Тақырыбы: Қазақстанның ішкі сулары. Ішкі сулардың таралуындағы негізгі заңдылықтар мен ерекшеліктер 1. Мұздықтар мен мәңгі тоңдар; 2. Қазақстан өзендерінің гидрометриялық сипаттамасы және олардың экологиялық Жағдайы; 3. Қазақстанның көлдері мен теңіздері; 4. Жерасты сулары мен минералдық сулар; Ішкі сулар немесе беттік сулар дегеніміз жер бетінде үнемі немесе уақытша сұйық және қатты күйде тұратын, табиғаттағы су айналымымен тығыз байланыс орнататын маңызды табиғат ресурстары. Ішкі сулар ландшафтың басты компоненті бола отырып, қоршаған ортаға көп жақты әсер етеді.
Қазақстанның ішкі суларын көптеген ғалымдар зерттеген. Атап айтсақ, мұздықтарды С.Е.Дмитриев, Н.Н.Пальгов, К.Г. Макаревич, П.А.Черкасов, өзендерді П.С.Кузин, И.С.Соседов, В.И.Коробин. В.А.Семенов, В.М.Болдырев, теңіздер мен көлдерді Л.С.Берг, А.Н.Косарев, И.А.Шикломанов, Г.Г.Муравив, Н.Т.Кузнецов және т.б. зерттеп, ғылыми сипаттама жасаған.
Қазақстанның географиялық орны, жер бедері мен климаттық жағдайлар- дың әртүрлілігімен ішкі сулар да өте әркелкі таралған. Мысалы, құрғақ, аридті аудандарда өзендер мен көлдер өте сирек, ол солтүстікте, орманды дала зонасында тығыз орналасқан.
Қазақстанның су қорларына мұздықтар мен мәңгі тоңдар, өзендер мен көлдер, су қоймалары мен бөгендер, теңіздер және жер асты сулары жатады.
Мұздықтар мен мәңгі тоңдар. Мұздық дегеніміз атмосфералық жауын-шашыннан пайда болған мұз жиынтығы, тау беткейін және тау аңғарын бойлай төмен сырғитын мұз массалары.
Көп жылдық тоңдар температура үнемі 0°-тан төмен болғанда тоңған жер қабатында қалыптасады.
Қазақстан территориясындағы мұздықтар мен мәңгі тоңдардың көпшілігі Алтай, Жоңғар Алатауы және Тянь-Шань тауларының 3500-4000м биіктіктерінде кездеседі. Олар орташа жылдық температураның төмендеуі мен буланудың аздығынан қыс бойы жауған қар жамылғысы ерімей, бірте-бірте жиналып, қабатталуынан пайда болады. Қазақстан тауларындағы қарлардың жиналуы негізінен ауа массасының көктемгі және жазғы циркуляциялық процестеріне байланысты болады. Атлант және Солтүстік Мұзды мұхиттардан келетін батыс желдері көптеген ылғалды ауа массаларын әкеліп, олар таулы аудандарға қар түрінде жауады. Тау басындағы мұздықтар мен қабатталған қарлар Қазақстанның табиғатына әсер ете отырып, өзендер мен көлдердің негізгі қоректену көздері болып есептеледі. Жазғы маусымдағы қарлар мен мұздықтардың еруі егістік шаруашылығында жерді қолдан суару үшін қолданылады.
Қазақстанның әрбір таулы аудандарында қар сызығы әртүрлі биіктікте орналасқан. Қар сызығы дегеніміз тау басындағы қар жататын шекара, одан әрі қарай қар жыл бойы ерімейді. Қар сызығының биіктігі таулардың географиялық ендігіне, жауын-шашынның мөлшеріне, беткейдің еңістігіне және теңіз деңгейінен биіктігіне байланысты өзгеруі. Тян-Шань тауында қар сызығы 3500-3800м биіктікте жатса, Іле Алатауында 3370м биіктікте орналасқан.
Қазақстан территориясындағы мұздықтардың жалпы саны 2724, ал жалпы олардың ауданы 1673,9 км². Олардың көпшілігі еліміздің оңтүстігі мен шығысындағы абсолюттік биіктік 4000метрден асатын Тянь-Шаньның –Талас, Қырғыз, Іле, Күнгей, Теріскей Алатауы мен Жоңғар Алатауы, Сауыр және Қазақстандық Алтай тауларында мұздық белдеуі түрінде орналасқан, Қазақстан бойыша ең мұзданған аймақ-Жоңғар Алатауы. Себебі, онда жалпы мұздықтардың жартысына жуығы шоғырланған (1-кесте).
1-кесте. Қазақстан тауларындағы қазіргі мұз басудың таралуы
Таулы аймақтар
Мұздықтардың саны
Мұздықтардың ауданы, км²
Мұздықтардың көлемі, км³
Қазақстандық Алтай
Сауыр
Жоңғар Алатауы
Теріскей Алатауы
Күнгей Алатауы
Іле Алатауы
Қырғыз Алатауы
Талас Алатауы
Барлығы
328
18
1369
169
163
393
34
250
2724
72,3
14,8
813,9
137,8
126,4
422,7
9,5
76,5
1673,9
1,6
0,5
35,4
4,5
4,0
16,7
0,3
1,0
64,0
Таулардың абсолюттік биіктігі, олардың тілімделуі, күн радиациясының әркелкі таралуы және беткейлердің ылдилығы мұздықтардың морфологиялық белгілерін анықтайды, яғни Қазақстан тауларындағы мұздықтар 3 топқа бөлінеді: 1) аңғарлық мұздықтар, олар жалпы мұздықтар санының 19%, ауданының 66% алады; 2) тау беткейлерінің мұздықтары - 79% және 33%, 3) биікке көтерілген ежелгі денудациялық беткейлердің мұздықтары 2% және 1%.
Қазақстандағы ең ірі мұздық Корженевский аңғарлық мұздығы, ол Іле Алатауының Талғар жотасының (4973м) оңтүстік беткейінде орналасқан, ұзындығы 12км, ауданы 35км², ең қалың қабаты 200метрге жетеді. Сол сияқты Іле Алатауының негізгі мұздықты аудандары солтүстік беткейдегі Есік, Талғар, Үлкен және Кіші Алматы, Тургень денудациялық бассейнінде орналасқан, олардың жалпы саны 194, ал жалпы ауданы 297 км². Ал Қазақстандық Алтай тауларында жалпы ауданы 207 км² болатын 300-ден астам мұздық бар.
Мұздықтардың қоректенуі мен температуралық режимдеріне байланысты Абляция процестері жүреді. Абляция дегеніміз климаттық жағдайларға байланысты еру, булану және сыну нәтижесінде мұздықтар көлемінің кішіреюі. Соңғы 70-80 жыл ішінде Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы мен Алтай тауларындағы мұздықтар жылына 20-30 метрге дейін еріп, көлемдері қысқаруда.
Абляция кезеңі мұздықтарда әдетте 2-2,5 айға, яғни шілдеден қыркүйекке дейін созылады. Тілдері төмен түскен мұздықтар жаздыгүні 3м, кейде 5-6м қабаттары ериді. Жаздыгүні мұздықтарға келіп түскен жылудың 22% жоғарғы қабаттарын қыздыруға жұмсалса, 78% мұздықтарды ерітуге және булануға кетеді.
Қазіргі кезде қоршаған ортаға антропогендік әрекеттердің таулы аудандардағы климаттың жылынуы және атмосферада көмірқышқыл газының көбеюінен мұздықтардың деградациялық (бұзылу) процесі жиілей түсуде. Осыған байланысты ғалымдардың алдын ала болжауы бойынша XXI ғасырдың ортасында Қазақстандағы қазіргі мұз басу екі есе қысқарып, ғасыр соңында түгелімен жойылады деп күтіледі, яғни құрлықты су басу қаупі төніп тұр.