Жауабы:
1-қатарда — үлкен үшбұрыш;
2-қатарда — кіші үшбұрыш;
3-қатарда — жіңішке тіктөртбұрыш.
Өлшемі жағынан бірдей фигураларды тап. Оқушылар фигуралардың қабырғаларының ұзындықтарын оның алып тұрған торкөздер саны бойынша анықтап, бір түске бояйды.
Жауабы: а = ғ; б = г = д; в = ә.
Доптарды боя. Үлкен доп қызыл мен жасылдың ортасында, ал жасыл доп көктің қасында болатындай етіп бояуы тиіс.
Кілемдегі оюды боя. Берілген тапсырма бойынша кілемшені бояп, үлкен-кіші ұғымдарын пысықтайды. Кімнің кілемшесі ең әдемі болғанын салыстырту.
Оқушыларды кеңістікте заттардың орналасуы мен арақашықтығын бағдарлауда қолданылатын сөздермен таныстыру. Алдында — артында, оң жағы
— сол жағы, жоғарыда — төменде, қатарында — ортасында, үстінде — астында, ішінде — сыртында сөздерін пайдалана отырып, тәжірибе жүзінде қоршаған ортадағы заттар мен өздерінің тұрған орындарын бағдарлай білуге жаттықтыру.
Кіріспе тапсырма. Сабақты заттардың орналасуы мен бағытын көрсететін сөзді және сөз тіркесін тәжірибе арқылы түсіндіруден бастау.
Ойыншықтарды (қуыршақ, ойыншық жануарлар және т. б.) орналастыру арқылы сабақтың мақсатында қолданылған сөздермен байланыстыра отырып, сөз тіркестерін айту. Оқушыларға тапсырмалар түрін ұсынып, тиісті сөздерді кімнің қаншалықты білетінін анықтату.
Тапсырма:
қаламды алып партаның үстіне қойыңдар;
қаламның оң жағына сары түсті қарындашты қойыңдар;
сол жағына жасыл түсті қарындашты қойыңдар;
сары түсті қарындаштың жоғары жағына сызғышты орналастыр;
жасыл түсті қарындаштың төменгі жағына өшіргішті орналастыр;
сары және жасыл түсті қарындаштың ортасына қоңыр түсті қарындашты қой.
Осы тапсырманы орындата отырып, оқушының кеңістікті бағдарлауын анықтап алу.
Орныңнан тұр. Өлең жолындағы сөздерге қарай қимылдар жасату.
Солға, солға, түзу тұр,
Оңға, оңға, түзу тұр,
Алға қарай бір қадам,
Артқа қарай бір қадам,
Жоғары-төмен қараймыз.
Орнымызды табамыз. (Оң мен солын анықтай алмаған оқушылармен жеке жұмыс жүргізу).
Қағазбен жеке жұмыс түрін ұйымдастыру.
Бір бет қағаздың ортасына нүкте қой. Ол нүктені өзінің атының бір әрпін жазып белгілету. Оқушыларға мынадай әрекеттерді орындауды:
— Нүктенің сол жағынан тағы бір нүкте белгілеуін сұрау. Ол нүктені өзінің сол жағында отырған оқушының атымен немесе өзінің сол жағында орналасқан кез келген бір заттың атының бас әрпімен белгілеуді тапсыру.
— Нүктенің астыңғы жағынан тағы бір нүкте белгіле. Ол нүктені өзіңнің артыңдағы оқушының немесе заттың атымен белгіле. Осылай оң жақ, алдыңғы жақ, бір қатарда
сөздерімен нүктелерді белгілеп, заттардың орналасу ретін көрсететін өз қартасын жасап шығарады. Бірнеше оқушыға өзінің жазғанын түсіндіріп, айтып беруін сұрау. Ал қалған оқушыларға оның жауабын тексеріп отыруын тапсыру.
“Қарама-қарсы мағыналы сөздер” ойыны.
Шарты: мұғалім допты кез келген оқушының біріне лақтырып, тірек сөздің біреуін айтады. Оқушы сол сөзге қарама-қарсы сөзді айтып, допты қайта мұғалімге қайтарады.
Мысалы, мұғалім “алдында” — деп айтса, оқушы “артында” дейдi, ал “жоғарыда” — деп айтса, “төменде” деп айтады т.с.с.
Достарыңызбен бөлісу: |