақсатына 
сай туындайды. Тақырыпқа әннің мәтініне сәйкестендіріліп жазылады. Әннің орындалу бары-
сын негізінде тақырыптың ашылмауы музыка саласында жиі кездесетін құбылыс. Тақырып –
әннің негізгі әрі маңызды бөлшегі. Тақырып арқылы әннің қалыпты ерекшелігі мазмұны 
ашылады.
Қазақ әндерінің табиғаты міндетті түрде бекітілген белгілі бір заңдылықтар мен талап-
тармен жүзеге аспайды. Себебі сайын даланың төсінде қаншама авторлар бар. Әрқайсысы өз 
ішінде, жан-дүниесінде болып жатқан сырды ақтарады. Кей әндердің мазмұны мен мәні, тілдік 
бірліктері адам тәрбиелейтін, қоғамға билігін жүргізетін, тіпті түгел қоғамға ой салатындай ән 
мәтіндерінің талаптарымен де ерекшеленеді. Олардың мәтін тіліне қойылатын талаптар жеке 
комуниканттардың арасындағы қарым-қатынасты белгілеп, реттейді. Олар ішінара жалпы 
және жеке болып бөлінеді. Алайда әнге, оның құрылымына қойылатын талаптарға ортақ 
заңдылық – олар берілетін ақпараттың мазмұнын анық, дәл, түсінікті етіп жеткізу қажет. 
Сонымен қатар әннің тіліне қойылатын талаптар төмендегідей: 
1. Ән жалпы қауымға, көпшілікке арналғандықтан, онда қолданылатын сөздер де аса қасаң 
не тым әсіре қызыл сөзбен көмкерілмей, жалпыға бірдей түсінікті болуға тиіс. Адресант пен 
адресат арасында сенімді әріптестік байланыс орнауы қажет. Газет оқырманы өзіне түсініксіз 
мәтіндерді қайталап оқуына болады. Ал тыңдарман әнді қабылдаудың ерекшелігі тыңдаран 
өзі көрген көріністерге қайта оралмайды. Осыдан келіп әрбір сөз, сөйлем анық, түсінікті, 
қарапайым ойларға құрылғаны дұрыс.
2. Сөйлем құрылысының күрделендірудің қажеті жоқ.
3. Тіл мәдениетіне жетік болу үшін қазақ тілінің сөз байлығын жетік білу жеткіліксіз, ол 
сөздердің жұмсалу орнын білген жөн. Сөзді жұмсай білу үшін олардың мағыналарын, 
мәндестік ерекшеліктерін, әдеби, әдеби емес нормаларын, сөздердің еркін және тұрақты 
тіркесін айыра білу қажет.
4. Сөздердің қайталануы синонимдермен алмастырылу.
5. Логикалық қателіктер 
Кей әндердің тілінің табиғаты әрқашан ашыла бермейді. Сондықтан ән мәтіндерінің тілінің 
прагматикасы адресат пен адресанттың арасында анық танылуы қажет. Прагматика тілде яки 
мәтіндерде ғана көрініс бермейді, ол ойда, бейвербалды амалдарда, телеарналардың ұстаны-
мында, телехабар жарнамасында, стилінде, әрлеу-әсерлеу жұмыстарында тілдік код ретінде 
санада таңбаланады. Шығармашылықта ақпарат жеткізудің, ән мәтінін жазудың өзіндік 
формуласы болады: 
Өзекті мәселесі қандай? 
Негізгі тақырыбы қандай? 
Халыққа қаншалықты өтімді? 
Желі бір арнаға сыйған ба? 
Тыңдарман көңіл-күйіне әсері қандай? 
Құлаққа тез жаттанды ма? 
Мәні қандай? 
Осы сұрақтарға толық жауап алған кезде ғана ән мәтінінің мазмұны ашылады. Адресат пен 
адресанттың арасындағы сөйлесім прагматикалық аспектіде қарастырылады. Ән мәтіні тілінің 
прагматикасы тыңдарман аудиториясының әлеуметтік құрамына, жас ерекшелігіне, этикалық 
талаптарына, коммуникативтік мақсатына қарай айқындалады. Мәтінге тіл мәдениетіндегі «ой 
анықтығы», «сөз дәлдігі», «сөз тазалығы», «сөз дұрыстығы», «сөз мәнерлілігі» секілді 
сипаттар жатады.


113 
Ән тақырыбы мазмұн мен идеяға сәйкес дәл, нақты, қысқа, түсінікті болуы тиіс. Кез келген 
тақырып негізгі кілт сөздерден құрылуы керек.
«Сен мені іздеме», «аққайыңның түбінде жігіт пен қыз кездесті», «не деген бітпейді, айтпа-
шы өкпеңді, саған не жетпейді?», «қателіктерімді менің түсіне алсаң кешір» деген секілді та-
қырға түскен тарыдай тақылдаған сөздер жастар жанын жалаңаштап, адами сезімдерін сем-
діріп, түйсіктерін тұмшалап жатқанын байқай алдық па? Түзу барып түзу келетін жол секілді 
қатып қалған сөздер олардың санасын бір мәселеге тап келгенде еркін ойлай алмайтын, келесі 
бір жағынан шығар жол тауып кете алмайтын, өмірдің иірім-қайырымына икемсіз, қауқарсыз 
күйге түсіруде. Ал, біз қызығып айта беретін аталарымыздың ірі мінезі, кең кісілігі, қандайда 
бір жағдайға тап келгенде аспай-саспай айналып өтер жол табар ерекшелігінің бір себебі өзде-
рінің әндеріндей астарлы, кең, еркін ойлау жүйесін қалыптастырған қазақы сөздің табиға-
тында жатқан жоқ па? Бұл әннің сөзіне байланысты жағы ғана. Оның арғы жағындағы қара 
өлең, әуеннің әңгімесі бөлек...
Кезінде композитор, музыкатанушы Хасен Қожа-Ахмет «Қазақ әндері қалай космополит-
танды?» деген мақала жазып, генетикалық жадымызға жат ырғақтардың жаппай етек алуын 
тайға басқан таңбадай көрсете отырып, «бұл жағдайымызды түзеуге кіріспей ренжіп, бүлінген 
күйі бүк түсіп жата беру, түбі, қазақты ұлттық суицидке әкелетіні анық» деп жазған еді. [3, 102 
б. ] Онда мұндай жат музыканың ұлттық сөйлеу құрылымы мен ырғағын да танымастай 
өзгертетінін дәйекті дәлелмен шегелеп тұрып айтқан. Бүгін біз сол тұсқа да кеп қалғандаймыз. 
Кешегі мен бүгінгі әннің сөзі сазын қоса талдап, оның адам жанына, ойлау жүйесіне әсерін 
ғылыми түрде жіліктеп тұрып алдыға тартар арнаулы еңбектер көптеп жазылса, осы айтып 
отырған ойымыздың ақиқатына көп адамның көзі жетері еді...
Ең бір өкініштісі, классикалық ән мен күйді қалай айтқысы келсе, қалай тартқысы келсе 
солай тартып оның әуелгі табиғатынан мүлде алыстатып жүрген өз өнерпаздарымызды ұлттық 
өнердің насихатшысы ретінде танитын болдық. Жанғали күйші айтпақшы, күйді қазір көзбен 
тыңдайтын күйге түстік. Бар шеберлігі – жылдамдығы! Оның басқа мың бояу, толғанысын өзі 
де, өзге де сезбейді. Оларға бірдеңе айтсаң «сұранысқа қарай, қазір жұрт оны қабылдамайды» 
дейді. Қабылдамаса оны бүлдірмей, өзің күй шығарып тарт, өзіңнің қабылданатын әніңді 
шығарып айт. Ал, ғасырлар бойы қалыптасып, уақыттың қаншама дауылы мен жауынына 
ұшырап, қандай қағажу көрсе де тасты жарып көктеген күрең тобылғыдай ән мен күйіміздің 
құлағын өз білгенінше шұнтита беруге ешкімнің қақысы жоқ. Пайдалан, бүлдірме! Өтпесе, 
тұрсын, тиме! Келешекте дәл сол түпнұсқаға қайта оралар уақыт келеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   60   61   62   63   64   65   66   67   ...   225




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет