Үшінші тарау бойынша қорытынды
Романның табиғаты және поэтикасы қаламгерден өзге жанр түрлеріне тән шеберлікті, талғампаздықты олардан да жоғары талап етеді. Ол тек қана тілдік, стилистикалық шеберлікті ғана емес, сонымен қатар композиция мен сюжетті, яғни жанрға тән барлық көркемдік құралдарды, бір сөзбен айтқанда оның поэтикасын игеруді талап етеді. Романның табиғатын, оның сюжеті мен композициясындағы ерекшеліктерді анықтау біздің жұмысымыздың негізі болып табылады. Осыларды саралай келе төмендегідей қорытындылар жасадық.
Роман поэтикасы адамның жеке тәжірибесі мен көп қырлы шынайы болмыс арасындағы күрделі диалектикалық байланысты білдіреді. Қаламгерлер шығармашылығының негізін жанрлық-композициялық және кеңістік-уақыт құрылымы принципін құрайды. Кезінде стильдік шеберліктің бір түрі ретінде ғана танылған поэтика мұнда айтарлықтай рөл атқарады. Бірінші жақтан баяндау дәстүрлі шарттылық емес, шынайылықтың белгісі ретінде қолданылады. Авторлық «мен» көбіне роман поэтикасының мазмұнын жеткізеді. Мұндай түрдегі шығармалар оқырман мен авторды жақындастырып, қабылдауды күшейтеді. Роман поэтикасында ақпараттық оқиғалардан гөрі эмоционалдық, бейнелеуіштік алдыңғы орынға шығады. Мұнда эмоционалды түрде берілген детальдар оқиғалармен тең дәрежеде көрінеді. Сондықтан да роман поэтикасы турасында сөз болғанда нақты оқиға туралы деректер де берілуге тиіс. Роман поэтикасындағы ой, сезім ағымының өзі шығарманың сюжетін құрайды. Біз үшін қалыптасқан түрдегі сюжет роман поэтикасында өзінің күнделікті қалпында көрінуі мүмкін. Шындығында, осындай сюжеттің өзі өмір заңдылықтары мен мінез ерекшеліктерін көрсетуде саралауды қажет етеді.
Шығарманың поэтикасына талдау барысында шығарманың сюжеті мен композициясына ерекше көңіл бөлген абзал. Мұндағы негізгі оқиғалардың алға жылжуы лирикалық кейіпкердің көңіл-күй тебіреністерінің, еске түсіруінің, ойларының өрбуі аясында көрініс табады. Мұндай туындының басты мақсаты – шығарманың сюжетіне арқау болған поэтикалық ойларды бейнелеп жеткізу. Кейіпкерлердің іс-әрекеттері мен қимыл-қозғалыстары романда да көрініс табады, алайда кейіпкердің ішкі жан дүниесінің ерекшеліктерімен беріледі, оның поэтикалық ойларын бейнелейді. Сюжет кейіпкерлердің іс-әрекетімен емес, автордың ойымен өрбиді деуге болады.
Роман табиғаты және оның поэтикасын зерттеумен айналысып жүрген көптеген әдебиеттанушылар лирикалық прозада баяндаушылық, эпикалық сюжет болатындығын, мұнда шығарманың негізі автордың ойы болғандықтан, жазушы эпикалық туындының заңдылықтарына бағына отырып, өз қалауынша бере алады деген ойды айтып жүр. Бірақ роман поэтикасының өзіндік талаптары бар.
Роман поэтикасына талдау барысында портрет, символ, пейзаж сияқты бейнелеу компоненттері де кейіпкер жан дүниесін ашуда, толғаныстарын жеткізуде, сол арқылы шығарманың сыршылдығын арттыруда айрықша қызмет етеді. Мұнда Отан туралы, халық тағдыры туралы ойлар, туған жерге деген сүйіспеншілігі, сағынышы автордың жүрегінен шыққан жылылыққа толы сөздері арқылы беріледі. Сонымен қатар мұндай шығармаларда кейіпкердің ішкі жан дүниесін, нәзік сезім сырларын беруде хат, ертегі, түс көру сияқты психологиялық детальдар да жиі қолданылады. Яғни, бұлар кейіпкер жан дүниесіне талдау жасаудың, кейіпкердің мінез-құлқын ашудың бірден-бір негізгі құралы.
Сол сияқты зерттеу барысында романдағы табиғат суреттерінің бейнеленуі туындыға прозалық әуезділік беретініне көз жеткіздік. Мұнда табиғаттың әрбір бөлігі ерекше суреттеледі. Автор дыбыс, иіс, түс пен дәмді ойната отырып бейнелейді. Жоғарғы бейнеленген пейзаждық суреттеулер шығарманың өзегіне айнала отырып, баяндауларға романға тән ерекше эмоционалдық, сыршылдық дарытады.
Зерттеу жұмысында қазақ романындағы көркем туындының сюжеттік, композициялық ерекшеліктері қарастырылды. Роман қазақ әдеби процесінің дамуындағы өзіндік орны бар айтулы жанрлардың бірі болып саналады. Ол композициялық, стилистикалық, мазмұндық, сюжеттік жағының қайсысымен болмасын өзіндік сипатымен ерекшеленетін жеке түр болып табылады. Сондықтан алдағы уақытта да романның поэтикасын жан-жақты қарастыру және ғылыми тұрғыдан саралау әдебиеттанудағы өзекті мәселелерінің біріне айналары сөзсіз.
Достарыңызбен бөлісу: |