Өйткені, себебі деген жалғаулықтар арқылы құрмаласатын жай сөйлемдердің соңғысы іс-әрекеттің себебін білдіреді де, алдыңғысы сол себептен туған нәтижені, салдарды білдіреді. Мысалы: Оның толқығанын Әмір байқаған жоқ, өйткені ол аң-таң болып барлық назарын Әбдірахманның түрінің жан танымастай өзгеріп кеткеніне аударды. Деревняға кештетіп кірген отрядтың Белов бастаған ат, азық жинаушы топ екеніне ол шек келтірген жоқ, өйткені сол маңда бұлардан басқа қарулы солдаттар болмайтын. (Х. Есенжанов.) Сәдірбайға мен жақтым, өйткені құранды бірсыдырғы әдемі оқитын даусым бар. Бұл кезде Шәйін ағай киім тігумен ғана шұғылданды, өйткені ол ел ішінде «құдайдан безген» атанды. (С. Мұқанов.) Оның бұл сөзді не үшін егіле айтқанын, не үшін оның дір ете қалғанын Тайман сезген жоқ, өйткені ол Сәуленің өзінің болашақ келіні екенін білмейтін-ді. (Ә. Әбішев.) Бұл мысалдағы салалас сөйлемдердің барлығында да әуелі болған, істелген іс-әрекет, жай-күй айтылады да, соңынан оның солай болу себебі, ненің нәтижесінде, неліктен солай болғандығы баяндалады:
Сондықтан, сол себепті жалғаулықтары да екі жай сөйлем арасында қолданылады да, өзінен кейінгі жай сөйлем кұрамына енеді. Бұл жалғаулықтар құрамына енген компоненттер алдыңғы компоненттегі іс-әрекет арқасында туатын немесе туған нәтижені, салдарды білдіреді. Мысалы: Менің кім екенімді қысқаша түрде Жұмабайға әкесі айтып берді, сондықтан ол менен қымсынбай сөйледі. (С. Мұқанов.) Үлкен еңбегі әперген беделі де үлкен еді, сол себепті қарауындағы жұмысшылардың барлығы оның айтқанын заң көретін-ді. Өткен түні Шалтайды түсінде көрген еді, сондықтан сол күдік көңілінен, әсіресе бүгін кетпей қойды. (Ә. Әбішев.).
Сонымен, өйткені, себебі деген жалғаулықтар бірінші сөйлемдегі іс-әрекеттің себебін, неліктен олай болғандығын білдіретін жай сөйлем құрамында айтылса, сондықтан, сол себепті жалғаулықтары бірінші сөйлемдегі іс-әрекеттің себебінен туған нәтижені, салдарды білдіретін жай сөйлем құрамында айтылады. Сөйтіп, бұл екі топ жалғаулықтың бір-бірінен өзгешелігі бұлар араласқан салалас сөйлемдегі себепті білдіретін компонент пен сол себептен туған нәтижені, салдарды білдіретін компоненттің орналасу тәртібінде. Өйткені, себебі жалғаулықтары арқылы жасалатын салалас сөйлемде бірінші компонент нәтижені білдіреді де, екінші компонент сол нәтиженің себебін білдіреді, ал сондықтан, сол себепті жалғаулықтары арқылы жасалатын салалас сөйлемде алдыңғы айтылғанға керісінше, біріңші компоненті себепті, екінші компоненті сол себептен туғаннәтижені білдіреді. Осы айтылған өйткені, себебі, сондықтан, сол себепті жалғаулыктары арқылы жасалған салалас сөйлемдер себептес салалас сөйлем деп аталады.