Таным және шығармашылық. Қарастырылатын негізгі сұрақтар


Практикамен тығыз байланысты келесі мәселе



бет5/8
Дата08.10.2022
өлшемі28,46 Kb.
#41956
1   2   3   4   5   6   7   8
Практикамен тығыз байланысты келесі мәселе – дүниетану жолындағы ашылған білімнің ақиқаттығы. Әңгіменің қиындығы мынада: қайсыбір білімнің екі жағы бар. Біріншісі – адамның биологиялық табиғаты, яғни оның түйсіктері, жүйке мен ми ерекшеліктері, сонымен қатар нақтылы-тарихи жағдайдағы қоғам құрылымы, оның мәдени ерекшеліктері, ғылыми ақпаратты өңдеп, пайдалану тәсілдерімен байланысты. Екіншісі, танымда бейнеленетін объективтік шындықтың өз қасиеттері мен ерекшеліктерін анықтау болмақ. Танымның осы екі жағы бір-бірімен өте тығыз байланыста екені сөзсіз. Олай болса, біздің білім мазмұнының қай жақтары жеке адам, я болмаса адамзатқа тәуелсіз түрде зерттеліп жатқан заттың шынайы қасиеттеріне сәйкес келеді? Бұл сұрақ білім ақиқаттығы мәселесінің өзегін құрайды.
Әрине, жалпы түрде алғанда өзімен-өзі өмір сүріп жатқан шынайы білім дүниеде жоқ. Ол – адам, әлеуметтік топ, я болмаса жалпы қоғамның білімі. Ол бітімі жағынан субъективті. Сонымен қатар онда дүниедегі зерттеліп жатқан заттар мен құбылыстардың ішкі бізге тәуелсіз мәндік жағы ашылады. Осы тұрғыдан алғанда, ақиқат деп дүниедегі заттар мен құбылыстардың адамның санасында сәйкес бейнеленуін айтамыз.
Сонымен қатар біз мына нәрсені ұмыт қалдырмауымыз керек. Дүниені зерттеуде адамзат шегіне жеткен ақиқатқа ешқашанда жете алмайды, өйткені ол – шексіз үрдіс. Сондықтан да ақиқат жөніндегі ілімде оның объективтік, салыстырмалы, абсолютті, прагматистік, когеренттік т.с.с. жақтары ерекше бөлініп алынып талданады.
Объективтік ақиқат деп адам, я болмаса адамзатқа тәуелсіз, яғни заттың өзіндік қасиеттерін бейнелейтін білім мазмұнын айтамыз. Мысалы, айдың жерді айналып тұрғаны – объективтік ақиқат. Біз қандай әрекет жасасақ та, оны тоқтата алмаймыз, ол бізге тәуелсіз түрде өмір сүріп, жерді айналып тұр.
Абсолютті ақиқат деп дүние жөніндегі толық сарқылып шегіне жеткен білімді айтуға болады. Алайда Дүниенің іш және сырт жағына да шексіздігі бізді абсолюттік ақиқатқа жеткізбейді. Сонымен қатар дүниені зерттеу жолындағы алынған объективті ақиқаттар бір-бірімен қосыла келе, бізді абсолюттік ақиқатқа жақындата түседі. Оны шексіз үрдіс деп те айтуға болар еді.
Негізінен, адамзат қолы жеткен білім әрқашанда салыстырмалы десек те болғаны, өйткені ол оның нақтылы тарихи қалыптасқан іс-әрекетімен, яғни сол заманның практикасымен шектелген. Мысалы, соңғы уақытқа дейін Марс планетасында су болды ма, я жоқ па деген сұраққа жауап бере алмадық. Өйткені ол жөніндегі болжамдарды тексеретін дәрежеге жеткен жоқ едік. Енді, тек 2004 жылы ғана американ ғалымдары Марсқа жіберген ғылыми аппараттар арқылы онда өткен шақта су болғанын дәлелдейтін деректер алды. Олай болса, бұрын осы планетада өмір формаларының болғаны сөзсіз, өйткені су бар жерде өмір де дүниеге келеді. Мүмкін, вирустар, я болмаса кейбір бактериялар болған болар. Бұл болжам техникалық құралдар дами келе тексерілетіні сөзсіз. Екінші жағынан, дүниеге келген әр ұрпақтың білімінде ақиқатпен қатар әрқашанда жаңылу болатынын да ескеруіміз қажет. Келесі ұрпақ оның біршамасын тексеріп түзетсе де, ғылымды дамыту жолында ақиқатпен қатар жаңылу да болуы мүмкін. Осы тұрғыдан жаңылуды жалғаннан ажыратуымыз қажет. Егер ғылыми танымның қиындықтары кейбір жағдайда зерттеушіні ақиқаттан алшақтатып, жаңылуға әкелсе, жалғандық өтірік айтып адамды саналы түрде қисық жолға түсірумен тең, дер едік.
Когеренттік ақиқатқа келер болсақ, ол – ғылымда ашылған жаңа деректердің негізінде жасалған белгілі бір тұжырымдардың бұрынғы өмір сүріп жатқан теорияға сәйкес келуі. Егерде жаңа ашылған ғылыми жаңалықтарды ескі теорияның шеңберінде түсіне алмасақ, яғни олар бір-біріне когерентті болмаса, онда ғылымның сол саласында дағдарыс басталып, жаңа ізденістерге жол ашылады.Батыс философиясында прагматистік (pragma – іс, іс-әрекет) ақиқат деген де ұғым бар. «Егер белгілі бір тұжырымды, я болмаса көзқарасты басшылыққа алып, жақсы, өзімізге пайдалы нәтижелерге жетсек, онда оны прагматистік ақиқатқа жатқызамыз», – дейді осы ағымның өкілдері.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет