Тәшімбай салтанат қуатбекқызы «Мухаббат-наме» ескерткішінің (ХІV ғ.) лексикасы


-АҚ (-АҒ, -ЕК/ЕГ, -Ғ/Қ, -Г/К) жұрнағы



бет38/126
Дата23.02.2022
өлшемі0,97 Mb.
#26246
түріДиссертация
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   126
-АҚ (-АҒ, -ЕК/ЕГ, -Ғ/Қ, -Г/К) жұрнағы. Ескерткіште бұл жұрнақтың тек ғана қатаң варианттары кездеседі. Мысалы, булақ (бұлақ), йырақ (жырақ). Ишикиң топрағы Каусар булағы 248 (Есігіңнің топырағы – кәусар бұлағы). Бұл жұрнақ қазақ тіліндегі орақ, тарақ, сұрақ, қашық сөздерінде сақталған.

Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі қосымшаларды зерттеген А. Есенқұлов бұл жұрнақтың буынның жуан, жіңішкелігіне қарай жалғану ерекшеліктерін ескере отырып, былай дейді: «-ғ, -г, -ығ, -іг, -уғ, -үг, -ағ, -ег – қатаң варианты -қ, -ғ, -ық, -ік, -уқ, -үк, -ақ, -ек. Бұлар зат есім мен сын есім тудыратын аффикстердің қатарына жатады. Көне жазбада ғ мен қ дыбыстары әртүрлі таңбалармен беріліп, бес-алты вариантта қолданылады. Солардың ішіндегі жуан буыннан кейін жиірек жұмсалатыныны ғ мен қ дыбысы. Сондай-ақ, жіңішке буыннан кейін -г, -іг, -үг, -ег және қатаң -к, -ік, -үк, -ек жұрнақтары жалғанады» [54, 62 б.].

Бұл жұрнақтың ескерткіштегі грамматикалық мағыналары мынадай:

1 Адамның, жан-жануарлардың дене мүшелеріне қатысты атаулар жасайды: йүрак (жүрек), айақ (аяқ), қарақ (көздің қарашығы).

Зехи арслан йүрак Қоңрат уруғы 107 (Ей, арыстан жүректі, Қоңырат ұрпағы); Қамуқ башдин айақ аби бақаға 244 (Бастан-аяқ түп-түгел тірлік суына [аби-бақаға]); Қарақлары қарақчы, өзи ´аййар 250 (Көзіңнің қарашығы – қарақшы, өзің аяр).

Б.А Серебренников пен Н.З. Гаджиева етістік негізіне -қ,/-к, -ақ,/-әк жұрнақтардың жалғануы арқылы жасалынған зат есімдерге түркі тілдерінен мысалдар келтіреді. Мысалы, жүрек «сердце» сөзі жүр «ходить» сөзіне -ек жұрнағы жалғануы арқылы жасалған деп көрсетеді [55, 109 б.].

2 Әртүрлі сапалық, сындық ұғымдардың атаулары жасалады: йырақ (жырақ), көрк (көрік).

Йаман көздин йырақ тутсун сени хақ 180 (Жаман көзден жырақ тұтсын сені хақ). Йети иқлим ичинда көркка хали 319 (Жеті ықылым ішінде көрікке жеткен).

3 Объектіні білдіреді: бутақ (бұтақ).

Айыт қыл, ей бойуң тоба бутақы 245 (Ей, бойың сенің тоба ағашының бұтағындай де).

4 Деректі, нақты заттық мағына беретін сөздер: йапрақ (жапырақ), башақ (башақ, заттың ұшы).

Чечак йапрақлары йерга түшүптүр 153 (Шешек жапырақтары жерге түсіп тұр); Башағы итланүр сандан ичинда 162 (Төс ішіне оғының ұшы сіңіп кетеді).

Қазақ тілінде бұл аса өнімді жұрнақ конкретті заттық атаулар мен құрал-жабдық атаулары тарақ, күрек, қайрақ, қармақ және әртүрлі абстракт заттық ұғымдардың атаулары бұйрық, тілек, күйік, көрік, жинақ т.б. жасалынады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   126




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет