лексика саласына келсек, Ясауи тілінің негізіне оғұз-қыпшақ тобында сөйлеген ру-тайпалардың тілі жататындығы көрінеді. «Хикметтердің» сөздік қазынасы үш қабаттан тұрады: басым қабаты – түркі сөздері, қалғандары араб пен парсы сөздері. Лексикасының түркі қабаты қыпшақ тілдеріне, оның ішінде XII ғасырдағы жергілікті халықтың сөйлеу тіліне негізделгенін дәлелдейтін фактілер, біздіңше, мыналар сияқты: 1) түркі сөздері з, д дыбысты емес, й дыбысты тілдікі, мысалы: айақ (азақ, адақ емес), игем (іді, ізі емес), қой- (қоз-, қод- емес). 2) Ортағасырлық, тіпті кейінірек кезеңдерге жататын «Мухаббатнаме», «Ортаазиялық тефсир» сияқты ескерткіштерде көбірек ұшырасатын архаизмдер мұнда кемде-кем кездеседі. Олардың барлары: біт- (жаз), ай- (айт- дегеннің көне варианты), ошәл, ошбу (осы), қамуғ (барлық), тупуқ қақ- (табын-), елк (қол), арығ (ару), нүчүк (неліктен), емгексізін (еңбексіз, қиындықсыз) деген тұлғалар. Бұлардың бірқатары көне түркілік (ай-, біт-,тупуқ, қамуғ, қайу), енді бір тобын зерттеушілер (мысалы, А.К.Боровков) архаизмдер деп тапқанымен, азды-көпті дыбыстық өзгерістерімен күні бүгінге дейін сол мағынада түркі тілдерінде, айталық, оның ішінде қазақ тілінде қолданылып келе жатқан сөздер құрайды. Мысалы: йазуқ (жазық, күнә), Игә (Ие, Жаратушы ие, Құдай» мағынасында), табуқ – табыну, арығ (ару) т.б. 3) Архаистік тұлғалардың сол кезеңдегі параллельдері қатар кездеседі: ай-/ айт-, елкім тутуб/қолым тутуб, қамуғ/барча, біт-/йаз-. 4) Түркі сөздерінің ішінде жазба тілдің қарлұқ-ұйғыр дәстүрінен сақталған бірен-саран тұлғалар сол кезеңдегі оғұз-қыпшақтық параллельдермен қатар кездеседі: йавуқ/йақын, кечә-күндүз/ түн-күн, дозақ ічрә/дозақ ічінде т.т. Түркілік архаистік элементтердің қатарына ғ, г дыбыстарына аяқталатын сөздер жатады: шундағ, мундағ, андағ, оңлуғ-соңлуг, сарығ, улуғ, кічіг, тіріг, танығ. Бұл – әрине, қыпшақ тілдеріне тән емес белгі. Зерттеуші А.К.Боровков мұны Орхон ескерткіштері тілінен, көне ұйғыр жәдігерліктері тілі мен Құтадғу білік» тілінен ауысқан көненің сарқыншағы деп түйеді. 5) Түркі сөздері мол фразеология қорын құрайды және олардың дені халықтың ауызекі сөйлеу тіліне тән күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқандар екені байқалады. Фразеологизмдердің ішінде метафоралық түрлері өте көп. Мысалы: қара йуз (қара бет адам), көңүл құшы, ит нәфсі, йуз мың (сансыз, көп), йузі қара, қара йер. Сондай-ақ жандын кеч (жаннан безу), йолдын аз-, жан бер-, қол кушур- т.б. сияқтылары – қазіргі қазақ тілінің де фразеологиялық қазынасының «мүліктері». Фразеологиялық тіркес жасауда, қазақ тіліндегідей, адамның дене мүшелерінің атаулары (башқа түш-, баш ұр-, қол қушур-), йол, көңүл, қара сияқты тірек сөздер (йолдын аз-, йолға кір- , көңүл кес-, көңлүм қара, қан йығла-, қанға бойа-, қанлар йут-) мен қызыл, қара сияқты түс атаулары жиі қатысады (қызыл йуз, қара йер т.б.).
Әрине, лексика саласында қазіргі қазақ тіліне жуыспайтын топтары жоқ емес. Олар: а) жоғарыда көрсетілген көне тұлғалар: нүчүк, ошәл, ошбу, елк, қурт (аң) т.т; ә) табла- (сүй), әйлә— (ет-, қыл-), бірлә (мен), асра-(сақта-), дағла- (өрте), кечә (түн) сияқты сөздер де бүгінгі қазақтар үшін бейтаныс тұлғалар; б) біраз сөздер «Хикметтер» мәтінінде сыртқы тұлғасы жағынан өзгеше болып келеді: сөзле— (сөйле), іч-у таш (іші-тысы), сүңәк (сүйек), тағ (тау), ағыр (ауыр), бағыр (бауыр), ойғақ (ояу) т.т. Бұл өзгешеліктердің болу себептері, әрі қарайғы барысы, өзге тілдердегі көрінісі (бар-жоғы, өзгелігі) өз алдына арнайы зерттеуді қажет етеді.
Ясауи тілінің лексикасындағы парсылық қабатты А.К.Бор- овков Ясауи мұрасы тараған өлкелер тұрғындарының көп уақыт бойы түркі-парсылық қос тілді болып келуінің әсері және Ясауи хикметтері дегендердің көбі өзінікі емес, оның поэти- калық мектебін, идеологиялық ағымын жақтап, сол жанрда жазған өзге авторлардікі болғандықтан, солардың қолы- ның ізі деп таниды. Бір қызығы – Ясауи мұрасының қолжаз- баларында (мысалы, Самарқанд нұсқасында) Қазанда бас- ылған нұсқаларымен салыстырғанда, парсы сөздері кемірек кездеседі. Мысалы, 1896 жылғы Қазан басылымында ду ’алам, қолжазбада екі жиһан, сол сияқты гунаһларың/йазуқларың, пурчақ пул/малу пул, фарзандым/оглум т.б.
«Хикметтер» мәтінінде парсы тілінің сын есімдері де (дәрди «үлкен», бәд «жаман», худ «жақсы», нәу «жас», жуван «кәрі»), үстеулері де (асан «оңай») орын алады. Мұнда парсының дәнекерлеуші —у деген шылауы жиі кездеседі, ол көбінесе араб және парсы сөздерін бір-біріне дәнекерлейді: дүрр-у гауһар, қанду әсел, дағ-у хасрат, дил-у жан. Бұл шылау ішінара түркі сөздерінің арасында да келеді: сач-у сақал, оң-у сол, іч-у таш (іші-тысы) бірақ көбінесе жинақтау мәнін беретін қосар қолданыстар -у дәнекерінсіз келеді. Мысалы: төшәк-йастуқ, тағ-ташлар, түн-күн. Бұл да Ясауи тілінің лексика-фразеологиялық негізінің түркілік, қыпшақтық халық тілі екенін көрсетеді.
Парсы сөздерінің көбінің түркілік эквиваленттері де актив қолданылады. Мысалы: бийабан/чөл, бустан/бағ, гунаһ/ йазуқ, нәу/жууан, улуг/кічіг, фарзанд/оғул. Ясауи тіліндегі фарсизмдердің бірқатары қазақ тілінде бұрыннан қолданыла келе күні бүгінге дейін жеткені байқалады. Мысалы, пәрмен, перзент, әуес, кінә, дерт, айна деген сөздер тек Ясауи тілінің ерекшеліктері емес. Сондықтан «Хикметтер» текстеріндегі парсы элементтерінің күллісі – тек қос тілділіктің нәтижесі немесе кейінгі авторлардың қолы болып табылмайды.
Ясауи мұрасы тілінің үшінші қабатын араб сөздері құрайды. Олар ислам дініне қатысты және діни ұғымдарға қатыссыз сөздер болып екіге бөлінеді. Ясауидің мұраты – ислам дінінің бір ағымы сопылықты (суфизмді) насихаттау болғандықтан, мұнда аят, хадис, ахирет, зикр, маһшар, тарикат, сират, заһид сияқты сөздер жиі қолданылған. Ясауидің айтпақ ойы қалың бұқараға түсінікті болу үшін араб сөздері көбінесе аударылып берілсе керек еді, бірақ ие, тамуғ, йазуқ, учмах деген діни мазмұнды түркі варианттары кездескенімен, «Хикметтерде» олардың арабша, парсыша Алла, Худа, гунаһ, жаннат сияқты альтернаттары жиірек кездеседі. Демек, «Хикметтер» халықтың ауызекі сөйлеу тілінде ғана емес, өз заманындағы әдеби тіл нормасын ұстай да шығарылған туындылар екенін танытады. Мұнда лексикалық араб және парсы қабаты шамамен 44,8 пайызын қамтиды, бұл пайыз ішіне дінге қатыссыз ұғымдарды білдіретін арабизмдер де кіреді. Соңғы топтың дені – дерексіз (абстракт) ұғымды білдіретін зат есімдер болып келеді: адаб, афат, уафа, уаһм, ’умр, жаза, ихлас т.т. Бұл сөздердің көбі түркілік қыл-, бол-, тұт— сияқты көмекші етістіктермен тіркесіп, күрделі етістіктер жасайды: ахир бол— «біту, таусылу», байан қыл- «баяндау», ғазаб қыл- «ашулану», ихсан қыл— «сыйлау», матам тұт – «жоқтау» т.т.
Егер қазіргі қазақ әдеби тілінің лексика қазынасының 14-15 пайыздайын араб, парсы сөздері, әсіресе дерексіз ұғым атау- лары құрайтын болса, оның пайда болу себебін қазақтардың араб, иран халықтарымен тікелей қарым-қатынас жасау нәти- жесінен немесе өзбек, татар жазба әдеби тілдерінің әсерінен іздемей, Ясауи хикметтері сияқты халық ішіне сан ғасыр бойы кең таралып келген әдеби мұралардың тілдік дәстүрінен іздеу керек болады. Бұл – қазақтың ауызша да, жазба да әдеби тілдерінің қайнар көздерімен іліктестігін, жалғастығын танытатын белгі.
Ясауи тілінің морфологиялық сипатына келсек, мұнда сөз жасау, сөз құбылту амалдарын білдіруде «қыпшақтық» та, «қыпшақтық емес» те фактілер бар. Мысалы, қазіргі қазақ әдеби тілінің нормасы сияқты, мұнда да сан есіммен тіркескен зат есімдер көптік жалғаусыз келеді: төрт дәфтерім, йуз мың бәла, екі ‘алам. Көптік мағына мұнда негізінен қазіргі түркі тілдеріндегідей
Достарыңызбен бөлісу: |