Түркі академиясы халықаралық Ұйымы йүСҮП ҰЛЫҚ хас-хажиб баласағҰНИ


Тарау. Одғұрмыштың Күнтоғды патшаға ақыл-кеңес



Pdf көрінісі
бет93/139
Дата03.10.2023
өлшемі1,36 Mb.
#112851
1   ...   89   90   91   92   93   94   95   96   ...   139
Тарау. Одғұрмыштың Күнтоғды патшаға ақыл-кеңес 
бергенін айтады
Айтты Одғұрмыш жауап беріп ол үшін:
«Құдай берсін тілегіңе қол ұшын!
5025. Сұм Дүние өткінші ғой, – текті ерді,
Өзін емес, қартайтады бектерді. 
Ол өткізді талай бекті сайын, дүр,
Енді сені өткізуге дайын тұр.
Шындап бұған көңіл қойма үңіліп,
Опа қылмас іс қой – қара түңіліп.
Неге керек менен үгіт келелі,
Бұ заманның үгіті дәл келеді.
Әлем билеп сенен бұрын өткендер,
Қайда айбыны, қайда солар кеткен жер?
5030. Ойлан: қайда әкетті өмір сүргіні,
Сен де ұзамай барасың ғой бір күні.
Бектік тиіп, болып тұр ғой дегенің,
Дұрыс болар кетерге қам жегенің.
Нендей нәрсе қылды пайда оларға,
Істе соны ертең жақсы боларға.
Олар неге өкінді екен өлерде,
Сен содан қаш: «басыма сол келер» де!
Бір білімді айтқан екен, құлақ түр,
Білімдінің сөзі жақұт, асыл дүр:
5035. Өлік көрген тірі қалмас, тырыс та,
Сен дайындал – бар ісіңді дұрыста.


417
Ей, бейхабар, келер өлім қадалып,
Өмір өтер – үлесіңді қал алып.
Ей, арманның құлы, бір күн басталар, –
Сені алғалы өлім келіп бас салар.
Бұ күндерің, байқа, көрген түстей-ді,
Кетер өтіп, ойлан, қолға түспейді.
Бір жақсылық, сірә, қылған шығарсың,
Мәңгілік деп Құдайды онда ұғарсың.
5040. Өмір босқа кетсе – дертті қозғарсың,
Күні-түні өтінішпен боздарсың.
Өмірді әркім тілегіне телмейді,
Жігіт жігер енді қайтып келмейді.
Бос отырма, бой ұр мына тәлімге,
Қыл ғибадат дайындалып өлімге!»
Патшам, бұ жәйт сенен бұрын орнаған, –
Әкең бек боп, елге өкімін арнаған.
Әскер, жасақ, қазынасы мол жеткен,
Қанша жасап, мақсатына ол жеткен.
5045. Ақыры өлім өз дегенін істеді,
Атақ, байлық оған ара түспеді.
Әкең өлді, қалдырыпты өсиет,
Ұқсаң соны ол – бір тәтті қасиет.
Дәл осылай айтар, тыңда, мына сөз,
Пайдасы мол, біле білсең, бұл да – көз:
«Саған әкең айтыпты өлер шағында: 
«Оян, ұлым, дені-басың сағында


418
Маған жеткен өлім саған келеді, 
Жақсы ат қалдыр еңбек ет те, шағынба! 
5050. Жеткен кезде әке, шеше қазасы, 
Ұл, қызына өсиет қой азасы. 
Ата–анаңды өлім алды – қарағын, 
Кезі келсе, сені де алар, қарағым!
Жалған жапа жасады ғой бұларға, 
Ол түзеліп, саған опа қылар ма!
Іске жұмса, сыйла өмірді қиыл да, 
Елге үлеетір, өзің алма тиыл да!
Өтер күндер, ал керегі мәзірлік, 
Сен де өтерсің – істей бергін әзірлік.
5055. Сені қамап аш бөрілер күтеді,
Қатты күзет – қойыңды олар түтеді.
Өзің жүктеп алдың елдің салмағын, – 
Ояу отыр ойлап, қапы қалмағын.
Елде біреу аш жатса егер нәр татпай, 
Ертең Құдай сенен сұрар бұлтартпай.
Ей, падишам, сен – бір жанған шырақ та,
Жарығы оның жұртқа түсер бірақ та.
Жасың жетсе – жұрт өзіңнен күседі, 
Сонда жұрттан қандай пайда түседі? 
5060. Біреу үшін өзіңді отқа тастама,
Қараса жүр – басқаны да жасқама.
Ұлықтығың, биіктігің, бектігің, 
Өлім келсе, тигізбейді септігін. 


419
Болсаң әділ елге билік ұқтырар, 
Бектік көп жыл аяғынан тік тұрар.
Білімді ұлық айтқан білім тарайды, 
Сөзін іске асырғаның жарайды:
Бекітесің бек билігін, негізін, 
Ұста жолын әділдіктің тек ізін.
5065. Тағы әлемді билеу үшін дұрыстап, 
Әділ бол да, осы жолды тұр ұстап.
«Бекпін!» дей бер – сен кеудеңді кермегін, 
Дәулет, байлық, дүниеге ермегін.
Бұ Дүние бақытына бірақ Сіз, 
Иланбаңыз – қылығы оның тұрақсыз!»
Ей, падиша, ордаң, орын, Сарайың – 
Тек баспана келген саған орайы.
Мұнда түсіп бұрынғылар өтіпті, 
Жұрт ұйықтап, көшіпті де кетіпті.
5070. Ордаң енді тиді саған жалғасып, 
Алдын ала жібер көшті жолға сап. 
Қорған, сарай салма бүгін тас қалап,
Жылжыған жыл жетер бір күн баспалап.
Жатар жерің белгілі ғой – ойлап ал,
Осы орынды әдемілеп сайлап ал.
Бүгін «Сарай менікі!» – деп шайқасаң,
Бұл ақылды іс емес-ау, байқасаң!
Айтқан біреу бұ Сарайдың шындығын,
Назар салып, ей, батырым, сынды ұғын:


420
5075. «Сен «менікі!» дерсің Сарай, бұл үйді,
Қалай айтып, қалай ішің жылиды?
Саған сенен кейінгілер «шық!» дейді, –
Кезек күтіп, «менікі!» деп ұлиды!»
Дүниенің өзі түнек болады, 
Түнек іші қасіретке толады.
Бұ түнекте қуаныш аз тым-ақ та, – 
Қуаныш та, жұбаныш та жұмақта.
Мұнда рахат, қуаныш та болар-ды – 
Бәрі – өткінші, тиянақ жоқ оларда!
5080. Мұнда дәулет тұрақтамай қашады, 
Жиған-терген бар нәрсені шашады.
О Дүние – бақи орын, ой таста, 
Бұ Жалғанның нәрселерін қой, таста!
Қам жаса сен тыныштыққа еңбекке, 
Мәңгі тыныш өмір келер еңбекте.
Бұ Құдайдың мейірімін еске алсаң, 
Көп қылды ғой жақсылығын – көз салсаң.
Ел үстінде ұзын қылды қолыңды, 
Тіл де берді, оңдады ғой жолыңды.
5085. Жан-тәні бар сендей құлдар толып жүр, 
Құдай қылды – сенен сорлы болып жүр.
Сен осыған шүкір қыл да, ей, ерім, 
Қыл Құдайдың құлдарына мейірім.
«Бол деп әділ» жебеді Алла әмірі, 
Енді әділ бол өзің – биік һәм ірі.


421
Әрбір іске құр ақылдың өрмегін, 
Ойды оятып, нәпсіге тек ермегін.
Бар халыққа мейірім төк, «сен!» – деспе, 
Үлкен, кіші, қатарыңа – теңдеске.
5090. Сөзін мұндай білімдінің танып ал,
Әр ісіңді біліміне жанып ал:
Әр күн сайын болсын десең жақсылық,
Өзің жақсы бола біл, ей, жақсы ұлық!
Ел тазартам десең одан жалықпа,
Болсаң таза – тазарады халық та.
Бектер – бас ол, бастар қайда бастайды,
Ерген елі со бастардан аспайды. 
Ел бұзылса – бек түзейді меңгеріп,
Бек бұзылса – кім түзейді дем беріп?
5095. Құлық түзу, қылық тура ұстасаң,
Ел түзелер, тыныш жүріп, қыспасаң.
Сен қаласаң жарамды істі – сұра да,
Іске барма жарамайтын сірә да.
Дау-шар, пасық іс істеме бос қылып,
Жүзді қара қылады бұл қос қылық.
Жаман нәрсе тілемесең басыңа,
Жаман істің, сірә, барма қасына.
Шарап ішпе «қызық қуған» дегізбей,
Бұл екеуі – өткелі жоқ теңіздей.
5100. Мінез-құлық таза болсын, қол – берік,
Кеңесші – ақыл, білімді қыл жолсерік.


422
Ой-тіліңді тура тұтып бақ тағын,
Тайма жолдан, сен өзіңді сақтағын.
Кекірейме, бос көңілге ермегін,
«Әскер – қолым көп!» деп кеуде кермегін.
Қанша батыр, кеуде керіп шыққанды,
Өлім келіп, жер астына тыққан-ды!»
Жақсы айтыпты – білімдіге бас ұрғын, 
Сөзін іске білімдінің асырғын:
5105. «Сен көкиме қазынаңды көргенде, ер, 
Әскер, жасақ, малың түтеп өргенде, ер. 
Бір шыбынға билік қыла алмаған
Күшке мәз боп, көкірегін кергендер!»
Іске жығыл, сен ашуға баспағын, 
Ашу келсе – ұста өзіңді, аспағын.
Істе асықпа діннің ісі болмаса,
Пайдасы жоқ, асыққан іс – далбаса.
Сыйлық берсең – асығып бер, қымтылма, 
Жаза берсең – келтек ала ұмтылма.
5110. Сөз бен істе сен жеңілтек болмағын, 
Сабыр етсең, абзал адам – сол дағын.
Сақи бол да, елге үлестір – тек бергін, 
Сараң болсаң – атына кір бектердің.
Сөйлеме ірі, биязылық – мінезде, 
Ірі сөзден көңіл қайтар лезде. 
Бар адамга жылы сөйле, қарағым, 
Қабақ ашып, жылы жүзбен қарағын.


423
Ел ішінде таңдаулы жан, сарасың, 
Тіл, көңілдің ұста жөндеп арасын.
5115. Жақсы болса қара қауым бұ халық, 
«Жақсылығы – өзі үшін» деп ұғалық.
Ал, бек жақсы пейілімен ел үшін, 
Ұстай білсе, жақсылығы – ел үшін.
Болса жаман бектің егер қылығы, 
Күш алады жамандардың былығы.
Болма жаман, жасама елмен қақтығыс, 
Ерік берме – жамандарды қатты қыс.
У – жаман іс, сен жемегін бұл уды, 
Ұмытасың онда жақсы іс қылуды.
5120. Кім ақылды – соны ғана жақын тұт, 
Сөзін тыңда, білімдінің хақын тұт. 
Жақсы аты бар, нағыз кісі – арыс-ты, 
Тарт өзіңе, тапсыр соған бар істі. 
Сұм Дүние – опасы жоқ, қолы тар, 
Болма бейқам, сақтанып жүр – жолы тар.
Құр безеніп, жасанар да иірер, 
Көңіл берсең – кетер, жүзін үйірер.
Аз ойлағын уайымды, қайғыны, 
Өлімді ойла келеді деп қай күні.
5125. Қамсыз өмір ұйқысымен ұйықтап, 
Мас боп жүрме бектігіңді иықтап.
Қума қызық бүгініңді орайлап, 
О Дүние тыныштығын көр ойлап.


424
О Дүние рахатты сомдайды, 
«Мәңгі рахат» деп атайды сондайды.
Болсаң ізгі – жақсы рахат құт еді, 
Бақи өмір рахатпен күтеді. 
Айтқан, тыңда, білім тінін өрген ер, 
Білімі үшін елден құрмет көрген ер:
5130. «Шек жоқ – Құдай шарапатын бергенде, 
Рахатың – шарапатты көргенде. 
Одан қашсаң – қор боларсың, ол – анық, 
Бұ қорлыққа шыдай алмас көр пенде!» 
Сен – тәуіпсің, патшам, ауру бағатын,
Барша халық келіп мұңын шағатын. 
Бірі – әлсіреп, зорға қалған көтерем,
Бірі сұрар кедейлікке етер ем.
Кей жалаңаш, кейбірі аштан құлайды,
Енді біреу қайғы қысып жылайды.
5135. Мұның бәрін сен емдегін жол тауып,
Емі – сенде, дәрісін бер, бол тәуіп.
Ем-дом тауып, сен бермесең қол ұшын,
Жұт боласың өмір үшін, ел үшін.
Ертең Құдай сенен сұрар сауабын,
Атың қалар – бүгін ізде жауабын.
Өмір өтер, бектік жасай береді,
Саған сонда қандай атақ ереді?
Бұ Дүние бір егінжай жер еді,
Ексең нені – қолың соны тереді.


425
5140. Езгілік ек, ізгілік қыл, бол ашық,
Сонда бақи жақсылықтың жолы ашық.
Ел бастаушы дана айтыпты – ол білген,
Бектің ісін біледі ғой жол білген:
«Ей, халыққа болатын ер ұлы бек,
Тіл, көңілді кішік ұста, жылы тек!
Бас болатын, ей, қолы ұзын асқағым,
Барлық істі білімменен бастағын.
Әрбір істе білімге бер ерікті,
Сол біліммен істелген іс көрікті.
5145. Бұ Дүние көшетұғын көш дейді,
Езгілік қыл – жоғалмайды, өшпейді.
Туған – өлер, Жалған қалар, датталар, 
Жаман, жақсы болса дағы ат қалар.
Сен жуыма – күйдіреді көр надан, 
Жақсы атымен із қалдырар ер адам!»
Қыл әрекет, сергек отыр – аңсызға, 
Бәле келіп ұрынады қамсызға.
Бектік түбі – бұ сақтықтың сабасы, 
О Жалғанда сен осыдан табасың.
5150. Сен алаңсыз болсаң – бектік құлайды,
Екі өмірде алаңсыздар жылайды. 
Жау көбейтпе, қандап алма қол ұшын, – 
Сен ұлисың жан шыққан соң ол үшін.
Қаш арамнан – берік бол да жанықпа, 
Арам жесе – оның орны тамұқта. 


426
Жұртты сүйіп өзің өле жаздағын, 
Кісіге әсте зиян ойлап азбағын.
Қаш керістен, татып алма шарапты, – 
Екеуінен орда, қорған харап-ты.
5155. Туған адам өлімге бой алдырар, 
Өлген адам атымен із қалдырар.
Тұтам өмір таусылатын заман боп
Ат қалдырар жақсы болып, жаман боп.
Бұ Дүние алдандырар, тербетер, 
Қамсыз ұйқы буса – кісі кері кетер.
Қапы қалар, қамсыз адам ұйықтар, 
Барлық істі жылы жауып тұйықтар.
Адам бейқам болмаса не қылар ед? – 
Періште боп ғибадатқа құлар ед.
5160. Бір білімдар сөз айтыпты сүйсінер, 
Сен ұғып ал ойға салып түйсінер:
«Бейқам адам ойнап-күліп жатады, 
Қамсыз кісі қатты ұйқыға батады. 
Бейқам болма, қамсыз ұйқы баспасын, 
Е, Құдайым, бер осындай батаны!»
Көз, құлақты ұста жіті, шаршама, 
Түгел төгіп мейірімді баршаға.
Болар сенен бір Құдайдың сұрауы*,
Сол сұрауы – дәл құрылып тұр ауы.
5165. Ойлы кісі айтқан бір сөз ойланар, 
Оның сөзін қылсаң – ісің жайланар:


427
«Ей, өктем бек, босқа жүрме дәйім да, 
Сұрар Құдай – сен жауабын дайында!
Ей, көңілдің күйін қуған ақымақ, 
Құдай сұрар күн де қалды жақын-ақ.
Ей, босқа тек ішіп-жейтін құты бар, 
Жол ізде сен есеп беріп құтылар.
Сұрар Құдай баршаны да басқаны, 
Жерің бар ма құтылатын – қаш, қані!»
5170. Ей, падишам, қылыш, қамшы иесі, 
Қамшы азабы – жамандарға тиесі.
Елдің ішін жаман жұрттан тазала, 
Сен қамшыны мықтап ұста – жазала!
Патша жаман болғанда өмір азады, 
Ел бүлінер ол бермесе жазаны. 
Жақсылық ет, жақсыларды құрметтей, 
Сонда халық жақсы болар бір беткей.
Күлкіге ерме, ұста өзіңді қаз-қалып,
Қызық қума, күнің тұр ғой аз қалып.
5175. Қыл әділет, тек әділет ұқтырар,
Бектік деген әділетпен тік тұрар.
Қыл харекет күшің әзір жеткенде,
Сен кешірім сұра бекер еткенде.
Тыңда, айтыпты ел басшысы байыпты,
Әділетпен елге атағын жайыпты:
«Істе жұмыс, ей, бек, болсын ой-талап,
Әділет қыл, ел алдына қой талап.


428
Қате қылсаң – дереу сұра кешірім,
Әр нәрседе тәуба қып жүр қайталап!» 
5180. Көп жинама алтын, күміс, казына,
Елге тарат, қарама оның азына.
Өлім келсе, қалар малың-қыжылың,
Жаман іске жұмсар оны қыз-ұлың.
Мал-дүние бер ағыңнан жарылып,
Құтыл есеп-қисабынан арылып.
Халық бегі айтыпты бір нақылды,
Ел ұлығы өзге жұрттан ақылды:
«Ей, қазына жинаушы, сал зейінге,
Кел, қалдырма қазынаны кейінге.
5185. Есеп алар, бұл рахат өзгерер,
Үлес тимей, бітер саған дейін де!»
Ей, байыған, байлық жидың – ол қайда,
Жоқ қыл оны – о Жалғанда сол пайда.
Бұл опасыз Дүниеге ой берме,
Түбі жаман қылады ғой – бой берме.
Ей, бек болған, жанды алқымнан алғанда,
Бектікті құрт, орның – анау Жалғанда.
Ей, көзі сұқ, ұзақ ойлап шаршама,
Өлім келмей – барыңды бер баршаға.
5190. Өлім келсе – пайда қылмас арманың,
Дәмі кетер қалғаннан соң бар малың!» 
Аз же, патша, ғибадатты жаса көп,
Аз сөйле де, білімді үйрен баса кеп.


429
Көз сал жетім, тұл, кедейге – әділ ет,
Қарайлассаң, соның болар әділет. 
Өсек айтса, жақын тұтпа қол ұстап,
Төмен адам жүрсін сенен алыстап.
Біл зиянын мұндай жұрттың таудай деп,
«Жау» деп сана зиянкесті, жаудай деп.
5195. Сұғы адамның – елге келген бүліктей, 
Тыныш елді бұзар алакүліктей.
Сен тамұқтан өзіңді алыс, ары әкет,
Сақтар Құдай: қыл езгілік, қарекет.
Езгі болсын бұ күндердің бәрі де,
Келер күнің, түнің... одан әрі де.
Айтқан мұны білімді, әділ кісі еді,
Қылған ісің ылғи хатқа түседі*:
«Бұ күндердің бересің ғой жауабын,
О жағын да ойлан, істе сауабын.
Ілмей кірпік ояу отыр, қалғыма,
Бәрін ұмыт, қыл ертеңнің тауабын!»
Дін жолы мен Жалған жолы – екі айыр,
Бұл екеуі жанаспайды – не қайыр!*
5200. «Дін, Дүние – бірікпейтін іс» дейді,
Екеуінің, білсең, басы піспейді. 
Басын қосып ұстау қиын ондайды, –
Екі жолды бір ұстаған оңбайды.
Жел мен жаңбыр – бұ Дүние дүркіреп,
Ілезде өшер сатыр-күтір күркіреп. 


430
Құт қаптайды есігіңе қас қағып,
Көңіл берсең, бәрін істер басқа қып:
Кедей етер – байысаң бір ердей қып,
Қадір өссе – көрсетеді жердей қып.
5205. Бұ дүние тоқтығы – аштық зәрезап,
Қуанышы, рахаты – бәрі азап.
Бұ нәпсімен күрес, оған ермегін,
Тілегін де, тәттісін де бермегін.
Ең жаман жау – нәпсі арыңнан айырар,
Жақсылықты жамандық қып қайырар.
Опа қылсаң – дайын тұрар жапасы,
Жапа қылсаң – тап келеді опасы.
Тый нәпсіні – құның сонда білінбек,
Болар сонда ақылың – хан, білім – бек.
5210. Нәпсі, Жалған – адамның жау, соры бұл,
Екі жаудың құрулы тұр торы бұл.
«Құт келді!» деп құтырмағын сен тегін,
Тіршіліктен түңіл, артық сенбегін.
Ұлылық та, биіктік те көшеді,
Барша бақыт оты бір күн өшеді.
Тегі асылым! Қандай сөз бар – тыңдағын,
Мейірімін түсін, мойын сұн дағын:
«Көтерме иық, сақта бектік сабасын, 
Кеуде керме, сақта сақтық тобасын.
5215. Дүниені «сыпырынды» деп сана, –
О Жалғаннан жөнді ризық табасың!» 


431
Ей, падишам, ізде бір үш арысты, 
Тапсыр сосын үшеуіне бар істі.
Бірі – қазы, болсын таза, тым зерек, 
Ол ойласын елге пайда ертерек.
Бірі – халиф болсын аса сенімді, 
Халық тыныш, тапсын табыс өнімді.
Бірі – уәзір, ерекше ерге теңелсе, 
Содан келер елге, сірә, не келсе.
5220. Бұл үшеуін тапса патша олжа етер, 
Күні туып, тыныштыққа ел жетер.
Патша мәз боп, халық байып, ай туар, 
Езгі дұға атыңа көп айтылар.
Болса жаман кісілер бұл істегі, – 
Жарамайды елде бүкіл іс тегі.
Бұған ұқсас келді сөздің ұпайы, 
Тыңда мұны, ей, азамат, сыпайы:
«Бекті уәзір жүреді ғой жетектеп, 
Еліне ырыс әкеледі «жетед» деп, 
5225. Кері бұрса мұрындықты уәзір, – 
Барлық істі ойла «кері кетед» деп!»
Бұ Дүние – дастарқанның беті кең, 
Тірі жандар дәм татады шетінен.
Бізден бұрын өткен әулет кептеліп, 
Тойды, жеді – қанды, тозып кетті өліп.
Ұлы тойды күтіп жатыр, қараңыз,
Шақырады, – біз де артынан барамыз.


432
Бір әулет бар – құрсақта әзір дем алар,
Бізден кейін дастарқаннан дәм алар.
5230. Бүгін бізге тиіп отыр дастарқан,
Қанша берер дейсің Алла – дос, дарқан.
Шақырады, көрдегілер – тұр, сақтан,
«Тұр!» деп қуып келеді ұрпақ құрсақтан. 
Бірі «кел!» деп, бірі «кет!» деп қуады, –
Қайтіп бұдан тыныш өмір туады!
Ей, падишам, қапы қалма көп ойлап,
Ылғи мұнда қалмайсың, көр, абайлап.
Араласпа арамменен – бәрі айып,
Ол арамнан көңіл қалар қарайып. 
5235. Жүрем десең бір Құдайдың жолында,
Адал жүріп, адал жесең – қолыңда.
Адал жейтін, нағыз адал жүретін,
Бір кісі айтқан адалдықтың ретін:
«Адал жеген тартпас Алла жазығын,
Тап адалдан о Дүние азығын!»
Болса адамның құлқыны, өзі тап-таза,
Ол жазықтан құтылады саф таза.
Таза жүріп, таза қылсаң құлқыңды,
Пайдасы оның дариядай толқынды.
5240. Өзіңе емес, елге пайда ізде сен,
Ел пайдасы – өз пайдаң ғой «біз!» десең.
Ұлы кент бегінің бар нақылы,
Барлық іске жеткен екен ақылы:


433
«Бектер – құт қой, елге әкелер қайырды,
Халық тойып, ел тамағын айырды.
Бек – түбінде інжу жатқан дария,
Дарияның жағасында ел байыр-ды!» 
Бектер – тау ғой, алтын, күміс кеніші,
Байып кетер күміс қазған ел іші. 
5245. Бек – пайдалы, ол істесе мырзалық,
Ел тоқ болса, көрсетеді ырзалық.
Ей, бастаушы, елдің күнін жарық қыл,
Ішіп-жейтін беріп оны қарық қыл.
Мойыныңда Құдай салған аманат,
Сақта соны келтірместен жаман ат.
Ей, падиша, көз сап қара ептеген,
Қанша нәрсе жинап алдың көптеген.
Гауһар тасты теңіздегі қоймайсың,
Түбіндегі інжуге де тоймайсың.
5250. Жер қойнынан алтын, күміс тересің,
Толтырасың қазынаның сөресін.
Таудың гауһар кенішін жұрт қазады,
Соны жинап құр делебең қозады.
Қара жерге дән біткенді өндіріп,
Қойдың үйіп қамбаларға көмдіріп.
Ұшатын да, жүзетін де, жүретін,
Құтылмайды сенен тауып ретін.
Керуенің кезіп елдің өрісін,
Жинар шайы, жібек, сусар терісін.


434
5255. Қамқа, қасап әкеледі Румнан,
Не бір таңсық жиһаз жиып Қырымнан.
Атқораға сәйгүліктер сыймайды,
Сонда дағы ашкөз сұғы қимайды.
Түмен мыңдап түйелер де маң басқан,
Жылқы сыймай өрісіне шаң басқан.
Қоралы қой кең жайлаудың басында,
Құл мен күңдер, қызыметші қасында.
Құдас жүрсе жайлап құздың қиырын,
Түзді түтіп жүр бұқа мен сиырың.
5260. Ешкі, теке тауда жүріп ол жатыр,
О да сенен құтылмайды, ей, батыр!
Тауда марал, түзде киік өріп жүр,
Жеп тауыса алмайсың ғой, көріп тұр!
Жабайы өгіз, теке, құлан бар тағы,
Ұстап алып, аңшы саған тартады.
Бөрі, түлкі, арыстан да ізделер,
Сенен ауда құтыла алмай – түзде өлер.
Аю, доңыз, өгізді жұрт қуады-ақ,
Қаз бен аққу, құтылмайды дуадақ.
5265. Бүркіт, тырна, бозторғай мен кептері,
Сенен қашып құтылмайды, ей, көк бөрі!
Құсың басар ұшатынды өргізбей,
Тазың соғар жүретінді жүргізбей.
Әкесі бар жалғыз қалар панасыз,
Анасы бар жетім қалар анасыз.


435
Мұнша байлық жетіспейді сен үшін,
Сен кетесің жалғастырмай жең ұшын.
Бар нәрсені құлқыныңа баладың,
Өлсең ертең – бар дүние қалады.
5270. Пайда бар ма байлық теріп сандалса,
Бәрі қалар ажал келіп жанда алса.
Бәрі – ашкөздік, біледі ғой мұны ұққан,
Тоқ бола ма көп сұғынып құныққан. 
Бір көзі тоқ кісі – иесі сөздің бұл,
Байлық басы – тоқтығынан көздің бұл: 
«Дүниені түгел алса – ашкөзді,
«Бай» деп болмас, байқа, түсін, аш көзді! 
«Кедей» дейді, – түрі қайсы өзінің,
Бай да кедей – сұғы болса көзінің!
5275. Ашкөз байды кедейге апар – қос оған,
Жарылқай көр көзі сұқты, Жасаған! 
Ашкөзге аз ғой бар дүние, бұ тірлік,
Келер бақыт қылса барға шүкірлік.
Көр топырақ көзіңе кеп толғанша,
Ашкөз тоймас жиса дағы мал қанша!»
Ей, падишам, тиек етіп тілге енді,
Айтып бердім түсінгенді, білгенді.
Сен естідің, бар айтарым – осылар,
Жете білсең көз, көңілің ашылар. 
5280. Пайда тиер сөзімді іске асырсаң,
Өзіңе жүк, мұны ұстанбай жасырсаң.


436
Айтқан екен бір ақылды ең есті,
Тыңдап алсаң – берер
 
үгіт-кеңесті: 
«Бұ насихат – пайдалы, ойға баласа,
Оны айтып бер зейін қойса ол аса. 
Айтқаныңды шайнап жұта білмесе,
Араласпа, – отқа түссін қаласа!»
Сөзді есітіп, патша көңлі құлады:
«Көңілі ояу абзалым» деп жылады.
5285. Жан рахат сен жүресің табысты,
Маған бектік бәле болып жабысты.
Енді білдім – сен аштың-ау көзімді,
Өзім отқа тастаппын-ау өзімді.
Адасыппын білмей тура жол барын,
Бердің айтып туралықтың жолдарын.
Оқы дұға – сая тапсын жан содан,
Таупық берсін Құдай саған жаңадан!


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   89   90   91   92   93   94   95   96   ...   139




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет