Тарихи роман жайдан-жай жазылмайды. Өзі дүниеге келген уақыт зәрулігіне бұл жанр да қызмет етпек. Және қызметі бүгінгі заман тақырыбына жазылған шығармадан кем соқпауы тиіс


Тәyeлciздiк жылдарындағы тарихи романдар: психологизм мәселесі



бет10/12
Дата10.07.2023
өлшемі0,95 Mb.
#104151
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12
3.2 Тәyeлciздiк жылдарындағы тарихи романдар: психологизм мәселесі

“Қоғам” ұғымы кейіпкердің іс-әрекеті, қарым-қатынасы, тартысы арқылы кез келген шығармада көрінеді. Шығарманың кеңістік жағдайындағы мүмкіндігі жазушының онда неғұрлым көбірек мәселені қамтуына, сол ортаны неғұрлым тереңірек суреттей алуына байланысты. Мұны уақытқа байланысты да айтуға болады. Туындыдағы уақыт кейбір кейіпкердің әбден ашылып, бойындағы бар қасиеттердің түгелдей көрінуіне жағдай жасайды. Әрине, кейіпкердің дүниетанымы, өзгерісі шексіз емес. Бұл алдымен, тұлғаның психологиялық жағынан қалыптасуына байланысты.


Қазіргі психологтардың пікірінше, адамның болмысында оның әрі қарайғы тұрақтылығын қалыптастыруға негіз болатын бастапқы қасиет сақталады. Екіншіден, әлеуметтік жағдай да адамның ішкі әлемінің өзгерісін негіз ете отырып, одан белгілі бір тұрақтылықты, айқындылықты, яғни бағалау бағдарын қажет етеді. Үшіншіден, білім мен дүниетаным осы ұғымдардың қалыптасу тәсілінің әр түрлілігіне, мәселен, рухани күйзеліс пен дағдарысқа байланысты. Алайда, бұл белгілі бір нәтижеге, жалпы қорытындыға жақындау мүмкіндігінің жоғалуы деген сөз емес. Сондықтан, шығарма кейіпкері бастан кешетін эволюция үнемі шарықтау шегіне жетіп, алайда, өзінің ұзақтығын шектеп, аяқталуға жақындайды да, оның көрсеткіші ретінде адамгершілік, философиялық, рухани түйін алынады. Осы тұрғыда шығармадағы психологизмнің атқаратын рөлі екі жақты: ол алдымен, жеке танымның құрылымы ретінде - адамгершілік, психологиялық және идеологиялық деңгейде көрінсе, екіншіден жеке тұлғаның ішкі әлемін ашу тәсілі ретінде көрінеді. Эрнест Төрехановтың «Алматыда күн ашық» романында екі ғасыр тоғысында ғұмыр кешкен адамдар тағдырын шынайы суреттейді. Олар өз өмірлерінің қилы жолдарын заман өзгерісіне сай жалғастырып, оны ой-саналарындағы түбірлі өзгерулермен байқатып отырады. Ортаның өзгерісі адамнан байқалады. Әрі едел-жедел өзгерістер роман кейіпкерлерін алды-артына қаратпай қақпақылдап ала жөнелгенде, өз еркін сақтап қалатындар аз болар, сірә. Ол үшін төзімділік пен жігер қажет. Тіпті бұл өзгеріс адамға ойландыруға да мұрсат бермейді. Қоғамдағы саяси, әлеуметтік, экономикалық өзгерістердің жылдам болғаны соншалық, көбісі дағдарып қалды. Дұрыс жұмыс пен үй-күй арманға айналды. Романдағы Елен, Аламан Бораш, Кирилл, Елдана және тағы басқалары осындай өзгерістің бел ортасында қалғандар. Кейде адамды танып, білуге көп уақыт та керек болмай қалады. Романдағы Аламан мен Бораш, Елендердің мінездері, әрекеттері, алдыңғы күнге құрған жоспарлары да үйлесе кетті. Өз соқпағын табуға талпынған Аламан ата-анасына жазған хатында: «Алдымен тарихи оқиға болып өтеді. Одан соң әркім өзіне тиімді тарих жасап алады. Мына тарих менің намысыма тиеді. Оқып, жақсы атанғаннан, оқымай таза жүргенім әлдеқайда артық»,-дейді. Сөзден гөрі ойға көп берілетін роман кейіпкерлерінің болмысы шынайы ашылып тұр. Тіпті өз ортасының көп жағдайына көндікпей, өз философияларын алға тартатын бірбеткейліктері де ұнамды.
Адамның жеке тұлғасын қарастырғанда этика позициясының мәні үлкен. Ол адамның адамгершілік қасиеттерін, мінез-құлқын, сана-сезімін көрсетеді. Соның ішінде мораль адам қызметінің қажеттілігінен туындайды. Адам санасы жоғары болған сайын, өз мүддесінен қоғам мүддесін, жалпының жағдайын жоғары қояды. Адамгершілік, мораль мәселесі адамзат тіршілік кешетін саналы қоғамда әруақытта да биік тұрмақ. Жоғарыда айтып кеткендей, роман кейіпкерлерінің қақтығысы, жеке бастың мүддесінен аулақ жатыр. Қақтығыс үнемі қоғамдық өмірдің, ортаның ауқымында алынып жатады. Бірден тартысқа түсу, қарама-қайшылыққа барудан бұрын, кейіпкер ішкі үнін тыңдайды, ішкі ойын таразылап, басар қадамын, барар әрекетін әбден ойланып барып жасайды. Кейде оған ішкі ойы қарсы шығып, үлкен дағдарыс үстінде жүреді.
Қазақ әдебиеттану ғылымында суреткер туындыларына тән психологизм мәселесін бірқатар ғалымдар зерттеу өзегіне айналдырды. Солардың бірі зерттеуші Б.Майтанов: “Психологизмнің негізгі қызметі - өмірлік шындық пен көркем шындықтың жанды тамырластығын сақтау. Бұл ретте осы құбылыстың ішкі салалары деп, даралау мен жинақтау, ұлттық, жалпыхалықтық, дерек пен қиялдан қосу, автор бейнесі, шығарманың заттық құрылымы іспетті түрлі мәселелердің өзара ықпал, әсерін айқындау. Бүгінгі қазақ әдебиетінде психологизм көркем шындық принципінің айырмас сыңары бола жүріп, қоғам өмірінің диалектикасын мол нанымдылықпен суреттеуде зор танымдық эстетикалық міндет атқарып келеді,” [42, 129 б.] - дейді.
Романдағы кейіпкерлер өмірден өз орнын табудың шырмауына көп түседі. Рухани дүниеден күнделікті тірліктің қамы асып түскенде, шығарма кейіпкерлері пенделік әрекеттің қай-қайсысынан да тартынбайды. Бораш пен Аламанның арасындағы диалог өмірдің өзінен алынып тұр: « - Басшылардың табанын жалаудан, иілгіш, еңкіш болудың пайдалы екенін жұрттың бәрі біледі. Бірақ оған бәрі бара бермейді. Алыпсатарлық, жемқорлық, пайдакүнемдік, алаяқтық, суайттық, жылпостық өте тиімді. Ораза-намаз-тоқтықта».
Әдебиеттанудағы адам тұлғасын зерттеуге бағытталған еңбектердің жаңашылдығы - адамның ішкі әлемін зерттеу. Бұл алғаш Л.Гинзбург еңбектерінде көтерілді. Онда мемуарлық-өмірбаяндық және эпистолярлық, күнделік жанрларын зерттеу үдерісінде жеке тұлғаның құрылымы туралы мәселені көтереді. Зерттеуші “адам-күрделі, көпқұрамды организм” дей отырып, оның сезімі түрлі деңгейдегі үндестік, физиологиялық, психологиялық, әлеуметтік бастаулардан шығатын көптеген сарындар мен импульстер жиынтығы” дейді. Соның ішінде екі қасиет - этикалық және психологиялық қырлар - ерекше аталады. Мәселен, Руссо “Исповеды” шығармасында адам характерінің психологиялық ерекшеліктеріне талдаудың қалай жүргізілетінін, моральдық тұрғыда қалай үндесетінін, әр қилы өмірлік ситуацияларда олардың өзара ықпалының нәтижесі қандай дегенді көрсетеді. Сөйтіп, “көне дәуірлерден бастап, Толстойға дейінгі аралықта психологизм моральмен тығыз байланыста болды. Өзін-өзі тану - талдау мен бағалаудан тұратын екі жақты акт” дейді. Тану мен өзін-өзі тануға басымдық бере отырып, кеңес психологтары сананы әрекеттен бөліп тастауға болмайды, дегенді айтады. Бұдан түйетін қорытындымыз: сананың мәні мен тұлғаның өмірдегі әрекет (қызмет) формасы оның қоғамдағы жағдайына, әлеуметтік ортаға байланысты.
Қандай да қаламгер қоғамдағы, әлеуметтік өмірдегі ортамен қабат, әдеби ортада да болады. Ол қандай жағдайда болсын өзінің шығармашылық жұмысын белгілі бір әдеби ортада жалғастырады. Сондықтан ол алдында өткен немесе өз ортасындағы әдеби дәстүрмен байланыста болады. Қай кезде де сөз өнерінің басты нысаны ‑ адам. Сондықтан әдеби шығармада суреттелетін адам тағдыры, оның болмысы әр уақытта өзгеріп, дамып, жаңа қасиеттерге ие болып отырады.
Роман кейіпкері «Бұл өмірде жақсылық, ізгілік те көп болар. Сірә, мен оны көре алмай жүрген болармын. Бірақ бұл өмірдің өтірігі көп. Сен оны ақшаға, басқа-басқа көр-жерге байланыстырма. Өтірік болғанда теңдесі жоқ, бұрын-соңды болмаған аса үлкен масштабты, аса алысты меңзейтін өтіріктер бар. Мен соларды көрген күннен бастап түңілдім. Мына қазіргі жүрісім суға кеткен тал қармайдының тірлігі».
Суреткер өзінің шығармашылық жолында кез келген тақырып пен кейіпкерді таңдауға ерікті. Алайда, бұл жерде оның шығармашылық көзқарасы мен қоғамның рухани сұранысының арасында үндестіктің болуы аса маңызды. Әдебиетте қалыптасқан тақырыптың ірісі-ұсағы жоқ, бәрі жазушының шеберлігіне байланысты деген пікірді түгелдей дұрысқа шығаруға болмайды. Тақырып та, кейіпкерлер де әр түрлі әлеуметтік деңгейде болады да, дәуір оған өз таңдауын береді. Егер жазушы өзі суреттеп отырған кезеңінің ең бір шарықтау тұсын көрсеткісі келсе, ол сол кезеңнің ерекшелігін бойына жиған, маңызды әрекеттерге тікелей араласатын кейіпкерін таңдайды. Осы тұрғыдан алғанда романда жиі көрініс беретін Аламан мен Бораштың бойында қандай сипаттардың бар екені жөніндегі ой туындайды. Алдымен, кейіпкер ретінде екеуі романда бірден ұнамды қасиетімен көріне қоймайды. Керісінше, сырын ішке бүккен, пайда табуға, дүниеге жақын, өмірдің қызығын көріп, өз басын көбірек күйттейтін адамдар болып бейнеленеді.
Шығармада оның бейнесі бірте-бірте ашыла береді. Әрі кейбір мінез-болмысы біріне-бірі қайшы. Роман желісінде бірте-бірте ашылатын Аламанның трагедиясына қаныға отырып, оның жанын жеген ойдың қаншалықты салмақты екеніне көзіңіз жетеді. «Мен қазір ешкім де емеспін. Бірақ менің істеп жүргенім де күрес, қарсылық. Елді тонап, күнәға белшесінен батып жүріп, ауыздарынан аталы сөз, ұран түспейтіндерді қалай жеңесің? Жо... мен де өзің секілді арғы-бергіні ойлаймын. Өзімнің осы жүрісіме, әрине, өзімді кінәлаймын... Кінәнің де, күнәнің бәрін өзімнен табуға тырысам. Бірақ ырық бермей кетер құқайларды өмірден көрем де қайнаймын кеп! Қас қылғандай мына нас өмірдің мерездерін аядай ресторанда жүріп көрген үстіне көріп жатырмын. Тіпті, менің күдігім бекер болып шыққанын тілер ем. Жылдар бойы мазасын кетірген сол бір оқиғаның азабын іштей бір өзі тарта жүріп, ортасынан оқшауланып, уайыммен, өкінішпен күй кешкен Аламанға жанашырлықпен де қарайсыз. Сол қателіктің өтеуін қайтарғысы келіп, жомарттық та жасайды, серілікке де салынады, мінез-қылығын да өзгертіп отырады. Соның бәрі ішкі ой азабынан құтылудың амалы. Романдағы Аламанның дүниеге көзқарасында қазақ әдебиетінде бұрын соңды тиіп қашып қана әңгімеленіп жүрген өкімет, саясат, мораль, еңбек туралы қайта түлеп жаңғырыққан, терең мазмұнға ие болған жаңа ойлар жүйелі түрде бас көтереді.
Қазіргі прозалық шығармалардың баяндауы сан қырлы болып келеді. Олардың бастылары – шексіздікке және шектеулікке ие болады. Алдыңғы жағдайда баяндаушы (автор немесе арнайы баяндаушы болсын) бейнеленетін оқиғалардан, кейіпкерлерден сыртқары тұрады. Ал шектеулі баяндауда баяншы оқиғаны оқырманның көз алдында өтіп жатқандай етіп береді. Суреткер ойы туындыда әрқашан көрініп тұрмайды, негізінен қалтарыста, тереңде жасырынып жатады.
Көркем шығарманың құрылымы түрлі компоненттерден тұрады. Олар көркем туынды тілінің эстетикалық заңдылықтарына бағынып, көркемдік‑тілдік жүйе құрап, шығарманы жинақыландырады. Шығармадағы баяндаушы – автор бола отырып, ол суреттеліп отырған мәселеге өзіндік көзқарасын білдіреді. Яғни, автор туындыдағы оқиғадан оқиғаны тудырып, соған жетелеп, кейіпкерлерін сөйлетіп отырады. Шығармаға өзек болатын өмір құбылыстарын сұрыптап алып, оған идеялық бағыт беріп, бейнелі күш дарытатын, бір сөзбен айтқанда, шығарманың идеялық мазмұнын қалыптастыратын жазушының өз бейнесі – автор бейнесі деп аталады. Автор бейнесі шығарманың тілінен, оқиғаның жүйесінен, баяндау стилінен танылады. Автор бейнесі қай кезең әдебиетінде де барша қырынан көрініс беріп отырған. Мәселен, XIX ғасырда бір жағынан баяндаушы бейнесін объективтендіруге бағыт ұсталса, екінші жағынан, керісінше, субъективтендіруге бет бұрды. Алғашқысында (натуралистік бағыт) оқиға автордың қатысуынсыз, өздігінен болып жатқандай беріледі, сондықтан романда диалог үстемдік құрады. Соңғысында (психологиялық бағыт) кейіпкердің ішкі ой‑толғаныстарын беру алдыңғы кезекке шығатындықтан, ортақ төл сөз формалары пайда болды. Ал, роман жанры қатысушы кейіпкерлердің молдығымен, оқиғалардың сан тараптығымен ерекшеленеді.
Эпикалық жанрдағы шығармаларда сюжеттің берілуі әр түрлі болады. Ертеректе, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары жарық көрген мақалалардың бірінде (зерттеуші Ю.Суровцев) сюжет құрудың “эпикалық‑өнерпаздық, эпикалық‑драмалық, және эпикалық‑баяндауыштық принциптері” деген түрлерін аталып, солардың ішінде соңғысы повесть пен романның жанрлық табиғатын танытатындығы айтылады. Әрине, бұл принциптердің үнемі дара кездесе бермейтіні белгілі. Бір шығарманың өне бойында олар үндесе жұмсалады.
Сюжетті құрайтын оқиғалардың өзара қатынасы түрліше болады. Кей жағдайда оқиғаның біреуі алдыңғы кезекке шығып, бір әрекеттің желісінде өрбиді. Бұл жағдайдан басқа шығарманың оқиғалары бір‑бірімен тең түрде дамып, өзінің басталуы мен аяқталуын дербес сақтайтын сюжеттер де болады.
Психологизм деп кейіпкердің сезімін, ішкі әлемінің көркем бейнеленуін атайды. Соған қарағанда, психологизм өмірдің рухани жағымен байланысты. “Ішкі әлемнің” үндесуі бір жағынан, өтіп жатқан құбылыстың құпия, пісіп-жетпеген қырын көрсетсе, екінші жағынан адам әрекетінің кеңдігін дәлелдейді. Алайда, бұл адамның психикасы аса кең, абстрактілі дегендік емес. Қазіргі ғылым рухани әлем үш негізгі құбылыстан: мінез-құлық актісінен; сезінген cубъективті құбылыстан; санасыз психикалық құбылыстан тұрады деп дәлелдейді. Әрине, әдебиеттанудың мәселесі көркем туындыдағы психологиялық процестерді қарастырады. Кезінде О.Бальзак: “Адам туралы айту үшін оның барша құпиясын: ойын, қайғысын, толқынысын танып-білген жөн”, - деген. Осыған үндес ойды Гегель де айтқан: «... негізінен, сыртқы жақты бейнелеу жеке-дара сипат иеленбеу керек, ол тек ішкі болмыспен үндесіп барып, мағынаға ие болады”, - дейді.
Осы ретте адамның тірлігінде уақыт пен кеңістік проблемасы - маңызды категориялардың бірі. Олар бір-бірімен ажырамас бірлікте. Әрине, бұл проблема философ, теолог, социлогтар арасында әрдайым түрлі пікірлер тудырған. Ал, қазіргідей қақтығыстар мен тартыстар еселенген қоғамда адам мен адам, адам мен қоғам арасындағы ғана емес, адам өзімен-өзі іштей арпалысқа, тартысқа түсіп отырады. Көркемдік уақыт пен кеңістік мәселесі әсіресе, көркем шығарманың құрылымдық компоненті ретінде қызығушылық тудырады. Сондықтан да “кеңістіктік-уақыттық координат” шығарманың құрылымының тек өзегі ғана емес, оның ішкі және идеялық ұйымдастырылуының негізі. Әрбір нақты жағдайда кеңістік пен уақыт соған ғана тән қасиетке ие болады. Көркем мәтіндегі адамды қоршаған ортаның мекеншақ болмысын талдау тәсілін алғаш айқындаған М.Бахтин болды.
Қазіргі философия ғылымында уақыт пен кеңістік мәселесін былайша тұжырымдайды: “Кеңістік пен уақыт өзара тығыз байланыста, олардың бірлігі материяның қозғалысы мен дамуынан байқалады. Бұл материяның, тұрмыстық форманың өмір сүруінің “негізгі” және “жалпы” формасы. Кеңістік заттың өмір сүру ортасы, уақыт заттың бір-бірімен ауысуы. Неғұрлым толық мағынасында Уақыт пен Кеңістік адам тіршілігінің жалпы құрылымының суреттелуі болып табылады. Уақыт әрекеттің ұзақтығын, заттардың алмасуын, оның даму сатысын және жағдайын анықтайды, ал кеңістікте олардың өзара әрекет етуінің формасы, үндесуі, қосарлана тіршілік етуі көрінеді де, олар абстрактілі де, нақты да сипатта болады”.
Адамзат осы уақыт пен кеңістіктің бірлігін тең ұстау арқылы Адам болып қала бермек.
Жазушы Баққожа Мұқайдың Қазақстан Мемлекеттік сыйлығын алған «Өмірзая» (1998) романы «Бұл еңбегімді қазақ елінің тәуелсіздігі жолында құрбан болған ерлердің аруағына арнадым. Автор» деген арнаумен ашылады. Романда екі кейіпкер ерекше көзге түседі. Бірі – «күйіп тұрған заманда Кенесарыны қорғаймын деп күйген «ұлтшылдығы» үшін жеті жыл қараңғы үйде отырып келген қарт профессор Алдияр Ақпанұлы. Екіншісі – профессордың шәкірті, ғылым кандидаты Аяған Қуатов. Бұл енді кегін қуған баласы Сыздық үшін күйеді. Жаратылысынан шыншыл жан шындық десе, ішкен асын жерге қояды. Студенттерге оқыған дәрістерінде біз өз халқымыздың тарихынан гөрі, Рим империясының тарихын жақсы білеміз. Бізге қазақ халқының тарихы керегі жоқ. Өйткені біз құлмыз, - деп ашынады. Бірі ұстаз, бірі шәкірт – екі ғалым Алдияр мен Аяған бейнелері – парасатты адамдардың образы. Олар ел мен жердің, ұлттың намысын жыртқан күрескерлер. Романды «Өмірзая» деп атағанда жазушы Алдияр мен Аяған ұрпақтарының өмірі зая кетті деуден аулақ. Жоқ, олар жоғалған ұрпаққа жатпайды. Өмірзая – жетім жұлдыз. Бір өшіп, бір жанады. Ол күллі әлемнен теперіш көріп тұрған сияқты. Аяған сияқтылар – Кеңес тәртібінің сыртқа тепкен жетімдері. Жазушы шыншылдықты жалаң көрсетпейді. Оны ұлттық характер табиғатынан туындатады. Аяған қай нәрсені де ұлты, халқы тұрғысынан бағалайды. Романның қай эпизоды болсын, бір идеяның айналасында ашылады. Қазақтың билікке қолы жетпей тұрып, жат елдің қолынан ақиқат, әділет табуы мүмкін емес. Тәуелсіздік – ең қымбат, ең қасиетті байлығымыз деп ой түйеді автор.
«Өмірзая» романы – тәуелсіздік перзенті. Романды кешегі бодан ел турасында жазылған туынды десек те, бүгінгі күнге де арналған. Бүгінге ұлттық идея керек. Роман осы заманның талап-тілегінен туған.
Ұлттық әдебиетіміз тәуелсіздік жылдары ел өмірінің өзгерістеріне жіті назар аудара бастады. Ұлт тағдыры туралы толғану Жолтай Әлмашұлының Қазақстан Республикасының он жылдығына арналған конкурста ынталандыру сыйлығын алған “Оянған ұрпақ” (2002) романында орын алған. Романның сюжет желісі бір топ қазақ жастарының студенттік өмірінен бастап, баспасөзге, ел тірлігіне араласқан жылдарын қамтып, соңы тәуелсіздік туын желбіреткен кезеңмен аяқталады.
Жастардың ортасында сүйіспеншілік, махаббат мәселесінің бірге жүретіні белгілі. Осы оқиға арналарын бейнелеуде автор таза, шынайы махаббатты дәріптейді. “Шын сүйіспеншілік ары таза, пәк жастардың арасында болады” бұл сөздерді Алтай мен оның сүйген қызы Меруерт қайталап айтып отырады. Осы жастардың қызу талқылайтыны өздерінің болашағы, өз ұлтының жайы. Жастардың арасында өз қара бастарын ғана ойлайтындары бар. Ал, Алтай, Шаһарбектер халқының қамын ойлаған жолдарында көп қиындық көреді. Желтоқсан көтерілісі кезінде олардың жүректеріндегі ұлтына деген сүйіспеншілік лаулай түседі. Осы көтеріліс кезінде Меруерт шовинистердің соққысынан көз жұмса, Шаһарбек сотталып, камерада көз жұмады. Ол ұлтына жанашырлық танытып, қорғау жолында мерт болды. “Оянған ұрпақ” өкілі Шаһарбек ұлтжанды кейіпкер. Ол Мағжанды, Міржақыпты үлгі тұтады. Қаншама қуғын-сүргінге ұшыраса да, сенімінен, табандылығынан айнымайды.
Жазушы Рамазан Тоқтаровтың “Абайдың жұмбағы” романы 1999 жылы жарық көрді. Ұлы Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған «Абайдың жұмбағы» роман-хамсасында жазушы ақын өмірінің барлығын қамтып, туғаннан бастап дүниеден өткен шағына дейін уақыт кеңістігінде, тұтас бір дәуір панорамасын толық көрсетуді мақсат еткен. Қазақ елінің екіталай тағдырын, сол кездегі толғақты мәселелердің өмірге Абай сияқты данышпанды әкелуі заңды құбылыс деген түйін жасаған жазушы ақын өлеңдерінің өн бойында қазақ өмірінің шындығы мен мұңы жатқандығын көрсетеді. Бұл мәселелер төңірегінде тек Абай ғана емес оның тұстастары да болғанын қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов, оның орыс досы Федор Достоевскийдің Семей қаласында бас қосып, заманының келелі мәселелері туралы кеңескендігін көркем тілмен бейнелейді.
Романда жасалған әртүрлі характерлер, олардың әрқайсының өзіне ғана тән көзқарастары, айналаға қарым-қатынасы, дүниетанымы автордың негізгі идеясына қызмет жасап қана қоймаған, сол заманнның шынайы суретін, бейнесін жасауға септігін тигізген.
Р.Тоқтаровтың роман-хамсасындағы кейіпкерлер ұдайы қозғалыста, іс-әрекет үстінде, ішкі-сыртқы қайшылықта, қақтығыс үстінде көрсетіледі және әр қаһарманның ішкі әлемі психологиялық тұрғыда бейнеленеді. Бұл орайда шығармадағы Абай, Шоқан, Достоевский т.б. өнер, шығармашылық адамдарының болмыс-бітімі, рухани жағынан ширатылып, драмалық тұрғыда суреттеліп, талайлы тағдырлары талқыға түскен замандағы болмыс-бітіміне көбірек назар аударылады.
Идеялық-көркемдік дәрежесі биік реалистік романда ішкі кеңістік әдеби бейнелердің типтік қасиеттеріне, терең психологизміне, компоненттерінің композициялық, стильдік бірлігіне қарай жасалады. Туындыда Абайдың ұлылығын – бүкіл адамзаттық биік дәрежеге көтеріле алғандығын дәлелдеген автор ақынның зор тұлғасын шебер беруге талпыныс жасаған. Әсіресе, Абайдың адамгершілік туралы ұғымын жаңа биік сатыға көтеруге, адамзат қауымына үнемі жаңа идеялар ұсынып отырғандығын бүкпесіз жазады. Жазушы Абайдың дәуір озған сайын жұмбағы тереңдей беретін тұлғасына, өмірден не нәрселерден көбірек қуат алды, айналасында кімдер болды соларды өзгеше қабылдаумен беруге ұмтылды. Автордың бұл роман-хамсасы бірнеше бөлімнен тұрады, алғашқы кітап “Толғақ”, екінші кітап “Жұлдыз құрбандық”, үшінші кітап “Қызғаныш”, төртінші кітап «Хақиқат мекені», бесінші кітап «Нұрсипат» деп аталып, Абайдың балалық, жасөспірім шағынан өмірінің соңғы кезеңдеріне дейін толық бейнеленеді. Осы тарау аттарының өзі романның тұтастығын сақтай отырып, дербес қабылдауға жетелейді. Абай жас шағында-ақ ірі істерге қатысарлық сана-парасаты жетілген, жас жігіттің кемелденгенге дейінгі өмір оқиғалары, естіген, көргендері, өскен ортасы, алған тәлім-тәрбиесі, елеулі болмыс-бітімі іріктеліп, шығарма желісіне өрілген.
Жазушы романда Абайдың балалық шағы мен жастық дәуренін алғашқы кітаптарда топтап, есейіп, ес жиған өмір кезеңдерін де нақтылап, сенімді күрес, тартыс арқылы шебер суреттеген. Бұл романда адам өмірі шығармашылықпен жүзеге асырыла отырып, замана қаһарманын, оның рухани жан-дүниесін, мақсат-мүддесін, ой-сезімін шыншылдықпен өрнектеп, Абай характерін ашуды биік мұрат тұтқан. Абай өмірдегі өз қалпын сақтап, шынайы сөзін айта алғандай әсер етеді.
Роман-хамсадағы кейіпкерлерге ден қойғанда байқағанымыз - жазушы бейне сомдауға шебер. Жазушының шығармасындағы Құнанбай, Қодар, Кенесары, Абай, Ербол, Зере, Шоқан, Тәттімбет, Алшынбай, Ұлжан, Тоғжан т.б. - өмірде болған адамдар. Автор олардың әрқайсысының жекелеген кейіптерін келтіре отырып, сол кезде өмір сүрген адамдардың типтік бейнесін жасауды мақсат тұтады.
Р.Тоқтаров туындысындағы жан-жақты ашылған, тұтас сомдалған типтік бейнелердің бірі – Қодар. Бұл бейнені автор: «Енді, міне, жуан торы атының үстінде өңкиіп, қанын ішіне тарта сұрланып өзі келе жатыр. Бергі қабақтағы қалың қауды қабырғалап өте бере іш киімінен басқасын шешіп тастап, қолындағы жарқ-жұрқ еткен бірдемесін ерсілі-қарсылы құлаштай сермеп жүрген еңгезердей зор денелі туысқанын көрді. Қодар – осы. Ол-дағы өзіне қарай тура салып келе жатқан Құнанбайды қиядан шалып, қолындағысын анадай жерге лақтырып тастай беріп, белін жазып тұра қалды. Бұл күндері елуді иектеп қалса да әлі жас жігіттей, өн-бойының бұлшық еттері жылтырай тырсия сыртқа теуіп тұр», - деп бейнелеуіндегі Қодар Құнанбайдың қандасы, әрі елдің бетке ұстар азаматының тұлғасы.
Р.Тоқтаровтың “Абайдың жұмбағы” роман-хамсасындағы бейне жасау тәсілдері, көркемдік құралдар мен суреттеу, сөз қоры, сөйлем құраудағы амал-тәсілдер, ой өрнектілігі, көркемдеу құралдарын қолданудағы үйлесімдер, алдағы уақыттағы өсер, өркен жаяр дәстүрлер кеңінен қамтылды. Жазушының өмірді көркем нақышпен бейнелеуі, образдылық, портрет жасаудағы шеберлігі Абайды арқау ете отырып, қазақтың басқа да халық сыйлаған қадірлі азаматтарын тарих саханасына шығарып қана қоймай, келешек ұрпақ санасында осы ұлылардың бейнесін қалдыруға ұмтылуына қуануымыз абзал.
Абай Құнанбаев - тарихи адам, осы тарихи адам өмірінің реалды шындығын жазушы өз ортасынан оқшаулау адам екенін танытар қаһармандық қасиеттерімен әрлейді. Ол қиын-қыстау кезде де, қуанышты сәттерде де, алғырлығымен, тапқырлығымен, байсалды мінезімен көрінеді. Адам бойындағы ақылдылық, сабырлылық деген ұғымның шекарасы, ақиқат мәні қандай деген сауалға осы бейне орнықты жауап бере алатындай. Автор Абайға мінездеме беріп жатпай, басқа бейнені сөйлету, ойланту арқылы оқиғаларды ұтымды дамытады. Халық арасында білім мен парасат таратушы Мұса Шормановтың Абайға деген көзқарасы роман-хамсада былай беріледі: «Мұса Абайдың сөйлеген сөзінен гөрі, айналасына нұр жаудыра қарайтын қарашықтары өткір, марғасқа жүзіне қарап іштей сүйсініп, шексіз риза болып отырды. Орта жүздің ғана емес, бар қазақтың төбесінен шалқып тұтанғалы тұрған шамшырағы секілді, тағдыр оны осы кесапат халге дүниеге атын шығару үшін әдейі душар етіп қойғандай екен.
Абайды ол алғаш жиырмадан жаңа асқан балаң жігіт кезінде көріп еді, ондағы түрінен өзгермегені - әсем қиылған қызғылт еріндері мен төңірегіне нұр шаша қарайтын жарқырауық үлкен көздер. Одан бергідегі өзгерісі – шықшыт сүйектері, мойны-басы етейіп, мұрнының дөңі ұлғая, сақал-мұрты ұзара қалыңдай түсіпті. Бұл көргенде, жасында ол қараторылау сықылды еді, қазір толысқандыкі ме, екі бетінің ұшына иман үйіріліп, кең маңдайы қақтаған күмістей теп-тегіс жазылып, дүйім ажары сыртына біте ақшыл-күрең тартыпты» ,- деп екінші біреуге әңгіме айтқызу арқылы кейіпкердің қиыншылықтарды жеңу жолындағы істерін суреттейді. Бұл орайда жазушы тек қана Абай бейнесін ғана емес Михаэлис, Шәкәрім, Шоқан, т.б. болмыс-бітімін, рухани жан-дүниесін, талай тағдырлары өзгеріске ұшыраған тар кезеңдеріне көбірек назар аударған тұстары кездеседі. Жазушы кейіпкерлерінің осы тұстағы психикалық құбылыстарын тірі қозғалысымен, сыртқы портретінің кейбір деталь-штрихтерімен қоса-қабат алып суреттейді. Абайдың Әбіш қайтыс болғанда оның алыс бір қияда көз жұмғанын, ең қуатты тамыры үзіліп кеткенін жазушы шебер суреттеген. Осы мезгілсіз хабарды естігендегі Абайдың ішкі жан құбылысы былай берілген: «Абайдың оны естігенде жылаған да, артық күйінген де жоқ. Құлама жар жиегіне келіп қалғанын жаңа байқаған жандай, алдына үңіле қарап тұрып қалыпты. Әлдебіреулердің сабырлық тілеп көңіл айтып жатқандары жар астындағы бас айналар сол терең шатқал табанынан талмаусырап жетіп тұр»,- деп жылаулы жұрттың жұбатуын да, көңіл айтуын да тілемеген Абайдың үмітінің ең қараңғы түбіне жаққан жалғыз шырағының сөнуі осылай бейнеленеді.
Өмір болған соң қиындықтарсыз болмайды; бұл ұрпақтың да көрген тауқыметі аз болмапты. Қалай десек те алдыңғы ағаларының тағдыр-талайымен салыстырғанда, бұл аға буынның халқының рухани жағынан жетілуіне сіңірген еңбектері жанып, енді соның жемісін, рахатын көріп отырғанының өзі неге тұрады. Алдыңғы толқын ақын-жазушыларымыз қадау-қадау көркем шығарма жазып, оның өзі де қуғын-сүргінге, түрлі жазалауларға ұшырап, еркіндікті аңсаумен өмірден өксікпен өтсе, солардың ізін баса шығып, сарқытын ішіп, соңынан еріп жетілген ардақты азаматтарымыз бүгіндері бірінен соң бірі сексен-тоқсанның ар жақ бер жағынан асқандар.
Бүгiн қазақ халқы ұлттық тәуелсiздiгiн танып, егемендi ел болып жатқан тұста оның ұзақ ғасырлар бойы жасаған мәдени мұрасын түгендеп алу, оны бүгiнгi заманның игiлiгiне жара­ту осы тұрғыда аса үлкен мiндет болып отыр.
Ұлттық әдеби мұраны игеруге қолбайлау болып келген партияның қаулы-қарарларының күшiн жойдыру туралы шешiм қабылдатты. Сөйтiп барып, бүкiл ауыз әдебиетi мен тарихи әдебиеттiң ақтаңдақ беттерiн толтырумен шұғылданды. Соның нәтижесiнде, бүгiн қазақтың әдеби мұрасының мол байлығы жиналды. Олар бiртiндеп жарияланып, халық игiлiгiне айналуда. Осы материалдарды ғылыми сұрыптаудан өткiзу, оларды егеменді елдiң мүддесi мен идеялық тұтастығы тұрғысынан жаңаша бағалауға талаптар жасалуда.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет