ҚАДІРСІЗ ДЕСЕҢ ХАЛҚЫМНАН СҰРА
Сырым сынамаққа Бөкен биге сәлем бере барса, қарт:
- Қай баласың? – депті.
- Даттың баласымын, - депті Сырым.
- Қой баға алмайтын жаманнан да қолақпандай ұл тауды екен-ау! – дейді Бөкен.
- Отындық ағаштан оқтық мүсін шығады деген қайда? Шалдың үш түрі болады деуші еді: қадірсіз шал, қазымыр шал, қыдырма шал. Өзің соның қайсысың? — депті Сырым.
Сонда Бөкен қарт селк етіп:
— Бала, қадірсіз десең халқымнан сұра, қазымыр десең қатынымнан сұра, қыдырма десең көршімнен сұра? — деген екен.
* * * * * * * * * * * *
ЖІГІТТІҢ ТҮП АТАСЫН ҚАЗҒАН ИТ
Cырымның атасы Шолан батырды төрелер қылыштап өлтіреді. Шоланнан Дат іште қалып дүниеге келгесін, қара қазақ жиналып төрелерменен арадағы зіт (зіт-деген ескі сөз, бұл жерде кек деген мағнада алынған) ұмытылмас үшін жас баланың атын Дат қояды. Дат атасының кегін ала алмайтын жасықтау болып өседі.
— Ей, Дат, сенің атың заманында қойған Дат еді-ау, есіміңе жесімің лайықты емес, тек бір қоя салған ат еді-ау — деп қазақтың қарттары Даттың бетіне соғып жүреді.
Дат өсіп бір тәуір әйелге үйленеді, одан Сырым туады. Сырым өсіп ат арқасына мініп, ағайын аралап Байбақтының Сасай дейтін атасының аулына келеді. Келсе ағайындары қаумалап ортаға алып, жылап қоя береді.
— Мына атаңа нәлет Нұралының баласы Есім сұлтан біздің бір ағайынның Ақмоншақ дейтін жүйрік атын ылауға мінемін деп ұстатып алып еді, енді бәйгеге қосып Есімнің Ақмоншағы атанып, атағын шығарып тасып жүр. Міне биыл екі жыл болады, талай рет кісі жіберіп сұрадық, берер емес. Бүгінде «құлаққа құлақ, тұяққа тұяқ ал» дейтінді шығарды,—- дейді.
— Ақмоншақты бір жесірге балайтын едік, бүкіл Байбақтының атағын шығарған Ақмоншақ еді. Шырағым, сол атқа сен бар, саған берер,— дейді ағайындары.
—Ей, ағайын, сіздер мені Нұралыға жұмсамаңдар, ол ит маған да бермес. Берсе жақсы, бермесе тегін қайтпаспын, бір жанжал туып кетер,— деп өтінеді Сырым. Ағайындары қаумалап болмайды, ақырында Сырым көнеді. Барып Нұралы ханның өз үйіне түседі.
— Сырым, жай жүрмісің, жұмысың не? — дейді Нұралы.
— Сіздің Есім деген балаңыз менің бір ағайынымның атын ұстап ылауға мінген екен, оған екі жыл толыпты.
— Мауқы басылса, сол аттың сүйегі болса да алып кетейін деп келіп едім,— дейді Сырым.
— Жарайды, олай болса Есімді шақыртып айтайын,— дейді хан.
— Есім шырағым, мына Сырым Ақмоншақты сұрай келіпті. Бірталай міндің ғой, енді берсейші,— дейді Нүралы баласына.
— Ағайыннан бір ат міне алмасам, мен несіне сұлтан болып жүрмін? Мен атты беремін деп алғаным жоқ, Сырымға ат керек болса құлаққа-құлақ, тұяққа-тұяқ алсын да кетсін,— дейді Есім.
— Менің де естиін дегенім осы сөз еді,— деп Сырым үйден шыға жөнеледі. Нұралы хан артынан Есімді қайта шақырып алып:
— Шырағым Есім, сен түсін, мына Сырым бір тайдың құнына келіп жүрген жоқ, бұл соғысқа келіп жүр, сен білмейсің, бұның атасы Шолан біздің бабаларымыздың қолынан жазымдалған, бұл соны әлі ұмытпай жүр екен, атын беру жөн болар,— дейді.
Есім Сырымның артынан кісі шаптырып: «Келіп қонақ болып, атын алып кетсін»,— дейді.
— Атаңа нәлет Есімнің есігіне бір тай үшін екі барып еңкейсемау, бар ханыңа сәлем айт, келіп қонақ болатын күнімді өзім айтармын,— деп қайырылмай кете барады. Ағайындарына келіп атты әкеліп берсе аларсыңдар, өздері әкеліп бермесе енді сұрамаңдар,— дейді.
Сырым аулына келіп атын тастап, Есімнің ызасынан желмаяға мініп, ханды шабуға Сарыарқаның қазағынан көмек сұрайды. Сөйтіп жүргенде елдің ақсақалдары кеңесіп Сырымды Бақай сыншының алдынан өткізбекші болады. Сонда екеуі кездескенде, Бақайдың Сырымның қолын ұстап тұрып айтқан сөзі мынау екен:
— Иә, Сырым бала, жоқтан бар болдық, айырдан нар болдық, көндей қамқа тозды, атадан ұл озды, анадан қыз озды, боздан бурыл озды. Осыған жауап берші, шырағым,— дейді. Сонда Сырым батыр:
— Иә, жоқтан бар болсам, құдайдың құдіреті болар; айырдан нар болсам, атам үлек болар; көндей қамқа тозса, киюі салақ болар; атадан ұл озса, еркіндігі болар; анадан қыз озса, шіркіндігі болар; Боздан бурыл озса, жүйріктігі болар, Бақай ата! — депті.
— Ей Сырым, әкең сенің Дат төмен, тентек, шұлғауын асына малып ішетін еді. Шешең Қараторы қайратты, күндіз келген жиырма кісіні түнде келген жиырма кісіні қонақ қылып аттандыратын еді. Сен шешеңе тартып туған екенсің-ау, балам,— дейді Бақай қарт.
— Иә, Бақай ата, әкем Дат тентек болса болған болар, шешем күндіз келген жиырма адамды, түнде келген жиырма адамды қонақ етіп аттандырса, қырықтың бірі қыдыр деген, онда мен қыдырдан жаралған болармын. «Өзін өзі езген ит, өзен бойын кезген ит, өзі болған жігіттің тұп атасын қазған ит» деп еді, Бақай ата,— депті. Сырым.
Сонда Бақай сыншы сөзден жеңіліп батырды қонақ қып, ат мінгізіп, шапан жауып батасын беріп аттандырыпты.
* * * * * * * * * * * *
Достарыңызбен бөлісу: |