Табиғат зоналарының орналасуы. Табиғат зоналарының орналасуы климаттық белдеулермен тығыз байланысты. Климаттық белдеулер сияқты табиғат зоналары да күн сәулесінің түсу бұрышының азаюы мен ылғалданудың әркелкілігіне байланысты экватордан полюстерге қарай бірін-бірі алмастырады.
Осы заңдылықты ендік зоналылық деп атайды. Зоналылықтың аумағында барлық табиғат кешендері кездесетіндіктен, ол географиялық қабықтағы негізгі заңдылық болып табылады.
Жер шарында климат жағдайларының экватордан полюстерге қарай өзгеруі бүкіл табиғат кешенінің ендік бойынша өзгерісін тудырады.
Табиғаттағы зоналылық тек жазықтарда ғана емес, биік тауларда да байқалады. Таудағы табиғат кешендері оның етегінен биік шыңдарына дейін температура мен қысымның төмендеуіне, белгілі бір биіктікке дейін жауын-шашын мөлшерінің артуына, тау беткейлеріне түсетін жарық мөлшерінің әртүрлілігіне байланысты алмасады. Бұл зоналар таудың әртүрлі биіктіктегі белдеулер түрінде көмкере орналасқандықтан, оларды биіктік белдеулер деп атайды.
Мұхиттарда да судың температурасы, тұздылығы, химиялық құрамы, тіршілік дүниесі экватордан полюстерге қарай өзгергендіктен зоналылық байқалады. Бірақ мұнда зоналардың құрлықтағы тәрізді айқын шекаралары жоқ. Олар географиялық орнына сәйкес, климаттық белдеулердің атымен аталады.
Герграфиялық ландшафт – құрамындағы табиғат компоненттері (тау жыныстары, ауа, су, топырақ, өсімдік және жануарлар дүниесі) бір-біріне тәуелді және өзара тығыз байланысты болып келетін аймақты кешен.
Орыс ғалымы Л.С.Берг «Ландшафт» терминін ғылымға ең алғаш енгізген.