Сенім – ұлы күш
Мен бір жас дәрігер жігітті білемін. Өз ісін ол ешкімнен кем білмейді. Жүйке ауруларын емдейтін бұл жігіт жолдастарынң арасында абыройлы, істейтін жерінде де құрметті, сыйлы. Алайда кейде оның өз басына қатысты сұрақ қойсаң, ол жауап бермей, тіпті кейіп тастап, сені тыңдамай қоятыны бар. Мен бұның сырын көпке дейін түсіне алмай жүрдім. Бұл жұмбағымның шешуін кейіннен онымен жақын араласқан соң ғана білдім. Сөйтсем, ол дәрігерлікті әке-шешесі ұнатқаннан кейін таңдаған екен. Институтты ойдағыдай бітіріп, дипломын алады. Жұмысқа орналасады, мамандығы бойынша бірталай жылдан бері жұмыс істеп келеді. Өз кәсібін жақсы біледі, абыройы да жаман емес. Жұрт сыйлайды. Алайда оның жүрек түкпірінде бала кездегі археолог болсам деген арманы сөнбеген екен. Оған қонаққа барғанда көргенім: үйіндегі кітап сөресінде археологияға қатысты кітаптар, сурет-альбомдар, журналдар сіресіп тұр. Ол жер астынан жақында табылған көне шаһарлар, жәдігерлер туралы сөйлегенде ауыздыға сөз, аттылыға жол бермей кетеді. Мұндайда ол шабыттанып, аруақтанып алады екен. Ол болашақта әйтеуір бір қазба жұмысына қатысып, өзі тамаша қойма табатынына сенеді. Оның осы сенімі сөнбегені үшін де мен оны сыйлаймын.
Мен жатқан ауруханада бір жап-жас нейрохирург жігіт бар. Бұл – мүлдем басқаша адам. Өзі жастығына қарамай, атақты пофессордың көмекшісі. Профессор кейбір операцияларды соған сеніп тапсырып, өзі тек бақылап қана тұрады. Мәселе жас жігіттің білгіштігінде, қолының ептілігінде емес. Бұл жігіт өзі қараған науқас жандардың іші-бауырына кіріп, оларды демнің арасында ұршықша үйіріп әкетеді. Көп науқас оған өзінің ішкі сырын жайып салады. Көбі оның соңынан топырлап, шұбап жүреді. Бір жолы онымен палатада әңгімелесіп отырып:
- Сіз өз кәсібіңізді қатты ұнататын сияқтысыз, - дедім. Жас дәрігер салмақты жігіт еді. Менің сауалыма жауап берудің орнына қарсы сұрақ қойды:
- Айтыңызшы, сіз үшін ақындық та кәсіп боп көріне ме?
- Жоқ, - дедім сауалының астарын ұқпай.
- Суретші болу ше? Ол да бір кәсіп пе?
- Жоқ.
- Сонда не олар?
Мен жауап таппай, күмілжіп қалдым. Ол өз сұрағына өзі жауап берді:
- Меніңше, бүкіл жан-дүниесі, күллі жаратылысы шалқыған шабыттан қаланып, о баста ақын боп туылған жанның ақын болмай қалуға құқығы жоқ. Демек, ақындық – ол адамның өзі қалап алған мамандығы емес, қайта ақынның табиғи парызы. Дәрігерлік те солай. О баста өзінің осы іске икемі, ынтасы, тіпті дарыны болмаса, қанша оқытса да, одан нағыз дәрігер шықпайды. Дәрігерлікті кәдімгі кәсіптердің бірі деп түсінбеу керек. Өзім – дәрігермін. Әйтсе де, әріптестерім маған қашан да үнемі бір құпия, киелі қасиеті бар, елден ерекше жандар сияқты көрінеді. Мұндай қасиет басқа тірі пендеде жоқ екеніне жүрегім кәміл сенеді. Мені дәрігер еткен, міне, сол сенім.
Иә, сенімнің үлкен күші бар. Меніңше, тек өз бойыңдағы күш-қуатқа, ерік-жігерге, дарын-қабілетке қалтқысыз, бар жан-тәнімен сенген адам ғана биік мұрат-мақсат шыңдарына шыға алады.
(Н.Келімбетов)
Достарыңызбен бөлісу: |