-мыш, -миш жұрнағы. Бұл жұрнақ мына ачықмыш сөзіне жалғанып, өткен шақ есімше қызметінде жұмсалған. Мысалы, Ачықмыш бөри қойға күрү йаңлық 132 (Аш бөрінің қойға тигеніндей тиеді). Екінші аймыш деген сөзге жалғанып, өткен шақ есімше қызметінде жұмсалған. Мухаммад-Хожа-бек аймышларыдин 312 (Мұхаммед Хожа-бектің айтқан сөздерінен). Күчүм йетмишча көп хидмат қылайын 57 (Күшім жеткенше, көп қызмет қылайын).
Қазіргі оғыз тілдерінде бұл жұрнақтың -мыш, -миш, -муш, -мюш варианттары өткен шақ есімшенің формасы ретінде жұмсалады. А. Есенқұлов орхон-енесей ескерткішіндегі бұл қосымшаның екі қызметте 1) өткен шақ есімше 2) етістіктің тұйық рай формасының орнына қолданғанын көрсетеді [54, 211 б.].
Қазақ тіл білімін зерттеуші Т.Р. Қордабаев -мыш, -мыс өнімсіз жұрнағы қазақ тілінің кейбір тарихи ескерткіштерінің тілінде де көбінесе есімше формасының орнына қолданылатынын айтады [63]. Б. Сүйерқұл «Ат-тухфа...» ескерткіші тілінде -мыш қосымшасының 1) етістіктің өткен шағының және өздік етіс көсемшесінің көрсеткіші, 2) сөйлеуші өз көзімен көрмеген оқиғаны, әрекетті баяндағанда хабарлағанда қолданылған дейді [64, 76-77 бб.].
Ескерткіштегі сөз тудырушы жұрнақтардың мына сияқты түрлерін де кездестіруге болады. Солардың кейбіріне тоқталсақ. -ра жұрнағы. Бұл өнімсіз жұрнақ бірен-саран сөздердің құрамдарында ғана ұшырасты. Қазіргі түркі тілдерінде өнімсіз жұрнақтардың бірі ретінде саналады. Бұл жұрнақтың қатысуымен үстеулер жасалынады: үзра (үстінде), ичра (ішінде), соңра (содан соң).
Йир үзра қудрати дарйа йаратты 17 (Жер бетінде құдіретімен дария жаратты). Ош андин соңра нама башлағайын 106 (Одан соң хаттарымды бастайын). Йаратқан ким тән ичра жан йаратты 81 (Жаратқан ием, тән ішінде жан жаратты).
Үстеу жасайтын жұрнақтардың мынадай түрлері де кездеседі. Мысалы, -ну жұрнағынан ашуну (бұрын), -рү-ден асрү (тым, өте), -да мунда (мунда), -ынча барынча (барынша).
Жехандин ашуну миң йыл қылды халиқ 481 (Жаһан жаралмастан мың жыл бұрын). Ким асрү би вафадур бу замана 175 (Тым опасыз байқағанға бұ замана). Мухаббат нама сөзин мунда биттим 615 (Мұхаббат-наме сөзін осылайша бітірдім). Тирик болсун, шаха, дауран барынча 475 (Тірі болсын, шаһым дәурен барында).
Есімдік тудыратын жұрнақтардан жасалған -ча барча (барша), неча (неше), мунча (мұнша), -чүк нечүк (неліктен, нешік), -лүк нелүк (неліктен), -у қайу (қай), -да қайда (қайда) сөздері кездеседі.
Көңүлниң қаны қайнаб барча ташқай 217 (Көңілдің қаны қайнап баршасы тасты); Нетар ол ағызда мунча йалған 252 (Неліктен аузыңда мұнша жалған). Неча йүзгай киши дарйа ичинда 478 (Қанша жүзе алады адам дария ішінде). Нечүк мин хал-о ахуалимни билгил 604 (Менің хал-ақуалымның нешік екенін біл). Нелүк хаддин ашурурсыз жафани 414 (Неге мұнша зәбір-жапаңды шектен асырасың). Қайу йирга буйурса, су урурлар 22 (Қай жерге бұйырса, сонда жауын жауады). Киши қайда өлардин билса болмас 567 (Кісі қайда өлерін біле алмайды).
Ескерткіштің аралас тілде жазылғандығы және онда қыпшақ элементтерінің басым екендігі осы көп варианты жұрнақтарды қазақ тілімен салыстырғанда анық байқалды. Әсіресе, басқа сөз таптарына қарағанда сын есім жасайтын -лы жұрнағы ескерткіште он үш сөздің құрамында ұшырасты. Нақтылап көрсетсек, соның үшеуі -лық, -лүк, екеуі -лү, ал сегізі -лы, -ли варианты арқылы жасалып, қыпшақтық тұлғаның басым екенін көрсетіп тұр. Яғни -лық, -лүк ұйғыр-қарлұқ, -лү оғыз тілдеріне тиесілі болса, -лы, -ли – қыпшақтық белгі. Ал -сыз жұрнағы тек қыпшақ тілдеріне тән -сыз, -сиз тұлғасында ұшырасты. Ескерткіште етістік тудыратын жұрнақтар жөнінде айтсақ, қазіргі қазақ тілінде бұлардың барлығы кездеседі. Кейбіреулері ешбір фонетикалық өзгеріссіз күйде ұшырасатынымен де ерекшеленеді.
Сонымен Мн ескерткішіндегі жұрнақтар сөз тудыру жағынан қыпшақ тілдеріндегі жұрнақтарға жақын. Қазақ тілімен салыстырғанда кейбіреулері тек фонетикалық өзгеріспен қолданылғанымен беретін мағыналары сәйкес келеді. Сондай-ақ ескерткіш тілінде туынды сөздер жасайтын бірсыпыра жұрнақтар да ұшырасады. XIV ғасыр ескерткіші «Мухаббат-наме» тілінде бүкіл жұрнақтарға талдау жасағанда аңғарғанымыз – олардың зат есімдер -чы, -чи, -гү, -ақ, әк, -уқ, -үк, -ық/-ик, -қ/к, -мақ, -нж, сын есімдер -лық, -лүк, -лик, -лы, -лү, -ли, -сыз, -сиз, -дек, -тек, етістіктен есім тудыратын -үм, -қу, -ту, -қан, -ған, етістік тудыратын жұрнақтар -ла, -ра, -ша, -ран қазақ тілінде тұлғасы мен мағыналық жағынан ұқсас. Мн-де сөз тудыратын жұрнақтар оғыз формасынан гөрі қыпшақ элементтерінен көп жасалынған. Бұл ескерткіш тілін қазақ тілімен жақындастырады.
Сонымен зерттелініп отырған ескерткіш тілінде сөз тудыратын жұрнақтар қазіргі түркі тілдерінің көпшілігіне ортақ болып табылады. Ескерткіште кездесетін сөз тудыратын жұрнақтар М. Қашқари сөздігіндегі сөз тудыратын жұрнақтармен, қазіргі қазақ тілімен мағыналық жағынан да, тұлғалық жағынан да ұқсас. Енді бірсыпырасы түбір сөзге жалғанып, жаңа сөз жасауда болсын, беретін мағыналарында болсын қазақ тілімен салыстырғанда айтарлықтай ерекшеленбейді.
Достарыңызбен бөлісу: |