Сюжетті-рөлдік ойын. "Азық-түлік" дүкені.
Мақсат-міндеттері. Балалардың "Азық-түлік" дүкені, сатушының қызметі жөніндегі ұғымдарын тиянақтау; сатушы мен сатып алушы рөлдеріндегі әрекеттерді игерту; жағымды қарым-қатынастарға, қоғамдық тәртіп ережелеріне тәрбиелеу.
Құралдар.
Сөрелер, сөмкелер, қорапшаларда немесе пластик қаптарда жармалар, әртүрлі макарондар, қатты азықтар, сүт өнімдерінің қораптары (қап ыдыстары), түрлі пішінді себеттер, ойыншық смартфондар, төлем карточкалары, қаражат қағаздары.
Шарты.
Педагог бұдан бұрын балалармен азық-түлік дүкеніне саяхатты ұйымдастыруы мүмкін. Педагог балаларға дүкен жайында суреттерді, бейнежазбаны көрсетіп, "азық-түлік тауарлары" сөзінің мағынасын, оларды сақтау үшін түрлі ережелерді ұстану керектігі жайында түсіндіреді. Балалар азық түрлеріне сүт, ет, нан өнімдері жататыны туралы әңгімелейді. Балаларға азықтардың сақталу мерзімі, азық-түлікті таза өнім күйінде тұтынудың маңыздылығын түсіндіру.
Сатушы өз қалауы (немесе санамақ) бойынша тағайындалады, сатып алушылар қолдарына қажетті құралдарды алып (карточка, қаражат, смартфон), ойын барысында қолданады.
Сатушы тауарларды сөрелерге орналастырады, бағаларын анықтайды, сатып алушыларға тауардың ұтымды жақтарын айтады, оны сатады.
Педагог диалогтарда әдептілік ережелерінің сақталуын, ойыншылар арасында сөйлеу тізбектерін реттейді, тиянақтау сұрақтарын қояды.
Ойынның соңында қорытынды жасауға болады: тауарларды ережелерге сай күтсе, сақтаса, олар бұзылмайды. Тауарлар сапалы болады, жақсы сатылады; дүкендерде сатушы мен сатып алушы сыпайы сөздерді қолданып, әдептілік ережелерін ұстануы тиіс; сатушының еңбегін құрметтеу керек; сатып алушының таңдауын құрметтеу керек.
(қарым-қатынас іс-әрекеті, танымдық іс-әрекет, зерттеу іс-әрекеті, еңбек іс-әрекеті, шығармашылық іс-әрекеті)