12-апта. Театрмәдениеті Театр – сөзі гректің theatron – ойын-сауық орны; ойын-сауық сөзінен шыққан. Кез келген мәдени, қоғамдық ортаның өзі бағынатын заңы не мәдениеті болады. Театр – нағыз өнердің, мәдениеттің ордасы. Ондағы әртістер- мәдениет тасушылар.Театр – сахналық өнердің өмір көріністерін драмалық әрекет арқылы көрермендердің көз алдында актерлер күшімен бейнелейтін бір түрі; ойын-сауық немесе спектакль; түрлі сахналық ойын-сауықтар, сонымен қатар жалпы мәдени шаралар өткізілетін орын-жай.Театрдың тарихи жағынан қалыптасып, даму, өсіп-өркендеу жолы әрбір ұлттың, әр халықтың өмір-тұрмысымен, олардың жалпы тарихымен және тұрлаулы мәдениетімен тығыз байланысты. Басқа өнер түрлері сияқты театр өнері де қоғамдық ой-сананың негізгі бір формасы болып табылады. Театр халықты эстетикалық адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеудің аса маңызды құралы. Оның өзгеше бір қасиеті, яғни әрекетке құрылған табиғаты сахналық ойын-сауықтың мазмұн-желісі мен идеялық-эстетика негізін құрайтын драма арқылы ашылады. Қазақ театрының мәдениеті ХХ ғасырдың басында қалыптаса бастады. Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры қазақтың алғашқы профессионалдық театры 1925 жылдың аяғында ұйымдастырылды.1926 жылы 13-қаңтарда М. Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясымен тұңғыш театр шымылдығы ашылды. Алғашқы ашылған жылдары театр сахнасында қазақтың халық ішінен шыққан өнерпаздары Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Жұмат Шанин, Қалибек Қуанышбаев және т.б. ойнады. Театрдың алғашқы режиссері және басқарушысы Ж. Шанин болды. Б. Майлиннің «Некеқияр», «Шаншар молда», Ж. Шаниннің «Торсықбай қу», «Арқалық батыр» сияқты шығармалары театрдың алғашқы репертуарын құрады. Қазақ драма театрынан 1934 жылы қазақтың опера және балет театры бөлініп шықты. Қазақстандағы театрға арнап салынған ең алғашқы ғимарат – Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театры (1941) болды. Сәулетшілері - Н.А. Простаков пен Т.Қ. Бәсенов. Көрермендер залының сыйымдылығы 1170 орын.Республикалық балалар мен жасөспірімдер театры орналасқан ғимарат 1963 жылы салынды. Көрермендер залы 744 орынды.М. Әуезов атындағы қазақ драма театры 1980 жылы салынды. Сәулетшілері - О.Ж. Баймырзаев, М.Ф. Жақсылықов, А.С. Қайнарбаев. 815 орынды үлкен және 250 орынды кіші залы бар. (260 сөз)
Тапсырмалар: 1. Мәтіннен он жаңа сөзді теріп жазып, сөз тіркесін құрастырыңыздар.
2. Берілген сұрақтарға толық жауап жазып, оқыңыздар:
а)Театр шымылдығы кімнің және қандай шығармасымен ашылды?
ә) Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрының сәулетшілері кім?
3. Мәдениет жайлы айтқан қаламгер Дидахмет Әшімханұлының өнегелі ойларын оқып, керегін жаттап алыңыз.
Мәдениет – кең ұғымды, мол пішінді, терең мазмұнды дүние.
Мәдениетке жанашырлық – туған тілге жанашырлық.
Мәдениет дегеніміз – біздің Адам екенімізді айғақтайтын басты атрибут.
Мәдениет дегеніміз – адамгершілік, имандылық.
Мәдениет – білімде ғана емес, біліктілікте.
Мәдениет – ақиқат пен шындықта.
Мәдениет – елді, халықты, ұжымды басқаруда емес – елді, халықты, ұжымды сыйлауда, олармен санасуда.
Мәдениет – баршамызға ортақ дүние. Ендеше, баршамыз жабылып, мәдениетті, төл мәдениетімізді көтеруге еңбектенейік.
4. Ауыспалы өткен шақ пен есімшенің болымсыз түріне мәтіндегі сөздерді қолдана отырып сөйлемдер жазыңыз.
5.Мәтін бойынша 10 сұрақ дайындаңыз.
6. «Театр мәдениеті» тақырыбына шағын әңгіме жазыңыздар.
7. Мәтін бойынша бес сұрақтан тұратын тест әзірлеңіздер.
8. Мәтінді қысқаша мазмұндаңыздар.