Күн ↔ түн. Бұл антонимдік қатар көне түркі ескерткіштері, орта ғасыр ескерткіштерінен біздің дәуірімізге дейін фонетикалық өзгерістерге ұшырамай жеткен. Түн күннүң қаршысы ол ДТС 326 (Түн күннің қарама-қарсы жағы). Ескерткіште де, қазақ тілінде де күн – таңның атуы мен күннің батуы аралығындағы уақыт, күндіз деген мағына береді. Түн – тәуліктің кешкі уақыттан таңертеңгілікке дейінгі аралығы, қараңғы бөлігі. Ошул күн ким сени халиқ йаратты 369 (Сені құдай адам етіп жаратқан күні); Түн ақшам ким көрүнди байрам айы 39 (Түн. Ақшам. Көрінді мейрам айы).
Күн ↔ ай. Күн – әлемге жарық, қызу беретін планета. Әгар күн тоғмаса хам йақту қылғай 63 (Егер күн шықпаса етер еді жарық). Ай – түнде жерге жарық сәуле беріп тұратын планета. Толун ай дек қылур бир қатра суны 10 (Толған айдай қылар бір тамшы суды).
Аз ↔ көп. Аз – көп емес, шағын, азғантай деген мағынада. Айыт, ей мехриң аз, ´ишваң фараван 251 (Ей, мейірімің аз, қылымсуың көп де); Көп – мол, қыруар, едәуір, бірсыпыра деген мағыналарда. Күчүм йеткенча көп қылдым вафалар 267 (Күшім жеткенше, адалдықты көп қылдым).