5. Ауыс мағыналардан туындайтын тілдік құралдар
Мәдениетаралық коммуникация ең алдымен тіл арқылы жүзеге асатыны белгілі. Онда түрлі тілдік қауымдастықтар өкілдерінің арасында өзара түсіністікке қол жеткізу үшін тілдік жне мәдени деңгейлерінің шамалас болуы маңызды. Яғни, түрлі мәдениет өкілдері қарым-қатынас барысында лингвистикалықпен қатар экстралингвистикалық факторларға мән беруі тиіс. Мәдениетаралық коммуникацияның тиісті дәрежеде өтуі көп жағдайда жағдаяттық контекске байланысты болады. Белгілі бір коммуникативтік актіде қандай да тілдік құралдардың таңдалып, іріктеліп алынуы сол актінің мақсатына, прессуппозициясына, сонымен бірге нақты сөзжұмсам конвенцияларына (шарттарына) орайлас болады.
Коммуникацияның аталмыш түріне тіларалық және мәдениетаралық аудармалар (ауыс –түйістер) өзекті болады. Олардың екі мәдениеттегі сәйкестігі тілдік бірліктердің прагматикалық мағынасынан туындайды. Ол мағына мәдениетаралық қарым-қатынас барысында оған қатысушылардың тілдік бірліктерді түсіну және қабылдау дәрежесінің әр алуан болуымен байланысты.
Тілдік құралдарының ішінде эмоционалды бояуы қанық, стилистикалық сипаты айрықша лексикалық бірліктер прагматикалық тұрғыдан анағұрлым маркерленген болады. Бұл әсіресе ауызекі сөйлеу стилінде айқынырақ байқалатын құбылыс.
Аталмыш стиль жаппай көпшілікке тән болғандықтан онда экстралингвистикалық белгілер барынша анық көрінеді. Атап айтқанда, бейресмилік, табиғилық қарым-қатынастық сенімділікке негізделуі, сөздердің дайындықсыз бірден жұмсалуы, ауызша диалогтік форманың басым болуы [1, 208].
Күнделікті қарым-қатынас барысында адам қоршаған ортаны тану тәжіриесінен өтетіні белгілі. Ауызекі сөйлеу стиліне эмоционалдық тән десек, ол сөз, интонация, синтаксис, ым-ишара, дене қимылдары арқылы ғана емес, басқа да паралингвистикалық және экстралингвистикалық құралдарымен жеткізіледі. Осы тұста қазақ тілін үйренушілерге өзге мәдениет өкілдеріне лексикалық қорды меңгерту барысында коммуниканттың түрлі әлеуметтік белгілерін (жасы, дәрежесі, діни сенімі, қызметі т.б.) ескере отырып, паралингвистикалық құралдарды тиесінше, қазақ мәдениетінде қалыптасқан формада ұсына білу мәселесіне мән берген жөн. Мысалы, жасы кіші болғанымен қазақ баласы қоластында жұмыс істейтін қызметкерді тұрып қарсы алады.
А.Нойберт классификациясы бойынша көркем мәтіндерді аудару прагматикалық тұрғыдан біршама қиындық тудыратын көрінеді. Себебі онда өзге тілдік мәдениет өкілдеріне белгісіз, сол мәдениетті ұстанушыларға ғана тән, етене таныс коннотативті лексика басым болады. Ауызекі сөйлеу стилінде жазылған көркем мәтіндерге еркіндік, кәдуілгілік тән. Сондай-ақ ауызекі сөйлеу стилінде байланыс орнату және эмотативтік функция айқын жұмсалады. Мәдениетаралық коммуникацияда бұл функциялар сөзжұмсамдық әрекетінің шарттылығымен, яғни сол мәдени қауымдастықта қабылданған нормалар, дәстүрлер, салттарына байланысты көрініс береді. Коммуниканттар арасында байланыстың орнауы тілдік элементтердің үнемі жұмсалуына, олардың экстралингвистикалық және паралингвистикалық құралдарымен (ым-ишара, дене қимылдары т.б.) алмастырылуына себеп болады. Сондай-ақ бұл стильде сөз қарқындылығы, ойдың дұрыс жеткізілмеуіне және дәл берілмеуіне ықпал етеді.
Э.Г.Ризель ауызекі сөйлеу стилін былайша жіктеп топтастырады: әдеби-ауызекі; қарапайым-ауызекі; тұрпайы-дөрекі ауызекі стиль [2, 67]. Осы классификацияға қазіргі қоғамымызға қатысты тоқталар болсақ, оның түрін тұрақты қолданатын ғылым, білім, өнер әдебиет және мәдениет салаларының өкілдері сөзжұмсамынан байқалатын элитарлық топқа тән деуге болады. Яғни, күнделікті қарым-қатыснас барысында (ресми қатысымда) сөздің коммуникативтік сапаларын барынша сақтайтын, атап айтқанда, тілді шұбарламай, орынды-орынсыз қысқартпай, мәнерлі де бедерлі орынды сөйлеуге тырысатын зиялы қауым өкілдерінен байқауға болады. Өкінішке орай, бұл топ қоғамымыздың ширек бөлігін ғана құрайды деуге болады. Келесі қарапайым ауызекі сөйлеу стилінде тіліміздің сөздік құрамын барынша толық орынды пайдаланатын жалпы көпшілікке тән. Бұл алдыңғы топ сияқты әрбір сөз қолданысқа ыждаһаттықпен қарамағанымен, тұрпайы қарапайым лексиканың жұмсалуына жол бермейді. Біздің қоғам мүшелерінің басым көпшілік бөлігі осы топқа жатады. 3-ші тұрпайы-дөрекі ауызекі сөйлеу стилі де қазіргі тілдік қоғамымызда белгілі бір дәрежеде кездеседі. Тіл ұстанушының білімділігін, тәрбиелілігін, жалпы мәдениеттілігінің көрсеткіші болып саналатын бұл белгі ең алдымен жаргондық қолданыстардан, сленгизмдерден байқалады. Бұның айқын мысалы ретінде қазіргі қала жастарының тілін атауға болады.
Жалпы ауызекі сөйлеу стиліне тән:
· Нақтылық;
· көрнекілік;
· тілдік құралдардың қарапайым сипатта болуы;
· эмоционалдылық;
· еркіндік.
Бұл адам өмірінің тұрмыстық жағымен байланысты [1,87]. Ауызекі сөйлеу стилі көркем әдебиетте елеулі орын алады. Көркем мәтіндер халықтың әлеуметтік мәдени өмірін бейнелеумен қатар қоршаған орта жөніндегі білімдері мен тәжірибесін, адамдар арасындағы әлеуметтік қатынастарды көрсетеді. Яғни, сөзжұмсам барысында әлеуметтік құрылым арқылы анықталатын табиғи-коммуникативті шарттар жасалады. Демек, коммуникацияға қатысушылар өз әлеуметтік рөліне сай әрекет етеді, сөйлейді. Мұндай статустық рөльге жас, жыныс, азаматтық, белгілі бір әлеуметтік рөльге жату негіз болады. Сондай-ақ коммуниканттың әлеуметтік қатысымдар жүйесіндегі орны (бастық пен бағынышты, жағдаяттық рөль, қонақ-дос, сатушы-сатып алушы т.б.) оның позициялық рөлін айқындайды.
Мәдениетаралық коммуникацияда әлеуметтік құрылым қарым-қатынас жасаушылардың өзара түсіністік дәрежесін анықтайды. Яғни тіл үйренуші кез-келген ұлт немесе мәдениет өкілімен тілдік қатынасқа түскенде оның статустық және позициялық рөлін алдын ала бағдарлап алып, сөзжұмсам барысында үнемі ескеріп отырғаны жөн.
Мәдениетаралық коммуникацияда лексикалық бірліктердің прагматикалық байланысы бөгде тіл иесінің хабарламаны барынша дұрыс түсініуімен байланысты болады. Ауызекі сөйлеу стилінде күшейткіш мәнді лексика осы мақсатта жиірек қолданылады. Сөйтіп, сөздің эмоционалдылығы, экспрессивтілігі, коммуникативтік мазмұндылығы сөз мағынасындағы бір белгіні (сол жағдаяттағы маңызды деп саналатын бөлік) қарқындандыру есебінен арта түседі. Мәселен, сөйлеуші өз тыңдаушысына жеткізгісі келген негізгі ойын білдіретін сөзді бірнеше рет қайталауы мүмкін.
Мәтін түзу барысында да осы тәсіл кеңірек қолданылады. Яғни, стилистикалық тұрғыдан қате болып саналатын (тавтология) бұл мәселе прагматикалық тұрғыдан өзін толығымен ақтайды. Әсіресе оқырман қауымға аса өзекті проблема ретінде ұсынылатын газет материалында бұндай мысалдар көптеп кездеседі.
Бүгінгі газет мәтінің прагматикалық әсерін күшейту мақсатымен кеңінен қолданылып жүрген тәсілдердің бірі – тілдік қайталамалар болып табылады. Мағыналық құрамында прагматикалық компоненті бар бірліктер жай түсініліп қана қоймайды, оқырманның көңіл-күйіне де әсер етеді. Осындай прагматикалық компоненттердің қатарына жататын тілдік қайталамалар ғылыми әдебиетті прагматикалық интенсификаторлар деп аталады [3, 172]. Тілдік қайталама немесе реприза құбылысы деп жекелеген дыбыстардың, сөздердің, морфемалардың, синонимдердің немесе синтаксистік конструкциялардың қатар тұрып яки арасында бірді-екілі өзге сөздерді ғана кірістіре отырып қайталана жұмсалуы айтылады.
Демек, тіл үйренуші шетел азаматы болған жағдайда оған бейтаныс мысалдар арқылы түсіндіріліп болған соң сол құбылысқа сай келетін қазақ тіліндегі атау немесе номинативтік бірлікті бүкіл сабақ бойы бірнеше рет қайталаудың маңызы зор.
Келесі мәселе – көркем мәтінде қолданылатын ауызекі сөйлеу элементтерін дұрыс аудару және қабылдауға байланысты туындайды. Бір мәдениет өкілі өз тілдік ұжымында қалыптасып орныққан прецедентті феномендерді жақсы білгенімен, өзге тілге қатысты сондай ұғымдардан бейхабар болуы мүмкін. Осымен байланысты өзі үйреніп жүрген тілде жазылған түрлі әдеби-көркем, публицистикалық т.б. мәтіндермен танысу кезінде, қабылдаушы бірқатар кедергілерге тап болуы заңды. Мәселен, «Бандыны қуған Қайырбек» деген мақала атауын оқыған сәтте С.Сейфулиннің әңгімесінен хабардар оқырманның есіне бірден қызыл әскер Хамит түседі. Ал аталмыш шығармадан бейхабар, оны оқымаған, бөгде мәдениет өкілі мәтін авторының айтпақ болған ойын тек мақаламен толық танысқанда ғана түсінеді. Дегенмен Қазақстан Республикасының (2004-2005 жылдардағы) ішкі істер министрі болған Қайырбек Сүлейменовтың қызметіне қатысты бірқатар мәліметтер алған шет ел өкілі (өзге мәдениет өкілі) мақала тақырыпатына жүктелген прагматикалық мағынаны аңғармаған күйде қала бермек.
Тіл білімінде «логоэпистемалар» немесе «прецедентті феномендер» (есімдер, атаулар, мәтіндер т.б.) деп аталатын бұл құбылыс бірнеше лингвистің назарына ілінген болатын.
Аталмыш терминді енгізген Ю.Н.Карауловтың айтуынша, прецедентті мәтіндер деп «тұлға үшін танымдық және эмоционалды жағынан маңызы бар мәтіндер; тұлғаның айналасындағы адамдардың бәріне де кеңінен таныс мағлұматтар, тілдік тұлғаның дискурсында бірнеше қайтара қолданатын мәтіндер жатқызылады» [4, 262]. Сондай-ақ бұл ұғымға мынандай анықтама беруге болады: «Белгілі бір ұлттық-мәдени қауымдас өкіліне жақсы таныс, сөзжұмсамда жиі қолданылатын, әртүрлі дәйексөздер мен жалқы есімдер, шығармалар атаулары нұсқасында қайталанып отыратын, білдіретін мәні оны құрайтын жекелеген сөздер әр тіл ұстанушыға мағынасынан бөлек болатын, контекстен тыс алынғанда да түсінікті болатын мәтіндер прецедентті болып табылады».
Сондай-ақ Қазақстанда шығатын орыс тілді БАҚ-тағы прецедентті мәтіндер Е.А.Журавлева мен Ж.Д.Капарованың монографиясында арнайы сөз болады. Зерттеушілердің пікірінше, медиа құралдарының өзге (көркем) шығармашылықтан ең басты айырмашылығы олардың жаппай көпшілікке, бұқараға арнаулы және біртұтас коммуникативтік және мәдени кеңістікті қалыптастыруға бағытталғандығы [5,255].
Ал зерттеуші Г.К.Ихсангалиева прецедентті мәтіндердің трансформациялау тәсілдерін квантитативтік, квалитативтік және аралас түрлерге бөледі. І түрінде прецеденттік мәтін құрылымындағы бір сөйлем басқа сөздермен алмастырылады немесе оған басқа сөз енгізіледі. Ал ІІ тәсіл бойынша прецеденттік мәтіндегі тұтас сөз емес, оның бір бөлшегі, яғни форма немесе бірлі-жарым әріп өзгертіледі. Аралас тәсілде осы аталмышш тәсілдер алма-кезек алмастырылады [6,135].
Осы мәселеге қатысты С.Иманбердиева «Бұқаралық ақпарат құралдарында кездесетін логоэпистемалардың трансформациялануы» деп аталатын мақаласында орыс ғалымдары В.Г.Костомарев пен Н.Д.Бурвикова ұсынған «логоэпистема» терминін қолдануды жөн көреді. «Ол екі мақсатпен орындалып отыр. Бірінші – бұрын тек көркем мәтінде ғана кездесетін сөз ойнату, пародия қазір жаппай қолданылуда, «қызыл тілмен жеткізу үшін» барлығы да жарайдының қалпы. Екінші әртүрлі бірліктер негізінде сөз ойнатуды, яғни терминология тұрғысынан сол бірліктерді, сол құбылыстың өзін зерттеу. Олар осы мақсатта «логоэпистема» терминін қолдануды ұсынып отыр, яғни сөздің түптөркінін тану [7, 199].
Біздің айтпағымыз, бөгде мәдениет өкіліне қандай да бір тілдік материалды ұсынғанда ондағы әрбір сөздің лексикалық мағынасымен қатар прагматикалық мәніне, функциясына назар аудартып отыру қажеттілігі. Себебі, онсыз, коммуникант өз әріптесінің ойын толық түсіне алмайды, яғни коммуникация өз деңгейінде өтпейді, лакунарлы сипатта болады. Мұның барлығы коммуникацияның толықтай емес, жартылай сипатта жүзеге асырылуына әкелетін «келеңсіздіктер» деп танылған жөн.
Енді осындай олқылықтардың алдын алудың жолдары қандай? деген сауалға жауап іздеп көрелік.
Ең алдымен, бөгде мәдениет өкіліне ұлттық болмысымызды таныта білуіміз керек. Ол үшін (ең қарапайым тәсіл) – халық ауыз әдебиеті шығармаларын, заманауи фольклорлық туындыларды немесе баспасөз материалдарын ұсынып, таныстырып, қосымша түсініктемелер берудің мәні зор. Онда қолданылатын негізгі тәсілдердің бірі, әлбетте, аударма мәселесі болмақ.
Көркем мәтінді аударуда туындайтын басты қиындықтардың бірі – түрлі прецедентті феномендерді 2-ші (бөгде) мәдениет өкіліне жеткізу. Мәселен, қазақ халқына етене таныс жомарттығымен аты шыққан – Атымтай, сараңдығымен белгілі – Шық бермес Шығайбай немесе баласының бақытынан малын жоғары қойған Қарабай (Баянның әкесі) мен Базарбай (Төлегеннің әкесі) сияқты кісі есімдерін қолдану арқылы жазушы (ақын) немесе драматург 1-ден, айтпақ болған ойын барынша ықшамдап беруге қол жеткізсе, 2-ден, тыңдарман (көрермен) санасындағы аталмыш образға қатысты білім қорын «іске қосу» арқылы өз ойының әсерлілігін (эффективность) барынша ауқымды түрде жеткізілуін қамтамасыз етеді.
Ал түрлі бейнелі қолданыстар мен мақал-мәтелдерді және фразеологиялық бірліктерді түсіндіргенде олардың мазмұнын тікелей аудармай, сипаттамалы түрде беруге болады. Ал аталмыш бірліктердің үйренушінің өз ана тіліндегі баламалары арқылы түсіндірсе, тіпті тиімді болмақ. Сонымен, көп тілді коммуникативті тұлға деген ауқымды ұғымға сай болуы үшін үйренушіге сол тілдің сөздік қорындағы лексемалардың тура және ауыспалы мәндерін білу аздық етеді. Қандай да бір контексте прагматикалық мән жүктелген лексикалық бірліктердің мазмұнын толық түсіну үшін коммуникант сол тіл иесі халықтарының мәдениетінен, атап айтқанда, әдебиеті мен өнерінен хабардар болуы тиіс. Ол үшін ұлт мәдениетінің үлкен саласын құрайтын фольклор мен түрлі драматургиялық т.б. шығармаларды оқып танысудың берері мол. Осы тұста көркем шығарманы оқу – бір басқа, ал онда кездесетін кейіпкерлер есімдерін немесе олардың сөздерін, яғни афоризмдік сипатқа ие болған түрлі қолданыстарды тілдік қарым-қатынас барысында сөйлеу мақсатына сай, орынды қолдана білу – екінші мәселе екенін айта кеткен жөн.
Бір тілде еркін сөйлейтін кез келген коммуникант Ю.Н.Караулов жіктемесі бойынша бірінші деңгейлі тілдік тұлға болып саналатыны белгілі. Ал оның 2-ші және 3-ші (лингвокогнитивтік және прагматикалық) деңгейіне көтерілу үшін тіл үйренуші ең алдымен коммуникативті тұлға болып қалыптасуы қажет. 2-ші және 3-ші тілдерді меңгеруде жоғарыда аталған жетістіктерге қол жеткізу үшін коммуникант ең бірінші кезекте өз ана тілін жоғары дәрежеде меңгергені жөн. Яғни, біз тәрбиелеп отырған жасөспірімдер ең бірінші кезекте қазақ тілін қазақ мәдениеті арқылы таныта алатындай біліктілікке жетуі шарт. Бірінші тіл есебінде саналатын қазақ тілін тиісті дәрежесінде оқып меңгеру – келешекте өзге тілдерді үйренуде берік іргетас болатыны кәміл. Сонымен, қандай да бір бөгде мәдениет өкілімен қарым-қатынас жасау барысында қазақстандық жасөспірімдер ең алдымен өз елінің тарихы мен тұрмыс-салтын, дәстүрлері мен діни ұстанымдарын, әдебиеті мен өнерін, кең мағынада алғанда мәдениетін жетік білетін білімдар азамат ретінде танылуы тиіс. Яғни практикалық қазақ тілі деп аталатын қарапайым пәнге артылатын жүк біз ойлағаннан гөрі салмақтырақ әрі ауқымдырақ. Тілді оқыту барысында лингвистикалық деректер арқылы елтанымдық, лингвомәдениеттанымдық, когнитологиялық, психологиялық, философиялық мәселелердің қамтылуы арқылы бұл міндеттің мазмұны айқындала түспек. Бір сөзбен айтқанда, қазақ тілі аталмыш салалардың тоғысында тұрған түп қазық рөлін иемденуі тиіс.
№5 МОӨЖ тақырыбы: Сөзжасам
Достарыңызбен бөлісу: |