-ҒАН, -ҚАН жұрнағы. Бұл жұрнақтың осы екі варианты да ескерткіште бір-екі сөздің құрамында кездесті. Мысалы, йаратқан (жаратқан), уған (құдай). Көне түркі тілінде у – «құдіретті, қолдан келу, істей алу» деген мағыналарды білдіретіні белгілі.
Өкүш йыллар Йаратқан бақый тутсун 165 (Жаратушы ұзақ жылдар өмір берсін). Уған Йүсүп жамалин сизга берди 581 (Құдай Жүсіп пайғамбардың жамалын сізге берді).
Қазіргі қазақ тілінде -ған жұрнағы есімшеге қатысты қарастырылғанмен, етістіктен есім тудыратын жұрнақ ретінде жеке көрсетілмейді.
-МАҚ/-МЕК жұрнағы. Бұл жұрнақ ескерткіш мәтінінде өте сирек ұшырасады, мынадай грамматикалық мағыналар береді:
1 Заттың атауын білдіреді: йармақ (ақша).
Бүгүн майханада йармақ сачалың 434 (Бүгін майханада жармақ теңге шашалық).
2 Істің, қимылдың, процестің нәтижесін білдіреді: урмақ (ұру, соғу).
Көне түркі ескерткішіндегі -мақ жұрнағының сипаты туралы: «-мақ/-мәк жұрнағы арқылы жасалған сөздердің көбі мағынасы жағынан да, дыбыстық құрамы жөнінен де қазіргі түркі тілдерінде түсінікті де, ұқсас болып келеді: қармақ, оймақ, тоқпақ (маг), чахмақ (маг), өрмек, сырмақ, соқпақ (маг), ілмек, құймақ, т.б. Бұлардың түбірлері (қар, ой, тоқ, чақ, әр, сыр, соқ) – сонау көне заманнан келе жатқан бір буынды сөздер» [54, 110-111 бб].
Ғалым Р. Сыздықова -мақ жұрнағының атқаратын бірнеше грамматикалық қызметін Абай шығармаларының тілі арқылы жан-жақты саралап көрсеткен [56, 246-257 бб].
Достарыңызбен бөлісу: |