10. Сұраулы сөйлемдер, жасалу жолдары, мағыналық түрлері Бір нәрсе жайында сұрап білу мақсатында айтылған сөйлем сұраулы сөйлем деп аталады.
Сұраулы сөйлемге тән негізгі белгілер: 1) бір нәрсе жайында сұрап білу мақсатында айтылады; 2) сұрау есімдіктерінен және ма, ме, ба, бе, па, пе, ше (мы, мі, бы, бі, пы, пі, ші) сұраулық демеулік шылауларының қатысуымен жасалады; 3) сұраулы сөйлемнің өзіне тән интонациясы болады: бас жағы көтеріңкі айтылып, соңғы жағы бәсеңдемей, көтеріңкі қалыппен аяқталады; 4) сұраулы сөйлемнен соң сұрау белгісі қойылады.
Сұраулы сөйлемдер негізгі сұрақты, жетек сұрақты, анықтауыш сұрақты болып бөлінеді.
Негізгі сұрақты сұраулы сөйлем – бір нәрсе, оқиға, іс туралы мәлімет алу үшін қойылған бастапқы сұрақты сөйлем. Мысалы: Бізбен бірге саяхатқа барасың ба? Қазақтың қандай ұлттық аспаптарын білесің? Балаңыз мектепті қашан бітірген? Бұл сөзбен не айтпақсыз?
Негізгі сұрақ сұрау есімдіктерінен және ма, ме, ба, бе, па, пе, ше шылауларының қатысуымен жасалады.
Жетек сұрақты сұраулы сөйлем – негізгі сұраққа жауап алу үстінде қосымша туған ойға байланысты сөйлем. Мысалы:
– Іссапарға кімдер барады?
– Жас қызметкерлер барады.
– Біздер ше?
Жетек сұрақты сөйлем толымсыз болып құралады, көбіне тек сұрақ мағыналы сөзден ғана тұрады. Жетек сұрақ ше шылауының қатысуымен жасалады.
Анықтауыш сұрақты сөйлем – екінші жақтың сөзін анықтап алу үшін қойылған сұрақты сөйлем. Мысалы:
– Бұл ойды кім айтты?
– Тілек айтты.
– Тілек?
– Иә, Тілек.
Айтушының түрлі көңіл күйін білдіру мақсатында айтылған сөйлем лепті сөйлем деп аталады.
11. Қабыса байланысқан сөз тіркестері
Сөз тіркесі құрамындағы бағыныңқы сыңардың басыңқы сыңармен жалғаусыз, іргелес тұрып орын тәртібі тәсілі арқылы байланысуы. Сөз тудырушы формалары жоқ немесе аз тілдерде бұл тәсілдің атқарар қызметі ерекше. Қабысу синтаксистік байланыстың жиі қолданылатын түрінің бірі. Тіл фактілеріне жүгінетін болсақ, кез келген сөздер жалғаусыз, шылаусыз орын тәртібі тәсілі арқылы байланысқа түсе бермейді. Олар өзара тіркесу үшін мағыналық жақтан да, грамматика жақтан да сәйкестікте болуы керек, әрі ондай сөздер іргелес тұрып, араларына сөз салмай, белгілі бір ырғақпен айтылуы қажет. Мағыналық тұрғыдан байланысы бар сөздердің басын құрастыруда ұйтқы сөздің қай сөз табынан болуының үлкен мәні бар. Осымен байланысты іштей қабыса байланысқан есімді сөз тіркестері және қабыса байланысқан етістікті сөз тіркестері болып екі салаға белінеді. Қабысу байланысқан есімді сөз тіркестерінің басыңқы сыңарлары әр уақытта есімдер, олардың ішінде зат есімдер болып келеді. Өйткені зат есімдер өзінің лексика-грамматика мағынасына орай түр, түс, сын, сапаны білдіретін сын есімдермен, анықтауыштық қызметте жұмсалатын сан есім, зат есім, есімшелер, есімдіктермен тіркесуге бейім тұрады да, анықтауыштық қатынастығы сөз тіркестерін құрайды. Қабысу байланысқан сөз тіркестерін құрастыруда етістіістердің де атқарар қызметі мол. Әр түрлі іс-әрекеттің, қимылдың мәнін айқындау үшін етістіктер ұйтқы сөз ретінде үстеулермен, көсемшелермен, еліктеу сөздермен, ретіне қарай сан есім, сын есімдермен тіркесе береді. Жоғарғы оқу орындарына арналған "Қазіргі қазақтілі" (1992, 82-6.) оқулығында ағаш кесу, пішен ору, үй салу, газет оқу тәрізді тіркестер қабысудың қатарында қаралған. Сырттай қарағанда осылай етуі орынды да, алайда осылардың іргелес тұрып жымдаса байланысуы бағыныңқы сыңар құрамынан табыс септік жалғауының түсіп қалуымен тікелей байланысты. Егер аталған сөз тіркестерінің бағыныңқы сыңарларына табыс септік жалғауын жалғайтын болсақ, тіркес құрамындағы сөздердің байланысы солғындайды, арқауы босайды, араларына өзге бір сөз кірістіруге болады: ағаш кесу - ағашты балтамен кесу. Жоғарыда келтірілген мысалдар табыс септігінің жалғаулы түрінде болсын, болмаса жалғаусыз түрінде қолданылсын, бәрібір, тек бір ғана мағынаны, бір ғана синтаксистік қатынасты білдіреді, ол тура объектілік мағына, толықтауыштық қатынас. Сонымен аталған тіркестердің қандай қолданыста болмасын тек толықтауыштық қатынаста жұмсалуы, сондай-ақ бағыныңқы сыңар құрамына қиналмай, кедергісіз табыс септік жалғауының жалғануы мұндай типті тіркестердің қабысуға емес, меңгеруге жататындығын көрсетеді. Алайда бұдан бір сөз тіркесі екінші сөз тіркесіне ауыспайды деген пікір тумаса керек. Тіл дамуы барысында бір құбылыстың екінші бір құбылысқа ауысып, көшіп отыруы-заңды нәрсе. Мысалы, кешке келеді, түнде кетеді, бұрыннан біледі, кезекпен сөйлейді, етпетінен құлады тәрізді сөз тіркестерін алатын болсақ, бұлар тарихи тұрғыдан меңгерудің қатарына жатқан да, кейіннен қабысудың немесе жанасудың қатарына көшкен. Бұған бағыныңқы сыңар құрамындағы септік жалғауларының өзіндік мағыналарынан алшақтап, жалғанып тұрған сөздерімен тұтасқан қалпында үстеуге айналуы себеп болған. Қабысу байланысқан сөз тіркестері тіркес құрамындағы сөздердің құрамына қарай жалаң және күрделі болып екіге бөлінеді: жібек орамал, ағаш күрек — жалаң, темір қанат балапан, жалғыз аяқ жол, сылқ-сылқ, күлу-күрделі. Сөз тіркесі құрамындағы сөздердің мағыналық жағынан әркелкі болуына қарай қабысу байланысқан сөз тіркестері әр түрлі қатынаста жұмсалып, әр түрлі мағынаны білдіреді. Мысалы, қабысу байланысқан есімді сөз тіркестері, негізінен, анықтауыштық қатынаста жұмсалады да, қабысу байланысқан етістікті сөз тіркестері пысықтауыштық қатынасты білдіреді. Мысалы, биік үй, алтын сағат, бесінші орын, осы бала, көреген жігіт анықтауыштық қатынаста, шапшаң жүреді, еріксіз күледі, зыр жүгіреді, мүлтіксіз орындайды, күле қарайды, ыржиып күледі пысықтауыштық қатынаста жұмсалып тұр. Сонымен қабысу жанасудан араларына сөз салмай жымдаса байланысуымен, іргелес тұруымен, негізінен, шылаусыз байланысуымен, бір ырғақта болуымен ерекшеленеді.