14-тақырып. Қазақ фольклорының зерттелу тарихы Бүкіл адамзаттың ықылым замандарда қалыптасып бүгінгі күнге жеткен сан қырлы дәстүрлі рухани мәдениетін зерттейтін ғылым саласын фольклортану деп атайды. Қазақ фольклортануының тарихы ерте замандардан, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаудан, жариялап, таратудан басталған. Түркілер фольклорының алғаш хатқа түскен нұсқалары көне түркі жазбаларында кездесетін мифтік сюжеттер мен нақыл сөздер, арнау, жоқтау үлгісінде жазылған шумақтар. (Орхон-Енисей жазуларындағы Күлтегін, Білt қаған, Тоныкөктерге арналған жырлар, «Оғызнама», «Қорқыт ата кітабы» т.б.). Түркілерге ортақ фольклордың орта ғасырларда хатқа түскен үлгілері Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік», Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» және «Кодекс кумманикус» еңбектері арқылы жетті. Алтын Орда дәуірінде жазылған «Махаббатнаме», «Қиссас ул-әнбия» ескерткіштерінде қазақ фольклорындағы танымал мотивтер мен сюжеттер көптеп кездеседі. Қазақ ауыз әдебиетінің кең көлемде жиналып, баспа жүзін көруі, зерттеу нысанасына ілігуі ХІХ ғасырдан басталады. В.Радлов, И.Березин, В.Катаринский, А.Васильев, А.Алекторов, Н.Ильминский сынды ғалымдар халқымыздың материалдық және рухани мәдениетін, тарихын зерттеуге ерекше үлес қосты. Қазақтан шыққан зиялы ұлдар Ы.Алтынсарин мен Ш.Уәлиханов ауыз әдебиетін жинап, бастыруға аса бір ыждаһаттылық танытты. Қазақ фольклортану ғылымының өрістеуіне сол кездерде жарияланып тұрған Орынбор, Омбы, Астрахань газеттерінің, «Дала уалаятының» атқарған қызметі орасан зор. Бұдан кейінгі кезеңдегі фольклортану ғылымының тарихын мынадай кезеңдерге бөліп қарастыруға болады: ХХ ғасырдың бас кезіндегі фольклортану; 1920-30 ж.ж. фольклортану; 1940-60 ж.ж. фольклортану; 1970-90ж.ж. фольклортану; Қазіргі кезеңдегі фольклортану (1990-2007ж.ж.).
7. Практикалық (семинар сабақтарының) тапсырмалардың мазмұны 1-тақырып: Фольклор мен әдебиет Сабақтың мақсаты: Ф жазба әдебиетпен ұқсастық, айырмашылығын, өзара байланысын меңгерту арқылы оның поэтикасы, жанрлары, халық өміріндегі орнымен тереңірек таныстыру.