Тұрсын ғабитов қайрат затов



Pdf көрінісі
бет13/33
Дата17.10.2022
өлшемі2,57 Mb.
#43658
түріМонография
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   33
Байланысты:
treatise14956

 
 
3.4. Қазақ әдеп жүйесінің ұғымдары мен ұстындары 


168 
Қазақ философиясының негізгі мәселелерінің біріне кісілік пен 
әдептілікті айқындау жатады. Қазақ философиясындағы әдеп мәселесін 
қарастырудан бұрын, осы мәселенің өзегін құрастыратын ұғымдардың 
мазмұнына қысқаша түсініктемелер беріп өтелік. Өйткені әр түрлі 
мәтіндегі бұл ұғымдар сан-қилы мағынада қолданылады. Алғашқы 
мәдени-әдептік бинарлық оппозиция ретінде “адам” мен ”пендені” 
алуға болады. Адам діни философиялық бағытта қалыптасқан және 
иудей-христиан-ислам теологиясындағы жаратушы құдіреттілігімен 
әлемге келген туынды, барлық кісілердің арғы тегі [134]. Кейін адам 
батыс философиясында да, шығыстық философияда да бүкіл адамзатты 
әмбебапты бейнелейтін тектік ұғымға айналады. Алла тағала адамды 
табиғаттан жаратқан және оған өзіндік мағына мен рух берген. 
Жақсы адам – рухани адам. Осындай мұрат тұтатын адам туралы 
қазақтанушы Қ. Жарықбаев ойларын былай түйіндейді: “Ақылды адам 
өзіндік ойы, өзіндік мақсаты, өзіндік бағыты бар, кез келгеннің жетегіне 
еріп кетпейді. Салқынқандылық, тұрақтылық, мінезділік – адамға 
ауадай қажет. “Қайда жүрсең де өзіңді тізгіндеп ұста”, “Адам болу үшін 
ерлікпен қатар ақкөңілділік те керек”, “Байсалдылық — ізгі қасиет”. 
Адамның осындай жақсы қасиеттерін тізбектей келе, жұртты жаман 
мінез, жат қылықтан жирендіреді. (”Сараңның жұрт түгілі өзіне де 
дәрмені жетпейді”, “Топасқа қылығы да қырсық болып жабысады”, 
“Ұятсыздан үйдей пәле шығады”). Адамға төмендегідей қылықтар, 
атап айтқанда – өтірік айтып, дандайсу, ішкілікке салыну, нәпсіге 
құмарту, іштарлық, күншілдік пен бас араздық, бұзық жолға түсу, босқа 
күйіп-пісіп, ашушаң болу, адамның өзін өзі ұстай алмауы және тағы 
басқалары еш уақытта опа бермейді. Ақылды адам бұларды бойына 
дарытпау үшін ылғи да, қам жеп, сақ жүреді. Жақсы адам ылғи да жеке 
басымен қоса, от басының да берекесін ойлап жүреді. Бақытты болу, 
асыл мұратқа жету жақсы қасиеттерсіз жүзеге аспайды. (“Адамда жақсы 
қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды”). Ал бақ пен бақытқа 
жету адамның өз қолында. Кісі – өз бақытының қожасы. Бұл үшін ол 
аянбай еңбек етіп, өз бойына адамгершілік қасиеттерді егіп отыруы тиіс. 
Адам өзінің ақыл-парасатымен қатар сезім дүниесін де билеп-төстеуі 
керек, яғни өз көңіл-күйінің де қожасы болсын, солғын, қораш сезімді 
адам – бұл әлде де болса тәрбиесі жетіспеген адам. (“Жанұшырушылық 
– топас адамның белгісі”, “Ашу шақыру – ақылға нұқсан келтіреді”, 
“Ақылдылық ашумен бірге жүрмейді” [128]. 
Этиканың зерттеу нысаны «әдеп» ұғымы арнаулы әдебиетте 
бірнеше мағынада қолданылады. Әдеп – қоғамдағы адамдар мінез-
құлқына қойылатын этикалық талаптарды білдіретін ұғым. Әдептің 
қоғамдағы басты қызметі тұлғалық қатынастарды адамгершілік 
талаптарына сәйкес ретке келтіруімен байланысты. Бұл сипатта әдеп 


169 
мәдениеттің іргелі бір құрамдас бөлігіне жатады. Мәдениеттің 
қалыптасу барысында ізгі мінез-құлық белгілері әдептілік талаптарына 
айналып отырған. Әдеп өлшемдері арнаулы қаулы арқылы 
жарияланбайды және олар данышпан адамдардың ойлап тапқан 
құндылықтары емес. Әдеп ережелері өркениет пен мәдениеттен 
сұрыпталып алынған. Қазіргі заманғы ғылым әдептің қалыптасуына әсер 
еткен үш басты факторды атап өтеді. Олар: жыныстық қатынасты реттеу 
арқылы аналық рудың пайда болуы; тайпа мүшелерін өлтіруге тыйым 
салу; қариялар мен балаларға қамқорлық ету. Мәдениеттің өзегін салт-
дәстүрлік әдеп құрастырады. Егер соқыр сезім жануарлар тіршілігіне 
қалай әсер етсе, салт-дәстүр де алғашқы адамдардың іс-әрекеті мен 
мінез-құлқына, ақыл-ойына сондай әсер етеді. Дәстүрлі қоғамдағы 
әдептің қарапайым түрін кейін рационалды имандылық қағидалары 
алмастырды. Алайда бұдан көне әдеп жоғалып кетті деген ой тумайды. 
Себебі көне мәдениет қазіргі ұлттық мәдениеттің архиетипі қызметін 
атқарады. Қазақ халқының ұлттық әдеп жүйесі сонау көшпелілер 
мәдениетінен нәр алады. Ол казіргі заман талаптарына сәйкес жаңара 
түскенімен, бастапқы негізін сақтап келеді. 
Қазақ философиясындағы әдеп мәселесіне қатысты әлі де мағынасы 
терең ашылмаған, зерттеуді қажет ететін ұғымға “кісі” жатады. Бұл 
ұғым туралы сан-алуан түсіндірмелер бар. ”Қазақ даласының 
ойшылдары (ХІІІ-ХV ғасырлар)” кітабының авторлары ортағасырлық 
түркі ойшылдары мен хакім Абай да адамның теріс қылықтарына сай 
“кісі” деген ұғым қолданды дейді де, мынадай қорытындыға келеді: 
“әдетте, хакім де пендені адамнан бөліп алады да, оны адам қатарына 
жатқызбай, ол туралы тек ”кісі” деген ғана ұғымды қолданады” [129]. 
Алайда “кісі” ұғымы жақсы адамды бейнелеуге де қолданылады. 
Қазақтың ”кісі болар баланың кісілерде ісі бар, кісі болмас баланың 
кісілерде несі бар” деген мақалын еске алайық. Немесе халық: 
”Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық - ер 
кісінің ісі” дейді.
Семантикалық жағынан алғанда “адам” мен “кісі” синонимдер 
іспеттес және қазақ дүниетанымына тән синкретизмнің көрінісі (Тәңірі, 
Құдай, Алла сияқты). “Адам” – мұсылмандық мәдениеттен келсе, “кісі” 
– түркілік атау. Абай бойынша, жақсы кісіде үш қасиет: ыстық қайрат, 
нұрлы ақыл және жылы жүрек болу керек делінеді. Адамгершілік 
құндылықтары қашанда кісілік қасиеттерде көрініс табады. “Кішілік пен 
кісілік – ұлылықтың белгісі”, – деген Махмұт Қашқари. 
“Кісілік қасиеттер” ұғымы Қ. Жарықбаев, Ә. Алдамұратов, Т. 
Ғабитовтардың “Әдеп негіздері” атты кітабында арнаулы талқыланған: 
“Қазақ тілінде ”кісі” – адам деген ұғымның мәнді бір атауы, ал “кісілік”, 
“адамгершілік” дегендер ауқымы кең ұғымды білдіреді. Халықтық 
атауда кісі атауы кез келген адамға берілмейді. Мәселен, тілі шықпаған 


170 
баланы, жан-дүниесі күйзеліске ұшыраған кем ақылды, өзіндік бағыт-
бағдары жоқ адамдарды да “кісі” деп айту қиын. Кісілік өзіндік іс-
әрекеті, мінез-құлқы орнықты, өзге адамдармен қалыпты қатынас 
жасауды білдіретін адамға тән атау. Кісілігі бар адамның мінезінде 
ұнамды қасиеттер аз болмайды. Ол ақыл тоқтатып, жұртқа өнегелі сөз 
айтып, өзгені де тыңдай білетін адам. Кісілігі бар адам бір істі бастаса, 
оны аяғына дейін жеткізіп, тындыруы тиіс. Оның әрбір қимыл-
қозғалысы, әрекеті діттеген мақсатына бағытталып отырады. 
Байқап отырғанымыздай, жоғарыдағы мәтінде “адам” мен “кісі” 
синонимдар сипатында қолданынады. Жүсіп Баласағұн “кісі-адам” мен 
“кісі-киікті” ажыратқан. Бұл қисын бойынша, тек әдепті кісі ғана адам 
бола алады. 
Кісіні көрсең, есікке, 
Жүгіре шық кешікпе. 
Қарсы алмасаң мейманды, 
Кесір болар нәсіпке,” – депті, Үмбетай жырау [130].
Біздің пайымдауымызша, “адам”, “тұлға” тәрізді ұғымдармен 
салыстырғанда “кісі” қазақ мәдениеті өрісінде экзистенциалдық 
мазмұны айқын түсінікке жатады. Кісінің басты кісілігі оның 
басқалармен қарым-қатынастың субъектісі деңгейіне көтерілуімен 
көрініс табады, көпшіліктің назарын өзіне қарата алады. Бұл үшін ол 
“жарқын жүзді, шуақ көңілді, ыждаһатшыл, жылы, шуақ және арайлы 
жүзді, игі мақсатты, иманды” болуы қажет. Керісінше, кісілігі жоқ адам 
“қара бет, суық, көк бет, қалың бет, т.т.” болып келеді. Ондай кісіге 
қарап көңілін толмайды, көншімейді.
Кісілік қасиеттер әл-Фарабидің “Қайырымды қала” ілімінде 
арнаулы қарастырылады. Оның пікірінше, кісілік белгілер, әсіресе, 
елбасыға тән болуы қажет. Осындай кісіге қойылатын талаптар: 
“Біріншіден, бұл кісінің мүшелері мүлдем мінсіз болуға тиіс: 
жаратылысынан өзіне айтылғаның бәрін жете түсінетін және істің жай-
жағдайына сәйкес ұғып алатын болуы керек, алғыр да аңғарымпаз ақыл 
иесі болуы шарт; өткір сөз иесі және ойына түйгеннің бәрін айдан-анық 
айтып бере алатын ділмар болуы шарт; өнер-білімге құштар болуы, 
оқып-үйренуден шаршап-шалдықпай, осыған жұмсалатын еңбектен 
қиналып азаптанбай, бұған оңай жететін болуы керек; тағамға, ішімдік 
ішуге, сұхбат құруға келгенде қанағатшыл болуы керек; шындық пен 
шыншыл адамдарды сүйіп, өтірік-жалған мен суайттарды жек көруі 
керек; жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын болуы шарт; оның 
жаны жаратылысынан пысық істердің бәрінен жоғары болып, игі істерге 
ынтазар болуға тиіс; дирхем, динар атаулыға, жалған дүниенің басқа да 
атрибуттарына жирене қарауы керек; жаратылыстан әділеттілік пен 
әділеттілерді сүйіп, әділетсіздік пен озбырлықты жек көру керек; қыңыр 
болмау керек; өзі қажет деп тапқан істі жүзеге асырғанда шешімпаздық 


171 
көрсетіп, бұл ретте қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ер 
жүрек болуы керек” [131], – дейді. Сонымен, “кісі” шығыстық 
мәдениетте инабатты адам мағынасына жақын қолданылатын адамдық 
келбет болып табылады. 
Қазақтың дәстүрі мәдениетінде “кісі” ұғымы өзіндік Менін және сөз 
өнерін жете меңгеру арқылы үлгі боларлық адамды да білдіреді. Бұл, 
әсіресе, ақын-жыраулардың перформативтік дискурсына тән (Ә. 
Наурызбаева). Бұл дискурста кісілік алдыңғы қатарға шығады. Асан 
Қайғы толғауындағы кісі өзінің ерекше әдептілігімен көзге түседі: 
Ақың болса біреуде, 
Айыбын тап та ала бер, 
Ерегесіп ұрыспа. 
Сенікі жөн болса да, 
Атың шықпас дұрысқа. 
Мінезі жаман адамға 
Енді қайтып жуыспа. 
Тәуір көрер кісіңмен 
Жалған айтып суыспа. 
Әрине, дәстүрлі қазақ мәдениетіндегі ”кісілік” ұғымы тек эпикалық 
дәстүрден ғана емес, сонымен бірге мұсылмандық әлеммен қатысты 
ортағасырлық жазба мәдениетінен де бастау алады. Ұлттық қазақ 
философиясында “жетілген адам” мәселесі жалпы шығыс философиясы 
шеңберінде қарастырылып, адамды этика, адамгершілік тұрғысынан 
қарай отырып, сонымен қатар оны білімділікке, парасаттылыққа 
шақыруға ерекше көңіл бөлінеді. “Түркі тілдес халықтарының 
Конфуцийі” деген беделге ие болған Жүсіп Баласағұн Конфуций сияқты 
адам мен адам, адам мен мемлекет арақатынасы, әсіресе мемлекетті 
басқару мәселесін айшықтағанына байланысты жетілген адам мәселесін 
осы тұрғыдан қарастырады. Ал әл-Фараби бұл мәселені “Мұрат 
қоғамды” ұйымдастырумен байланыстырады. Әл-Фараби бақыт 
мәселесіне, ең алдымен адамның осы дүниеде бақытты өмір сүруінің 
жолдарын іздестіруге өзінің философиясын бағыттады. Сонымен қатар, 
әрбір жеке адамның жетілуіне ақыл-ойдың, парасаттылық пен білімнің 
рөлін ерекше жоғары бағалады.
Кетеген болса – түйең жау, 
Тебеген болса – биең жау, 
Ұрысқақ болса – келінің жау, 
Бәйбішең аю болса аса алмассың, 
Қарау болса, әй деуге бата алмассың,
Мейманға отыңның басы болса суық,
Еліңе жақсы жігіт атанбассың!. 
Үмбетей жыраудың осынау жыры әдепті адам болмақтың басты 
шарты үй ішінен, отбасынан басталады деген ойды тарқатады. 


172 
Азаматтың өз ортасында, елінде ісі жүріп, абыройы биіктеп кетуі үшін 
бар жағдай отбасынан басталып, көңілі тыныш, көкірегі жүйрік болуы 
керек екен. Бұлай болмаған жағдайда, яғни, отбасында сені түсінетін, 
ақыл бөлісетін кісі табылмаса бейне “арқаңа тұз артқандай” еңсең езіліп, 
ілгері басқан аяғың кері кетіп, күнкөрістің қамымен кеткенің. Ақын-
жыраулар сан тараулы өмірдің қиындығы мен қуанышын, шер мен 
қайғысын, байлығы мен кедейлігін, ылдиы мен өрін кезек алып, 
сырластыра суреттеп көзге елестетуге шебер. Адам бойындағы кісіні 
кері кеткізер кесапат қылықтарды қанын шығара ашумен қатар, жақсы 
мен жаманның айырымын таразылап көрсетуімен қымбат. Ақылгөй 
даналарды тыңдаған жас қауым іштей жаманнан жиреніп, жақсыға 
ұмтыла жүреді, өзін ар таразысының алдында әрқашан салмақты, таза 
ұстауға тырысып бағады. Жыраулар өмірдің өткіншілігін, дүниенің 
опасыздығын айтып, пәлсапалық түйіндеулер жасайды. Пенденің көзі 
мен көңілі тойымсыз, ашқарақ көңіл ішсем, жесем, байысам, қуансам, 
құшсам, сүйсінсем деп, еш басылып болмайды. Дүниені жиған үстіне 
жинай берсем, жұрт менің байлығыма қызықса, тіпті кезі келгенде 
аяғыма жығылса деп армандайды. Тоқтамы, шүкіршілігі кем адамдар 
сол арманының соңына шам алып түсемін деп жүріп жарық тіршіліктің 
баянсыз боларын, бәрінің де бүгін бар, ертең жоқ екеніне ой жібермейді. 
Намысты ұмытады.
Дәстүрлі қазақ мәдениетінде кісілікке жетелейтін рухани күштердің 
арасында намыс ерекше рөл атқарады. Намыс адамдық Менді қайрай 
түседі; “ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді” дейді халық. Қазақ 
руханиятындағы өмірдің мәні мәселесімен айналысқан ғалым Г. 
Нұрышева намысты кісілік пен елдікті (қауымды) тұтастырып тұратын 
фактор ретінде қарастырады.
«Намыс» ұғымына Д. Кішібеков өзінің «Қазақ менталитеті: кеше, 
бүгін, ертең» (Алматы: Ғылым, 1999) деген монографиясында арнаулы 
тоқталып өтеді. Оның пікірінше, намыс адамгершілік қасиеттің ең 
бағалы көріністерінің біріне жатады. Әрине, намыстың түрлері көп. Ол 
отандық намыс, ұлттық намыс, діни намыс, жершілдік намыс, рулық 
намыс, жыныстық намыс, семьялық намыс, мамандық намыс болып 
бөлініп кете береді. Намыс бар жерде жігер бар, қайсарлық, алған 
мақсатқа жету үшін қиындықтарды жеңе алатын табандылық бар. 
Намысы жоқ, ар-ұяттан, тіпті адамдық бейнеден айырылады. Намыс 
азаматтықтың басты бір көрінісі. Қазақ халқының тегі нашар емес. Ол 
мықты халық. Онда намыс та, жігер де, батырлық та болған. Оның негізі 
де бар. Тарихқа үңілейікші. Александр Македонский көп әскерлерімен 
Орта Азия жерлеріне енгенде мықты қаруланған күштің қарсылығына 
тап болған, олардың ішінде әсіресе ерекше қимыл көрсеткен сақ-
скифтер екендігі тарихтан белгілі. 


173 
Томиристің (Тұмардың) намысты ту етіп, осыған дейін жеңілмеген 
парсы патшасы Кирді талқандағанына да тарих куә. Әрине, тарихтан әр 
түрлі себептермен қазақ халқының боданға (орыс тілінің «подданный» 
деген сөзінің аудармасы) айналғанын, халық арасында құлдық 
психологиясы, жасықтық, үрей, қорқыныш сияқты сезімдердің де 
тарағанын бекерге піыгара алмаймыз. Алайда, намыс осы халық ділінде 
ешқашан өшпеген. Мысал ретінде Желтоқсан көтерілісін келтіруте 
болады. 
Мәселен, 1986 жылы 17-19 желтоқсанда қазақ жастары халқына 
беделді Дінмұхамед Қонаев жаламен жұмыстан алынғанда, оның орнына 
Қазақстанның басшысы қазақ ұлтынан, не болмаса қазақстандық болсын 
деп заңды талап қойып ұлттық намысты қорғаған, жоқ па? Осынау 
әділетті талап-тілек аяққа тапталып, арты қанды қырғынға ұласып
қаншама адам қаза болды. Қазақ қыздарына қол тигізіп жатқан қарулы 
милиция қызметкерлерінің дөрекілік ісіне шыдай алмаған жас өрен 
Қайрат Рысқұлбеков нағыз азаматтық, жігіттік намыспен осындай 
әділетсіздікке қарсы тұрып, араласып, аяусыз жазаланды. Ол өлімге 
кесілсе де оған қасқая қарап тұрып, тергеушілер алдында басын имеді. 
Оның «Атам десең атыңдар, еркек тоқты құрбандық» — деген сөзі кейін 
нақылға айналып, ұлт намысын қорғаудың тамаша ұраны болды. 
Қайраттың осынау жүректілігі ұрпақтан-ұрпаққа үлгі боларлық, ұлттық 
намысты жанынан артық бағалаудың тамаша үлгісі.
Әрине, қазақ қоғамында, намыссыздық пен жігерсіздіктің 
көріністері де кездесіп отырған. Қазіргі заманға байланысты Бауыржан 
Момышұлы былай деген екен: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ 
едім, енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, 
бесігі жоқ елден қорқам. Екінші, немересіне ертегі айтып беретін әженің 
азаюынан қорқамын. Үшінші, дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп 
келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де болса шауып тастауға даяр. 
Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әже, 
әке жоқ». Қазақтың дәстүрлі әдет құқығы немесе әдеп жүйесі туралы сөз 
болғанда жалпыадамзаттық нормалармен қатар діни ықпал арқылы 
енген, алайда ұлттық дәстүр құндылықтарын өз бойына жинақтаған 
ұғым-түсініктерді де естен шығармаған жөн.
Осындай ұғым-нормалар арасында қазақ әдеп жүйесі мен 
тұлғааралық қатынастарды реттеу қызметтері бойынша «күнә» мен 
«кінә», «обал» мен «сауап», «тәубе», «киелілік», «бейнет» пен «зейнет», 
«қанағат», «рахымдылық» т.т. маңызды рөл атқарады. Қазақы түсінікте 
аталған ұғымдар тек рухани дүниемен шектелмей, нақтылы тіршіліктегі 
кісілік өасиеттердің маңызды бөлігін құрастырады. Енді оларға қысқаша 
талдау беріп өтелік. 
Күнә ұғымы халық санасында ислам діні арқылы кең жайылған. Бұл 
алланың қаһарына ұшыраған адамның басынан жиі кездеседі. Күнәға 


174 
жалпы 
адамгершілікке 
жатпайтын 
көптеген 
теріс 
қылықтар 
(нәпсіқұмарлық, арамдық, азғындық, опасыздық, екіжүзділік, жауыздық, 
т.б.) жатады. Өз күнәсін кешіру үшін адам қателігін мойындап, ізгілік 
бағытында аянбай қызмет етуі тиіс. 
Күнәһарлық кешірілуі екі талай, сойқан мінездің көрінісі болса, кінә 
күнделікті өмірде жиі кездесетін құбылыс. Кінәні әдетте ықылас қойып 
түзеуге, жуып-шаюға болады. Кей жағдайда дұрыс секілді көрінген іс-
әрекеттердің өзі де адамдарды кінәлі етіп қоюы мүмкін. Мәселен, 
аңдамай сөйлеу, қателесіп кету, осындай қылыққа жатады. Кінә мен 
күнә ұғымдары қазақ ақын-жазушылары мен даналарының қашанда жиі 
талқыланған мәселесі болып келген. Оларды қазақ өмірінің айнасы деп 
қарастыруға болады. Мысалы, Шәкәрім өз замамындағы теріс 
қылықтармен келіспес күрес жүргізе отырып, ол замана мәселелерін, 
адамның өміріндегі адал еңбек пен маңдай тер төгіп, жасаған кәсіптің 
орны мен маңызын, адамзат қоғамының дамуы барысындағы өнер мен 
ғылымның, мәдениеттің пайдасын шабыттана айтып, мынадай тұжырым 
жасайды: «Өзінің қадір-қасиетін жақсы білетін адам өзгелерді де 
қорламайды. Ол ісінде де, сөзінде де ешқашан пасықтыққа бармайды, ол 
әрқашанда сабырлы, ұстамды болады. Өзін құрметтейтін адам өзі барда 
өзгелердің де өзін лайықсыз ұстауына, бейпіл сөздер айтуына немесе 
дауыс көтеруіне жол бермейді. Ол өзі орындай алмайтын жеңілтек 
уәделер бермейді. Ол берген сөзінде тұру қажет екенін біледі. Өзінің 
қадір-қасиетін сезінетін адам сенімді бағалай біледі». 
Күнә ұғымы әр мәдени-өркениеттік жүйеде, әр түрлі мазмұнға ие 
болуы мүмкін. Мысалы, христиандық мәдениетте басты күнәларға 
жататындары: өзін құдайдан жоғары санау («грех гордыни»), 
пайдакүнемдік («грех корысти») және нәпсіқұмарлық («грех 
сладострастия») болып есептелсе, онда мұсылмандық өркениетке 
бұлардың қатарына шарап ішу, бес парызды орындамау, несиеге берген 
ақшадан пайда табу т.т. қосылады. 
Көшпелі қазақ мәдениетінде «обал» және «сауап» түсініктерінің 
моральдық реттеуші қызметі жоғары болған және бұл ұғымдар діни 
мазмұн шеңберінен шыққан. 
Обал – жақсы нәрсенің қадірін біл, оны тастама, түбінде оның 
зарын тартасың деген ұғымды білдіреді. Бұл — қоршаған ортаға зиян 
келтіруге, жамандық жасауға, яғни жындыны жәбірлеуге, жансызды 
бүлдіруге болмайды деген сөз. Мәселен, біреуге қиянат жасау — обал. 
Нанның түйірін аяққа басу, не оны рәсуа ету де обал. «Судың да сұрауы 
бар» дегендей тамақты босқа ысырап ету, соны жасау үшін төгілген 
терді, қажырлы еңбекті бағаламау деген сөз. Көргенсіздік пен 
әдепсіздіктің осындайлардан шығатынын түсіну қиын емес. Сөйтіп обал 
ұғымы біреуге қиянат жасаған жағдайдың бәрінде де орын алады. 


175 
Сауап – бұл айналадағы жанды-жансыздың бәріне бірдей жақсылық 
жасауға, қамқорлық көрсетуте байланысты айтылатын ұрым. Мәселен, 
құстың ұясын түзеу, жетім-жесірге қарайласу, аяқ астындары нан 
қалдықрын көтеріп алу – бұл сауап. 
Обал мен сауап ұрымдары қазақ ырымдарында жан-жақты
көрініс 
тапқан. 
– «Қазақ шашты далага тастамайды, жерге көмеді. Құс шашты 
ұясына салса – бас ауруға шалдырады, бас айналғыш болады, 
ұмытшақтық, жеңілтектік дертке шалдырады деп пайымдайды. Обал 
мен сауап нормалары ауызекі мәдениетте киелілік түсінігімен астас 
келеді. Оның негізінде анималистикалық, тотемистік және фетишистік 
көне нанымдар да жатыр.
Қазақ дәстүрлі мәдениетіндегі әдептіліктің басты белгілеріне 
жататындары: атамекен мен туған халқына деген сүйіспеншілік, ар-
ұятты қастерлеу, намыстылық, мейірімділік, ізеттілік, ата-бабалар 
әруағы мен ақсақалдарды сыйлау, ата-аналық парыз бен балалық қарыз, 
әділдік, қанағатшылдық және т.т. Басқаша айтқанда, этностың басты 
ұғымдары әдептіліктің, кісіліктің төңірегінде топтасқан. 
Бірақ, қазақ дәстүрлі мәдениетінде айшықталған әдеп ұстанымдары 
батыстық этика ұғымдарынан басқаша, өзіндік бітімі бойынша 
тұжырымдалады. Біріншіден, кісілік қасиеттер ауызекі поэтикалық 
арнада көркем суреттемелер арқылы берілген. Екіншіден, әдеп 
нормалары (кісілік белгілер) қазақы руханиятта құқықтық, діни, көркем 
өнерлік нормалармен синкретті әрекет еткен. Үшіншіден, әдеп 
нормалары ақын-жырауларда ауызекі мәдениеттің көне үлгілерін қамти 
отыра жырланған. 
Жақсылық пен жамандықты айыру табиғат құбылыстарына табыну, 
олардан мейірім күту, әсіресе, бата беру, сыйыну, құрбандық шалу 
сияқты қазақы рәсімдерде, бәдік өлеңдерде анық байқалады. Сөзіміз 
дәлелді болу үшін бірнеше дерек сілтемелер келтірейік. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет