Альтерация (зақымдану) зақымдаушы факторлардың тікелей әсерінен дамитын дистрофиядан некрозға дейінгі морфологиялық өзгерістерді өз ішіне алады. Альтерация нәтижесінде жасушалар мембранасы зақымдап, жергілікті тін ошағындағы оның ыдырау өнімдері жиналады, метаболиздік ацидоз дамиды, тінаралық сұйықтықта онкотикалық қысым көтеріледі, электролиттер мөлшері өседі. Осы өзгерістер қабыну медиаторларының бөлініп шығуына тікелей әсер етеді. Демек, альтерацияны қабынудың алғашқы, инициалды кезеңі деп атауға толық мүмкіндік бар. Ол бастапқы (біріншілік) және салдарлық болып ажыратылады. Бастапқы альтерация қабыну туындатқан ықпалдың тікелей әсерінен болады. Салдарлық альтерация бастапқы альтерацияның нәтижесінде пайда болған биологиялық белсенді заттардың әсерлерінен дамиды.