Стилистиканың даму бағыттары мен түрлері, шектес ғылымдармен байланысы Қазақ тіл ғылымында стилистиканың бағыттары бойынша М.Балақаев, М.Томанов, Е.Жанпейісов, Б.Манасбаев, Р.Сыздықова, М.Серғалиев, Б.Шалбай т.б. еңбектері бар. Қазақ тілі ғылымында стилистиканың екі бағыты бар: бірі – қазіргі стилистиканың орталық бағыты – функционалдық стилистика, екіншісі – ресурстар стилистикасы. Тіл ресурстар стилистикасы сөздердің мәтіннен тысқары күйіндегі қызметін айқындайды.
Стилистиканың жалпы стилистика, салыстырмалы-салғастырмалы стилистика, ішінара стилистика, дара стилистика, экспрессивті стилистика, көркем әдебиет стилистикасы т.б. бағыттары бар.
Дара стилистика – автордың не жеке шығарманың немесе бір жанрдың стилистикасын зертеудің нысаны. Дара стиль жеке адамның ақыл-ойын бірініші кезекке қояды. Р.Әміров ауызекі сөйлеу стилін дара стиль ретінде қарайды. Дара стиль жазушының, ғалымның, деректі сөйлеушінің т.б. стилі. Дара стиль – танымдық-стильдік, аналитикалық-синтездік іс-әрекет қызметі. Автор дара стильдің прагматикалық аспектісіне жету үшін еңбегін, шығармашылық қабілетін концептуалды энциклопедиялық масштабта көрсетеді. Көріктеу, шеберлік тәсілдері көркем әдебиет стилінде ғана кездеспейді, барлық стильде коммуникактивті-прагматикалық, эстетикалық мақсатпен пайдаланылады әрі экспрессивті стилистикада жан-жақты көрініс табады.
Орыс тілі ғылымында экспрессивтік стилистика теориясының аспектілері Т.Г. Винокур, О.А. Лаптева, А.П. Сковородиков, К.А. Долинин, Т.Г. Хазагеров еңбектерінде жан-жақты сөз болып жүр.
Стилистиканың даму бағыттарының пайда болуына психология, когнитивті психология, гносеология ғылымдары ықпал етті. Адамның тілді еркін меңгеруі, шығармашылық түрде қолдануы, ойлау стилі мен жеке стильді қалыптастырады. Е.С.Кубрякова «адамның ой-санасы ментальды процестермен тікелей байланысты когнитивті ғылым-таным, ойлау, елестету, тапқырлық бірнеше ғылымдардың тоғысуын талап етеді» [3, 34-б,], - деген еді. Гносеология – білім, логика, таным мәселелерінің жиынтығын қарастырады, адамның әлемді тану мүмкіндіктерінің заңдылықтарын және шындық, көзін жеткізу танымының критерийлерін оқып үйретеді. Адам сөзін ақиқат пен жалғанға құруы белгілі прагматикалық мақсатын қамтамасыз ету үшін қолданады.
Стилистика өзінің зерттеу саласында шекаралық деңгей ұстамайды, басқа ғылымдармен өзара байланыста болады. И.Р. Гальперин лингвистиканың құрылымдық негізінің «шайқалуына» стилистиканың әсер еткендігін айтады: «Именно стилистика начала расшатывать основы структурной лингвистики» [4, с.145]. М.Н.Кожина, Л.Г.Лузина, Д.Н.Шмелев және т.б. стилистика психолингвистика, әлеуметтік линвистика, прагматика саласында зерттеу керектігін дәлелдеді.