Мейірімділік беделі. Тіл алғыштығына кеңшілік жасаумен, жұмсақтықпен жетуге тырысады: балаларға еркіндік беріледі. Отбасы тыныштығын сақтауды артық көргендіктен ата-аналар қандай да болсын қақтығыстан қашады. Олар тек көрер көзге бәрі дұрыс болуы үшін ғана, нені болса да түгелдей құрбандық етуге әзір болады. Ондай отбасында лезде-ақ балалар жайдан-жай ата-аналарына басшылық ете бастайды. Ата-ананың қарсылық көрсетпеуі жүгенсіз балалық тілектерге, еркеліктерге, қисынсыз талаптарға жол береді.
Сатып алу беделі. Тіл алғыштық сыйлықтармен немесе уәделермен сатып алынса, бұл беделдің ең арсыз түріне жатады. Ата-аналар қысылып-қымтырылмай-ақ былай дейді: тыңдайтын болсаң, саған ойыншық ат сатып әперемін, тыңдайтын болсаң, циркке барамыз...т.б. Жоғарыда аталған жалған беделінің кейбір түрлері мұғалімнің қызметінде де кездесіп тұрады, сондықтан оны мұғалім де біліп ескергені жөн.
Ю.Азаров жалған беделді мұғалімнің оқушылармен авторитарлық қатынаста болуымен байланыста болатынын ескертеді.
Беделді болу оңай емес, оны сақтап қалу одан да қиын, беделсіз қызмет атқару нәтиже бермейтіні баршаға белгілі.
А. С. Макаренко "ата-ананың өзіне талабы, отбасына деген құрметі, өзінің әрбір қадамын есепке алуы, бұл - тәрбиенің басты және бірінші принципі болып табылады және егер балаңыз нашар тәрбиеленсе, бірінші кезекте өзіңізді микроскоптың астына қойып тексеріңіз және баланы қайта тәрбиелеудің қажеті жоқ, тек өзіңіздің балаға деген қарым-қатынасыңызды өзгертіңіз, бұл тек ата-анаға ғана қатысты", - деп баланың жеке басына құрметпен қарауды, олардың шешімдерін есепке алуды ерекше атап көрсеткен.
А. С. Макаренко ата-ана беделі жайында былай деген: "Беделсіз тәрбиелеу мүмкін емес, ата-ана беделі және үлгі-өнегесі, өскелең ұрпаққа үлкендердің адамгершілік тәрбие беруі бұл әулеметтік тәжірибенің басты механизмі". Бұл пікірлерді мұғалімдер де беделін сақтап қалу ұшін ескергендері жөн.
Өзін тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Мұғалімнің беделі деген не ?
2.Мұғалімнің беделінің қалыптасуына қандай объективті факторлар әсер етеді ?
3.Мұғалімнің беделінің қалыптасуына әсер ететін субъективті факторларды атаңыз.
4. Беделдің құрылымын атаңыз?
5. Беделдің қандай түрлері бар?
6.Мұғалімнің беделін қалыптастыруда қандай басшылыққа алатын принциптер бар?