Төлеген Рахымжанұлы Өлеңімнің өзегі



Pdf көрінісі
бет10/13
Дата07.02.2017
өлшемі0,96 Mb.
#3600
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

Ойлар
Тыным бермей мазалайды ой күнде,
Еңсе түссе, көтерілмей бой мүлде.
Орыныңды таппаған соң өмірден – 
Өкпеледің, өкпелемей қойдың не?!
Мақсат – менің жолдамам да, ар – мандат,
Тойдырғандай алдамшы үміт, жалған бақ.
Дүниенің кетігіне кірпіш боп,
Қалансам деп келем әлі армандап.
Көгершіндей көгімде ұшып жүр үміт,
Түнерген бұлт бара жатыр түріліп.
Бір қыран құс айдынында көңілдің
Оп-оңай-ақ шүрегейді тұр іліп.

166
   
167
   
Мына тағдыр минут сайын әр қилы,
Өзім ғана ап отырмын жарты үйді.
Шөгіп бара жатқан мынау еңсемді
Тұлпар ойлар тұяғымен тарпиды.
Үміт
Тау да өлең, шоқы да өлең, қырат та өлең,
Ол қалай өлең деген сұрақ берем.
Өзгеріп көңіл күйі қас қағымда,
тауға шығып,
қыраттан құлап келем.
Үнемі бар жазатын өз қыратым,
Сақтамай ескерткіштей сөздің атын.
Сол қырат жолдан бүгін алып қалған,
Сол  қырат ертеңгі күн оздыратын.
Білмеймін не тындырып өндіремін,
Бәрін де ар алдында төндіремін.
Бір өлең жазылмай-ақ қойсын мейлі,
Бір күнім адал өтсе болды менің.
Айналып шаруамен әлденендей,
Келемін кейде өлеңге мән де бермей.
Достарым көпшік тастап ақын дейді
Ештеңе тындырғам жоқ бәлденердей.
Қарасам болашаққа күліп мен де,
Емеспін құр алақан үміттен де.
Әншейін қанағатпен жүргенім жоқ
Қолыма не болса сол іліккенге.
Қайтейін бәрін айтып дабыра ғып,
Асуға ұмтыламын тағы барып.
Сол биік көз ұшынан кетер емес,
Үміт деген шамшырақ – жарық алып.
Ой – қыран
Сапарда ұзақ сонар жүріп келем,
Арман көп бас-аяғы бірікпеген,
Артымда із қалмаған сияқтанып,
Көңілді қобалжытып күдік деген.
Соңыма үңілемін шолып қарап,
Жолыма шаршағандай солықтап-ақ.
Еркімше көсілейін деген шақта
Тұрады қаскөй тағдыр тобықтан ап.
Бойымды билегендей шабыт анық,
Байқаймын бағдар түзеп, бағып алып.
Алыстан талмаусырап арманымның
Үзіліп естілгендей әні талып.
Жүргенде күндегі істің күйігімен,
Көңілдің көтерілмей биігінен,
Құлазып қалам бір сәт қаңқыл қағып
Адасқан жалғыз қаздай үйірінен.
Тұтанып үміт оты болмашыдан,
Намысқа қызып қайта жолға шығам.
Қасқайып келем өлең сапарында,
Өзімді кем санамай қолбасыдан.
Қиынға қанат қағып ұмтылам мен,
Қиялмен ұласқанда ілкі дәурен.
...Ой – қыран көк төсінде зулағанда,
Қырқылжың айла қылар түлкі – дәрмен.
Өкпе
Қасым көп пе, білмедім, досым көп пе?
Үсті-үстіне жамалып қосылды өкпе.
Мен бауырдан жаралып, ал өзгелер...
Көтерілген жоқ еді төсім көкке.

168
   
169
   
Қысым түссе домбытып бір өкпеден,
Қысылатын сезімтал жүрек деген.
Түсініспей дүрдараз  жүре берсек,
Кезі бар ма, шіркіннің, жүдетпеген?!
Жүрек-бауыр өкпемен тайталасып,
Базынасын көзбе-көз айтады ашық.
Өкпелеген бір досым сыр білдірсе,
Мен тұрамын құшақты айқара ашып.
Шешіледі түбінде дауым әлі,
Салмақ түсіп шыбын жан ауырады.
Пайдаланып осындай қиын шақты,
Тісін қайрап қастарым жауығады.
Төңірегім сырымды жүр түсінбей,
Қайраттанам жаныма мұң түсірмей.
“Сабыр түбі – сары алтын” деп білемін,
Шыдам деген бар менде бір кісіңдей.
Кенет келер тағдырдың бұйрығы көп,
Соған көнбей шабады жүйрік үдеп.
Бірқалыпты сақтаған деңгейіңді
Тәңір маған сыйлаған милы жүрек.
Бақытты ғой қажетке жараса адам,
Үлес алып жүргені тамашадан.
Қасым үшін биікпін қол жетпейтін,
Досым үшін әп-сәтте аласарам.
Шуақты өмір
Кеудемді нұрға бөле, 
                                     шуақты өмір,
Төбемді жарқыратып, 
                                     шырақ, төгіл!
Дарияның көкжал бұйра толқынындай,
Толқиды тоқтамы жоқ сынап-көңіл.
Жұлдызым жарқырашы түспей ағып,
Жүрейін жұмысымды істей алып.
Шымырлап иірімге сезім жатыр
Жаныма аян берген түстей анық.
Қызықтап туған жердің ақ шырайын,
Борышты келер күнге тапсырайын.
Түнерсем, күзді ұнатам құбылмалы,
Аңсаймын жылы жаңбыр жақсы райын.
Кім бірдей, не басқа?
Жер бетінде пенденің
Күлкісі бірдей, түр-түсі басқа.
Тербетілген жеңгенің 
Жыртысы бірдей, жыр-құсы басқа.
Асуда жүрген аңның да
Ойнағы бірге, қойнауы басқа.
Қасыңда жүрген жанның да
Ойнауы бірге, ойлауы басқа.
Бір-біріне ғашықтың
Ұнауы бірдей, сынағы басқа.
Гүл тіліне асықтың
Құлауы бірдей, сұрағы басқа.
Суық жолға түскеннің 
Нәпсісі бірдей, апшысы басқа.
Суыт жонға көшкеннің
Сақшысы бірдей, жақсысы басқа.
Абылай аспас қосынның
Ұраны бірге, шырағы басқа.
Жан аяспас досыңның
Жыр-әні бірге, тұрағы басқа.

170
   
171
   
Сурет
Майлы бояу...
Майлы сурет...
Майлы аспан.
Төр жайлауда малшы ауылы жайғасқан.
Мен қараймын көңіл шөлі қанбастан,
Мен қараймын көңіл көзі тоймастан,
Қарай бердім ертелі-кеш қоймастан.
Жайлау осы – 
                        малшы ауылға мекен дүр.
Жаз ортасы бүршік жарған шетен гүл.
Ән салғандай әсер етіп сол сурет,
Қарсы алғанда әнге айналып кетем бір,
Әнге лайық сырлы сурет екен бұл.
Сурет шертіп шежірені бір-бірлеп,
Домбыраның шанағындай күмбірлеп,
Долан топшы, шырғанақ та, шәңгіш те,
Жаз ортасы болып қалсын, тұр гүлдеп,
Бұл маңайдан қашып жатыр мың бір дерт.
Сұлу дейтін сұлу емес 
                                        тартымды,
Сол суретте 
                        сүйкімді бір жан тұрды.
Сол суреттен қарапайым келіншек
Тірі өмірге шығардай-ақ талпынды,
Көрген жанның көзқарасы әртүрлі.
Сұлу дейтін сұлу емес,  
                                            Дегенмен
Сол суретке қайта-қайта келем мен.
Көрген халық ынтық болып көрмеде,
Сол суреттің қасиетіне кенелген,
Айналсаң ғой мұны салған шеңберден!
Майлы бояу...
Майлы сурет...
Майлы аспан.
Төржайлауда малшы ауылы жайғасқан,
Мен қараймын көңіл шөлі қанбастан,
Ол қарайды от жанары таймастан,
Жанды сурет! Екенсің ғой бай дастан!!!
Бағаналар
Бағаналар! 
                    Бағаналар! 
                                         Жегілсін,
Шартарапқа жарысады жеңіл сым.
Ағаш-темір құшақтасып көрісіп,
Көмейінен жақсылықтар төгілсін.
Бағаналар! 
                    Бағаналар! 
                                        Емпеңдеп,
Қанат қақты, 
                   құлаш жайды өркендеп,
Өтіріктің алқымында өртенбек,
Бұл өмірді шындық болып көркемдеп.
Ортақ таныс
Кісі үйінде алқа бұзып,
Сезінбейді жасқансаң.
Өз үйінде арқан үзіп
Көрген емес ешқашан.
Кісі үйінде хан тәрізді
Көсем болып боратты ой.
Өз үйінде жан парызды
Моп-момақан қонақ қой.
Кісі үйінде айтатыны:
Ой, әрекет, іс, ақыл.

172
   
173
   
Өз үйінде би – қатыны,
Өзі – сорлы мүсәпір.
Кісі үйінде сиқыр шамнан
Шыққан жандай әуелгі.
Өз үйінде қиқу салған
Бәйбішеге тәуелді.
Оңашада ерсілігін
Сезе ме, әлде сезбей ме?!
...Жеткізе алмай кемшілігін
Қиналады-ау сөз кейде.
Күнелткен атам қазақ
50-жылдардың аяғында, 60-жылдардың басында 
Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Президиумының, 
Республика Министрлер Кеңесінің Төрағасы 
қызметінде болған Тәшенов Жұмабайдың 
сол  кездегі қайсарлығына арналған...
Туған ел – Қазақстан, 
                                   бұл өлкенің
Ынтықпын көргім келіп нұр ертеңін.
Тың өлке құрылғанда, 
                                   қарсы болған
Мен едім, атам қазақ, бір еркегің...
Дүние құпиясын білер тегін,
Замана әлпештеген бір еркемін.
Қазақтың келешегін жайнатуға
Менің де біразырақ сіңер терім.
Шынында қажеті не, Тың өлкенің?!
Ішімде қайнап жатыр жігер керім.
Күнелткен атам қазақ 
                                      Тың өлкесіз,
Әлі де Тың өлкесіз күнелтемін...
Сары Арқа – кең жазира атамекен
Созылып шетсіз-шексіз жатады екен.
...Біреу кеп өз жеріңе қожа болса,
Жаныңа дәл сонысы батады екен.
Құрбандық пен Құмарлық
Жүремін тек шындықтың жетегіне,
Ақиқаттың тұрақтап мекеніне.
...Өтіріктің қойнынан шыққамын жоқ,
Оралғам жоқ өсектің етегіне.
Жармасқам жоқ жаланың шылауына,
Озбырлықтың көнгем жоқ бұрауына.
Жастайымнан әділдік іздегенім –
Тек әділет кіреді құлағыма.
Ауырғам жоқ дертімен күншілдіктің,
Қорқыта алмас күшімен міншіл-мықтың.
Өтіріктің түр-түсі көп дейді жұрт,
Еріп келем соңынан бір Шындықтың.
Осы жолда шаршармын,
                                шалдығармын;
Қателескен кезімді енді ұғармын.
Шындық болса – әділет.
Мен құрбанмын.
Шындық болса – махаббат.
Мен құмармын.
Жылқы жылы
Өліп барып тірілген тілім менің,
Жөн дер “Қызыл кітапқа” тігілгенің.
Сен мемлекеттік мәртебе алғаннан соң,
Тыныстады-ау еркіндеу бүгін демім.
Бар екен ғой тілектес азаматың,
Балқып ана тілінде жазады атын.

174
   
175
   
Біздің халық – қашаннан ақын халық,
Тілі болса, 
                      болады қазақ ақын.
Жариялап сыр-жұмбақ ашылатын,
Жоқ құпия іште өліп жасыратын.
Жатталғаны жадымда өлеңдері
Жылымықтың басында Қасым ақын.
Шарықтатты сол кезең жыр ұясын,
Жадыратса жаныңды жымиясың.
Өлкесіне оралды Сәкен ақын,
Бейімбет пен қолтықтап Ілиясын.
Тұрғандайын жадырап бар айнала,
Байқоңырдан үңілсең шар айнаға.
Жамбылды да тоқырау ұмыттырып,
Тілдің туын көтерген Абай ғана!
Өзге тілге сөзім жоқ, 
                                    шатағым жоқ,
Өз тілімнің бал дәмін татамын көп.
Ақтаңдақтан Ахмет, Мағжан келді,
Міржақып боп, Жүсіпбек, Шәкәрім боп.
Жеке тиіп наурыз бен айты, сірә,
Жетеді үнім жұртымның қай тұсына?!
Әлеуметтік биікке көтерілді,
Жаңғырығып қазақтың айтысы да.
Жамағатқа тілімнің бірдей мәні, 
Жете соны түсінбей жүр бейбағы.
Қазақ қазақ болғалы, 
                                     биыл тойлап,
Өтіп жатыр өзгеше Тіл мейрамы.
Жақсылықты қонар деп күту ғажап,
Қайта құру ұшырған пікірді азат.
Ана тілін қастерлеп, 
                                    мен сенемін,
Болашақта сөйлейді бүкіл қазақ!
Шын-ақ артта қалды ма нелер сұмдық,
Кезеңдерден кезеңге келем сырғып.
Жылқы жылы – Тілімнің мерекесі,
Жылқы жылың ілгері деген шындық.
Тарқамасын мәңгілік бұл – мерекем,
Өркен жайса, 
                              өңірім гүлдер екен.
Мүмкін емес жүруім қазақ болып
Тілім кетсе, құримын, 
                                         бірге кетем.
Жыр – тентегі қазақтың, 
                                                 ән – бүлігі.
Жарқын-жарқын шығады жаңғырығы.
Азаматтың арманы – қолдайтыным,
Ойлайтыным – тілімнің мәңгілігі.
Бар мақсатым, бар ойым, бар ақылым,
Көркейсін деп тілейді ана тілім.
Тоқтамайды тілімнің әрекеті,
Алып жатсын тау таныс,
                                    дала тыным.
Сөз айтпаймын өрнексіз, оқасыз ғып,
Шешендікпен шықпады топас үздік.
Қарсы келіп анама көрген жоқпын,
Жасамаймын тіліме опасыздық.
Тілдің қамы ойымды түршіктірген,
Кетер ме екен жоғалып қырсық бірден?!
Қазақ тілі қоғамы құрылған кез
Жарасады көктемде бүршік бүрмен.

177
   
Өліп барып тірілген тілім менің,
Жөн дер “Қызыл кітапқа” тігілгенің.
Сен – мемлекеттік мәртебе алғандықтан,
Тыныстайды еркіндеу бүгін демім.
Құлын-тайдай баптасам түзу түбін,
Құрылтайға көркем сөз тізілтуім.
Қазақтардың бәрінде жалғыз тілек:
“Қызыл кітап” көрмесін қызыл тілім.
Тіл сыры
Бұрынғы өтсін, бүгінгі
Жариялы заман талап көп.
Бала шағыңнан сүйсең тіліңді,
Болашағыңа жүрсін қанат боп.
Тіл сырын білсе кез келген
Көрінгендей болсын сөз бірге.
Жаңа заңыңды сезгенмен,
Жан азабыңды сездірме.
Ана тіліңді салса өлшемге
Дегені ғой жанды бөлшекте.
Түксигеніңді көрсем де,
Бүкшигеніңді көрсетпе.
Жанды жер көздер көз мерген,
Қиыр шеттерге жол шекпей.
Кішілігіңді көргенмен
Кісілігіңді көрсетпе.
Нәр алған тілден байтаққа 
Тоқтаған сөзге халық бұл.
Жылылығыңды байқат та,
Ұлылығыңды таныт бір!
Тұлғалар мен тұнбалар
Қайран бабам, Қаратай!
Білігінде Жер-Ана дөңгеленген,
Ұлытауға жол түсті көлденеңнен.
Осындайда жоғың да табылады
Қазыналы, қарталы көмбелерден.
 
Ұлытауды ұлықтап Жүрсін Ерман
Саф алтындай салмақты жыр шығарған.
Ұлытауда қазақтың жалғыз дара
Ұларына ынтығып күрсін, арман!
Ұлытауда жүру жоқ баса-көктеп,
Әр төбеге тәу етіп, қошеметтеп.
Ұлы мақсат сапарға алып шықты,
Ұран салып, қалмайық бос әлек боп.
Қайсар намыс ұранын төмендетпе,
Ұлылыққа ұмтылмас өрем текке.
Қаратайдың зираты табылды деп,
Қуаныштан жеткендей төбем көкке.
Ұлытаудың құлпырып гүл шапаны,
Ұлық болып көрінер күн шапағы.
Зиярат етіп қайтуға ұрпағыңның
Енді ғана түскендей шын сапары.

178
   
179
   
Құран хатым түсіріп, атыңды оқыр
Бағаналы, Балталы жақында отыр.
Төрт-бес ғасыр ажырап бабамыздан,
Салып жетті ұрпағың алтын көпір.
Сұрақ басқа ұрпаққа, сынақ бөлек,
Жанға жайлы, шипалы шуақ керек.
Бабамыздың зираты бар дегенді
Еститінбіз Тайатқан Шұнақта деп.
Қуанышқа бола тек тыныс шыдар,
Текке тартпай қоймайды туыс шынар.
Қарапайым оқиға көрінгенмен,
Табылғаны – ұрпаққа ырыс шығар!
Табылғанда шаршатып, титықтатып,
Төбемізден дәм-тұзды ұйтқып татып,
Тарам-тарам ойлардың тоғысында
Тағы сапар шегердей жүйткіп бақыт.
Жаңа ғана басталған ғасыр үстін,
Кілтін тауып берердей асыл істің.
Басқа жаққа бұрылу ойымда жоқ, 
Барам Бабам басына, асығыспын.
Қайран Бабам, Қаратай, бал көмейім,
Күмбезіңді ардақтап сән көрейін.
Есіміңді ұмытсам, кешір мені,
Бұдан былай мәңгілік мән берейін.
Қабанбай батыр
Туғанына 300 жыл толуына
Қазақты билегенде хан Абылай,
Көп болған нар тұлғалар дара былай.
Баян мен Малайсары, ер Бөгенбай,
Көкжарлы көкжал бөрі Барағым-ай!
Жау десе жеке кетіп жолға шығар,
Шетінен үздік туған қолбасылар.
Қорғапты ата жұртын жоңғарлардан,
Ортада Абылай хан ордасы бар.
Олжабай, ер Жәнібек, Райымбек
Жеңіске жете берген құдай үндеп.
Ұмтылған салт бойынша дәстүр сақтап,
Кезек ап  жекпе-жекке шығайын деп.
Көрініп, көзге түскен жастан батыл,
Атағы соған орай аспанда тұр.
Ішінде сардарлардың болмапты ғой
Қазақта Қабанбайдан асқан батыр.
Үзеңгілес серіктері сай тасындай,
Жеңіпті жекпе-жекте қайта сынбай.
Бәрі де қазағыма қорған болған,
Ерлігін екпіндетіп айт асырмай.
Батырдың болса болар қалтарысы,
Көп сырын жатқа білген алты арысы.
Жоңғардың нояндарын шыдатпаған,
Қабанбай – батырлардың арқалысы!
Өртеніп өзегінде Отан ісі,
Өзгеріп тыныстаған от алысы.
Жоңғардың батырларын шыдатпаған,
Қабанбай – батырлардың жоталысы.
Болмаған қалқан түгіл қалқаншасы,
Жаудан бір үрей билеп жалтарсашы.
Жоңғардың  сардарларын шыдатпаған,
Қабанбай – батырлардың алпамсасы.
Толғанып ерлікті айту бір басқа да,
Мақтанып артық кету – шын масқара.
Жауларын жекпе-жекте шыдатпаған,
Шыдаған Қабанбайға Қубас қана.

180
   
181
   
Батырдың жауды қуса матайды үні,
Ерекше астындағы ат айбыны.
Батырдың қосағы да батыр болған,
Майсара-Гаухар батыр аты әйгілі!
Қабанбай болған содан хан ұраны,
Халықтың аузындағы – Тәңір әні,
Өткізіп ат үстінде елу жылын,
Азат боп Абыралы, Маңырағы.
Шын аты Қабанбайдың Ерасыл-ды,
Ат алды Дарабоздай дана сынды.
Ешкімге өздігінен соқтыққан жоқ,
Ал енді жау тиіссе аласұрды.
Ұшпайды ұрпақтыға түтін қайдан,
Үш жүз жыл тарап жатыр пікір-майдан.
Сыйынды бір өзіңе иісі қазақ,
Табынды бір өзіңе бүкіл Найман.
Оралып үш жүз жылда асқа тірі
Қабанбай – қазағымның бас батыры,
Ұмыта жаздап барып жетпіс жылдай,
Қайтадан ұрпағына қосты ақыры.
Баламер ағамен сырласу
Баламер аға, дәстүрді
Ұмыта қойған жоқ едік.
Күшіктей баулып қасқырдың
Жетілттік жүнін әредік.
Бауырдан жарап сол шірік,
Күйелеп сені сөз қылып,
Табам деп қайтсем кемшілік,
Күндестік дертін қоздырып,
Есіріп елге сөз бермей,
Бопсалап тұрды қақсанып.
Дәйексіз ойын сезгендей,
Кетсем деп түбі дақ салып.
Өтірік өрге тербеліп,
Тағылған жала – мол екпін,
Біреулер шықты жел беріп,
Тығынын атып көнектің.
Тамшыдан жиған кесесін,
Таусылып ішкен дәлдүріш
Тағдырға кеткен есесін
Таланттан көру – дағдылы іс.
Тіріде жүрген кегалын
Өзіңнен алмақ ойы бар.
Адалдық болса шамалы,
Әділдік баға қойылар.
Атыңды ардақ ар тұтып,
Артыңды күтсем деп едім.
Арғымақ жағдай тарпытып,
Алдаспан жанға теңедім.
Айту да қиын, тым ауыр,
Алланың сол ма жазғаны?!
Дау болып атың, бір ауыл
Өртеніп кете жаздады.
Өртенген үйде жоқ кінә...
Нақақтан күйді түп-түгел.
Аруаққа тиіп соқтыға,
Өсекке болды тұтқын ел.
Жазықты соған, алдымен,
Надандық дейтін қасірет.
Бойыңда, аға, бар білем
Маядан қалған қасиет!!!

182
   
183
   
Баламер аға, кешір Сен,
Білместік еткен буынға.
Шынымды айтып шешілсем:
Заманның өзі құбылма.
Достық
Жазушы Қалихан Ысқақұлының шығармаларын 
оқығаннан кейінгі әсер
Кетпесін деп өмірдің босқа сәні,
Адам біткен өзара достасады.
Талдырмасын тамшыдай тандырыңды
Тағдырыңның қамшыдай қысқа сабы.
Табыстырып кездейсоқ нарық сапар,
Достасады саудагер, алыпсатар.
Дәрежеңді айқындар шапан барда,
Деңгей қайсы саудаға ар ұқсатар?!
Ұластырып аққудың әнін қазға,
Достасады жарамсақ, жағымпаз да.
Домбыраның тиегі саудаланбас,
Домбытумен үн бітпес дауылпазға.
Опа бермей құлшынған жас тілеуге,
Достасады қаскүнем, маскүнем де.
Тоқтың асы топырақ татығанда,
Құмартады неліктен аш кілемге?!
Көзін сатып дәнігіп жылымшыға,
Достасады нашақор, шылымшы да.
Дейтін бар ма: “ертеңім не болады?”
Дейтін бар ма: “тәуекел, бүгін шыда!”
Қасақана қойғандай қызықтауға,
Достасады момын мен бұзықтар да,
Сандығыңның түбінде сүрі барда,
Кебеженің түбінде шұжық барда.
Думан жасап тойлатып, сайрандауға,
Достасады әулие, пайғамбар да,
Қазаныңның түбінде қаспақ барда,
Шелегіңнің түбінде айран барда.
Құйылғанда ағылып дән қырманға,
Достасады адал мен антұрған да,
Талысыңның түбінде сайман барда,
Қобдишаңның түбінде алтын барда.
Тілін тапса десең де жуыр маңда,
Достасады өңсіз бен сұлулар да,
Шәугіміңнің түбінде шайың барда,
Самауырдың түбінде суың барда.
Заман қысып тарылып, қусырғанда,
Достасады танысып қу, сұмдар да,
Күбі саба түбінде қоры барда,
Торсығыңның түбінде сусын барда.
Қатпар уақыт тоңынан аршылар ма,
Достасқанда мырза мен жалшылар да,
Қиын күнге сақтаған шиша барда,
Саптыаяқтың түбінде тамшы барда.
Өкпе тарқап, реніш арылғанда,
Адам біткен достаспай дамылдар ма,
Астауыңның түбінде асың барда,
Саптыаяқтың түбінде дәмің барда.
Құлақ құрышын қандырып ұрысқанда,
Достасады қыңыр мен қырыстар да,
Аяғыңның түбінде сарқыт барда,
Табағыңның түбінде ырыс барда.
Мәмілеге келердей жиындарда,
Достасады қисық пен қиындар да,
Төс қалтаңның түбінде теңге барда,
Жан қалтаңның түбінде тиын барда.

184
   
185
   
Пешенеге жазылып бұйырғанда,
Достасады шалғайдан, қиырдан да,
Жүрегіңнің түбінде сезім барда,
Қауашақтың түбінде миың барда.
Адал достық қалдырмас сөзін дауға,
Достық жібі үзілмес төзім барда,
Ала жіптен аттатпас ақыл барда,
Бәрін болжар көкірек көзің барда.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет