Чукалов-Кюстнер белгісі. Егер де алақан қырымен жатыр үстін шат жігінің жоғарғы жағынан басқан жағдайда плацента жатыр қабырғасынан бөлінген болса, бала жолдасының кіндік бауы жоғары тартылмайды. Ал егер плацента толығымен бөлінбеген болса, кіндік бауы керісінше, кері қарай тартылады.
Довженко белгісі - әйел терең дем алған кезде бала жолдасының кіндігі жоғары тартылмаса, бала жолдасының бөлінгені деп есептеледі.
Бала жолдасының қалыпты бөліну кезеңінде нәресте туғаннан кейін плацентаның бөліну белгілері байқалады, 1-2 күшенуден кейін бала жолдасы туады. Егер де плацента бөлінуі кешігіп, қан кетулер болмаса және әйелдің жағдайы жақсы болса, бала жолдасының бөлінуін 1 сағатта күтуге болады.
Плацента толығымен бөлінген жағдайда бала жолдасы өздігінен түспейтін болса, келесі тәсілдер қолданады:
Абуладзе тәсілі. Қуықты босатқаннан кейін жатырды сипалап, уқалап, содан кейін құрсақ еттерін ұзынынан бүктеп көтеріп, әйелді күшендіреді. Бұл ретте жатыр қабырғасынан бөлінген бала жолдасы тез түсе қалады.
Креде-Лазаревич тәсілі. Қуықты босатқаннан кейін дәрігер жатырды уқалап, оның деңгейін ортасына келтіреді. Акушер босанған әйелдің сол жағынан тұрып (бетімен аяғына бұрылып), оң қолдың бас бармағын жатырдың алдыңғы қабырғасына, ал алақанды жатыр түбіне орналастырып, жатыр түбін алға және төмен қарай басады. Осы әрекет арқылы бала жолдасын тудырады.
Бала жолдасының бөліну ағымының қалыпты кезеңінде бала жолдасы түгелімен туылады. Нақты болу үшін дәрігер бала жолдасының бөлшектері мен қағанақ қабықшаларын түгендеуі қажет. Ол үшін бала жолдасын кіндік бауынан ұстап жоғары көтеріп, оның жатырдан ажыраған жерін, олардың бүтіндігін тексереді, сонымен қатар плацентаның қосымша бөліктеріне көңіл аударады. Қабықшаны тексергеннен соң, плацентаны қарайды. Алдымен бала жолдасына қараған бетін, соңынан аналық бетін қарайды. Аналық бетін қарау үшін қағанақ қабықшасын жыртып, бала жолдасының үстіне ұйыған қандарды алып тастап, мұқият тексереді. Плацентаның аналық беті қалыпты жағдайда тегіс, жылтыр, күрең қызыл түсті болуы керек.