Table of Contents тар жол, тайғАҚ кешу роман-эссе (1927) тарту


«МАЙДАНДАҒЫ АЛАШ ӘСКЕРІНЕ ЖӘРДЕМ



бет41/53
Дата22.09.2023
өлшемі419,1 Kb.
#109714
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   53
Байланысты:
Тар жол, тайғақ кешу. Сәкен Сейфуллин

«МАЙДАНДАҒЫ АЛАШ ӘСКЕРІНЕ ЖӘРДЕМ
Жетісу майданында көпшілдермен соғысып жүрген алаштың тұңғыш әскеріне сәлемдеме жіберу үшін «Алаш» қаласындағы қазақтан ақша жәрдемі жиыла бастағаны өткен санда басылып еді. Қандай қиыншылық болса да шыдап, елі үшін, өніп-өскен жері үшін жаумен алысып жатқан бауырларына жәрдем жиюға сайланған ақсақал мырзалардың аты да басылған еді. Жылу комитетінен қағаз алып, жәрдем жинағандар:
1. 3-ші нөмірлі қағазбен жүрген имам Әбдүшүкір Жәшікбекұлына жәрдемін бергендер:
2. 22-ші нөмірлі қағазбен жүрген уезной Земский управасының мүшесі Әбділқамит Болатбайұлына бергендер...
Бұрынғылармен 13 272 сом 50 тиын...
Құс қанатымен ұшады, құйрығымен қонады. Өзге қалалардағы, қырдағы алаш балалары әскерлік қызметінде жүрген азаматтарына сәлемдеме жіберу үшін жәрдем ақшасын тезірек жиып, «Алаш» қаласындағы жылу комитетіне яки «Сарыарқа» басқармасына жіберсе алғыс айтып, тиісті орнына табыс қылуға даярлығын білдіреді...»
Бұлар сөйтіп жатқанда атаман Анненковтың партизандары жүрген жерінде қазақты қасқырша талап жатты. Бұл туралы да газетке басылған біраз мағлұматты келтірейік.
Газеттен:
«...1918 жылы декабрь жұлдызында Семей уезінің Кеңтүбек елінің комитеті мәлім қылған:
Атаман Анненковтың отрядының Павлодар уезіне қараған штабының бастығы Кеңтүбек еліне елу мың сом ақша, он ат салық салып, жинап алды. Және де Кеңтүбек елінің байларынан отрядтың зорлықпен алған нәрселері:
1. Әділқан Жанұзақұлынан он мың сом ақша, алты мың сомдық бұл, шай, бір жорға ат, бір қасқыр ішік, бір күзен ішік, үш көрпе, бес пұт сары май.
Екінші рет келіп отряд Әділқан Жанұзақұлының аулынан киім, киіз, ыдыс-аяғына шейін жинап алып кетті.
2. Алдоңғар Найманбайұлынан жиырма бір мың сом ақша, үш ат, екі түйе, барлық шана, сайманымен шанаға салған киіз.
3. Большевик ұйымының (артельный) лапкасынан алты жүз сом ақша, он пачка шырпы.
4. Мыңбай Бекбауұлынан бір ішік, он қадақ қағаз шай, бір тымақ.
Соққы көргендер: Әли Жекенбайұлы, Белгібайұлы, Бекетұлы және басқалар... 
1918 жылы 20 ноябрьде Семей уезінің Бес қарағай елінің қазақтары Әкбар, Бекбір Бәйтенұлдарынан, Ажыран, Диляфруз Бәйтен қатындарынан түскен арыз:
16 ноябрь күні Бәйтен Әлиұлының қыстауына соқыр қаласының (Корсускийдің) бес казак-орысы мен атаман Анненковтың әскеріне қараған бір отряд солдат келді. Отряд бастықтары екі офицер: біреуі орыс, біреуі қытай.
Орыс офицері Пасин Бәйтен Әлиұлын мылтықпен атып өлтірді. Барлық мал-мүлкін отряд талап кетті. Алған нәрселері ақшадай 20 мың сом, 65 384 сомдық әртүрлі нәрсе. Барлығы: 85 384 сомдық.
Өлген Бәйтен Әлиұлын доктор сойғанда жасаған актісін, (қағазын) 20 мың сом алғанда берген распескесін арызына тіркеп берген.
Жоғарыда жазылған арыздарды қотарып, Семейдің областной Земский управасы Бас әкім Колчакқа, ішкі істер және сот министрлеріне, Семейдің окружной сотының прокурорына жіберген бұл істер тексеріліп жатса керек...»
(« Сарыарқа », 1919 жыл, январь, № 65.)
Па, шіркіндер!
Жаңағы мінездерді көрген сайын орыс жолдастардың кейбіреулері біздің қасымызға келіп, жүректерінің қайнап келе жатқанын білдіріп кетеді.
Тізбектеліп аяңдап біз келеміз. Қызылжарға таяндық.
Қызылжарға таянған соң конвойларымыздың қылықтары біраз өзгергендей болды. Азырақ илері жұмсарғандай болды. Жолдастар бұл өзгерісті көріп, өзара «бұл қалай?» десті. Конвойдың ішіндегі менің жиенім, мен сөйлеспеген соң, маған таяна алмай келе жатқан. Менімен сөйлесуге лаж жасады. Әуелі жолдастармен сөйлесті.
— Сәкен маған неге өкпелейді! Мен бұларға солдат болайын деп келе жатқаным жоқ. Мен әншейін еріп келе жатырмын. «Оқуға түсіреміз» деген соң келемін. Оқуға түсірмесе, қашып кетемін. Сіздер Сәкенге айтыңыздар... — депті.
Туысқаныммен сөйлестім, туысқаным өзін ақтап жаңағы сөзін айтты.
— Енді не қылайын, — деп ақыл сұрады.
— Өзің «оқуға түсемін» деп келемін дейсің ғой. Шаман келгенше сол оқуға түсуді қарастыр. Соғысқа барсаң қызылдарға қашып кет! — дедім.
Біраз ұрыстым:
— Ақмоладағы оқуыңды неге тастадың, неге мұнша ақымақ болдың?.. Осы ақпан мен қаңтардың қызыл шұнақ аязында жаяулап бізбен бірге сүмеңдеп келе жатырсың. Бетің мынау — үсік, қожалақ-қожалақ жара болып келе жатқаның. Ой, шіркін-ай, не деген ақымақсың!.. Осылардың үкіметі енді ұзақ тұрады дейсің бе?.. Ертең совет келгенде қайтесің? — дедім.
Жиенім не оқуға түсіп қалатын болды, не қашатын болды.
Сөйлесіп келе жатырмыз.
— Не хабар бар? — дедім.
Жиен жан-жағына қаранып қойып:
— Қызылдар келе жатса керек. Уфа мен Орынборды алып қойыпты, — деді сыбырлап.
— Ә, Уфа мен Орынборды алып қойып па? Бұлар осы жаз шыққанда құриды! — дедім. Жиеннің істеген «бір балалығын» кешіріп, енді сөйлесіп, жақындасып кеттік.
Әлгі, Қызылжарға таянған соң атаман партизандарының қылықтарын өзгерткен сол Уфа мен Орынбордың алынғаны ғой деп ойладық.
Жолдастардың көңілдері әжептәуір көтеріліп қалды.
Ақмола мен Қызылжардың арасына он сегіз күн жүріп келдік. Қаңтардың бесінде Ақмоладан шыққамыз, жиырма үшінде Қызылжарға келіп кірдік.
Қызылжардың үлкен көшесіне келіп кірдік. Тізбектеліп келе жатырмыз. Конвой мылтықтарын ыңғайлап ұстап бізді қоршап келеді. Көшедегі жұрт аңырайып қарап қалады. Қызылжар маған бұрынғыдан бір түрлі зор тәрізді көрінді. Халқы да бұрынғыдан көп тәрізді, адамдары да бұрынғыдан бөтен жат сияқты. Көшеде жүрген әскери киімділер көп. Киімдері орыс солдаттарыныкіндей емес — әдемі. Түрлері сұлу, бойлары сымдай. Чехословактар екенін танып келемін. Жүрістері бір түрлі сейдін. Жаңа ғана бәйге алған аттарша аяңдайды. Сырт-сырт, жалт-жұлт.
«А-ай, мына иттер екен-ау!» — деймін ішімнен.
«Қаланың мешаны мен байларының жақсы асы, жақсы аты, сұлу әйелі бұлардың жолында-ау!» — деймін.
Қызылжардың үлкен көшелерін аралатып отырып, бізді әкеп қаланың шетіндегі жұқа тақтайлардан істеген бірлагерьге қамады.

ІХ. АТАМАН АННЕНКОВТЫҢ «АЗАП ВАГОНЫНДА»




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   53




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет