4. Тақырыбы: Қазақстан аумағындағы монғол шапқыншылығы және ХІІІ – ХV ғасырлардағы мемлекеттер.
Сағат саны: 1 Тақырыптың негізгі сұрақтары: 1. Монғолдардың Қазақстан мен Орта Азияны жаулап алуы.
2. Алтын Орда.
3. Ақ Орда.
4. Моғолстан.
5. Көшпелі өзбектер мемлекеті.
6. Ноғай Ордасы. Сібір хандығы.
Әдістемелік нұсқау: Бірінші сұрақ ХІІІ ғ. басында Орталық Азияда Монғол мемлекетінің құрылуы, оның әскери күш-қуаты, қоғамдық құрылысы мәселелерін қарастырудан басталады. Одан кейін монғолдардың Қазақстан мен Орта Азияға әскери жорықтарының басталу уақыты, оның себептері, монғол әскерінің дайындығы, жергілікті халықтың монғолдарға қарсылық көрсетуі, «Отырар апаты», Хорезмді жаулап алу жайлы мәліметтер келтіру керек. Монғол ұлыстарының құрылуы мәселесін түсіндіру барысында Жошы, Шағатай, Үгедей және Төле ұлыстарының құрамына кірген аймақтар картадан көрсетіп, «ұлыс» сөзінің мағынасын анықталады. Шыңғыс хан мен оның ұлдарынан кейін ішкі саяси күрестің өрістеуі барысында монғол ұлыстарының бөлшектене түсуі, ХІІІ ғ. ортасында жекелеген мемлекеттердің бөлініп шығуы (Бату ұлысы, Орда Ежен ұлысы, Хайду мемлекеті, т.б.), бұл мемлекеттердегі түркі тілдес халықтардың шешуші ролі жайлы баяндалады.
Екінші сұрақ бойынша Батудың 1235–1242 жж. Еділ бойына, орыс князьдіктеріне және Шығыс Еуропа елдеріне жасаған жорықтарының нәтижесінде Алтын Орданың құрылуы, жер аумағы, орталығы болған қалалары анықталады. Алтын Орданың мемлекеттік, азаматтық, әскери, шаруашылық, сот істерін жүргізетін органдарға сипаттама беріледі. Бату, Берке, Менгу-Темір, Өзбек, Жәнібек хандардың кезіндегі ішкі саяси, халықаралық жағдай, мемлекеттік құрылысы туралы айтылады. Алтын Орданың этникалық құрамына, әралуан тілі мен мәдениетіне назар аударылады.
ХІІІ–XV ғғ. өмір сүрген Ақ Орда туралы сұрақты қарастыру барысында Орда Ежен ұлысының құрылу тарихы, ішкі және сыртқы саяси жағдайы бойынша жауаптар дайындалу керек. Картаны пайдалана отырып, Ақ Орда мемлекетінің жер аумағы, онымен шекаралас елдер анықталады. Мемлекеттің күшеюіне, Алтын Ордадан саяси тәуелсіздікті иеленуіне ат салысқан Мүбарак Қожа, Ерзен, Ұрыс хандардың қызметі және олардың өз заманындағы саяси істерге араласуы жайлы мәліметтер келтіріледі. XIV ғ. 2–ші жартысындағы Ақ Орда мемлекетінің билеушілері Ұрыс (Орыс) ханның (1361–1377), Тоқтамыс ханның (1380–1395) Орта Азия әміршісі Темірмен (1370–1405) күресі, оның саяси салдары жөнінде түсіндіруге болады. Ақ Орданың жер аумағы қазіргі Қазақстанның басым бөлігін алғанына, халқының құрамында жергілікті тайпалардың (қыпшақ, арғын, қоңырат, керей, найман, үйсін, т.б.) басым болғанына және оның болашақ Қазақ хандығының этникалық негізін құрағанына назар аударылады.
Моғолстан мемлекеті сұрағында Шағатай әулетінің ұлысы ыдырағаннан кейін Моғолстанның құрылуы, орналасқан аумағы мен алғашқы билеушілерінің (Тоғылық Темір, Ілияс Қожа, Қызыр Қожа) жүргізген саясаты туралы қарастырылады. «Тарих-и Рашиди» еңбегінде мемлекет тарихын көрсеткен Мұхаммед Хайдар Дулатидың деректеріне тоқталып, мемлекеттегі басқару жүйесі, жер иелену тәртібінің дамуы, көрші елдермен қарым-қатынастары, Әмір Темірдің Моғолстанға қарсы XIV ғ. 70-90 жж. жасаған жорықтарының зардаптары туралы мәліметтер келтіріледі. XV ғ. 1-жартысында Мұхаммед хан билігі тұсында Моғолстандағы саяси жағдайдың тұрақтануы, Уәйіс ханның ойраттармен күресі мәселелеріне назар аударылады. Қазақ хандығының құрылуы қарсаңында билік жүргізген Есен-Бұға ханның (1429–1462) саясатына, XVI ғ. басында Моғолстан мен Қазақ хандығының Жетісу өңірінде, Шығыс Түркістанда жүргізген соғыстарына сипаттама беріледі. Моғолстанның этникалық құрамы түркі тілдес тайпалар мен түркіленген монғол тайпаларынан тұрғаны, үстемдік еткен монғол тілдес тайпалардың түркіленіп, жергілікті халықпен араласуы жайлы айту керек.
Көшпелі өзбектер мемлекеті (Әбілхайыр хандығы) сұрағын қарастыру мемлекеттің құрылған уақыты мен жер аумағын анықтаудан басталады. Шайбан ұрпағы Әбілхайырдың (1428–1468) билікке келуі туралы баяндай келіп, хандықтың этникалық құрамына, қоғамдық құрылысына тоқталу керек. Мемлекеттің XV ғ. 40-шы жж. Сырдария мен Қаратау өңіріндегі қалаларды иеленіп, Сығанақты орталық еткені, Әбілхайыр ханның көрші елдерге қатысты ұстанған саясаты жөнінде түсіндіріледі. Мемлекеттегі ішкі саяси жағдайдың болашақ Қазақ хандығының құрылуына тигізген ықпалы айтылады. Әбілқайыр хандығының әлсіреп, бірнеше ұлыстарға бөлініп кету себептеріне талдау жасалып, мемлекеттің XV ғ. Орта Азия мен Қазақстанның этносаяси тарихында алатын маңызды ролі көрсетіледі.
Семинардың алтыншы сұрағын қарастырғанда ең алдымен Алтын Орданың ыдырап, Ақ Орданың әлсіреуі барысында Қазақстанның солтүстік-батысында Ноғай Ордасының пайда болуы, жер аумағы мен этникалық құрамы жайлы айтылады. Мемлекеттің саяси тарихына тоқталғанда Ноғай Ордасының негізін салушы Әмір Едігенің (1396–1419) маңғыт жұртын нығайтуға бағытталған саясаты туралы мәліметтер келтіріліп, қоғамдық құрылысы сипатталады. XVI ғ. 30-50 жж. қазақ ханы Хақназардың тұсында ноғай–қазақ қатынастарының белсенді түрде дамуы, XVI ғ. 2–ші жартысында Ноғай Ордасының бірнеше мемлекеттік бірлестіктерге ыдырап, ноғайлардың Ресеймен, Қырым хандығымен қарым–қатынастары жайлы жауаптар дайындалады.
Сібір хандығының тарихына қатысты айтылатын мәселелер: «Сібір» атауының шығуы мен мағынасы жөніндегі түрлі көзқарастар, XIV ғ. 60-жж. Сібірде Түмен хандығының құрылуы, Шайбани ұрпақтарының билікке келуі және олардың Тайбұға әулетінің хандарымен саяси билік үшін күресі, т.б. Сібір хандығының XVI ғ. тарихында көрнекті орын алған шайбанилік Көшім ханның (1556–1598) тұлғасына тоқталып, оның Ресей патшалығымен қарым-қатынасы, Ермак бастаған казактармен күресі және Сібір хандығының XVI ғ. соңында Ресей құрамына алынғаны туралы айтылады.
Семинар тақырыбына байланысты тарихи терминдерге, адам есімдеріне анықтама беріліп, тарихи оқиғалардың болған уақыты мен орны нақты көрсетіледі.