Table of Contents тар жол, тайғАҚ кешу роман-эссе (1927) тарту



бет33/53
Дата22.09.2023
өлшемі419,1 Kb.
#109714
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   53
«Протокол
Вербовский поселкесінің, Ставрополь болысының, Темір уезінің № 26 протоколы. «Алашорда» әскері біздің поселкені басып жүргенде, бір отряды біздің поселкеде законнан тыс іс қылды. Дүре соқты. Жұрттың көзінше Самохвалов деген шалды сабап салды. Оның Яким деген баласын сабап салды.
Бұларды осымен докторға көрсетсін деп және майдандағы әскерлердің командующиі полковник Фаддейұлына көрсетсін деп жіберіп отырмыз...
Уақытша граждан комитетінің төрағасы: Пұлдышұлы, 1919 жыл, 22 июнь.
Дұрыс көшірілді. Хатшы: Коновалов...»
Және бір поселкенің «Алашорда» милициясының істеген істері туралы жазған приговорын келтірейін. Приговор біртүрлі олақ жазылған. Сонда да мәнісіне түсінуге болады.
«Приговор
1919 жыл, 22 июнь. Біз, төменде қол қоюшы Темір уезінің Измаил болысының граждандары волосной сотта болдық. Жиылысқа Коростой төрағалық қылды. Жиылыста мынандай қарар шығардық: өткен майдың бірі күні, Ойылдың милициясы келіп, біздің болыстан сегіз жүз (800 п.) пұт бидай, он ат (10 ат), сайманымен екі арба (фургон), үй басына жүз сомнан (100 ) ақша алды. Николай ақшасын сұрады. Бізде жоқ болған соң, біз хал-жайымызды айттық. Екінші, біздің айтқан сөзімізге милиция болмай, талқандап үйлерімізді тінтті. Тінтіп жүріп, милиция өзіне ұнаған нәрселерінің бәрін ала берді: ақша, киім және басқа нәрселер. Және әйелдерді зорлады: жоғарғы айтылған 800 пұт бидай төрт-ақ үйден алынды. Сол себепті бұл бидайдың қайда, қалай бөлінгенін бізге білдірсе екен. Осылар туралы казак-орыс әскерінің жоғарғы штабының (басқармасының) алдында баяндама қылып, жөн біліп келуге Степан Середа деген жігітті сайладық. Қол қойдық (хат білмейді): Прокул Понтаренко, Устим Тырский және басқалар.
Төрағасы: Коростов.
Хатшысы: Зонамыров.
Дұрыс көшірілді. Хатшы: Коновалов».
Міні, «Алашорда» әскері мен милициясының жұмыстары осындай. Бірақ бұларға не кінә бар?.. Хан бұйырады, ұлық жұмсайды. Әскер мен милиция — хан мен ұлықтың атқан оғы, шапқан қылышы. Олар қайтсін!..
«Алашорда» үкіметі «алып келден» басқаны білген жоқ. Жарлық, бұйрықтарының бәрі де ылғи: «алып кел», «шауып кел!»
Мәселен, «Күнбатыс Алашорданың» әскери бөлімінің 19 маусымда жазған 59-нөмірлі бұйрығында Темір уезінің Бородин болысынан он күннен қалдырмай «Әскери салық», «Тұяқ салық» жина дейді. Үй басынан жүз сомнан жина дейді. Және, «Ойылға 1300 пұт бидай жеткіз, мінетін бес ат жеткіз!» — дейді. Міне, бұл әншейін азырақ мысал үшін келтірілген мағлұматтар ғой...
«Күнбатыс Алашорда» сөйтіп, өзінше істей берді. Айтқандайын, Ойыл қаласында газет шығарды. Газетінің аты, жаңылмасам, «Жаңа қазақ» болса керек. Шығарушысы — Ахмет Мәметұлы деген.
«Күнбатыс Алашорданы» қысқаша болса да түптеп айтамын деп, аттап Колчак заманындағы әңгімелерге түсіп кеттім. Енді «Күнбатыс Алашорданы» осымен қояйын. Бұл «Алашорда» жоғарғы айтылған қалпында жүріп жата берді...
1919 жылы, Колчак әлсіреген кезде, Орал облысын большевиктер алған соң ғана ханның үкіметі бытырады. Сонан соң атылған Ипмағамбетұлының ағасы, Арғыншаұлы, Әйтейұлы, Хангерейұлы жарыққа шықты. Және «Алашордаға» қатыспаған біраз жастар — Бекұлы, Бекбатырұлдары большевиктерге кірді. Және «Алашордаға» не қатынаспаған, не жөнді қатынаспаған қазақ оқығандарының біразы большевиктерге қосылды. (Бұлар: доктор Ипмағамбетұлы, Әлібекұлы, Қасаболатұлы, Мырзағалиұлы және басқалар).
Енді Күншығыс Қазақстанға келейік. «Күнбатыс Алашорданы» айтам деп, азырақ аттап Колчак заманының әңгімесіне түсіп кеттім. Айтқанда Торғай «Алашорда» ісі туралы көп айтып уақыт алу қажет емес.
Торғай «Алашордасы» «Күншығыс Алашордасының» бұтағы саналады. Торғай «Алашордасының» басында Есполұлы, Дулатұлы, Байтұрсынұлы, Омарұлы Елдес болды. Олардың ішінде және толып жатқан Қостанай, Торғай оқығандары болды. Және бұларға Оралдан Қаратілеуұлы мен Кенжеұлы келіп қосылды. Бұлар да әскер жасады. Бұлар да елге түрлі салық салды. Бұлардың әскері де қалың бұқараның басына қамшы ойнатты. Қан қақсатты. Қылыш жұмсады. Реті келген кездерінде бұқара қазақтың қанымен қылыштарын қандады. Сібірді Колчак алып тұрғанда Оралдағы «Күнбатыс Алашорда» да, бұл Торғай «Алашордасы» да Колчакқа елші жіберіп, қатынас жасап тұрды... Бұларды айтқанда да, әлгі «Күнбатыс Алашорда» мінездерін қайта айтқандай боласың. Бұлар да «Алашорда» дәуірін ысқыртып жүргізді.
Енді 1918 жылдың бас кезіндегі, Совдеп заманындағы Ақмолаға қайта келейік. Ақмолада Совдеп дем алмай істеп жатты. Ақмола қаласының үркердей байларына көбіне көп, азына аздап, үш миллион сом контрибуция (салық) салдық. Ол кезде үш миллион сом көп ақша. Байлар жылады. Бірақ лаждары бар ма? Ақшаны тез әкеліп, Совдептің ақша бөліміне тапсырды. Және байлардың тәуір үйлерін керекті мекемелерге алдық. Банктер, машина, диірмендер алдымен алынған. Совдеп мәжілісі жиі болады. Көп сөйленеді. Жай халықта мәжілісті тыңдауға келіп тұрады. Кей уақытта тыңдап тұрған жұрттан да тілек қылған адам Совдептің төрағасынан сөз сұрап алып, сөзге қатысады. Совдептің есігі жұрттың бәріне бірдей ашық.
Қыс өтіп, жаз кірді. Омбы, Қызылжарменен қатынастарымыз жиіленді. Почта, газет алуымыз бұрынғыдан гөрі жөнделді. Ақмола губерниясының барлық далаларында Совет үкіметі әбден құрылды. Ақмола губерниясында әкімшілікті Совдеп алдымен Ақмола, Омбы, Қызылжар уездерінде қолына алды. Бұл уездерден кейін Көкшетау мен Атбасар уездерін де алды. Атбасар Совдепінен бізге бір-екі өкіл келіп, нұсқа алып кетті. Ақмола губерниясының Атбасар, Көкшетау уездерінде большевикке қосылған қазақтары шамалы болды. Атбасарда қазақтан большевикке қосылып, екпіндеп іске кіріскен — Майкөтұлы, Көкшетауда Совет туын көтеріп белсеніп майданға шыққан — Сабыр Шәріпұлы, Қызылжарда — қазақ жұмыскерлері мен Көбекұлы Ысқақ, Әлжанұлы Шаймерден, Омбыда — Көлбайлар және қазақ жұмыскерлері: Угар Жәнібекұлы, Зікірия Мүкейұлы, Ғалым Тәтімұлы және оқудағы Жанайдар, Қамза, Әбілқайыр, Таутандар.
Байларға контрибуцияны қаланың кішкенелігіне қарағанда Ақмола Совдепі көп салды. Біз ә дегенде бір миллион мөлшерлі байлығының қақ жартысын Совдепке алдық.
Омбы менен Қызылжар Совдептері де байларға тізесін ә дегенде едәуір батырды. Омбыда Совдеп әкімшілігі аларда, юнкерлермен біраз атыс болған. Омбы менен Қызылжардың Ақмоладан тәуір жері, жұмыскерлері көп. Омбы менен Қызылжардың әр түрлі заводтарында, темір жолда, пароходында және басқа жерлерінде жұмыс қылатын едәуір жұмыскерлері болды. Бұлардың көбі көзі ашық жұмыскер болғандықтан, Совдеп жасап, Совдептің әкімшілігін жүргізді. Орыс жұмыскерлерінің арасындағы аз ғана қазақ жұмыскерлері де қалыспады.
Қызылжарда қазақ жұмыскерлері ұйымдасып құралданып, саясат, әлеумет майданына шықты. Жиналып жүретін штабтары Қызылжардағы белгілі бай Өсербайдың нөмір-үйі болды. Бұлардың кейбіреулері қызыл гвардияға кірді. Мұның басында «Үш жүздің» бастықтары Ысқақ Көбекұлы мен Кәрім Сөтешұлы, Шаймерден Әлжанұлы болды. Көбекұлы сол қазақ жұмыскерлері гвардиясының командирі болды.

Омбыдағы қазақ жұмыскерлері де қызыләскерге кіре бастады. Қызылжарда сол 1917 жылы қыстың бас кезінде офицерлер, байдың балалары ойда-жоқта бір күні Совдепке қарсы көтеріліс жасаған. Совдепті қамап алып, кейбір бастықтарын ұстап, қамап тастап, қаланы меңгере бастаған. Жұмыскер қызыл гвардиясы тез қимыл қылып, Совдепті босатып алған. Көтеріліс қылғандардың қолға түскен бастықтары жазаларын тартқан. Көтерілісті басқанда қазақ жұмыскерлері мен Ысқақ Көбекұлы көзге көрінерлік қайрат қылған.


Қызылжардың байлары, әсіресе мұсылмандардың байлары, «Алашорданың» құйыршықтары, «қаланы алдық» деп қойған. «Алашорданың» құйыршықтары «қала алынды» деп бір үйге жиналған. Қуанып бірін-бірі құттықтап, «Көбекұлын іздеу керек!.. Көбекұлын құрту керек!.. —деп қауқылдап отырған. Сөйтіп отырғанда, Көбекұлы бастап, қазақ жұмыскерлері «Алашорда» құйыршықтарының үстіне жетіп барған. Іздеп отырған Көбекұлы мылтығын үңірейтіп үйге кіріп келген. «Алашордашылдар» орындарында тас болып қатып қалған...
Жұмыскер табы қолынан ештеңе келмейтін, қорқақ, жалынған дұшпандарына ондайда тимейді. Қазақ жұмыскерлері бұларды тек бір-екі теуіп қалып, үйден қуып таратып жіберген...
Қызылжардың жұмыскерлер бастықтары — Кәрім Дүйсекейұлы, Қасен Қаранайұлы, Ережеп Қасымұлы, Грушицин, Қали, Мұқан Есмағамбетұлдары, Шәріп және Босқынұлдары. Бұл ұйымдасқан, құралданған жұмыскерлердің бәрі де «Үш жүз» партиясында болды. Үйретуші бастықтары әлгі айтылған Ысқақ Көбекұлы мен Кәрім Сөтешұлы болған. Көбекұлы комиссар болған. Және Омбыдан Шаймерден Әлжанұлы келіп, нұсқау беріп жүрген.
Ақмола қаласында ондай заводтар болмағандықтан, жұмыскерлер де аз болды. Нілді, Спасск, Қарағанды, Сарысу заводтары Ақмола қаласынан екі жүз, үш жүз шақырымдай жерлерде алыс болды. Қыстыгүні бұлармен жиі қатынасуға болмады. Орскіден Атбасар, Ақмоланы басып, Семейге темір жол салынып жатқан. Оңтүстік Сібір темір жолды басқаратын мекемесі Ақмолада болған. Ақмолада вокзал үйлері істеген. Міне, сол вокзалда Ақмоланың да жұмыс қылып жатқан қазақ жұмыскерлеріне біздің Совдеп мүшелері барып, баяндамалар жасайтын болды. Бұлар елден жаңа келген жұмыскерлер болған соң, саясат ағымын түсіндіруге кірістік. Тұрмыстарын жөндеуге кірістік. Оларға пәтерге қаладағы бір байдың әдемі көк үйін алып бердік. Бұларға алдымен бірсыпыра тәрбие керек болды...
Бір күні Сталиннің атынан телеграмма алдық. Телеграммада:
«Большевиктердің қолданған жобасы бойынша, Совет үкіметі бұрынғы патша заманындағы езілген халықтардың бәріне автономия береді. Әр халық өз тағдырын өзі шешуге ықтиярлы. Қазақ халқы жер ыңғайымен автономия құруға даярлана берсін. Бұл үшін, ең алдымен, ана тілінде халық сотын, бала оқытатын мектептерді жасай беріңдер»,— деген.
Бұдан кейін кешікпей Семейден келген «Сарыарқа» газеті мен «Абай» журналының беттерінде «Большевиктер қазаққа автономия берді...» — деп, үлкен әріптермен жазған «Алашорда» бастықтарының қуаныш хабарлары басылып келді. «Алашорда» бастықтары тіпті жар салып қуанған:
«...Құдай берді, алаш! Ақ түйенің қарны жарылды, алаш!.. Шаттан, алаш!.. Куан, алаш!..» — деген. Және бұл қуаныш хабарларының бір жерінде айтқан: «Мәскеуге қазақ автономиясы туралы сөйлесуге Қалел Досмұқамбетұлы мен Жанша Досмұқамбетұлы барған еді. «Большевик бастықтарыменен сөйлесіп жатырмыз...» — деген жақын арада олардан Әлихан телеграмма алған еді. Автономия туралы сөйлесіп, автономияны алып шыққан сол екі сабаз екен...» — деген.
Бізді бұл хабарлар үлкен ойға қалдырды.
Қалай ойланбайсың! «Алашорданың» Досмұқамбетұлдары Мәскеуге барып, Совет үкіметінің бастықтарымен сөйлеседі, Досмұқамбетұлдары «Ленинмен, Сталинмен автономия туралы сөйлесіп жатырмыз...» — деп Бөкейханұлына телеграмма соғады. Совет үкіметінің бастықтары қазақ автономиясын соларға береді. Бұған «Алашорданың» Семейдегілері ұран салып шаттанады. «Сарыарқа» менен «Абай» журналы арқылы жар салады. Бұған ойланбай қайтерсің! Бұл қалай?
Тез «Жас қазақ» ұйымының жиылысын жасадық. Автономия туралы баяндама жасадық. Баяндама жасап, біраз пікір алысқаннан кейін, «Жас қазақ» ұйымы тегіс бір қарарға келді. Қарары мынау:
«...Қазақ халқы оқымаған надан. Кедейлері, еңбекшілері әлі байларының, төрелерінің ықпалында. Кедейден шыққан, кедейді жақтайтын оқығандар аз. Қазақ оқығандарының көбі байларды, төрелерді көтермелеп, «Алашорда» болды. Қазаққа қазір автономия берсе, «Алашордашылдар» иеленіп кетеді. «Алашорда» алған автономияның қазақ еңбекшілеріне керегі жоқ...»
Міне, «Жас қазақ» ұйымы осындай қарар шығарды. Және Ақмола уезінің қазақ кедейлерінің съезін шақырмақ болдық. Бұл автономия әңгімесін сол кедейлер съезінің алдына салмақ болдық.
Совдеппен сөйлесіп, тез съезд шақырдық. Өкілдер тез жиылды. Асығыс болған соң, алыс елдерден өкіл шақыра алмадық. Съезд аштық. Съезд Совдептің астыңғы үйінде болды. (Моисеев деген байдың салдырған үйі гимназия үйі болған еді.) Съезд алдына автономия мәселесін салдық. Баяндама жасадық... Съезд де бірауыздан жаңағы «Жас қазақ» ұйымының қарарындағы қаулыға келді. Съездің төрағасы Абдолла Асылбекұлы еді. Хатшысы Байсейіт Әділұлы болатын.
«Алашорданың» алған автономиясының қазақ еңбекшілеріне керегі жоқ. Автономияны өзімізден оқығандар көбейгенде аламыз...» — деп қаулы қылдық. Осыны айтып съездің атынан Сталинге телеграмма соқтық. Телеграмманы ақылдасып отырып жасасқан: Байсейіт Әділұлы, Абдолла Асылбекұлы, Бәкен Серікбайұлы, Жұмабай Нұркеұлы, Нұрғайын Бекмұқамбетұлы — бәріміз едік. Жазған Байсейіт Әділұлы еді.
Бұл пікір ол уақытта дұрыс па, дұрыс емес пе еді, ол өз алдына. Сонда да бұл мәселе туралы бұдан кейінгі пікірді де айта кетуге болады. Бұдан кейін қазақ автономиясы туралы біздің көзқарасымыз, пікіріміз 1920 жылға шейін жоғарғы айтылған қалпында келді. 1920 жылда Ақмолада қазақ кедейлерінің уездік съезі шақырылып, сол съезде де қазақ автономиясы туралы баяндама жасалынды. Съездің басында Ақмолаға бес қызыл әскермен келген Қырымұлы (Крымов) деген ноғай жігіт болды. Жұмабай жолдас Нұркеұлы және Омарұлы болды (Қырымұлы содан кейін Мәскеудегі әскерлік академияда оқыды. Қазір бітіріп шықты). Съезде автономия туралы мен баяндама қылдым. Баяндама болған соң, біраз пікір алысқаннан кейін бұл съезде әлгі 1918 жылғы кедейлер съезінің қарарындай қарарға келді. Съезд атынан Орынбордағы Қазақстан әскери-төңкеріс комитетіне (Кир. Краевой воен. ревком) автономия туралы съездің пікірін айтып телеграмма бердік.
Телеграмма сондағы Орынборда орыс тілінде шығатын Қазақстанның әскери-төңкеріс комитетінің газетінде басылып шықты...
Тағы да ілгерідегі 1920 жылғы әңгімені айтыңқырап кеттім...
Енді 1918 жылдың әңгімесіне келейік. Сөйтіп, Сталинге телеграмма беріп, біз «Алашордашылар алған автономияның қазақ еңбекшілеріне керегі жоқ», — деп жатқанымызда, «Қазақ халқына большевиктер жасаған автономияның керегі жоқ», — дегендей қылып жазушыларда болды. Алдымен бүйдеушілер Шоқайұлының «Қоқан автономиясын» жақтаушылар болды. Оған айқын дәлел — Ташкенде шығатын «Бірлік туы» газетінің 1918 жыл, 5 сәуірде шыққан 29-нөміріндегі басмақаласының сөздерін келтірейік.
Газеттен:


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   53




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет