МОҢҒОЛИЯ
сонымен қатар, олардың атажұртына оралуына
мүмкiндiктер туғызу, көмектесу ежелден бар
дәстүр. Қазақстан Республикасы да егемендiк
алғаннан кейiн шетелдегi қазақ диаспорасына
ерекше көңiл аударды.
Әлбетте, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев
айтқандай, «шетелдегi қазақтар мен тарихи
эпицентр арасындағы жан-жақты байланысты
жандандыру, олардың отанға қоныстануын сәттi
жалғастыру үшiн шетелдегi қазақ этникалық
топтары мен диаспораларын тереңiрек танып
бiлу, олардың этномәдени ерекшелiктерiне сай,
пәрмендi iс-шаралар ұйымдастырудың қажеттiлiгi
күн тәртiбiндегi маңызды мәселе».
Баршаға
белгiлi,
«Шетелде
тұратын
Отандастарды
қолдаудың
Мемлекеттiк
бағдарламасын» ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету
үшiн Қазақстаннан тыс жерлерде өмiр сүрiп отырған
қазақтардың
тыныс-тiршiлiгiне,
әлеуметтiк-
экономикалық жағдайларына, олардың құқықтық
хал-ахуалына, демографиялық көшi-қон үдерiстерiне
зерттеулер жүргiзу көзделген. Осы бiр әлеуметтiк мәнi
зор мәселелер сапында қазақ диаспорасының тiлiн
зерттеу қажеттілiгi туындаса керек.
Қазақ диаспорасы жер шарының қай түкпiрiнде
жүрсе де, ұлттық менталитетi мен рухын,
мәдениетi мен өнерiн, салт-дәстүрiн байырғы
қалпында сақтап қалуға, ана тiлiнде сөйлеуге аса
үлкен қажыр-қайрат көрсетiп келеді. Қазақ мол
шоғырланған бiраз елдерде қазақ тiлiнде оқып,
бiлiм алуға, ұлттық құндылықтарын дамытуға
толық мүмкiндiк бар. Соның нәтижесiнде олар
қазақ мәдениетiнiң, өнерiнiң, әдебиетiнiң бай
қазынасын жасақтады. Ғылым мен бiлiмнiң
көптеген салаларында қазақ тiлiнде құнды ғылыми
зерттеулер жүргiздi. Алайда, соңғы кезде шетелдегi
ШЕТЕЛ ҚаЗаҚТаРы ЖӘнЕ ҚаЗаҚ ТІЛІ
қазақ диаспорасының ұлттық рухани, мәдени
жағдайына байланысты күрделi мәселелер туындап
отыр. Солардың iшiндегi ең бастысы – тiл мәселесi.
Өйткені, «тiлi жоғалған халықтың өзi де жоғалады»
(Ахмет Байтұрсынұлы). Демек, «қазақ шоғырын
зерттеудi жан-жақты жоспарлы түрде қолға алу
– ұлттық, әлеуметтiк қажеттiлiк, зерттеудiң бар
бастауы – тiл» болуы заңды. Олай болса, диаспора
тiлiн қазiргi заман тұрғысынан нақты сипаттайтын
уақыт жеттi. Өйткенi қандай бiр ұлттың өмiршеңдiгi
оның санының аз-көптiгiнде емес, олардың ана
тiлiнiң бар, не жоқтығына байланысты.
Диаспора тiлiн зерттеу – әлеуметтiк лингвистика
ғылымының да құзырындағы мәселе. Әлеуметтiк
лингвистика – тiлдiң әлеуметтiк табиғаты мен
қоғамдық қызметiн, әлеуметтiк факторлардың тiлге
ықпал ету тетiгiн және қоғамның түрлi салаларында
тiлдiң қолданылуын зерттейтiн ғылым. Тiл – қарым-
қатынас құралы ғана емес, ұлттың өмiршеңдiгiнiң
бiрегей белгiсi. Осы тұрғыдан келгенде бірнеше
ғасыр өзінің тарихи отанынан жырақта өмір
сүрсе де Моңғолия қазақтарының тілі қазақ
диаспоралары арасында ең бір таза сақталуы кімді
де болса қызықтырмай қоймайды.
Моңғолия қазақтарының тiлi бiзге дейiн қазақ
диалектологиясы саласында зерттелді. Мәселен,
Моңғолия қазақтарының тiлiн қазақ әдеби
тiлiмен, қазақ тiлiнiң әртүрлi сөйленістерiмен,
сондай-ақ, кейбiр өзгешелiктердi түркi-моңғол
тiлiмен салыстыра зерттеген Б.Базылханның
пайымдауында «Моңғолия қазақтары» деген
атау мен «Керей тайпасы» деген атау бөлiнбейтiн
егiз ұғым. Моңғолия қазақтарының тiлiн зерттеу
деген сөз – Керей тайпасының тiлiн зерттеу деген
сөз». Бұл – Моңғолия қазақтарының этникалық
құрамының негiзi қазақтың керей тайпасы
болғандықтан айтылған сөз. Алайда диалектолог
Ш.Сарыбаев қазақ тiлiнiң сөйленiстерi таза
аумақтық емес, аумақтық-рулық сипатта деп
көрсетедi. Баян-Өлгий қазақтары тiлiнiң аумақтық
та, рулық та сипаты бар.
Моңғолия қазақтарының тiлiн әлеуметтiк
лингвистика тұрғысынан қарастыру талпынысы
бұрын болған емес. Ұзақ уақыт бойы этникалық
ортасынан тысқары өмiр сүрген ұлт бөлшектерінің
тiлiнiң қалыптасу, даму, өмiр салаларында
қолданылуының, қазiргi кездегi тiлдiк жағдайының
өзiндiк ерекшелiктерi болуы заңдылық. Мәселен,
Моңғолия қазақтары тілі – Моңғолияның
әлеуметтiк қарым-қатынас жүйесiнде қоғамдық
қолданыстағы құлашы кең тiлдердің бірі. Сонымен
қатар, оның жүздеген жылдардан берi моңғолдық
ортада өмір сүре отырып ассимиляцияға ұшырамай
жақсы сақталып қалуының себебі неде? Моңғолия
қазақтарының тiлi жалпы қазақ тілінің жырақтағы
қомақты бiр бөлшегi, Қазақстандағы қазақ тiлiмен
тығыз байланыста болғанымен оның қалыптасуы
мен дамуы, болашағы мүлдем сәйкеспейтiндiгi
және белгілі. Аталған жайлар тiлдiң қалыптасуы
мен жергiлiктi жердегi тiлдiк жағдаят, сол елдің
тiл саясаты, тiлдiң қоғамдық қызметi, оның
дамуы, сондай-ақ, тiлдiң iшкi құрылысындағы
ерекшелiктері, тіл иелерінің өз ана тiлiне қамқорлық
жасау мүмкіндіктері қатарлы мәселелерді зерделеп,
зерттегенде ғана айқындала түседі.
Моңғолия қазақтарының тарихы, олардың
моңғол жеріндегі орналасуы
Моңғолия – Орталық Азиядағы ежелгi
мемлекеттердiң бiрi. Аумағы жағынан солтүстiгiнде
Ресеймен, шығыс және оңтүстiгiнде Қытаймен
шекараласады. Халқының саны 2,5 миллионға
жуықтаған. Олардың этникалық құрамының 94,6
пайызын Моңғолияның байырғы тұрғындары
моңғолдар, 5 пайызға жуығын қазақтар иеленеді.
ХIХ ғасырдың орта шенінен бастап Алтай
тауының күңгей бетін мекендеген қазақтардың
белгiлi бiр бөлiгi iшкi-сыртқы саяси жағдайға
байланысты Моңғолия жеріне қоныстана бастайды.
Моңғолияда 1921 жылы Халық Революциясы
жеңiске жетіп, шекара нақтыланғанда батыс
Моңғолиядағы қазақтар Моңғолия құрамына енді.
Бұған дейін олар қытай иелігінде болып келген.
Моңғол үкіметі 1940 жылы елдің қазақтар
көп шоғырланған батыс өлкесінде ұлттық қазақ-
ұраңқай аймағын ұйымдастырды. Оны «Баян-
Өлгий» аймағы деп атады. «Баян-Өлгий» қазақ
тілінде «Бай бесік» деген мағынаны береді.
«Аймақ» әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс атауы,
«облыс» деген ұғымға пара-пар келеді. Баян-Өлгий
аймағындағы халықтың үштен бір бөлігі аймақ
орталығы Өлгий қаласының тұрғындары. Баян-
Өлгий аймағы 12 әкiмшiлiк-аумақтық бөлiктен
(моңғолша – сұмын) құралған. Сұмын атауларының
барлығы моңғол тілінде болғанымен қазақтар ауыз
екі тілде оларды қазақ тілінің заңдылығына сәйкес
атайды. Мысалы: Делуін (моңғолша Дэлүүн),
Байнұр (Баяннуур), Тұлба (Толбо), Алтынсөксі
(Алтанцөгц). Ал жазба тілде моңғол тіліндегі түп
нұсқасы негізге алынады.
Моңғолия қазақтары тілінің қалыптасуы
Моңғолия қазақтарының тiлi ХIХ ғасырдың
орта шенiнен бастап этникалық ортасынан оқшау
өмір сүрді. Дара дами бастады. Бiрақ, бiртұтас
қазақ тiлiне ұқсамайтын мүлдем басқа түрде, басқа
бағытта емес, соның бiр көрнекті саласы ретiнде
жергілікті ерекшеліктерімен дамыды. Сондықтан
да ол отанынан тыс жердегі даму сипаттарымен
ерекше назар аудартады. Моңғолия қазақтарының
тiлiн зерттеген ғалымдар жергілікті қазақтар,
қазақтың біртұтас тілі қалыптасқаннан кейін
этноцентрінен бөлінген деп сипаттайды. Бұл уақыт
ХІХ ғасырдың орта шеніне сәйкес келеді. Елдiң
сауаты бiраз ашылған, қара танып, хат бiлген, яғни,
жазба тілдің қалыптасқан кезеңі. «Ең таза тiл –
тек қана бiр тiлдi бiлiп, жат жұртқа барып-келiп
қарым-қатынас жасамайтын адамдар тiлi» дейдi
Махмұт Қашқари. Алайда, Моңғолия қазақтары
тілі басқа жұртпен араласып, қатынасқа түспей,
тұйықталып қалған тіл емес, керісінше, моңғол
тілімен қатар өмір сүре отырып, өмірдің көптеген
ШЕТЕЛ ҚаЗаҚТаРы ЖӘнЕ ҚаЗаҚ ТІЛІ
саласында, мәселен, қазақ дипломатиясында,
билер сотында, шаруашылық саласында, дiн
тармағында, астрономиясында, табиғат болжауда,
өнерде, ауыз әдебиетiнде, тұрмыс, отбасында
еркiн қолданылды т.б. Әсiресе, ел билеушiлерi
қазақ тiлiн аса ыспарлықпен, шебер пайдаланды.
Жауласып шешетiн iстi, дауласып шештi. Олардың
тiл қолданысы ел аузында шешендiк сөз арқылы
атадан балаға ұласты. Бұл дәстүр күні бүгінге
дейін үзілмегендігін көреміз. Мысалы, Баян-
Өлгий аймағының Бұлғын өлкесiнiң данагөй
қарияларының бiрi З.Шудабайұлының айтқаны:
«Керей қазақтары Қобда бетiне жаңадан ауып
барып, қоныстана бастаған кезде ұраңқайдың
нояны керейдiң биiнен сұрапты:
- Қазақтың ең қадiрлi асы не, ең қадiрсiз асы не,
ең қадiрлi дүниесi не, ең қадiрсiз дүниесi не?– деп.
Би былай деп жауап айтыпты:
- Ең қадiрлi асы – айран, алғаш шыққанда оны
тамсанып биi де iшедi, жармасып жалшысы да
iшедi. Ең қадiрсiз асы да айран, қымыз шығып, ақ
молайғанда, оны итке де төгедi, иге де құяды. Ал
дүниелiктегi қадiрлiсi киiз, тiршiлiгiнде әспеттеп
үйiне жабады, келген қонағының астына құрметтеп
сырмақ қып салады, өлгенде де иесiн орап жаназа
шығарады. Ең қадiрсiзi де осы киiз, текеге күйек
қып та байлайды, табанына ұлтарақ қып та салады,
– деген екен. Ұранқайдың нояны:
- Е, мiнездерiң мiнiс аттарыңнан аумайды екен.
Бәрi бiзге де бөтен емес, тегi өте тату ел болармыз,–
дептi» (А.Мауқараұлы). Бұл қазақ тiлiнiң қазақ
дипломатиясында қолданылғандығының нақты
куәсi, шешендік сөз үлгісі болып табылады.
Моңғолия қазақтары тiлiнiң қалыптасып,
дамуында ауыз әдебиетi өкiлдерiнің орны ерекше.
Олар туындыларын көбiнесе ауызша шығарды.
Араларында жазып шығарушылар да болды. Ауыз
әдебиетi өкiлдерi жазба тiлдiң қалыптасуына, тiлдi
кемелiне келтiрiп көркейтiп, жетiлдiруде басты
қызмет атқарды. ХVIII ғасырдың соңғы жартысы
мен ХIХ ғасырдың басқы ширегiнде Моңғолия
қазақтарының төл ауыз әдебиетi – жыр, дастандар,
ертегi, аңыз, өлеңдер өмiрге келдi. Тiл өзiнiң
табиғи жолымен еркiн, ешбiр қысым-қыспақсыз
дамыды. Сол замандағы ауыз әдебиетiнiң негiзгi
өкiлдерi Тауданбек Қабанбайұлы, Төлебай
Бөжекұлы,
Жолдыақын,
Отарбай,
Мешел
Қожекеұлы, Ш.Жеңсiкбай, Т.Бұрқасын, онан
кейiнгi социалистiк дәуiрдiң ауыз әдебиетiнiң
белдi өкiлдерi Б.Ақылбай, Т.Нәжiкеш, Б.Аманбай,
I.Оңашыбай, Е.Сейiт т.б. Ауыз әдебиеті өкілдерінің
өзіндік сөз саптаулары болады.
Моңғол қазақтары тiлiнiң қалыптасып,
дамуында өзiндiк орны бар, ел арасына кең тараған
өнердiң бiр түрi – айтыс. Елімізде кеңес заманында
айтыс өнеріне тыйым салынған болса, Моңғолия
қазақтары арасында бұл өнер кең тарап, жақсы
дамып отырған. Айтыстың басты шарты – ақындар
өзінің көпшілікке жеткiзбек ойын анық та өткiр
әрi қиысты сөздермен iркiлместен ұйқастырып,
суырып салып айту. Соның iшiнде ең дамыған,
көлемi кең, тақырып аясы ауқымды, мазмұны бай,
ұйқас оралымы жетiлген, әбден пiсiп-толысқан
саласы – ақындар айтысы.
Айтыс – өлең жарысы ғана емес, қазақ
театрының негiзi. Қазақ тiлiнiң театр саласында
қолданылуының бастау көзі осы айтыс өнері деп
көруге болады. Моңғолияда ХХ ғасырдың екiншi
жартысында қазақтың айтыс өнерiнiң дамуына
айрықша ден қойылады.
Моңғол жерi көне түркiлердiң байырғы мекенi
болғандығы мен моңғол-түркi тiлдерiнiң алтай
тектi туыс тiлдер екенiнiң тағы бiр айғағы оның
онимдерiнде, соның iшiнде, топонимдер мен
антропонимдерде молынан ұшырасады. Осы
атауларды қазақша хатқа түсiргенде моңғол тiлiнiң
орфографиясын сақтамай-ақ, орфоэпиясы –
айтылымы бойынша қазақ тiлiнiң грамматикасына
сәйкес жазатын болсақ, көптеген ежелгі әрі көне
атауларға кезігеміз. Бұл қазақ тілінің сөздік қорын
көне атаулармен байыта түсуімен қатар жер-су
атауларының шығу тегін, этимологиясын анықтауға
мүмкіндік береді. Мысалы, жер-су аттары: Буйр
– Бұйра; Булган – Бұлғын; Ховд – Қобда, Орхон
– Орқын, Туул – Тула, Тамир – Тамыр, Сагсай –
Сақсай, Алтанбулаг – Алтынбұлақ (гидронимдер);
Хотгор – Қотығыр, Бөхөн – Бөкен, Хэнтий –
Кентай, Хасагт Хайрхан – Қазақты Қайырхан,
Говь-Алтай – Құба Алтай, Байдраг – Бәйтерек,
Хангай – Қаңқай, (оронимдер). Гом – құм, Харой
– Қара ой (дримонимдер), Хархорин – Қарақорым,
Ханбалаг – Қанбалық, Улаанбаатар – Ұланбатыр,
Өндөрхаан – Өндірхан (ойконимдер), кiсi есiмдерi:
Чингис – Шыңғыс, Цагаадай – Шағатай, Хубилай
– Құбылай, Жангар – Жаңғыр (Жәңгiр), Бат – Бата,
Бойрог – Бұйрық т.б.
Қоғам мен тiл бiр-бiрiмен тығыз байланысты
өмір сүреді. Қоғамдағы қандай бір саяси өзгерiстер
тiлге де өз әсерiн тигiзiп жатады. 1937-1938 жылдары
Моңғолияда жүргiзiлген Сталиндiк репрессия
кезінде 3270 адам жазықсыз жазаланды. Бұл –
жергілікті қазақтар санының жетiден бiр бөлігі еді.
Олар: элиталар, ақсүйек, атқамiнерлер, би-молла,
ақын-жыраулар – қазақ тiлiнің интелектуалдық
иелерi. Демек, осы нәубат салдарынан қазақ тiлi
өзінің негізгі пасионерлерінен айырылды және
осы науқанға байланысты жаңа сөздер де пайда
болды. Солардың бірі «есірку» сөзі моңғол тілінің
«эсэргүү» – халық жауы деген сөзінен кірікті.
Моңғолия қазақтарының этникалық отанынан
жырақта өмiр сүргеніне үш ғасырға жуық уақыт
болды. «Соншама уақыт өтсе де жергілікті
қазақтардың тiлi қазақ әдеби тiлiнiң сөздiк
қорымен, грамматикалық құрылысымен бiрдей
сәйкеседi» және өмiрдiң әр түрлi саласындағы
қоғамдық қызметiн белгiлi дәрежеде атқарып келдi.
Әсіресе, Баян-Өлгий қазақ аймағы орнағаннан
кейiн қарқынды дами бастады. Жаңадан пайда
болған өмiр салаларында (мектеп, балабақша,
театр, баспасөз, байланыс, ғылым, техника т.б)
еркiн қолданылды.
Моңғолия қазақтары тiлi – өзiнiң этникалық
орталығынан тысқары аумақта (Моңғолияда)
өмiр сүрiп отырған қазақтармен бiрге жасасып,
ШЕТЕЛ ҚаЗаҚТаРы ЖӘнЕ ҚаЗаҚ ТІЛІ
оның төл мәдениетiн ұрпақтан-ұрпаққа үздiксiз
ұластырушы ұлттық тарихи мұрасы, қазақтарға
қалтқысыз қызмет ететiн ұлттық қатынас құралы,
ұлт өзегi болып қалыптасты.
Моңғолия қазақтары тiлiнің зерттелуі
Моңғолия қазақтары тілі тарапындағы алғашқы
еңбек С.Қабшай, Ә.Мiнiстердiң құрастыруымен
1954 жылы Ұланбатыр қаласында жарық көрген
моңғолша-қазақша сөздік (10 мыңға жуық сөз
қамтылған). Бұл сөздік көлемi мен қамтылған
сөздерiнiң мәнi жағынан ғылыми негiзде жасалмаған
едi. Алайда, сол кездегi алға қойған мақсаттары
тұрғысынан алғанда, оның маңызы зор болды.
Ал Б.Базылханның 30 мыңдай қазақ сөзiн
қамтыған «Қазақша-моңғолша» (1977 ж.), 40 мыңға
жуық сөз енген «Моңғолша-қазақша» (1984ж.)
сөздiктері – ғылыми негiзде жасалған қомақты
еңбек. Бұл сөздiктер монғолтанушы, қазақтанушы
және түрколог ғалымдар үшiн де берерi мол
еңбек екенi даусыз. Моңғол қазақтарының
тiлiн зерттеудегi құнды еңбектердiң бiрi –
Б.Базылханның «Моңғолиядағы қазақтардың тiлi»
атты монографиясы. Сонымен қатар Ж.Болатов,
С.Оразалин, А.Мауқараұлы еңбектерінің мәні зор.
Моңғолиядағы қазақ тiлiн зерттеген екінші ғалым
– А. Ж. Үдербаев. Оның еңбегiнiң салмақтылығы ол
– Моңғолия қазақтарының тiлдiк өзгешелiгiн моңғол
тiлiнiң жергiлiктi жерде үстемдiк алып отыруымен
байланыстыра қарастырып, сөйленiстегi ареалдық
құбылыстардың iшiнде Моңғолия қазақтарына
тән белгiлердi анықтады. Өйткенi Моңғолия
қазақтарының фонетикалық жүйесiнде кездесетiн
ерекшелiктер бұған дейiн тек сипаттама түрiнде
қаралғаны болмаса, арнайы зерттеу нысанына
алынып, қазақ сөйленiстерiнiң дыбыс жүйесiмен,
сондай-ақ, қазақ әдеби тiлiмен салыстырылып,
олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтары
жан-жақты талданбаған болатын.
Жергілікті этностың қалыптасып, дамуы немесе
жойылу барысында ұлттың ұлттығын сақтайтын
ең негізгі фактор оның ана тiлі болып есептеледі.
Сондықтан да қандай бір ұлттың болашағын
болжауда тілді әлеуметтiк қырынан зерттеудің
пайдасы өте зор болса керек.
Қазақ тiлiнiң әлеуметтiк қызметiнiң көлемi
– Моңғолияның тiл саясатының жемiсi
Қандай да бiр ұлт тiлiнiң әлеуметтiк
лингвистикалық жайына нақты баға беруде
сол ұлт өмiр сүрiп отырған елдің тiл саясатына
назар аударылады. Кез келген мемлекетте тілдің
қоғамдағы рөлін реттеп отыратын өзіндік тіл
саясаты жұмыс істейді. Тiл саясатын профессор
Б.Хасанұлы өмiрдiң әртүрлi саласында тiлдi тиiмдi
қолдану бағытында арнайы белгiленген iс-шаралар
жүйесi деп атайды.
Моңғолия тiл саясаты қазіргі моңғол тілінің
нормаларын жетілдіріп, дамытуға бағытталған.
Ал қазақ тіліне қатысты мәселелер аз ұлттарға
байланысты мемлекеттік саясаттың шеңберiнде
жүзеге асырылып келдi.
Моңғолия үкіметі ХХ ғасырдың 30-жылдарынан
бастап жаңа заман талаптарына сай ұлттық кадрлар
дайындау туралы мәселелердi қолға алды. Ол үшін
мектеп, мәдени орындар ашу, халықты жаппай
сауаттандыруды ұйымдастыру, қазақ жастарын
шетел мен Астанадағы әртүрлi оқу орындарында
оқыту сияқты өмiрлiк қажеттi iстердi реттеу қатарлы
іс-шараларды жүргізді. Қазақ жастарын ұлттық
тiлде оқыту қазақ тiлiндегi кiтаптарды молайту
қажет болды. Бұл оңайлықпен жүзеге асатын іс
емес еді. Сондықтан Моңғолия қазақтарының
саяси-мәдени ісіне қол ұшын беру үшiн Кеңес
Одағынан, яғни Қазақстаннан саяси қызметкерлер
мен мұғалiмдер келдi. Барлық оқу-ағарту іс-
шаралары қазақ тілінде жүргізілді. Бұл Қазақстанда
қалыптасқан қазақ әдеби тiлiнiң жергiлiктi жерде
орнығуына ерекше ықпал етті. 1936 жылы Қобда
қаласында ұлттар клубы құрылып, олар қазақ
арасында үгiт-насихат жұмысын қазақ тiлiнде
жүргiздi. Алайда «осы жылдарда (1931–1940) iс
қағаздары ресми тiл – моңғол тiлiнде жүргiзіледi.
90 пайызы моңғол тiлiн бiлмейтiн қазақтар үшін
бұл іс-шара оңайға түспейді, біраз қиыншылықтар
көреді». 1940 жылы МХР-ның жаңа негізгі
заңы қабылданады. Осы заңының талаптары
басшылыққа алынып, қазақтардың тарихи дамуы
сапалық деңгейге көтерiлдi.
Моңғолия қазақтары тiлiнiң жергiлiктi
тiлдiк жағдаятта алатын орны
Бір тілдің немесе бір аумақтық әлеуметтік
ортада қызмет ететін тілдер тобының белгілі бір
географиялық аймақ, болмаса саяси-әкімшілік
құрылым шегінде өмір сүру формасының
жиынтығы тілдік жағдаят деп аталады. Моңғолия
қазақтары шоғырлана қоныстанып отырған жері
Баян-Өлгий аймағы этникалық құрамы жағынан
көп ұлтты болып келедi. Ал тiлдiк жағдаят болса,
ол этностардың ара байланысын, өзара қатынасын
қамтамасыз ететiн жүйе.
Моңғолияның ресми тiлі – моңғол тiлi.
Ол Моңғолияның бүкiл аумағында өмiрдiң
барлық салаларын қамтып, жергiлiктi басқа ұлт
өкiлдерiнiң екiншi ана тiлi саналып отыр. Мұндағы
этнос тiлдерiнің қоғам өмiрiндегi қызметi әр
түрлі әрі тiлдiк жағдаяттың өзiндiк ерекшелiгiмен
сипатталды. Баян-Өлгий аймағында қоғамдық
өмiрдiң барлық салаларында қарым-қатынасты
қамтамасыз етiп отырған қалқа (моңғол), қазақ
тілдері. Тiлдiк жағдаяттың компоненттерiн
құрайтын ұраңқай, дөрбет, тува тiлдерiн халықтың
аз тобы (10 пайызы) қолданады. Олар өздi-өзiмен
(ұраңқай ұраңқаймен, дөрбет дөрбетпен деген
сияқты) ғана сөйлеседі.
Баян-Өлгий аймағындағы тiлдiк жағдаят қос
компоненттi. Оның бiрi – қазақ тiлi де, екiншiсi
қалқа, яғни моңғол тiлi. Микроаралық тiл ретiнде
(ұлтаралық қатынас құралы) ауызекi сөйлеуде
қазақ және моңғол тiлдерi ортақ қызмет етедi.
ШЕТЕЛ ҚаЗаҚТаРы ЖӘнЕ ҚаЗаҚ ТІЛІ
Кей жағдайда қазақ тiлiнің жергілікті жердегі
қоғамдық қызметi мемлекеттiк ресми тiлден айқын
басымдық көрсетуі байқалады. Алайда, жазба
формасында яғни iс жүргiзу, iс қағаздарын басқару,
түрлi құжаттар дайындау моңғол тілінде жүреді.
Мемлекеттiк басқару жүйесiнде моңғол тiлi ғана
қолданылады, қазақ тiлi жоғары әлеуметтiк қарым-
қатынасқа ие емес. Қазақ тілі – аймақтың жалпы
тұрғыны бiрдей сөйлейтiн, әдеби өңделген формаға
ие, қоғамдық функциясы жағынан екiншi орындағы
тіл. Ал Моңғолияның iшкі өлкелеріне қоныстанған
қазақтардың тiлi әртүрлi күйдi басынан кешiрiп
отыр.
Баян-Өлгий қазақтарының ұлттық тiлiн сақтап
қалуына себеп болған факторлар мынадай:
-тілдің мемлекет тарапынан негізгі заңмен
қорғалуы;
-Баян-Өлгий аймағының этникалық құрамында
қазақтардың басымдығы, олар аймақ халқының 90
пайызын құрайды;
-Баян-Өлгий
қазақтарының
өркениет
орталығынан алыс шалғайда (1500 шақырымда)
орналасқандығы;
-көршiлес моңғол аймақтардағы өркениет
дәрежесiнiң Баян-Өлгийдiң даму деңгейiне
ықпал етерлiк, қызығарлық, елiктерлiк дәрежеге
көтерiлмегендiгi;
-Баян-Өлгий аймағының басқа көршi елдермен
Ресей, Қытай арасындағы қатынастың жабықтығы,
яғни, өзiн қоршаған аумақтық ортадан оқшаулануы;
-Баян-Өлгий
аймағында
өнеркәсiп
орындарының бой көтермеуi мен әлеуметтiк
инфраструктураның мешеулiгi;
-Моңғолияның негiзгi халқының санының
шағындығы;
-этнос бөлшегінің ұлттық сана-сезімі деңгейінің
жоғары болуы;
-тілдің өмірдің негізгі салаларында қоғамдық
қызмет етуі;
-әрбiр қазақ Қазақстан атты Ұлы Отаны
барлығына кәмiл сенiп, оның ажырамас құрамды
бiр бөлшегi екенiн мейлiнше сезiнуі, туған елге
деген жан-дүниесiнiң жарыққа шыға бермейтiн
iшкi тартылыс күшi қуатты болуы.
Достарыңызбен бөлісу: |