8.Тәрбиеде тәрбиеленушілердің жас және жеке-дара ерекшеліктерін ескерумен байланыстылығы заңы. Тәрбие процесі, оның мақсаты, мазмұны, ұйымдастыру формасы және әдістері қоғам мен мемлекетте қабылданған тәрбиеге қатысты жалпы бағдарламалар, тұжырымдамаларға ғана тәуелді емес, сондай-ақ олардың объектісі және субъектісі болып келетін тәрбиеленушілердің жас және жеке-дара ерекшеліктерін ескерумен де байланысты болып келеді. Соған орай оларды жүзеге асыруда, міндетті түрде оған қатынасатын тәрбиеленушілердің жас және дара ерекшеліктерін ескерумен сәйкес оларға түзетулер мен ескертулер енгізіп отыру шарт. Өйткені әр түрлі жастағы адамдар іс-әрекетте, қарым-қатынаста эмоцияның, ақыл-ойдың, қажеттіліктер мен қабілеттердің және т.б. салалардың даму дәрежесіне сәйкес өздерін әр жақты, әр қырынан көрсетеді.
«Заңдылық» - бұл заңға жақын түсінік. Яғни заңдар заңдылықтар арқылы бейнеленеді.Философия ғылымында «заңдылық» деген ұғымды (категория) құбылыстар мен процестер арасындағы дамуды сипаттайтын мәнді байланыс деп түсіндіреді. Ал осы идеяның негізінде педагогикалық құбылыстарды қарастырсақ, ол тұлғаның өмір сүруі, қарым-қатынасы, жан-жақты әрекеттері барысында жеке басында, айналасында кездесетін, оған оң немесе теріс ықпал ететін табиғи немесе табиғи емес әр түрлі жағдайларды айтуға болады.
Тәрбие процесін ұйымдастырудың өзіндік заңдылықтары бар.Тәрбие заңдылықтары– бұл тұрақты, қайталанатын, тәрбиемен объективтік тұрғыдан мәнді байланысы бар, оларды жүзеге асыруда оқушы тұлғасының нәтижелі дамуына өте маңызды ықпал ететін тәрбие процесінің негізгі бір компоненті.
Олардың қатарына жатады:
1)Тәрбиенің қоғамдық қажеттілікпен және тәрбие жағдайымен органикалық байланыста болу заңдылығы. Өйткені елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының едәуір өзгеруі, тәрбие жүйесінің де өзгеруіне себепші болады. Яғни, мемлекеттің дамуы, мысалы, өскелең жас ұрпақты қалыптастыруда ұлттық сана-сезімнің, Отанға деген сүйіспеншіліктің, ана тіліне және өзінің ұлтына, оның мәдениеті, өнері және дәстүріне деген құрметтің болуын талап етеді.