Дистанциялардың құрылуы 1831 жылға дейін Кіші жүз қазақтары ресми құжаттарда шекара шебіне жақын және далалық жерлерде тұратындар деп екі топқа бөлінетін. Шекара шебіне жақын тұратындар 1831 жылдан бастап дистанцияларға, ал олар старшындықтар мен ауылдарға бөлінді. Дистанциялар жаңа әкімшілік-аумақтық бірліктерге айналды. Оларды дистанция бастықтары басқарды. Дистанциялар барған сайын көбейе түсті. 1850 жылы олардың саны Кіші жүз жерінде 57-ге жетті. Уақыт өте келе дистанция бастықтарытың билігі алыстағы ауылдарда да жүргізілетін болды. Дистанция бастықтары түтін салығы деп аталған салықты жинаудың барысын қатты қадағалады, әр үй басына салынатын «түтін салығының» мөлшері 1,5 күміс ақшаға (сомға) тең болатын.
«Орынбор қырғыздары (қазақтары) туралы ереже» (1844 ж.)«Орынбор қырғыздары туралы жарғының» кемшілік тұстары көп еді. Сондықтан оның орнына 1844 жылы «Орынбор қырғыздары туралы ереже» шықты. Ендігі жерде Орынбор әкімшілігіне қарайтын қазақтар тұратын жерлер Ресей империясы аумағының бір бөлігі деп жарияланды. Кіші жүзге жалпы басшылық жасауды Орынбор шекара комиссиясы жүргізді. Оның құрамына төрағаның өзі, орынбасары, төрт кеңесшісі және қазақтардан сайланатын төрт заседатель, ерекше тапсырмалар жөніндегі шенеунік, адам және мал дәрігері кірді. Жаңа ереже бойынша билер сотына барынша шектеу қойылды, ол ұсак-түйек мәселелерді ғана қарайтын болды. Үкіметке карсы әрекеттер жасау, кісі өлтіру, қарақшылық жасап ел тонау, барымта алу сияқты қылмысты істерді әскери coт қарады. Ал ұрлық жасау, алаяқтық, бұзақылық, 50 сомнан жоғары мүліктік талап сияқты істер Ресей империясы шекара комиссиясының жанындағы жалпы заңдар негізінде қаралды. Орынбор әкімшілігіне қарайтын қазақтардың жағдайы олардың Орта жүздегі қандастарына қарағанда әлдеқайда ауыр еді. 1844 жылы Кіші жүз жеріндегі шекара шебіне жақын тұратын қазақтар үшін қамқоршы деген қызмет пайда болды. Оның негізгі міндеті шекара шебіне жақын тұратын қазақтарды отырықшы орыс халқының озбырлығынан қорғау еді. Қамқоршы далалық қазақтар шекара шебінен Ресейдің ішкі жағына өтіп кеткен жағдайда ғана олардың құқықтарын қорғай алатын. Басқарушы сұлтандардың жанында шешек ауруына қарсы егу жұмыстарын жүргізетін бір-бірден қазақ фельдшері болды.