Заңсыз қоғамдық бірлестіктер құру немесе олардың қызметіне қатысу (337-бап)
Қызметі азаматтарға зорлық жасаумен немесе олардың денсаулығына өзге де зиян келтірумен ұштасқан не азаматтардың азаматтық міндеттерін орындаудан бас тартуға немесе құқыққа қарсы өзге де әрекеттер жасауға түрткі болған діни немесе қоғамдық бірлестіктер құру немесе оған басшылық жасау, сол сияқты діни негіздегі партия, не шет мемлекет немесе шетел азаматтары, немесе шетелдік не халықаралық ұйымдар қаржыландыратын саяси партиялар немесе кәсіптік одақтар құру немесе оған басшылық жасау көрсетілген қылмысты істеуге жатады. Қылмыстың тікелей объектісі Қылмыстық Кодекстің 336-бабындағы көрсетілген құраммен бірдей. Объективтік жағынан талданып отырылған құрам белсенді әрекет күйінде: заңсыз діни немесе қоғамдық бірлестіктер құру; оларға басшылық жасау; шет мемлекет, шетел азаматтары немесе халықаралық ұйымдар қаржыландыратын діни партиялар, саяси партиялар, кәсіподақтар құру және оларға басшылық жасау арқылы жүзеге асырылады. Яғни көрсетілген әрекеттердің барлығы қоғамдық бірлестіктер немесе саяси партиялар туралы заңға қайшы болуы қажет. Осы іс-әрекеттер орын алысымен қылмыс аяқталған деп танылады, өйткені ол материалдық-формальдық құрамға жатады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен жүзеге асырылады. Қылмыстың субъектісі-арнаулы, заңсыз қоғамдық бірлестіктер құрған немесе оған басшылық жасаған 16-ға толған адам.
Шет мемлекеттердің саяси партиялары мен кәсіптік одақтарына жәрдем көрсету (338-бап)
Басқа мемлекеттердің саяси партияларын немесе кәсіптік одақтарын қаржыландыру, үй-жай немесе мүлік беру, сол сияқты өзге де жәрдем көрсету, егер бұл әрекеттер азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің не қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің елеулі түрде бұзылуына әкеп соқса, кінәлы адам қылмыстық жауаптылыққа Қылмыстық Кодекстің 338-бабы бойынша тартылады. Қылмыстың тікелей объектісі шет мемлекеттердің саяси партиялары мен кәсіптік одақтарына жәрдем көрсетудің заңда белгіленген ережелерін бұзу болып табылады. Қылмыс объективтік жағынан мынандай әрекеттер арқылы жүзеге асырылады: басқа мемлекеттердің саяси партияларын, кәсіподақтарын қаржыландыруға үй-жай, мүлік беру, өзге де жәрдем (жиылыстар өткізуге, жарғысын дайындауға, оларға қажетті ақпараттық мәліметтер, жабдықтар мен құралдар беру т.с.с.) көрсету. Қылмыстың объективтік жағының міндетті белгісі, оның зардабы-азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің, не қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің елеулі түрде бұзылуы болып табылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Кінәлы адам шет мемлекеттердің саяси партиялары мен кәсіптік одақтарына жәрдем көрсетуге болмайтынын сезеді, біледі, бірақ солай істеуді тілейді. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған адам.
Достарыңызбен бөлісу: |