Сабденова гульмира есбатырқызы қазақ хандығЫ ҚҰрылуының тарихнамасы


Мемлекеттік атрибуттары: билік институттары



бет13/15
Дата03.11.2023
өлшемі259,51 Kb.
#121620
түріМонография
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15

3.3 Мемлекеттік атрибуттары: билік институттары


Қазақ көшпелі қоғамы саяси жүйесінің қалыптасуы мен оның бірігейлік сипаты Евразия көшпелі социумдары тарихының күрделі де, түрлі бұрмалаушылықтарға ұшыраған проблемаларының бірі болып табылады. И.В. Ерофееваның көрсеткеніндей, бұл мәселе төңірегінде осы уақытқа дейін орын алып келген ғылыми пікірталастар "көшпелі феодализм" концепциясы шеңберінде жүргізілді [320, 37б]. Ол орта ғасырлар кезіндегі көшпелілердің мемлекеттік құрылымдарын отырықшы-егіншілікті мемлекеттердің биліктік қатынастар моделі тұрғысынан зерделеуге икемделген еді. Осыдан келіп қазақ қоғамының мемлекеттік атрибуттар ретіндегі билік институттарының генезисі, сипаты мен саяси-әлеуметтік жүйедегі орны жөнінде тарихи шындыққа кереғар пікірлер туындады. Зерттеушілердің кейбірі Қазақ хандығының билік институттары Монғол империясы тұсындағы және одан кейінгі кезеңдегі мемлекеттік бірлестіктердегі басқару жүйесінің көшірмесі деп есептесе, екіншілері хандық биліктен басқа билік институттарының болғандығын мүлдем жоққа шығаруға тырысады. Осыған қарамастан қазіргі уақытта тарих ғылымында ортағасырлық қазақтар қоғамы кең көлемдегі экономикалық және одан тыс мүдделерге, индивидтердің адами өзара қатынастардың сан алуан түрлеріне негізделген әлеуметтік бірлестіктерінің күрделі жүйесі болып табылатындығы туралы пікір орнықты.
Түркітанушы Қ. Сартқожаұлы қазақ мемлекеттілігінің басқару-әкімшілік жүйесінің көне түркі заманынан бастау алатындығы, байырғы түркі тарихимәдени мұраларының өзінде "ел" (мемлекет), "төр" (өкімет) сөздерінің кездесуі оған нақтылы дәлел болатындығы туралы мақала жариялады. Түрік қағандығында қалыптасқан ел басқару жүйесінің тәжірибесі дүние жүзінің көптеген елдеріне үлгі болғандығы жөніндегі автор пайымдаулары ғылымға қосылған елеулі үлес ретінде танылуы керек [515].
М. Қозыбаев та Қазақ хандығында қалыптасқан билік институттарының ерте кезден бастау алатындығы, Х ғасырдың өзінде тұрақты салық жинау жүйесі және бұл іспен айналысатын арнайы әскери отрядтар болғандығы туралы көрсетеді. Автордың пікірінше, хандар өкіметі күшеюімен қатар, орта ғасырларда қара халық арасынан шыққан билер мен батырлардың рөлі күшейе түскен демократия орнады, жасақтарды ұйымдастыру жүйесі, билік пен бағыныштылық қатынастарды реттеуде арналған құқықтық тәртіп орнады [268]. Бірақ белгілі ғалымның бұл ой-пікірлері "Қазақ мемлекеттілігінің кейбір мәселелері" және басқа да мақалаларында нақтылы материалдармен тиянақталмаған, проблеманы тақырыпты қай бағыттарда және қай тұрғыдан зерттеу керектігі төңірегінде ғана көтерілген. Көшпелілерде мемлекеттік басқарудың ертеден келе жатқан дәстүрі болғандығы жөнінде Р. Сыздықова мен М. Қойгелдиевтің "Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы" атты еңбегі назар аударады, себебі авторлар бұл тақырып бойынша "Жами ат-тауарихтан" нақтылы деректер келтіреді. Олар орта ғасырлардағы хандықтарда сарай маңындағы адамның дәреже атағын білдіретін "аға" термині болғандығы және оның "әмірші", "билеуші", "бек", "әмір" (мың бегі, мың ағысы) т.б. мағыналарда қолданылғандығы туралы жазады.
Қадырғали шежіреші "бек" сөзін ру басының ханнан өзге ұлыс билеушісінің титулы немесе әскери, шен иесінің лауазымы (эмир, нойан) ретінде келтіреді. "Жами ат-тауарихта": "Бірі хан, бірі бек болуб йүрүр сүрді, Чингиз ханда бу төрт бек ма лум турур" делінеді [516, 66-67б]. ХYХYІ ғасырларда "бек" атағын хан беретін болып, "рангілер табеліне" кіргенге ұқсайды [52, 493б], ал кейіннен бұл атақпен ресми құқылары мен қызметтері бар адамдар аталған деп көрсетеді Р. Сыздықова мен М. Қойгелдиев.
Қадырғали Қосымұлының шығармасында кездесетін "би" (ру-тайпа басы), "қарачау" (қараша-тәуелді, бағынышты халық), сұлтан (шыңғыс-хан ұрпағы), "нөкер" (жасақшы), "баһадур" (батыр), падишаһ (билеуші, "хан" сөзінің эквиваленті) т.б. терминдер көшпелілер қоғамы әлеуметтік тұрғыдан біршама жіктелген, мемлекеттік атрибуттары қалыптасқан құрылым екендігін дәлелдейді [516-68, 85, 87бб].
Көшпелілерге мемлекетті басқару ісінде аумақтық-әкімшілік бөлініс те тән болды, бұл жүйе, әсіресе, Алтын Орда кезінде жетілдіріле түсті. З. Жандарбек осы мәселеге қатысты Құрбанғали Халидтің "Тауарих хамса" атты еңбегіндегі деректерге назар аударды. Солардың бірі Өзбек ханның ұлы Жәнібек ханның Алтын Орда ұлысын үшке бөлгендігі туралы: "Ұлы жүзге үйсінді датқа қойып, Жалайырды найб сайлады. Орта жүзге арғынды датқа қойып, көмекшілікке найманды қойды. Кіші жүзге алшынды би етіп, көмекшілікке жаппасты берді" [517, 62б].
Жалпы отандық тарихшылардың басым көпшілігі Евразиялық ортағасырлық көшпелілері әлеуметтік тіршілік жобасын негізінен Шыңғыс ханның "Жаза" заңдарына қарап реттеп отырғаны туралы тұжырымды қолдайды. Сонымен қатар В.П. Юдин соңғы кездері, Л. Ералиева т.б. авторлар Қазақ хандығының мемлекеттік басқару жүйесіне көршілес мемлекеттер – Көшпелі өзбек ұлысының, Моғолстанның пәрменді ықпал еткендігі туралы өз пікірлерін ұсынды. В.П. Юдин "Тарих-и Рашиди" авторы Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидың тарихнамалық концепциясы деген еңбегінде монғол империясы ыдырағаннан кейін пайда болған Моғолстанның да, Қазақ хандығының да мемлекеттік құрылысы бірнеше ортақ принциптерге негізделді деп жазды. Олар: 1) Шыңғыс әулетінің (чингизидтердің) жоғарғы билікке құқы; 2) Шыңғыс ұрпақтарының рутайпа басыларымен қатынасын реттейтін тәртіпті сақтау, 3) Шыңғыс-хан тұсында Монғол империясын балалары, немерелері және тайпалар арасында бөліске салуын "мәңгілік" құқық дерек көзі ретінде санау; 4) Шыңғыс ұрпақтарының құқын ескере отырып, рубасыларының белгілі бір ауданда жоғарғы билік жүргізу құқын мойындау; 5) көшпелі тайпалардың иерархиялық құрылымы мен орнының Шыңғыс-хан белгілеген дәстүрлер мен жосындар негізінде анықталуы; 6) мемлекет құрамына енген отырқшы аудандарды басқару тәртібі; 7) дінге көзқарас; 8) көшпелілердің әдеттік құқы және шариат[518, 214-215б].
Ж.О. Артықбаевтың сөзімен айтқанда, Шыңғыс-ханның "Жазасы" бірнеше жүз жылдар бойы далалықтар үшін өмір сүру тәртібінің негізгі ережесі болды [519, 109б] және бұл тұжырым Қазақ хандығына да тікелей қатысты.
Л. Ералиева "Тарих-и Рашиди" материалдары негізінде жазылған "ХІYХYІ ғасырлардағы Моғолстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселесіне" деген мақаласында нақтылы басқару институттарына тоқталады. Автор Моғолстанда жоғарғы саяси басшы және жердің иесі хан болды деп есептейді. Сонымен қатар бұл мемлекетте "ұлысбек" атты лауазым, "хан кеңесі" аталған мәжіліс, бас мемлекеттік кеңес (диван), қаржы мәселесімен және салық жинаумен шұғылданатын "дафтарлар" болғандығын атап көрсетеді. Шенеуніктік аппарат Моғолстанның отырықшы-егіншілікті өңірінде күрделілеу болған сияқты [520, 95б].
Отандық тарихнамада Қазақ хандығының билік институттары көбіне статикалық түрде аталып қана келді. Дегенмен 70-жылдардың орта кезінен оларды функциялық қызметі барысында зерттеу, әртүрлі деңгейдегі билік институттарының өзара қарым-қатынасын анықтау қолға алынды. Қазақ қоғамының саяси-потестарлы құрылымы (ру басылары мен ақсақалдардың билігі, хандық билік), әлеуметтік топтар мен жіктер, қоғамдық байланыс түрлеріне қатысты мәселелер қарастырылды. Бірақ мұндай ізденістердің көпшілігі ХYІІІ ғасырға жататын эмпирикалық материалдарға негізделді [519, 113-204б].
Г.Е. Марков көшпелілер қоғамындағы билік институттарының барлығына ортақ қызмет істеу жүйесін сипаттауға әрекеттенді. Ол көшпелілердің қоғамдық құрылымы екі "агрегаттық жағдайда" өмір сүріп келді деген болжам жасады. Біріншісі – аморфтық саяси ұйым, өкімет билігінің әлсіздігі, тіпті, жеке отбасылардың дербестігі тән қауымдықкөшпелілік жағдай. Бұл кезең көшпелілердің біршама шаруашылықэкономикалық тәуелсіздік жағдайдағы ахуалын танытады. Екіншісі – қоғамның анық әскери-саяси құрылымын сипаттайтын "әскери-көшпелі агрегаттық жағдай". Бұл кезеңде саяси өкімет билігі рубасыларының қолында шоғырланды. Көшпелілердің мұндай ерекше жағдайы сыртқы оқиғаларға (көршілерімен соғыс, басқа аумаққа қоныс аудару т.с.с.) байланысты қалыптасты [301, 312б; 521, 28-29б].
Автордың пайымдауына қарағанда, көшпелілердің бұл жағдайын экзаполитарлық детерминанта (сыртқы саяси факторлар) анықтайды. Проблеманы осы қырынан қою алайда, көшпелілердің бұл әскери-саяси бірлестігінің функциялық әрекетін түсіндіре алмайды [108, 51б].
Ж.О. Артықбаев Қазақ хандығы мемлекет ретінде екі бастаудың – жоғары билікті танытатын саяси институттың және потестарлық құрылым түріндегі тайпалық ұйымның симбиозы болып табылады деп есептейді. Көсемдік билік жүйесінің күшті де негізгі буыны болуымен қатар, халық пен саяси сословие аралығында көпір (буфер) іспетіндегі қызметті атқарады. Автор қазақтарда мемлекеттік тарихын зерттеудің де нәтижелі жолы жоғарғы билік институты мен оның құрылу динамикасын, эволюциясы мен өзгерістерге ұшырауын потестарлық құрылыммен (көсемдік институтымен) өзара байланыста қарастыруда деп ойлайды [284,
46б].
Сонымен қазақ қоғамында билік жүргізу әртүрлі деңгейде жүзеге асырылды, олардың әрқайсысына тән функциялары болды. Оларға қойылатын талаптар мен жұмыс істеуінің құқықтық негіздері екшеліп, ұрпақтан ұрпаққа халық жады арқылы жетіп отырды. Ғасырлар бойы ел билеу теориясы тұжырымдалды. Қазақ қоғамы "ақсүйек" және "қара сүйек" аталған әлеуметтік-генеалогиялық топтарға бөлінді. Саяси және құқықтық тұрғыдан да, әлеуметтік-мәдени және функциялық-нормативтік тұрғыдан да бұл екі топтың арасында біраз алшақтық болғандығы туралы отандық тарихнамада ортақ пікір қалыптасты. Қазақ хандығындағы басқарудың саяси-потестарлық жүйесі Ю.А. Бромлейдің латын тіліндегі "потестус" ("билік") терминін пайымдаулары шеңберінде Н.Алимбаевтің, Х. Арғынбаевтың, М.С. Мұқановтың [311], Н.М. Масановтың, А.Х. Бикеновтың [523] еңбектерінде де қарастырылды, бірақ олардың зерттеулері де ХYІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ қоғамына арналған.
Кейбір жағдайда зерттеушілер қазақ қоғамындағы басқару институттарын қарастырғанда потестарлық жүйенің қалай қалыптасқандығын нақтылы көрсете алмайды, оларды әлеуметтікэкономикалық қатынастар сипатымен ("жылу", "сауын", "асар" және т.б.) шатастырады [524; 525] Сұлтандарды рудың "атақты адамдары" ("родовая знать") қатарына жатқызу сияқты қателіктерге де жол беріледі [524, 144б]. Отандық тарихнамада Қазақ хандығының мемлекеттік атрибуттары мен басқару жүйесін зерттеуде соңғы жылдары біршама ілгерілеу байқалды. Бұл тақырыптарға арналған М.Қ. Қозыбаевтың, М.Т. Баймахановтың, И.В. Ерофееваның, Ә. Ғалиевтың, Е. Әбілдің т.б. ғалымдардың еңбектері жарық көрді. А.Х. Бикенов ХYІІІ-ХІХ ғасырлар деректері негізінде қазақтың дәстүрлі қоғамы және оның саяси-потестарлық құрылымын зерттеп, кандидаттық диссертация қорғады [523].
Автор билік ұғымы, оның туыстық негізі, жалпы сипаты; Қазақ хандығындағы билік құрылымы; ру және билер институты; патронимия және ақсақалдар институты; хан билігі, оның этномәдени сипаты, функционалдық қызметі; сұлтандар билігі; төлеңгіттер институты сияқты маңызды тақырыптарға тоқталып, қазақ қоғамына тән дәстүрлі билік институттарының қызметін анықтап берді. Осы негізде ол қазақ елінің мемлекеттік құрылымы көшпелі және жартылай көшпелі қоғамдардың өркениеттік ерекшеліктерінен бастау алатын біртұтас этномәдени құбылыс екендігі туралы қорытынды жасады [527, 2б].
Қазақ хандығында ең жоғарғы билік құқы Шыңғыс-ханның "алтын тұқымы" ұрпақтарының әлеуметтік-корпоративтік тобының қолында болғаны, ханның құрылтай жиналысында солардың арасынан ғана, бірақ хан тағына әскери, сот және диполматиялық істерде танылған және белді рулардың қолдауына ие болған ықпалды сұлтандар сайланып келгендігі туралы тұжырымдар барлық зерттеулерде атап көрсетіледі. И.В. Ерофеева ең жоғарғы лауазымға ие болу үшін тартыста жеке бастарының және генеалогиялық қасиеттері тең түскен жағдайда таразы басы бұрынғы ханның жақын туыстарына – әуелі аға-інілеріне, содан соң ұлдарына, басқа еркек кіндікті ұрпақтарына ойысып отырды деп жазады [320, 42б]. Автор көшпелі қазақтарда хан билігі институтының Моғолстан мен Шығыс ДештіҚыпшақ тұрғындарында бұрыннан қалыптасқан билік институттары негізінде дамып, осы өңір көшпелілерінің "ақсүйек" және "қарасүйек" аталған басты екі әлеуметтік-дәрежелік топқа жіктелген бірнеше ғасырлар бойғы (ХІІІ-ХYІ) жүйесіне арқа сүйегендігі туралы жазады. Отандық тарихнамада хандық биліктің материалдық негізі көшпелілердің бүкіл жерінің Шыңғыс әулетіне тиесілігі жөнінде қалыптасқан құқықтық түсінік екендігі туралы мәселе қойылды. Бұл мәселеге байланысты В.П. Юдин: "Шыңғысхан көзінің тірісінде Монғол империясын балалары мен немерелерінің арасында бөліске салды көптеген халықтар үшін, ал кейбірі үшін ХХ ғасырға дейін құқықтық дерек көзі ретінде танылды" деп жазды [392, 107б].
Осы негізде С. Сағынаева мен Р. Қасымов аталмыш оқиғадан бастау алып, қалыптасқан түсініктер мен психологиялық императивтер хандарға жоғарғы билікті иемденуге, аумақтық талаптар қоюға, соғыс жариялауға, бейбіт келісімге келуге мүмкіндік берді деп жазады. Сонымен, бұл авторлардың пікірінше, бір кезде Шыңғыс-ханның империя аумағын бөліске салуы және оның мұрагерлері кейін де іске асырған "жер бөліністері" көшпелі халықтар үшін құқықтық сананың, қоғамдық көзқарастың және идеологияның жоғары категориясына айналды [526, 83б]. Бұл тұжырым басқа ғалымдар тарапынан әлі қолдау таба қоймаған секілді, нақтылай, зерделей түсуді қажет етеді деп ойлаймыз. Себебі қауым иелігіндегі, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр бойынша әр рудың көші-қон жерлеріне хан да, сұлтандар да иелік етпеген. Бірақ қоғамдық сана хан билігін мемлекеттіліктің, қоғамды ұйымдастыру ісіндегі тарихи сабақтастықтың нышаны (символы) қауіпсіздік пен игіліктің кепілі ретінде қабылданғаны тарихи шындыққа жатады.
Ә. Ғалиев [527, 48-49б], Э. Телеуова [528], Е. Әбіл [529, 78-79б], И. Ерофеева [531, 118-123б], Б. Мырзабеков [530] т.б. еңбектерінде хандық биліктің сипаты мен функциялары зерттелді. Бұл авторлардың барлығына да хан функцияларын анықтауда біршама ортақ тұжырымдар тән. Хандық биліктің негізгі міндеттері қатарына олар. сыртқы жаулардан мемлекеттің қарулы қорғанысын ұйымдастыру; мемлекеттің сыртқы саясатының негізгі бағыттарын анықтау; жоғарғы сот билігі қызметін атқару қоғамдық құрылыс пен тәртіпті қамтамасыз ету мәселелерін жатқызады. Сонымен бірге жекелеген авторлар (Е.Әбіл, Ә. Ғалиев т.б.) хандық билік институтын заң шығарушы орган ретінде де қарастырады. Хан мемлекеттік тәртіп пен қоғамдық құрылысты қорғау мақсатында бүкіл хандық тұрғындары орындауға міндетті заңдар мен жарлықтар шығарды, салық түрлері мен көлемін анықтады, хандықты әкімшілік бөлістерге бөлді және олардың басшыларын тағайындады деп көрсетеді Е.Әбіл [529, 79б].
Нақты деректерді зерттеу барысында ХҮ-ХҮІ ғасырларда қазақ хандарының өкілдіктері кеңірек болғандығы анықталды. Ол кезде хан қазақ армиясының бас қолбасшысы болды, елшіліктер аттандырып, елшіліктер қабылдады, халықаралық келісімдерге қол қойды. Билер сотының үстінен берілген шағымдарды қарады, бір жағы төрелер болып келген түрлі ұлыстардың арасындағы жанжалдарды шешіп отырды. Сот істерінде хан әдеттік құқық нормаларын басшылыққа алды.
Қазақтардың хандық билік институтына монархиялық және демократиялық принциптерді ұштастыру тән болғандығы жөнінде тұжырым жасалынды. Бұл институттың тағы бір ерекшелігі ретінде хан тағына үміткерлердің тағайындалып және сайланып қана қоймай, халық тарапынан танылуы да тиісті екендігі аталып өтіледі. Әдетте құқық нормаларын бұзған, әділетсіздікке жол берген хандардан халық сырт айналып, ауа көшіп кетіп отырды. Не болмаса хандардың өздері тақтан тайдырылды [527, 84б; 530, 122б].
Мемлекеттік құрылымның көптеген өлшемдері тұрғысынан алғанда хандық билік институтына деспотиялық сипат жат болды. Бұл мәселе жөнінде біз Б.Тілеповтың "ХҮ-ХҮІ ғасырлардағы Қазақ мемлекеті монархия мен аристократиялық-демократиялық республиканың элементтерінен тұратын, дала демократиясының дәстүрлерін бойына жинақтаған иерархиялық әлеуметтік-саяси құрылым болды" [532, 78б] деген қорытындысымен келісеміз.
Отандық тарихнамада хандық биліктің жоғарыда аталған ерекшеліктерін басқаша пайымдау, бұл институтты мемлекеттік атрибут ретінде санауға келе бермейтіндігі туралы пікірлерге итермелейтін талдаулар да орын алып келеді. И.В.Ерофеева, мысалы хан билігінің негізгі функцияларына экономикадан тыс қатынастарды, қауымаралық қайшылықтар мен жанжалдарды шешіп отыру міндеттері, әскери-саяси және сот қызметін атқару жатты дегенімен, автор қазақ хандарының көшіқон жүйесін реттеу, сот төрелігі және бақылау орнату секілді көшпеліліердің қоғамдық қатынастарына араласу әлеуетінің шектеулі болғанына басым мән береді.Негізінен номадтардың саяси жүйелерінің функциялары түрлі билік қатынастары субъектілерінің (сұлтандар, ру басылары, билер, батырлар) арасында бөлініп кетіп отырды, осының салдарынан көшпелі қоғамдағы бүкіл билік құрылымы дискреттік (шашыранды) сипат алды деп жазады [320, 43б].
И.В.Ерофееваның пікірінше, хан билігінің басты функциясы халықты шет шапқыншылықтан қорғау және көршілес этномәдени өңірлерге әскери жорықтар ұйымдастырумен ғана шектелген.
Басқаша сөзбен айтқанда, жоғарғы билік деңгейінде, яғни хандық билік дискреттік және үзікті сипатта болған, сондықтан да ол көшпелі қоғамның әлеуметтік өмірінде тұрақты рөл атқармаған секілді.
И.В. Ерофееваның бұл пікірлері сайып кегенде Г.Е. Марковтың, И.И. Крадиннің т.б. шетел ғалымдарының көшпелі қоғамның екі агрегаттық жағдайда өмір сүруі, хандық билік толыққанды басқару институты болмағандығы жөніндегі көшпелілерді тарих субъектісі ретінде қарамайтын идеяларына барып тіреледі.
Е.В.Ерофееваның 90-жылдардың орта кезінде айтылған осы пікірлері 2001 ж. жарық көрген "Истрия Казахстана: народы и культуры" деген ұжымдық еңбекте біршама толықтырулармен қайталанды. Мұнда автор хан сайлау барысында туындайтын бір-бірімен өзара байланысты генеологиялық туыстықтың иерархиялық жүйесі (жолы үлкендігі) және меритократия принциптеріне, хандық биліктің функцияларына талдау жасады. Автор Қазақ хандығындағы биліктік бөлініс жүйесін ел басқарудың түрлі принциптерін икемді ұштастыру ретінде емес, хандық биліктің әлсіздігі ретінде сипаттады, сонымен қатар оны көшпелі қоғамда саяси басқару мен мәжбүрлеудің қандай да болсын дамыған институттарының (салық жүйесінің, тұрақты армиясының, шенеуніктік қызметтің) болмауымен түсіндіруге тырысады [41, 118-125б].
И.В. Ерофееваның хандық биліктен басқа да елді басқару институттарына тоқталмауы да осындай жоққа шығарушылықтан, сол кезде Қазақ хандығының өзі шын мәніндегі (еуропалықтар ұғымындағы) мемлекет, ақыр аяғында көшпелілерде мемлекеттілік дәстүр болмаған деген сан рет талданған концепциядан туындайды.
Зерттеушілердің басым көпшілігі Қазақ хандығында ел басқаруға қажетті басқа да мемлекеттік аппаратардың болғандығына нақтылы материалдар келтіреді. Академик М.Т. Баймаханов Қазақ хандығы, толық мазмұнда болмаса да, мемлекеттіктің барлық атрибуттарына иек артты; мемлекеттік механизмнің ұшар биігі ретіндегі хан билігі армия, тәртіпті қорғау органдары, сот және басқа да жазалау мекемелері секілді мәжбүрлеу және күштеу аппаратына сүйенді деп жазады [533, 53б].
Сонымен қатар отандық тарихнамада Қазақ хандығының мемлекеттік басқару жүйесін тым күрделендіріп көрсету мақсатында тарихи деректерге негізделген "аристократ-сұлтандар кеңесі", "батырлар кеңксі" секілді институттар болды деген пікірлер де кездесіп қалады[532, 78-79б]. Сұлтандар билігін "сұлтандар кеңесі" деген ойдан шығарылған институтпен шатастыруға болмайды. А. Сабырханов [534, 151-152], С.К.Ибрагимов [146], Т.И.Сұлтанов [535, 144], М.Қ. Әбусеиітова, Е.Әбіл [529, 79б], Э. Телеуова [528, 45-47б] еңбектерінде сұлтандардың қазақ қоғамындағы орны мен рөлі, олардың ХҮ-ХҮІ ғасырларда зор өкілеттермен пайдаланғандығы көрсетіледі.. Бұл тақырып бойынша арнайы зерттеулердің бірі
Т.И.Сұлтановтың "Сословие султанов в казахском ханстве" деген 1981 ж. жарық көрген ғылыми мақаласы болып табылады. Мұнда және басқа да еңбектерде ханның жақын туыстарының жеке иеліктерді басқарғандағы, дипломатиялық функцияларды атқарып, соғыс кезінде өзінің әкімшілік бөлінісінің (ұлыстың) әскерлеріне жетекші болғандығы, ұлыс басшысы – сұлтанның өз аумағында сот билігін, азаматтық билікті өз қолында ұстағандығы және тікелей ханға бағынғандығы жөніндегі тақырыптарға талдау жасалды. Э. Телеуова Қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымы атты мақаласында қазақ хандарының іс-қағаз жүргізу кеңселері болғандығын, қазақ қоғамындағы некелік әдет-ғұрыптар мәселелерін атап өтеді.
Рузбеханның "Михман-намей Бухара" еңбегі деректерінің ғылыми айналымға қосылуы нәтижесінде Қазақ хандығының ХҮІ ғасырдың бас кезінде Таныш сұлтан, Жаныш сұлтан және Қасым сұлтан ұлыстарынан тұрғандығы анықталды. Ол ұлыстардың жоғарғы басшысы хан (ол кезде – Бұрындық) болды [457, 146б]. Қазақ қоғамындағы сұлтандар мен ұлыс жүйесі А.Х.Бикеновтың диссертациясында қарастырылды [523].
М.Х. Әбусеиітова шығыс авторларының шығармаларындағы хандық билік және оның статусы мен функциялары, сұлтандар және билермен қарым-қатынасы туралы мәліметтерді зерттеп, хандық биліктің пәрменділігі мен тұрақтылығы көшпелі ақсүйектер тобының қолдауына байланысты екендігі туралы қортынды жасады[59; 536]. Осы турғыдан алғанда Шыңғыс ұрпақтары (сұлтандар, оғландар) мен қараша халық өкілдерінен (билер, тархандар, батырлар, ақсақалдар) және дін өкілдерінен тұратын "Хан кеңесі" аталған институттың қазақ қоғамында маңызды рөл атқарғандығы жөніндегі зерттеулер тұжырымдары тарихи деректермен
құатталады.Мысалы, Жәнібек ханның баласы Махмуд-сұлтан Шайбаниханнан жеңіліп, Бұрындық ханнан әскери көмек сұрау үшін көшпелі және отырықшы өңірлердің атақты адамдарынан құралған кеңес шақырады.
Б. Тілепов Хан кеңесі институттарының орнына "Хан кеңесшісі" деген лауазымдық қызметті ғана талдаған [532, 79б]. Біздің ойымызша, Хан кеңесшісі Хан кеңесінің мүшесі болған. Сонымен қатар Е. Әбіл еңбегінде де бұл институтқа мән берілмеуі тарихи шындыққа қайшы келеді деп ойлаймыз.
Қазақ хандығы басқару институттарының қоғамдық орны, функциялары мен пәрменділігі секілді проблемаларды хандар, сұлтандар, ру-тайпа басшылары арасында орныққын өзара биліктік қарым-қатынасты жүйелі түрде талдау арқылы шешуге болатындығы жөніндегі методологиялық принцип отандық тарихнамада соңғы жылдары ғана орнығып келеді. Көбіне хандық билікті жеке алып зерттеу басым. Билер институты жөнінде де осыны айтуға болады.
Қазақтың дәстүрлі қоғамдық өмірінде орасан зор рөл атқарған билер институтының генезисі мен тарихи эволюциясын зерттеген А.Оразбаева оны мемлекеттің саяси және әлеуметтік құрылымының тұтастығын тек қана ғұрыптық құқық емес сол сияқты рухани-мәдени салт-дәстүр негізінде қамтамасыз етуді көздеген бірден-бір құрылым деп есептейді. "Оның үстіне, қазақ қоғамындағы билер институтының ерекшелігі сонда, – деп көрсетеді автор, - ол мемлекеттік басқару жүйесімен тығыз астаса отырып, халық пен билеуші топтардың белгілі бір әлеуметтік-саяси құндылықтар төңітегінде топтасуына тікелей ықпал етіп отырады" [537, 107б; 538, 102б].
Т.И. Сұлтанов "би" сөзінің ежелгі төркінін "бек" сөзінен бастау алатынын және бұл терминнің ХҮ ғасырға дейінгі деректерде мүлдем ұшыраспайтындығын айтады. Б. Тілепов билер институтының қалыптасуын қазақтың үш жүзінің пайда болу кезеңімен байланыстырады. Р. Сыздкова, М. Қойгелдиев, А. Оразбаева "би" мен "бек" сөздерін синоним ретінде қарастырып, "би" терминінің пайда болуы ежелгі түркі заманына тірелетіні туралы болжам жасайды[537-108б; 538,144-145б].
Билар институтын тек қана билер сотымен шектеуге болмайды, біріншісінің мазмұны кеңірек. Заңи мәселелерді талқылау оның маңызды функцияларының бірі екендігі ескеріле бермейді.Е.Әбіл билер соты ХҮ-ХҮІ ғасырларда айтарлықтай рөл атқармады деп жазады [528, 80б].
А.Оразбаева да Ақжол, Асанқайғы, Сүйінішұлы Қазтуған, Досмамбет жырау өмірлерінің деректерін талдай келіп, билер институтының әлі де жеке-дара өмір сүрген билік тұтқасы болмаған секілді деп түйіндейді. Олар би де, жырау да, батыр да болған. Автордың пікірінше, хандық биліктен де, халықтың қалың тобынан да ажыраған билер институты кейінгі орта ғасыларға тән [528, 114б].
Қазақ қоғамындағы ақсақалдар институтын зерттеу кейінгі кездері ғана қолға алынды [523, 20-21б]. Жекелеген авторлар хандықтың қарулы күштері мәселесіне,салық жүйесіне назар аударды. Қазақтарға "харадж" (жер салығы), "баж" (кеден салығы", "ушур" (көшпелілерден жиналатын салық) секілді салық түрлері белгілі болды [527, 50б; 529, 80б].
Шығыс дерек көздері ХҮІ ғасырдың бас кезіндегі Қазақ хандығының едәуір әскери күші болғандығын бір ауыздан атап көрсетеді. Хандықтың әскер саны 300 мың адамға жеткендігі айтылады [52, 222б].
Кейбір зерттеулерде Қазқ хандығында заң шығарушы органы – құрылтай болғаны, хандардың халық жиналысында емес, осы құрылымда сайланғаны жөнінде көрсетіледі.Е. Әбілдің пікірінше,бұл институт сұлтандар мен қауым өкілдерінен тұрған және жылына бір рет, әдетте күз айларында, маңызды мемлекеттік мәселелерді шешу үшін (бейбіт келісімге келу, соғыс жариялау, жайылымдықтарды бөлісу, көші-қон бағыттарын анықтау) мақсатында жиналған [529, 78б].
Бірақ бұл тақырып нақтылы деректер негізінде әлі де зерттей түсуді қажет етеді.
Қарастырылып отырған уақыт ішінде қазақ қоғамының таптық құрылымы, әртүрлі әлеуметтік топтар арасындағы вассалдық тәуелділік формалары туралы да шығыс деректерінде мәлімет өте аз кездеседі, сол себепті де отандық тарихнамада бұл сюжеттер де "ақтаңдақ" тақырыптар қатарына жатады. Бұл орайда Мұхаммед Салихтың "Шайбани-наме" шығармасындағы "қараша" термині жөнінде Б.Я. Владимирцовтың, М.П Вяткиннің, Р.Г. Мукминованың пайымдауларының жарияланғандығын еске сала кетеміз [539, 73б].
Материалистік методология шеңберінде жасалған қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымы жөніндегі тұжырымдарға басқа көзқарас қалыптасуда. Ж.О. Артықбаевтың пікірінше, көшпелі қазақ қоғамында әлеуметтік қайшылықтарды іздеудің ешбір мәні жоқ, себебі ондағы сословиелік белгілер материалдық игілікке емес, әлеуметтік статусы және билік арқылы анықталды [399, 83б].
Қазақ халқының құрамында генеологиялық қатынасқа түспейтін субэтникалық топтың тарихына, оның ислам дінін таратудағы қызметіне, бұл діннің Қазақ хандығының рухани өмірінде идеологияляқ негіз болып, интеграциялық, ұйымдастырушылық рөліне арналған зерттеулер жарық көрді [540; 541; 542; 543; 544; 545; 546; 547].
Діннің этноконфессиялық күш ретіндегі рөлі өркениетті елдерде бұрыннанақ танылған. Ал, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін өмірге келген мемлекеттерде бұл мәселе соңғы жылдары ғана қолға алынды. Ресей федерациясында православиенің орыс халқының қалыптасуында маңызды фактор болғандығы зерттеліп келеді [548; 552; 551; 552]. Отандық тарихнамада ислам дінінің Қазақстанда таралуы мен оның халықтың әдет-ғұрыптарымен астасуын, қазақ этносын қалыптастырушы факторлардың бірі болғандығы Н.Д. Нұртазинаның, А.Ж. Жақсылықовтың еңбектерінде шешімін тауып келеді [549; 550]. Діни идеологияның интеграциялық рөлі атап көрсетіледі.
Қазақ халқын құраған тайпалар мен рулар ол кезде (ХҮғ.) төрт ғасырдан астам уақыт бойы ислам дінін ұстанып келе жатқан. Бір дінге сенушілік қазақ хандарының ислам дінінің сопылық бағытына ден қойып, далалық исламның негізін қалауы да, оның мемлекеттілігінің құрылуы, нығаю процесіне де оң ықпал жасады. Бұл проблема әлі де жүйелі түрде зерттеуді қажет етеді.
Қазақ хандығының ішкі өмірін реттеуде, басқару институттарының арасындағы билік бөліністерін анықтауда Қасым ханның заң реформасының ("Қасым ханның қасқа жолы") орасан зор рөл атқарғандығы тарихи зерттеулерде мойындалды. Сонымен қатар ХҮІ ғасырдың бас кезі қазақ халқының этносаяси бірлігін әрі қарай нығайтуға, мемлекеттік билікті күшейтуге ұмтылысымен, әдеттік құқық нормаларын бір ізге түсірген қазақ хандарының заңи қызметімен сипатталатындығы жөнінде ой түйінделді [465, 46б]. Бұл тұжырым қазақ халқының тарихи гениологиялық аңыздарымен де, ХҮІ-ХҮІІ ғасырларда жазылған Мұхаммед Шайбанидің, Камар ад-Дин Бинаидің, Абдаллах Балхи, Зайн ад-Дин Васифи, Мұхаммед Хайдар Дулати, Махмуд ибн Вали, Шах Махмуд Чорастың, басқа да парсы және түрік дерек көздерімен расталады.
Отандық тарихшылар Қазақ хандығы өзінің құрылған кезінен бастап белсенді сыртқы саясат жүргізгендігін, оның басым бағыттары, формалары мен әдістерін зерттеуде біршама жетістіктерге жетті. Бұл тақырыпты алғашқы қолға алғандардың бірі М. Әбусеитова болды. Оның докторлық диссертациясына және "Казахстан и Центральная Азия в ХҮ-ХҮІІІвв: история, политика, дипломатия" атты монографиясына "Қазақ хандарының дипломатиясы" деген тараулар енді [62, 115-136б]. Олар шығыс дерек көздерінің шашыранды мәліметтері және орыс мұрағаттық материалдары негізінде Қазақ хандығының көршілес мемлекеттермен қарым-қатынастар тарихы қалпына келтіріледі.
ХҮ ғасырдың екінші жартысы – ХҮІ ғасырдың бірінші ширегінде Қазақ мемлекетінің сыртқы саясат мүдделері, мемлекетаралық мәселелерді шешу әдістері мен формалары, хандықтың аумақтағы жағдайы, стратегиялық мақсаттары көбіне оның әскери күш-қуаты арқылы анықталды деп тұжырымдайды автор. Дегенмен автордың қазақ хандары соғыс арқылы және одан түсетін олжаны үлестіру арқылы көшпелі қоғамдағы әлеуметтік қайшылықтарды әлсіретуге тырсты деген секілді пікірі әлі де нақтылай түсуді қажет етеді[54-36, 37б]. Себебі ол кезде Қазақ хандығының ішкі өмірінде әлеуметтік қайшылықтарға мемлекеттік деңгейде мән беретіндей өріс ала қойды деп ойламаймыз, ондай деректер кездеспейді.
Қазақстан тарихшыларының зерттеулері Қазақ хандығында арнайы дипломатиялық қызмет органдары болмағанымен, сыртқы саясат функцияларын хандар, сұлтандар, елшіліктер атқарып отырғандығын көрсетеді.
Қазақ хандығының билік институттарын зерттей келіп, кейбір ғалымдар ХҮХҮІ ғасырлардың өзінде де бір орталыққа бағынған мемлекет болмады деген пайымдауларға бой ұрып жүр. К.А. Пищулинаның "Присырдарьинские города и их значение в истории Казахских ханств в ХҮ-ХҮІІІ вв." деген еңбегіндегі хандар, сұлтандар, билер мен ру-тайпа басшыларының жікшлдік күрестерінен қалжыраған Қазақ хандықтары ешқашан да берік мемлекеттік құрылым болмады деген ой айтылады [373, 42б]. И.В. Ерофеева да осы тәріздес пікірде. Автордың айтуынша зерттеушілердің көпшілігі Қазақ хандықтарындағы саяси басқару жүйесін зерделегенде хандар, сұлтандар және рубасылары арасында қалыптасқан вертикальды байланыстар механизмін "үстемдік-бағыныштылық" сипатындағы қатынастар деп есептейді және осы негізде ХҮІ-ХҮІІ ғасырлардағы Қазақстанда біршама орталықтандырылған мемлекет болды деген қортынды жасайды. Бірақ Қазақ хандарының түрлі ұрпақтарының билік жүргізу тарихи тәжірибесін жүйелеп көргенде, аталмыш хронологиялық шеңберде Қазақстанның саяси жүйесіндегі түрлі билік субъектілерінің арасында ондай қатаң вертикальды тәуелділік болмағандығына көз жеткіземіз дейді ол [320, 44б]. И.В. Ерофееваның бұл тұжырымы да қазақ қоғамында орталық биліктің болмауы, не әлсіздігі, шашыранды сипатта қызмет етуі секілді, қысқаша айтқанда, Қазақ хандығының мемлекеттік болмысының пісіп жетілмегендігі туралы идеясына қосымша қолдау табу әрекетінен туындаған.
И.В. Ерофееваның өзі де атап көрсеткендей, отандық ғалымдардың басым көпшілігі ХҮ-ХҮІ ғасырлардағы Қазақ хандығы унитарлық сипаттағы және монархиялық республика болды. Онда Мұхаммед Хайдар Дулатидің жазып кеткеніндей, ел басқарудың бірнеше рухани, пендешілік, әкімшілік негіздері мен шарттары, өркениеттік принциптері қалыптасты [555, 369б]. Хандықтың толыққанды мемлекет болып қалыптасқандығы оны Қытай деректерінде "го"(мемлекет), шығыс авторларының шығармаларында "мамлакат-и казах", "дөулат-и казах", "улус-и казах"("қазақтар мемлекеті (елі) деп атауларынан да анықтауға болады.
Қазақ мемлекеттігінің сабақтастығын қазақ хандары мен сұлтандарының, қазақ даласынан тыс жерлердегі жошы әулеті билеушілерінің мемлекеттік рәміздері де айқындай түседі. Бұл мәселе бойынша, әсіресе, олардың мөрлерін салыстыра зерттегенде, бұл билік атрибуттарының тарихи бастау көздері мен өркениеттік-мәдени тегінің ортақтығы жөнінде қорытынды жасалынған И.В. Ерофееваның "Символы Казахской государственности" атты монографиясын ерекше атауға болады [556, 5-35б].


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет