Синтаксистік парадигмалар


Түсіндірмелі  мəнді  құрмалас  сөйлемдер



Pdf көрінісі
бет212/374
Дата07.01.2022
өлшемі2,27 Mb.
#17280
түріМонография
1   ...   208   209   210   211   212   213   214   215   ...   374
Байланысты:
Paradigma2015-1

Түсіндірмелі  мəнді  құрмалас  сөйлемдер.  Бір  компонентiнде  баян-
далған оқиғаның мəнi келесi сөйлемде айқындалып, түсiндiрiлiп отыра-
тын түсiндiрмелi мəнді құрмаластар салаласа да, сабақтаса да байланы-
сады. Қазақ тiлiнде үнемi жалғаулықсыз қолданылатын салалас сөйлемге 
тек түсiндiрмелi салалас қана жатады. Түсiндiрмелi салалас алғашында 
iлiктес,  анықтамалы  болып  əртүрлi  аталып  келдi.  Құрмалас  сөйлемнің 
мұндай  түрінің  сабақтаса  да  байланысатынын  жəне  бағыныңқы  сөй-
лемнің  өзге  түрлеріндей  емес,  айқындаушы,  түсіндіруші  қызмет  ба-
сыңқының үлесіне тиетіндігін айтқан ғалым – Қ.Есенов.
Түсіндірмелі құрмаластардың жасалу жолдары:
1) Алғашқы компонентiнiң баяндауыштары сол, сондай, сонша есiмдiк, 
үстеу  сөздерiнiң  қатысы  арқылы  жасалады.  Мысалы:  Жиын-тойларда 
жарқ етіп, бірден көзге түсетіні соншалық, оның қасында бозбала жі-
гіттердің өзі көмескі тартып, көрінбей қалатын (Қ.Жұмаділов). Саған 
ашып айтарым сол: мен осында қаламын (Ə.Əбішев). Бар өмірін жапа 
шеккенді ақтауға арнаған Демосфеннің сұңғылалығы сондай – ол алдына 
арызбен келген адамның дауыс ырғағына қарап, сотта қаралғалы тұрған 
істің салмағын өлшеп-пішіп, біліп отыратын болған (Ш.Айтматов).
2)  Алғашқы  компонентiнiң  құрамында  мынандай  жалпылауыш  сөзi 
қолданылып, келесі компонент оның мəнін ашып тұрса, кейде ол сөз жа-
сырын тұруы да мүмкiн. Мысалы: Ұлым мынадай өтініш жасады: несіне 
асығамыз, мəйітті жəне бір күн түнетейік (Д.Досжан). Сізге бір таңға-
жайып дүние айтайын: екі жарым мың жыл сақталған бал табылды 
(«Ана тілі»).
3) Алғашқы компонентiнiң баяндауыштарында түсiндiрмелi мəндегi 
есiм, етiстiк сөздер де қолданылады. Мысалы: Бұл байғұстың інінен бе-
зіп аяқ астында жүргені несі деп ойлаған: жер астынан қатер сезсе, 
жылан, тасбақа іннен безіп кетеді деуші еді (Д. Досжан). 
4)  Анафоралық  есімдіктер  арқылы  жасалады.  Мұндайда  алғашқы 
компонент сұраулы сөйлем формасында тұрады да, екінші компонентте 
сол сұраудан туындаған нұсқау баяндалады. Мысалы: Кім алманы қуады, 
сол ойыннан шығады («Жыл он екі ай»).
Жеңіс қай жақта болса, мен сол жақтамын. Өмір саған қандай қым-
бат болса, өміріңнің жалғасы бала да сондай қымбат (Үнді нақылы). 
5) Алғашқы компоненттің шартты рай формасындағы баяндауышы 
келесі  компонентке  нұсқап  тұрады,  ал  екінші  компонент  бірінші  ком-
понентте  нұсқалған  ойдың  жауабы  ретінде  қолданылса.  Мұндайда 
екінші компонент, негізінен, есім баяндауышты болады. Мысалы: Қа-
зақ халқына онша дарымай қалған бір кəсіп болса, ол – омарташылық 
(«Ана тілі»). 
Қазіргі тіліміздің даму үрдісі күрделі ойдың компоненттерін ерекше 
түсіндірмелі салалас құрмалас сөйлемдердің бар екендігін айқындайды. 
Əсіресе ауызекі сөйлеу тілінде түсіндірме мəнді құрмаластың формалық 
түрі көп.
Мұндай  түсіндірмелі  құрылымдар  тығыз  синтагмалық  қатынасқа 
негізделеді.  Алғашқы  компонент  сұраулы  сөйлем  болса,  екінші  компо-


252
253
Қазіргі қазақ тіліндегі синтаксистік парадигмалар
І бөлім. Дəстүрлі синтаксистік парадигмалар
нентте  оның  тыңдаушыға  қатысты  əрекеті  емес,  сөйлеуші  тарапынан 
тыңдаушыға нұсқау беріледі. Мысалы: Адамың келе ме, соны айтсаңшы 
(А.Нұрманов). Не мұқтажыңыз бар, соны айтыңыз (А.Нұрманов). Егер 
алғашқы  компонент  тілек,  жалыныш  мəнінде  болса,  екінші  компонент 
соған итермелеген жағдайды түсіндіреді. Мысалы: Аясайшы, бейуаз ек 
қой  (Ж.Аймауытов). – Келсейші,  бөтенситін  жат  емессің  ғой  («Қазақ 
əдебиеті»).
Егер  мұндай  сөйлемдердің  екінші  компонентін  өзгертсек,  сөз 
жоқ,  мағыналық  қатынас  та  өзгереді:  Адамың  келе  ме,  күтейік.  Не 
мұқтажыңыз бар, көмектесейік. Аясайшы, мен де өзіңдей бейуаз ем ғой. 
Келсейші,  шай  ішейік.  Өзгерген  компоненттер  алғашқы  компонентпен 
түсіндірмелі мəнде емес, ыңғайластық мəнде тұр. 
Түсіндірмелі  мəндегі  сөйлемдердің  арасындағы  функционалдық 
қатынастардың  түзілуіне  төмендегі  жайттар  себеп  болады:  компо-
ненттердің  біріндегі  нысан  екіншісінде  кеңейтіле  баяндалады  немесе 
екінші  компонент  бірінші  компоненттегі  кез  келген  сөйлем  мүшесін 
түсіндіреді, толықтырады не анықтай түседі, нəтижесінде компонент-
тер арасында субъект-предикаттық, нысандық не атрибутивтік қатынас 
түзіледі:
1) Субъект-предикаттық қатынастағы құрмаластарда сілтеу есімдігі-
нен, өзге де есім сөздерден жасалған бастауыш не баяндауыштың мəні 
келесі компонентте ашылады. Байлам мынау: ертең Темірлан жұртын 
стадионға митингке шақырамыз // Мынау байламымыз: ертең Темірлан 
жұртын стадионға митингке шақырамыз (О.Бодықов).
2)  Субъект-предикаттық  қатынастағы  құрмаластарда  етістіктен  жа-
салған  баяндауыш  арқылы  субъектіге  (не  субъектілерге)  келесі  компо-
нентте нақтылы ұсыныс, ескертпе берілуі мүмкін. Мысалы: Есіңде бол-
сын, бастық екі айттырғанды ұнатпайды (С.Сарғасқаев). 
3) Нысандық қатынастағы құрмаластарда алғашқы сөйлемдегі субъ-
ектінің  ойлау,  қабылдау  не  сөйлеу  мазмұнын  аша  түседі.  Мұндайда 
алғашқы  сөйлемнің  баяндауышы  негізінен  тура  нысанды  қажет  ететін
сабақты етістіктерден жасалады. Мысалы: Жұрттан естідім, неше сиыр-
ды сойыпты (М.Қожахметова). Кластағы белсенділерге айт, мені ком-
сомол  жиналысына  салсын,  талқыласын,  түзетуге  тырыссын  (М.Ай-
ымбетов).
4) Атрибутивтік, нысандық қатынастағы түсіндірмелі мəндегі құрма-
ластардың алғашқы компонентінде атрибуттық не нысандық мəндегі сіл-
теу есімдігі жұмсалады: Лаура, Қуат, мен – үшеуміздің ойлап-ойлап тап-
қанымыз, əрі сөз байласқан мынадай уəдеміз болды: жаз бойы пионер 
лагеріне бармай, Молдабаевтың күнделігіне байланысты іздеу, анықтау 
жұмыстарын өздеріміз жүргіземіз (М.Айымбетов). Мынаған мəн беру 
керек: отаншылдық құр ұранға айналмасын («Ана тілі»).
5)  Атрибутивтік  қатынастағы  түсіндірмелі  мəндегі  құрмаластарда 
екінші компонент бірінші компоненттегі бір мүшені, көбінесе, бастауыш 
пен  толықтауышты  анықтайды.  Мысалы:  Сөзімізде  тұрайық:  біріміз 
бəріміз үшін! (С.Сарғасқаев). Дүние шіркін қолдың кірі секілді емес пе: 
жусаң, кетеді.
Түсіндірмелі  мəндегі  құрмаластардың  тілдік  қолданыстағы  жұмса-
лымдық ерекшелігі ретінде мынаны көрсетуге болады: қандай қатынас-
тағы  болмасын  жалпы  түсіндірмелі  мəн  білдірудің  орталық  өзегінде
аналитикалық-синтетикалық тəсіл тұрады, өйткені қандай формада тұр-
масын,  түсіндірілетін  компонент  бұрын,  түсіндіретін  компонент  кейін 
тұрады. Содан кейінгі орынға сілтеу есімдіктері ие болады, ал сөз тапта-
ры мен сөйлем мүшелеріне қатысты алғандағы белгілері онымен салыс-
тырғанда шеткері аймақта орын алатыны сөзсіз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   208   209   210   211   212   213   214   215   ...   374




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет