2.Жатыс септік. Бұл септіктің қосымшалары -да,-де,-та,-те,-нда,-нде. Жатыс септіктің басты мағыналары мыналар:
- істің, қимылдың болып жатқан орнын, мекенін білдіреді. Мысалы, Аспанда тырналар да тізіліп ұшып барады (М. Дулатов).
- жатыс септігіндегі сөз істің, қимылдың қай уақытта, қай мерзімде өткендігін білдіреді. Мысалы, Сабақ қыркүйектің басында басталады дегенге, ауылдан Ботагөз ерте шығып, қалаға келгеніне айға жақындап қалған (С. Мұқанов).
Жатыс септіктің қосымшасыз қолданылуы өте сирек кездеседі. Тек қана бірыңғай мүшелерде жатыс септігі жалғауы түсіп қалады. Мысалы, Солтүстік Африка мен Аравияда мүйізі бар улы сұр жыландар өмір сүреді (журналдан).
Жатыс септігінде қолданылған сөздер мезгіл, мекен пысықгауыш және жанама толықтауыш қызметін атқарады. Мысалы, Кейбір жерлерде қоянның кеуегі тәрізді қуыстар кездеседі. Көктемде сай-сала суға толды. Жылқыда өт жоқ, өсер малда өлім жоқ.
Шығыс септік. Бұл септікгің қосымшалары -дан,-ден,-тан,-тен,-нан,-нен. Шығыс септіктің басты мағыналары:
- шығыс септігіндегі сөз істің, қимылдың неден, қай жерден басталғанын білдіреді. Мысалы, Тақырланып қалған жазғы жайлаудан келе жатқан жылқы... ұстарадай өткір тістерін жерге қадай бастады.(Ғ.Мүсірепов)
- қимыл, іс-әрекеттің қандай объектініңтөңірегінде, маңында өткендігін білдіреді. Мысалы, Досанды мойнынан құшақтай алды (Н. Ғабдуллин).
- шығыс септіктегі зат есімдер істің, қимылдың, әрекеттің себебін білдіреді. Мысалы, Мен көпшіліктен емес, ең алдымен Мұқтардан жасқанатынмын (К. Оразалин).
- сындық мағынадағы сөздермен грамматикалық қатынаста айтылған шығыс септікті зат есім салыстыру мәнін аңғартады. Мысалы, Алтыннан қымбат сөз айтсаң, ақымақ көңіл қоймайды.
- шығыс жалғаулы зат есімдердің жиі қолданылатын мағыналарының бірі-белгілі бір бөлшегі, белгілі бір үлесі алынатын затты білдіру. Мысалы, Шолпан асығып тұрса да, ертеңгі астан ауыз тиді (X. Есенжанов).
- кейде шығыс септігіндегі сөзден нәрсенің, заттың тегі, неден, не нәрседен істелгені көрініп тұрады. Мысалы, Үлкен сырлы тегенедегі сары қымызды арқар мүйізінен ойып жасалған ожаумен құйды (К. Оразалин),
- сөздің негізгі лексикалық мәніне қарай шығыс септігі өлшем, мөлшер мағынасын да аңғартады. Мысалы, Жұмысқа кіргеніне жеті айдан асты (газеттен).
- істің, қимылдың мекенін білдіреді. Мысалы, Осы үш ұлы адамның туған жерінен ашылған әдеби қорықтың қанша міндет атқаруға тиісті екендігін уақыт көрсетеді (К. Оразалин).
Шығыс септікті сөз сөйлемде пысықтауыш, жанама толықтауыш қызметін атқарады. Мысалы, Өз үйімнен ешкімнің келмегені тегін емес (Ә. Сәрсенбаев). Белгі жолдан тайдырмас, білім сөзден жаңылдырмас.
Шығыс септігі жалғауының түсіп қалатын кездері өте сирек. Мысалы, Шыңғыс асып, жайлаудан құлаған бетте (К. Оразалин).