Оқу-сабағының жоспары Модуль-пән атауы: Психология
Сабақтың тақырыбы: Психологияның мазмұнын, міндеттерін, әдістерін, тұлғаның психикалық қасиеттерінің ерекшеліктері.
Сабақтың түрі: дәріс
Мақсаты: Білімділік: · Психология пәнінің маңыздылығын түсіндіру;
· Психология тарихына шолу жасау;
· Психология ғылымның даму сатылары мен зерттеу тәсілдерімен таныстыру.
Дамытушылық: · Психология-психика ғылымының қалыптасуы және даму заңдылықтары туралы білімдерін кеңейту;
· Жаңа тақырыпты меңгерту барысында жеке тұлғаның қабілетін, қызығушылығын, ынтасын дамыту;
· Жеке тұлғаның жалпы қабілеттерін салыстыра білу, негізгісін ажырата білу және өмір жолын талдау, өз мақсатына жетуге ынталандыру.
Тәрбиелік: · Өзін-өзі білу, бағалау, бақылау, тәрбиелеуге үйрету;
· Шапшаңдыққа, өз ойын айта білуге қалыптастыру;
· Ұжымдық ауызбіршілікке баулып, шағын топта жұмыс істеуге үйрету;
· Дүниетаным шеңберін кеңейтіп, өз бетінше жұмыс істеуге дағдыландыру.
2. Негізгі материал. Психология дегеніміз не? Ол нені зерттейді? Қандай зерттеу әдістерін қолданады? Толығырақ тоқталайық.
Ең алдымен “Психология” сөзінің этимологиясынан бастайық. “Психология” термині грек тілінен аударғанда psyche (жан) және logos (сөз, білім, ғылым), “жан туралы білім” немесе “жан туралы ғылым” дегенді білдіреді.
Психология тарихында адамның ішкі дүние құбылыстары жан немесе жан құбылыстары ұғымын білдірді. Тарихшылар “Психология” ұғымының шығуы жайлы әртүрлі пікірлер айтты. Кейбіреулері “психология” сөзінің авторы Меланхтон пікірлесі Лютер Ф. деп санаса, енді біреулері – философ Гоклениус деп санайды. “Психология” сөзі ғылыми әдебиетте XVIII ғасырда пайда болған. Философиялық тілге бұл терминді ең алғаш неміс философы Христиан Вольф өзінің 1732–1734 жылдары жарыққа шығарылған “Рациональная психология” және “Эмпирическая психология” еңбектерінде енгізген болатын
Психология – бұл адамның ішкі дүниесі ретіндегі психика және адамның мінез-құлқын анықтайтын психологиялық себептер туралы білімдер.
Психолгия- психикалық құбылыстардың (жан қуаттарының) пайда болу, даму және қалыптасу заңдылықтарын зерттейтін ғылым. Психикалық құбылыстар бізді қоршап тұрған сыртқы дүние заттары мен құбылыстардың мидағы әр түрлі бейнелері болып табылады.
Психология ұғымының бірнеше мағыналары бар:
Біріншіден, психология деп психика және оны танудың айрықша әдістері, фактілері, заңдылықтары мен механизмдері туралы ғылымды айтады.
Екіншіден, “психология” сөзі адамға ғылыми-психологиялық ұсыныстар жасап, көмек көрсетумен нәтижеленетін жұмыстың практикалық тәсілдерін белгілеуде қолданылады. Мәселен, өзіндік басқару психологиясы, мінез-құлық психологиясы, қарым-қатынас және сөйлесу психологиясы, кәсіби іріктеу психологиясы, т.с.с. Бұл ұғымдармен психологияның “қолданбалы психология”, “практикалық психология”, “психопрактика” салалары байланысты.
Үшіншіден, психология деп психикалық құбылыстар туралы ғылыми білімдерді айтады. Психикалық құбылыстар деп ішкі субъективті тәжірибе фактілерін санайды. Бұл фактілерге адам жан дүниесінің (психикалық) түрлі көріністерін, соның ішінде олардың объективті формаларын (мінез-құлық актілері, тән процестерін, ойлау әрекеті жемісін, әлеуметтік-мәдени құбылыстарды т.б.) жатқызады Психологиялық білімдер түрлі ғылымдарда, адамзаттың түрлі қызмет салаларында қалыптасты.
Алғашқы психологиялық ойлар діни және мифологиялық жүйеде қалыптасты.
Жан туралы білім жүйесі ежелгі Шығыс елдерінде (Қытайда, Үндіде, Египетте), Ежелгі Грецияда және Ежелгі Римде пайда болды. Ежелгі философтар “жан” ұғымымен тіршілікті, дене мүшелерінде болатын физиологиялық құбылыстарды (жүрек қызметі, қан айналымы, тыныс алу т.б.) түсіндірді.
Ежелгі Грецияда психикалық құбылыстар туралы түсініктер атақты философтар Гераклит, Демокрит, Анаксагор, Гиппократ, Сократ, Платон және Аристотель еңбектерінде берілді.
Жан туралы алғашқы философиялық түсінікті (шамамен б.з.б. 520–460 ж.ж.) Гераклит Эфесский айтқан. Антикалық философияға дүниеге космоцентрлік көзқараспен қарау тән. Гераклит Космосты мәңгі от бейнесінде, ал жанды (“психея”) оттың ұшқындары бей–несінде түсіндірді. Антикалық көзқарастар Космос құрылғысы мен адам дүниесінің ұқсастығы туралы түсініктерге негізделді. Сондықтан да Гераклит “шағын дүние (микрокосм) жан барлық әлем дүниесі макрокосмға ұқсас”, – деп тұжырымдады.
Келесі грек ойшылы Демокрит (б.з.б. 430–370) пікірінше, жан – шар тәрізді от атомдарынан тұратын материалды зат. Демокрит барлық жан құбылыстарын физикалық және механикалық себептермен түсіндіруге тырысты.