Студенттердің терең білім алуы үшін бірқатар пәндердің кейбір тақырыптарын меңгеруіне тура келеді



бет8/106
Дата16.10.2023
өлшемі1,24 Mb.
#116524
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   106
Байланысты:
367986 (2)

Тіл мен сөйлеу. Тіл – адамзат қоғамында қатынас, сөйлесіп пікір алысудың құралы. Тіл мен қоғам өзара тығыз байланысты, біріншіден, тілсіз қоғам өмір сүре алмайды. «Тілсіз ұлт құрымақ!» Тіл – адамзат қоғамының өмір сүруінің қажетті шарты. Екіншіден, тіл қоғам бар жерде ғана өмір сүруінің шарты.
Тіл – тірі тарих. Онда халықтың ғасырлар бойы жинақталған іс-тәжірибесі мен даналығы бар. Онда оны жасаушы халықтың тарихы, шежіресі, бүкіл өмірінің жаңғырығы мен ізі, арманы мен алдағы үміті, қайғысы мен қуанышы, күллі рухани өмірінің үні естіліп тұрады.
«Тіл тек қатынас құралы болып қоймайды, сонымен бірге ол логикалық ойлауды дамыту құралы болып табылады. Өйткен, сөз дарындылығының өрлеуі ойлау логикасымен тығыз байланысты. Өз заманында «логикалық ойлау – логикалық сөйлеудің негізі, ал мұны логикалық сөйлеуді отандық тіл ұстазы дамытуға тиіс», - деп көрсеткен педагог К.Д.Ушинский.
Тіл қарым-қатынас құралы болып табылса, сөйлеу деп тіл арқылы ойымызды басқа біреуге жеткізуді айтамыз. Сөйлеу – пікір алысу процесінде жеке адамның тілді пайдалануы [12, 162-б.].
Адамға тән сөйлеу әрекетіне екі сипат тән. Бұларсыз сөйлеу өзінің қызметін дұрыстап атқара алмайды. Бірінші, сөйлеудің мазмұндылығы, екіншісі, оның мәнерлілігі. Айтылатын сөзде мазмұн болмаса ол өзіндік мәнін жояды. Ал сөздің мазмұндылығы дегеніміз – сөз болып отырған айналадағы зат не құбылыстың немесе іс-әрекеттің мәнді белгілерін сөз етуді айтамыз. Өйткені айтылатын ойға негіз болып отырған зат не құбылыстың негізгі белгісі – қасиеттері оның басты мазмұнын құрайды.
Сөздің мәнерлілігі дегеніміз – адамның сөйлеу кезіндегі эмоциялық қалпын білдіре алуы, яғни әрбір сөйлемді өзінің сазымен айта алуы. А.А.Макаренко бұл жөнінде: «...сіздің сөзіңізден өзіңіздің еркіңізді, сіздің мәдениетіңізді, сіздің жеке ерекшелігіңізді сезіне алатындай болу керек»,- деген болатын.
Сөйлеу алдымен сырттай және іштей сөйлеу болып екіге бөлінеді.Сырттай сөйлеу ауызша және жазбаша сөйлеу болып, ал ауызша сөйлеудің өзі диалог және монолог болып екіге бөлінеді. Диалог деп екі немесе одан да көп адамдардың кезектесіп пікір алысуын айтсақ, монолог деп бір адамның өз ойын, пікірін ұзақ уақыт жүйелей, сабақтап баяндауы. Ол баяндама, әңгіме, ұзақ сөз сөйлеу формасында көрінеді.
Сөйлеудің ерекше түрі – жазбаша сөйлеу. А.Байтұрсынов: «біздің заманымыз – жазу заманы, жазу болса сөйлеу ауызша сөйлеуден артық дәрежеге жеткен заман», - деп бекер айтпаған. Жазбаша сөйлеу ауызекі сөйлеуге қарағанда күрделі процесс [13, 142-б.].
Іштей сөйлеу деп – тілдік материалдар негізінде адамның өзімен-өзі сөйлесіп, пікір алысуын айтамыз. Іштей сөйлеу адамдармен тікелей қарым-қатынас жасауға бағытталған. Оны адам өзімен-өзі ақылдасу, ойлау әрекетінің ішкі мақсаты үшін пайдаланады. Бұл ғылыми тілде диекурсивтік ойлау процесі деп аталады. Өйткені мұнда ой ағымы болады, әлде бір шешім тауып, пікірін білдіруге сөз, сөз тіркестері мен сөйлемдер таңдайды.
Ауызша сөйлеу мәдениеті сөйлеген кезде орфоэпиялық қағидаларын сақтап, мәнерлеп сөйлеумен байланысты. Ауызша сөйлеу тілі: 1. Әдеби тілде сөйлеу. 2. Ауызекі сөйлеу тілі болып бөлінеді. Әдеби сөйлеу тілінің де сан алуан түрлері бар. Олар: лекторлардың, үгітшілер мен баяндамашылардың, әртістердің т.б. тілі болып бөлінеді. Әрқайсысының сөз қолдану ерекшелігі, айтайын деген ой-пікірін тыңдаушыларына жеткізу әдіс-тәсілдері әр түрлі болғанымен, бәріне ортақ заңдылық – орфоэпия нормаларын сақтау. Орфоэпия дегеніміз – сөздердің жалпыға бірдей қалыпты айтылу нормасы. Сөздердің әдеби тілдегі жалпыға ортақ қағидада сөйлеу-кісінің тіл мәдениетінің жоғары екендігінің белгісі. «Сөздердің айтылу нормасы былай болу керек, - дейді М.Балақаев: - Құлаққа жағымды, көңілге қонымды атылғанның бәрі – норма, бәрі – дұрыс. Құлаққа жат не тосаң естілетін, көңілге қонбайтын, дөрекі айтылғанның бәрі – нормаға жатпайды» [14, 37-38-бб.].
Сөз қалай жазылса, солай оқуды тіліміз көтере бермейді. Олай дейтініміз қазақ тілі – болмысында, табиғатында үнді, әуезді тіл. Оның айтылуында өзіндік әсем үн бар, қалыптасқан жатық әуен бар. Оның негізі мынада: сөздердің құрамындағы дыбыстар өзара үндесіп, біріне-бірі ықпалын тигізе айтылады. Мысалы, қазақ тіліндегі жуан, жіңішке, еріндік, езулік дауыстылардың сөз ішінде өзара үндесіп айтылуы сөз сазына келтіріп сөйлеуге жатады. Сөз сазы дегеніміз – сөйлеу процесінде сөз ішіндегі немесе сөз аралығындағы дыбыстардың бір-біріне әсер етіп, бірін-бірі өз ыңғайына иіп алуы. Мұның өзі бір жағынан сөйлеу мүшелерінің жұмысын жеңілдету көзделсе, екіншіден тыңдаушы адамның құлағына жұмсақ тиіп, сөзге әуенді үн береді. Мысалы, «төрде төртеу отыр төремін деп» дегеннің айтылуы: төрдө төртөу отұр төрөмін деп. Бұл сөздердің құрамындағы дауыстылар былайша үндескен: төр, төртеу, төре сөздерінің басқа буындарында жіңішке еріндік болғандықтан, олардан кейінгі буындарда да жіңішке еріндік болып айтылады: төрдө, төртөу, төрө; ал отыр сөзінің бірінші буыны жуан еріндік о болғандықтан, одан кейінгі буындағы ы дыбысы жуан ұ болып айтылады, алайда жазуда бұлардың бәрі «Төрде төртеу отыр төремін деп» деген қалпында жазылады.
Мәнерлеп сөйлеу, дыбыстардың қырын сындырып айту ежелгі ауыз әдебиеті үлгілерінен, шешендік сөздерден келе жатқан заңдылық. Сөзді қандай қатесіз жазу қажет болса, оны құлаққа жағымды, әуезді, мәнерлі етіп айту да сондай қажет. Дыбыстардың «қырын сындырып» айту (құрғол – құр қол ем ес, енгерек – не керек емес), қатар тұрған дауысты дыбыстың бірін түсіріп қолдану (дәметкен – дәме еткен емес, Сарағаш – Сарыағаш емес), ерін үндестігін сақтау (күрөк – күрек емес, жұлдұз – жұлдыз емес) сияқты орфоэпия заңдылықтарына көңіл бөлу міндетті. Сөйлеген кезде сөйлемдегі сөздердің бір-бірімен қиюласып ритмикалық бір топ құрып, бір ырғақпен (торалат – торы ала ат емес) айтылуын да қадағалап отыру қажет.
Сөйлеу процесінде сөздер екі-үштен топтасып бір ырғақпен айтылуын ритмикалық топ деп атаймыз. Мысалы, айтылуда: келалмады – келе алмады емес, баралмады – бара алмады емес.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   106




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет