Қазақ тiлiнiң әлеуметтiк қызметiнiң
даму деңгейi
Моңғолия қазағының тілінің даму кезеңдері
қоғамдық формацияның өркендеуімен тікелей
байланыста қаралды. Себебі, тiлдiң дамуы оның
қоғамдық қызметi деңгейiмен өлшенедi. Тiлдiң
қоғамдық өмiрдiң нақты бiр саласында қолданылуы
оның нақты қызметi де, ал оның қызметiнiң
қолданылатын орындары бойынша саралануы
қоғамдық қызметiнің көлемін танытады.
Моңғолия қазағы тілінің дамуы үш кезеңге
жіктеліп сипатталды.
Бiрiншi кезең 1921–1939 жылдарды қамтиды.
Бұл төңкерiстiң демократиялық шараларын жүзеге
асыру кезеңiмен тұстас келедi. Осы кезде жергiлiктi
жерде жаңа әкiмшiлiк орындары ұйымдастырылды.
Халық ағарту, денсаулық сақтау салалары өмiрге
келiп, ұлттық мәдениет ошақтарының негiзi қаланды.
Әртүрлі өнеркәсiп орындары ашылып, ұлттық
жұмысшы тобы туып, қалыптаса бастады. Осы
салаларда қазақ тiлiнiң жаңа қызметi пайда болды.
Екiншi кезең 1940-1960 жылдар арасын
қамтиды. 1940 жылы ұлттық қазақ-ұранқай
аймағы орнады. Қысқа мерзiм iшiнде Баян-Өлгий
тұрғындары әкімшілік, ауыл шаруашылығы,
мәдениет, денсаулық сақтау, ағарту саласында
мол жетiстiктерге қол жеткiздi. 1940-1958 жылдар
аралығында Қазақстан мұғалiмдерi Баян-Өлгий
аймағында қызмет етті. Осы кезең аяғында мектеп
саны 6 есеге, оқушылар саны 10 есеге артты.
Қазақ тiлiнде алғашқы газеттер, журналдар мен
тұңғыш кiтаптар дүниеге келдi. Аймақтық радио,
музыкалық-драма театры ашылды. Қазақ әдеби
тілінің баспасөз, көркем әдебиет, публицистика
тілдері қалыптасып дамыды. Өмірдің жаңа
салаларының барлығына да Қазақстан тiкелей
көмек көрсетті. Қазақ тiлiнiң қызмет аясын белгiлi
дәрежеде көтерген ең бiр ұтымды кезең болды.
Алайда 1941 жылдан бастап қазақ жұмысшылары
Ұланбатыр қаласына, Налайқы, Чонығол сияқты
кен орындарына барып еңбек ете бастады. Бұл
– қазақтардың тiлдiк бiрлiгiнiң ыдырауына әкеп
соқтырды. Қазiргі кезде Моңғолияның iшкi
өлкелерiнде қоғамның түрлi салаларында қызмет
ететiн 20 мыңдай қазақ тұрақты мекендеуде.
Үшiншi кезең – 1961 жылдан бүгiнгi күнге
дейiнгi уақытты қарастырады. Осы аралықта қазақ
тiлiнiң қызмет аясының өрлеуi мен моңғол тiлiнiң
қазақ ортасына қанатын кең жаюы қатар жүріледi.
Қазақтар саны 150 мыңға жетті. Ғылымның
әр саласын меңгерген ұлттың зиялы қауымы
қалыптасып, жетiлдi. Қазақ тілінде ғылыми
еңбектер жазылды. Қоғам, өнер, бiлiм, мәдениет
саласы дамыды. Қазақ ұлтының ұл-қыздары
әртүрлi мамандықты игерiп, қоғамның барлық
тармақтарында, ғылымның түрлi салаларында
жемiстi еңбек еттi.
Моңғолия қазақтары тілінің даму дәрежесi
ұлттық сана-сезiм деңгейiне де тікелей байланысты
екендігін байқатады. Б.Хасанұлының анықтамасы
бойынша: «ана тілі дегеніміз күллі тіл атаулыдан
ішкі құрылыс ерекшелігімен дараланатын, белгілі
бір халықпен нақты кеңістікте тарихи бірге жасап,
оның төл мәдениетін ұрпақтан ұрпаққа үздіксіз
жалғастырушы, сол халық адамдарына (жас,
жыныс, сенім, кәсіп, әлеуметтік жағдай айырмасына
қарамай) түгелдей және жан-жақты қызмет ететін
ұлт ішілік қатынас құралы». Ал ұлтық сана-сезім
дегеніміз әрбір адамның өзінің ана тілінің иесі әрі
сол этностың нақты мүшесі екенін шынайы сезінуі.
Ұлттық сана-сезiм адамның бойына екi түрлi
жолмен, бiрiншiден, генологиялық, екiншiден, ана
тілі арқылы қалыптасады.
Қазақ тiлi қолданылатын өмiр салалары
Өмiр саласы дегенiмiз адамдардың өмiрлiк iс-
әркеттерiнiң мүдде-қызмет, әлеуметтiк жағынан
ыңғайлас
келуi.
Ю.Д.Дешериев
қоғамдық
ШЕТЕЛ ҚаЗаҚТаРы ЖӘнЕ ҚаЗаҚ ТІЛІ
өмірдің негізгі 20 саласын көрсетсе, қырғыз
ғалымы Ә.Орысбаев пен Б.Хасанұлы тiлдi
пайдаланудың 80 шақты саласын және оның 16
негiзгi саласын ерекшелей отырып, қоғам өмiрiнiң
өзгеруiне байланысты, жаңа өмiр салаларының
туындайтынын айтады. Моңғолия қазақтарының
тілі қоғамдық өмірдің жеті саласында, атап айтсақ,
білім, баспасөз, мәдениет, көркем әдебиет, ғылым,
дін, отбасы саласындағы қоғамдық қызметі
айырықша.
Бiлiм. Тіл – білім саласында оқу-педагогикалық
қызмет атқарады. Бұны көптеген ғалымдар тілдің
білім дарыту қызметі (образовательная функция)
деп атайды. Мемлекеттік және ана тілінің білім
дарыту қызметін дамыту ұлттық әрі мемлекеттік
қажеттілік. Моңғолия қазақтары арасында қазақ
тiлiнiң бiлiм саласындағы жүйелi қызметi 1928
жылы ашылған алғашқы бастауыш мектептен
бастау алады. Ол кезде мектептiң, ұжымдық iс-
шаралардың барлығы қазақ тiлiнде, бiрақ, сабақ
моңғол тiлiнде жүргізілген. Осыған орай Моңғолия
қазақтары тіліне білім саласына байланысты
көптеген сөздер моңғол тілінен енді. Мысалы:
зәкіріл (захирал) – «директор»; ексұрғул (их
сургуул) – «жоғары мектеп»; зұрық (зураг) –
«сурет»; сала (салаа) – «звено»; самбыр (самбар) –
«тақта»; чұғым (шугам) – «сызғыш» т.б.
Қазақ тiлiнде сауат ашу, оқуды қазақ тiлiнде
жүргiзу iс-шаралары 1930 жылдардан бастап
қолға алынды. Оқу-ағарту саласындағы ең
үлкен бетбұрыс 1940 жылы болды. Осы жылы
аймақ көлемiнде 4 бастауыш мектепте 600-ден
астам оқушы оқып, 31 мұғалiм сабақ үйреттi.
Қазақстаннан Т.Қордабаев бастаған Т.Сауранбаев,
С.Махмутов, С.Құрбаналиев т.с.с. мұғалiмдер
келдi. Олар қазақ әдеби тiлiнiң жергiлiктi жерде
дамуына өз үлестерін қосқаны сөзсіз. 2001 жылдан
берi Өлгий қаласында Өскемен университетiнiң 2
жылдық филиалы жұмыс істейді.
Баян-Өлгий аймағы 1960 жылдардан бастап,
жыл сайын 213,1– 435,6 мың сомның орта
сыныптарға арналған 90-дай түрлi оқулығын,
3000-дай түрлi әдеби кiтап және 1300-дей түрлі-
түрлi жеке мамандық кiтаптарын Қазақстаннан
алып тұрған. Ал 1970 жылдардан бастап жергілікті
мамандардың өздері жазған оқу құралдары жарық
көріп, қолданысқа ене бастады.
Баспасөз. Моңғолия қазақтарының тiлiнiң
бұқаралық ақпарат саласында қолданылуы
Моңғолияда 1921 жылы жеңген халық төңкерiсiнiң
жемiсi деп атауға әбден болады. «Қоғамдық қызметi
баспасөз саласына тараған тiл – болашағы зор тiл».
Моңғолиядағы қазақ баспасөзiнің қайнар
көзi деп 1931 жылы Ұланбатыр баспаханасында
қазақ тілінде басылған парақшаларды атаймыз.
Осы жылдардан бастап үкiметтiң ұлт жөнiндегi
шешiмдерiн қазақ тiлiне аударып, арнайы
парақшалар арқылы диаспора өкiлдерi арасына
тарататын болған. 1941 жылы «Өркендеу» газетi,
содан кейінгі 20 жылдың iшiнде «Жаңа талап»
(кейiн – «Шұғыла»), «Үгiтшi» (кейiн – «Уақыт және
оқиға») журналдары қазақ тiлiнде жарық көрді.
1979 жылы кiтапханалар саны 25-ке, оқу залдары
18-ге дейiн өсiп, осы орындарда газет-журнал,
кiтаптар оқырманға үздiксiз қызмет атқарып тұрды.
1960 жылы Ұланбатыр қаласында қазақ тiлiнде
радио хабары берiлдi. Осы жылы Өлгий қаласында
3 радио торабы iске қосылды. Қазақ тiлiнiң
электронды бұқаралық ақпарат құралдарындағы
өрiсiн ашты. Баян-Өлгийдегi радио торабы 1979
жылы 15-ке жетiп, тәулiгiне бiр сағат қазақ тiлiнде
радиохабар таратып тұрды.
Мәдениет. Табиғи түрде жаратылмаған адамзат
баласының қолымен iстелгенi нәрсенiң бәрi
мәдениетке жатады. Мәдениет – өте кең ауқымды
мағынаны беретiн ұғым. Қазақ тiлiнiң мәдениет
саласындағы қызметiнiң тарихи жалғастығы бар.
Ол табиғи жолмен дамып, өркендеп бiзге жеттi.
Бұл саладағы қазақ тілінің қызметі еш уақытта
тоқтаған жоқ.
Қазақ тілі Моңғолияда халық төңкерiсi
жеңгеннен кейiн мәдениеттiң жаңа салаларында
қолданылды. Бұл орайда тілдің өнер саласындағы
қызметінің дамуына назар аударсақ та жеткілікті.
Аймақта алғашқы клуб 1940 жылы ашылды.
1950 жылы 2 клуб, 13 қызылбұрыш болса, 1956
жылы ұлттық драма театры ашылды. 1960 жылы
аймақ бойынша 1 клуб, 19 қызыл бұрыш, 7
мекемелiк қызылбұрыш қазақ тілінде қызмет
жасады. Көптеген концерт пен пьесалар сахнаға
шығарылды.
Көркем әдебиет. Үстем тiлдердiң қоршауында
қалған ана тiлiнде көркем әдебиет туындыларын
жасау – өмiрде сирек кездесетiн құбылыс. Қытай,
Моңғолия, Өзбекстан, Түркия қазақтарының
көркем әдебиет саласында қол жеткiзген
жетiстiктерi Қазақстаннан шалғай ортадағы
қазақ тiлiнiң қуаттанғанын көрсетедi. Мысалы,
Қытай, Моңғолия, Өзбекстандағы қазақ ақын-
жазушылары көркем әдебиеттiң ең көлемдi, ең
үлкен жанры романдарды өмiрге әкелсе, Түркия
қазақтары көркем-публицистикалық роман-эссе,
естелiк-эсселер жазды.
Моңғолияда қазақ тiлiнiң көркем әдебиет
саласында, соның iшiнде жазба әдебиетiнде қызмет
етуi Ақыт Үлiмжiұлы шығармаларынан бастау
алады. Оның оншақты кiтабы 1895-1909 жылдарда
Қазан қаласында басылып шығып, ел iшiне тарады.
Поэзия жанрында А.Бабиұлының шығармалары
1916 жылдары өмiрге келдi. 1942 жылы Баян-
Өлгий ақын-жазушыларының тұңғыш жыр-
жинағы «Өлеңдер» деген атпен басылды. Көркем
әдебиет кiтаптарын басып шығару iсi 1991 жылға
дейiн қарқынды өсті. Ақтан ақын шығармалары 6
рет басылды. Оның соңғы 39 баспа табақ жинағы
2500 данамен 1987 жылы жарық көрді. Бұл күнге
дейін баянөлгейлік ақын-жазушылардың көптеген
әңгімелері, жүзге тарта повестері, отызшақты
романы басылып шыққан. Қазақ тілінің көркем
әдебиет саласындағы қызметін «Шұғыла» әдеби
журналының әр жылдардағы таралымынан-
ақ нақты көруге болады. Бұл журнал алғаш
1957 жылы 2000 данамен жарық көрді. 1986-87
жылдары оның таралымы 4150 данаға дейiн жетті.
ШЕТЕЛ ҚаЗаҚТаРы ЖӘнЕ ҚаЗаҚ ТІЛІ
Бұдан қазақ тiлiнiң көркем әдебиет саласындағы
қоғамдық қызметi көлемiнің 2,1 есе өскенін
көреміз. Моңғолияда кiтап-журнал шығару саны
және таралымы 1986-1987 жылдары ең жоғарғы
көрсеткiшке жеткен.
Ғылым. Моңғолия қазақтарының тiлi ғылымның
да тiлi бола алды. Ғылым тiлi дегенiмiз шындық
болмысты нақты бейнелейтін тiл. Айталық,
ғылымның әр алуан салалары бойынша қазақ
тiлiнде көптеген монография, диссертация, зерттеу,
публицистикалық мақалалар жазылып, түрлi
конференцияларда баяндамалар оқылып, мектеп
оқушыларына арналған оқу құралдары жарық
көрдi. Ғылым тiлi қоғамдық ғылымдар саласында
аса жемiстi болғаны байқалады. Сонымен
қатар, экономика, заң, медицина т.б. ғылымдар
саласында бiраз еңбектер жазылды. Соның бiрi –
Е.Жидайұлының «Моңғолия мен Қазақстанның
сауда экономикалық қатынастарының дамуы және
оларды жаңарту жолдары» атты монографиясы.
Аталған еңбегiнде автор өз саласы бойынша сирек
кезiгетiн ғылыми терминдердi мол пайдаланған:
ет тоңазытқыш, қасапхана, қанымдау (қамтамасыз
ету), есеп-шот, толайым, мөр, бажы, жарна, қосу,
бұйым, зәру, зәрулiк, кiре, құн, пұт, айырбас, бөз,
үлес, т.б.
Ғылыми-техникалық терминдер жергілікті
қазақ ортасына алғашында моңғол тілінде сiңiстi.
Мысалы, моңғол тiлiнде «электр» деген ұғымды
беретiн «цахилгаан» сөзi Моңғолия қазақтарының
ауызекi сөйлеу тілінде «сәкiлған», «телефон»
дегендi бiлдiретiн «утас» сөзi «ұтыс», «лампа»
дегендi бiлдiретiн «чийдэн» атауы «чидiн» түрінде
т.б. кірме сөзге айналды.
Дін. Моңғолиядағы социалистiк жүйе дәуiрiнде
тiлдiң дiн саласындағы орны көмескiленiп келдi.
Моңғолияда дiн 1924 жылы мемлекеттiк билiктен
аластатылып, халықты жаппай дiнсiздендiру
саясаты жүргiзiлдi. Оның ақыры 1937-1938
жылдары жүргiзiлген қуғын-сүргiнге ұласты.
Қазақтың аузы дуалы имам, молдалары атылып
кеттi. 1938 жылға дейiн қызмет еткен 7 мешiт-
медресе жойылды. Осы медіреселерде жастар мен
балалар дiни шариғатты үйренумен қатар дiни оқу
барысында сауатын ашып, қара таныды. Құран-
кәрiмнiң аят-сүрелерiн қазақша уағыздау арқылы
жұрттың дүниетанымы ұлғайып, көзқарасы кеңiдi.
Дiни
адамдар
ислам
дiнiн
таратып,
қалыптастырумен қатар мұғалiмдiк қызмет те
атқарды. Қазақ тiлiнiң құдiрет-күшiн нығайтуда,
оның жалпыхалықтық үлгiсiн таратуда да зор
үлес қосты. Дiни шариғаттар, басқа да уағыздар,
құран сөздерiнiң түсiнiктемелерi қазақ тiлiнде
насихатталды. Қазақтың тез арада моңғолданып
кетпеуiне де дiн айтарлықтай үлес қосты.
Отбасы. Тiлдiң сақталуы мен дамуы оның
қызмет етер ең үлкен әлеуметтiк ортасы күнделікті
тұрмыста қолданылуына байланысты.
Ана тілін еркін меңгеру және оның қоғамның
түрлі салаларындағы қолданылуын кеңейту іс-
шаралары бірінші кезекте отбасынан, онан кейін
биліктен бастау алуы керек. Отбасы мен билікке
дейін ана тілінің жүйелі арқауы тартылған жерде
тіл қуаты еш уақытта төмендемек емес.
Моңғолия қазақтарының сөздік қорының
ерекшеліктері
Нақты бiр этносқа жататын ұлттың дүниежүзiнiң
түкпiр-түкпiрiндегi бөлшектерi (диаспоралары)
тiлiнiң сөздiк қоры да бiркелкi болмауы табиғи
заңдылық. Моңғолия қазақтары тiлiнiң сөздiк
қоры олардың жағырапиялық жағынан ұлттық
эпицентрiнен шалғай орналасуына орай, өзiндiк
ерекшелiкке ие. Әсiресе, моңғол тiлiнен көп сөз
қабылдаған. Оның бiр себебi моңғол тiлi жалғамалы
тiлдер тобына жатады және түркi-моңғол тiлдерінің
үндестiгi сәйкесiп жататындықтан моңғол сөздерi
дыбыстық жағынан тез игерiлiп сiңiсуiнде болса
керек. Мысалы, телефонды – ұтыс [ұтұс], мұқабаны
– қап, қаптыс, бөлiмдi – сала деген сияқты қазақ
тiлiнiң айтылымына сай сынған түрлерi берiк
орныққан. Бiз моңғол тiлiнен қазақ тiлiнiң Баян-
Өлгий говорына сөйлеу және жазба тiлi арқылы
енген ең жиi қозғалыста жүрген 500-ден астам
сөздi Б.Базылханның сөздердi тақырыптық
жүйелеу негiзiнде 7 әлеуметтік топқа бөлiп,
олардың әрқайсысының ара салмағын көрсеттік.
Осы жiктеулердi саралағанда кiрме сөздердiң
негiзгi бөлiгiн әкiмшiлiк және әкiмгерлiк, содан
кейiн ғылым мен техника, мәдениет пен өнерге
байланысты сөздер құрайды екен. Бұлар барлық
санатқа алынған сөздердiң 45 пайызы болады. Бұдан
қоғамдық өмiрдiң осы салаларында қазақ әдеби
тiлiнiң әсерiнiң аз болғандығын байқау қиын емес.
Кiрме сөздiң 20,7 пайызын сауда-саттық, тұрмысқа
қатысты сөздер иеленедi. Ал соңғы жылдардағы
нарықтық жүйе тағы да бiраз жаңа кiрме сөздердi
енгiзгенi байқалады. Мысалы, зақзел (захзээл) –
«нарық»; құпса (хувьсаа) – «үлес», ерiнкүйлiкчi
(ерөнхийлөгч) – «президент» т.б.
Моңғол қазақтарының тiлiне моңғол тiлiнен
енген кiрме сөздердiң бiр ерекшелiгi қазақ әдеби
тiлiнде көнерiп кеткен, қолданыста жоқ, бiрақ,
моңғол тiлiнде орынды пайдаланылып келе жатқан
кейбiр түркi-моңғолдың көне сөздерi жаңарып,
әуелгi мағынасын аша түсуде. Мысалы, көне түркi-
моңғолға ортақ сөздің бірі – «черiк». Қазіргі моңғол
тiлiнде «цэрэг» деп аталады. Қазақтар «солдат»
деудiң орнына «шерiк» деп қолданып келедi.
Мұны қазақ әдеби тiлiне енгізуге әбден болатын
сияқты. Бұл сөздiң қатарына сарлық («як»), кәйнiк
(«қодас») сөздерiн де қосуға болар еді.
Моңғолия қазақтары тiлiнiң ерекшелiктерi
фразеологиялық оралымдарда да көрiнiс бередi.
Қазақ-моңғол қостілділігі және қазақ,
моңғол тілдерінің өзара байланысы
Өзiнiң ұлттық ортасынан тыс жерлерде өмiр
сүрiп отырған қандай бiр ұлттың немесе ұлт
бөлшектерiнiң жаппай екi тiлде не одан да көп тiлде
сөйлеуi өмiрлiк қажеттiлiктен туындайды. Моңғол
ШЕТЕЛ ҚаЗаҚТаРы ЖӘнЕ ҚаЗаҚ ТІЛІ
жерінде қазақ-моңғол тілдерінің ұзақ уақыт бойы
өзара байланысының нәтижесінде қазақ-моңғол
қостілділігі пайда болды. Моңғол тiлi мемлекеттiң
ресми тiлi, сондықтан аймақ көлемінде қазақ тiлi
мен моңғол тілі қатар қызмет етеді.
Моңғолия қазақтарының тілі әлеуметтік
қызметінің дамуында Моңғолияның тіл саясаты
басты әлеуметтік факторға айналды. Жергілікті
жерде қалыптасқан тілдік жағдаятқа байланысты,
қазақ тілі Баян-Өлгий аймағында ұлтаралық
қатынас құралы қызметін атқарады. Өйткені ол –
Моңғолияда моңғол (қалқа) тілінен кейінгі екінші
тіл. Жергілікті қазақ тілінің қолданылуы мен
дамуының үш кезеңі анық байқалады. Баян-Өлгий
көптілді социумында қазақ-моңғол қостілділігінің
өріс алуы, екі тілде араластырып сөйлеу үрдісі
қазақ ұлтының аз-көпті бөлшегін қамтиды.
Жергілікті қазақ тілінің әртүрлі өмір саласындағы
(білім, баспасөз, мәдениет, көркем әдебиет, ғылым,
дін, отбасы т.б.) қоғамдық қызметінің көлемі
әзірге белгілі дәрежеде сақталуда. Сондықтан да
ол жалпы қазақ халқы тілінің елеулі бір саласы
(варианты) ретінде даму жолында.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. Тоқтарбай.Б. 9 миллион болыппыз /Егемен Қазақстан. 22.04.06.
2. Назарбаев Н. Ә. Қалың елiм, қазағым.- Алматы, 1998.- 304 б.
3. Шетелдегі отандастарды қолдаудың 2003-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.-Алматы, 2003.- 34 б.
4. Байтұрсынұлы А. Шығармалары.- Алматы: Жазушы, 1989.-320 б.
5. Хасанұлы Б. Ана тiлi – Атамұра.-Алматы: Жазушы, 1992.- 270 б.
6. Языкознание. Большой энциклопедический словарь /Гл.ред. В.Н.Ярцева.-2-е изд. - М: Большая Российская
энциклопедия, 1998.- 685с.
7. Казахская диаспора Монголии: социально-экономическое положение и миграционные установки, (Казахстан-
ский институт стратегических исследовании при президенте РК).- Алматы, 1993.-42 с.
8. Баян-Өлгий сан-цифрлар тiлiмен / Жаңа өмiр.-Өлгий, 2000.- №20.
9. Базылхан Б. Моңғолия қазақтарының тiлi.- Өлгий, 1991.- 206 б.
10. Сарыбаев Ш. Диалектология саласындағы кейбір атаулар жайында// Қазақ тіліндегі жергілікті ерекшеліктер.-
Алматы: Ғылым, 1973. -263 б.
11. Қашқари М. Түбi бiр түркi тiлi (Диуани лұғат ат-түрк). (тәрж: Қ.Бекетов, Ә. Ибатов).- Алматы: Ана тiлi, 1996.-
192 б.
12. Қинаятұлы З. Жылаған жылдар шежiресi.- Алматы: Мерей, 1995.- 298б.
13. Үдербаев А.Ж. Моңғолиядағы қазақ диаспорасының тіліндегі фонетикалық ареал құбылыстарды салыстыр-
малы зерттеу. Автореф. дис. канд.- Алматы, 2003.- 26 б.
14. Зарубежный восток (Языковая ситуация и языковая политика). Справочник.- Москва: Наука, 1986.- 424 с.
15. Шамақайұлы Қ. Моңғолиядағы қазақ баспасөзiнiң тарихы, даму тенденциялары. Автореф. дис. канд.- Алма-
ты, 2000.-30 б.
16. Жалпы тіл білімі: Оқулық.- Алматы, 2004.-240 б.
17. Дешериев Ю.Д. Социальная лингвистика (к основам общей теории). – Москва: Наука, 1977.- 382 с .
18. Орусбаев А. Русский язык как этнокоммуникативный компонент двух и многоязычия в Кыргызстане.- Биш-
кек, КРСУ, 2003.-227 с.
19. Баяндина С.Ж. Функция языка в контексте современного языкознания.- Алматы: КазГосЖенПИ, 2004.-248 с.
ҚҰРМАНХАН МҰҚАМӘДИҰЛЫ – 90 ЖЫЛ
62
ХАБАРЛАНДЫРУ
Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті 2014 жылдың қазан айында
Алматы қаласында «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты шетелде тұратын және оралман
қазақ жастарының өнер фестивалі аясында жыр мүшәйрасы мен термешілер сайысын өткізеді.
ЕРЕЖЕСІ
Мүшәйра мен терме сайысының мақсаты:
- Шетелдегі жас қазақ ақындарының жырларын байқауға қатыстыру арқылы олардың ұлттық,
отаншылдық сезімін, Атажұртына деген махаббатын арттыру, мемлекеттік тілдің мәртебесін одан
әрі көтеру, әлі таныла қоймаған ақындарды, жыршы-термешілерді анықтау, жас дарын иелерін
жұртшылыққа таныстыру;
- Қазақ жастары арасында отансүйгіштікті кеңінен насихаттауға, өскелең ұрпақтың бойына
ұлттық рухты сіңіруге, тәуелсіздікті терең сезінуге, елдік мәселелерге сергек қарауға назар аудару.
Мүшәйра мен терме сайысының шарты:
Мүшәйра мен терме сайысына 35 жасқа дейінгі шетелде тұратын және елімізден тыс аймақтарда
туып-өсіп, қазір атажұртқа оралған жас қазақ ақындары мен жыршы-термешілері қатыса алады.
Автордың шығармасы бұрын ешбір жерде жарияланбаған болу керек.
Бір ақынға үш өлеңмен қатысуға болады.
Бірінші өлеңі – атамекен, ел мен жер, елдік, патриоттық мәселелер тақырыбында болуы
керек (міндетті);
Екінші өлеңі – шетелдегі қандастар тағдыры және көші-қон туралы (міндетті);
Үшінші өлең – еркін тақырыптағы өлең болуы қажет.
Терме сайысы – еркін тақырыпқа құрылады. Термешілердің орындаушылық шеберлігіне баға
беріледі.
Термешілер Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығына алдын-ала
хабарласып, тіркеуден өтуге, мүмкіндігі болса, орындайтын термелерінің үнжазбасын тапсыруға
міндетті.
Өлеңдер 2014 жылдың 15 қыркүйегіне дейін қабылданады. Жіберілетін өлең мәтінінің астына
автордың толық аты-жөні, өмірбаяны, байланыс телефондары, тұрғылықты мекен-жайы көрсетілуі
шарт.
Ұйымдастырушылар авторларға өздері көрсеткен байланыс телефондары арқылы хабарласа-
тын болады. Алдын-ала іріктеуден өтіп, конкурсқа жіберілгендердің арасынан арнайы әділқазылар
алқасының қатысуымен жүлдегерлерді анықтау, оларды марапаттау рәсімі 2014 жылдың қазан
айындағы фестиваль аясында өткізіледі.
Әділқазылар алқасының шешімімен жеңімпаздарға бес дәреже бойынша жүлде (ақындарға –
бөлек, термешілерге – бөлек) тағайындалады.
Мүшәйра мен терме сайысының жеңімпаздары лауреаттық дипломдармен және бағалы
сыйлықтармен марапатталады.
Достарыңызбен бөлісу: |