Яков Гавердовский қазақтың кәдуілгі құқығы туралы («Жеті жарғы» жайлы алғашқы жазба дерек) Қайрат Әлімжан, заңгер 2007-жылы көптеген қазақ зерттеушілері жалыға күткен тарихи-этнографиялық шығармаларының бірі жарияланды. Біз сөз етіп отырған «Обозрение Киргиз-кайсакской степи» («Қырғыз-қайсақ даласын шолу») деген шығарманың авторы аты белгілі, бірақ заты белгісіз зерттеуші - орыс офицері - поручик Яков Петрович Гавердовский (1770/73-1812). Мені оның еңбегі қазақтың кәдуілгі құқығына байланысты студент кезімнен қызықтырған. Қазақ құқықтанушылары Гавердовскийді бұрыннан білген. Мысалы, Т.М. Күлтелеев (1911-1953) «Қазақтың қылмыстық кәдуілгі құқығы» атышулы монографиясын жазғанда басқа дереккөздермен қатар Гавердовскийдің шығармасын да (қолжазба күйінде) пайдаланған.[1] Басқа зерттеушілер де, әсіресе тарихшылар, Гавердовскийдің шығармаларын өз жұмыстарында кеңінен пайдаланған. Мәселен, атақты А.И. Левшин (1797-1879) өзінің қазақтар туралы 1832-жылы жарық көрген іргелі зерттеу еңбегін жаза отырып еш сілтеме жасамаса да Гавердовскийдің жазбаларына сүйенгені күмәнсіз.[2] Қазақстан мен Ресейдің қазіргі заман тарихшылары да - М.П. Вяткин (1895-1967), Н.Г. Аполлова (1898-1993), Е. Бекмаханов (1915-1966), С.Е. Толыбеков (1907-1995), Н.Е. Масанов (1954-2006) және т.т. - Гавердовский еңбегін оқып өз жұмыстарында пайдаланған.[3]
Дегенмен, Гавердовскийдің оқымыстылар арасындағы танымалдылығына қарамастан оның шығармаларының негізінен қолжазба күйінде қалып баспа бетін көрмегені зерттеушілердің басым көпшілігіне соңғы кезге дейін үлкен кедергі болды.[4]
Гавердовскийдің өзін сипаттайтын болсақ, ол кісі қазақтарды жақсы білген деуге болады.[5] 1789-жылдан 1800-жылға дейін ол кісі Орынбор қаласы мен Орынбор шекаралық бекіністер шебінде Ресейдің азаматтық және әскери құрылымдарында қызмет етті. Жазба еңбектерінің мазмұнына қарағанда, орыс офицері қазақ тілін де әжептәуір игерген. Және де ерекше атап өтерлік жайт, Ресей мемлекетіне өмірінің соңына дейін адал қызмет етіп, орыс-француз соғысына қатысып полковник шенінде Яков Гавердовский әйгілі Бородино шайқасында 1812-жылы тамыздың 26-сында ерлікпен қаза тапты.[6]
Енді қазақ тарихын зерттеуде тағы бір олқылықтың орны толтырылып, Я.П. Гавердовскийдің негізгі еңбектері 200 жыл бұрын жазылып Қазақстанда басылып шықты. Анығырақ айтатын болсақ, ол кісінің «Журнал, веденный Свиты его императорского величества поручиком Гавердовским и колонновожатыми Ивановым и Богдановичем во время следования их по высочайшему повелению чрез Киргизскую степь в провинцию Бухарию, с различными наблюдениями, с описанием всех случившихся происшествий, равно как и о возвращении в Россию в 1803 году с кратким уведомлением об отправлении посольства в азиатское владение» (1804-жылы жазылған)[7] («Императорлық ұлы мәртебелінің нөкер-қосшыларының поручигі Гавердовский мен колонновожатыйлар[8] Иванов пен Богданович Қырғыз даласы арқылы Бұхар уәлаятына ұлы мәртебелінің жоғары әміріне сәйкес өткенде, түрлі шолулар мен жолшыбай орын алған уақиғалардың сипаттамасы туралы және де Ресейге 1803-жылы қайту туралы жазып жүргізген журнал мен елшілікті азиялық иелікке жіберу жөнінде қысқаша ескертпе»), «Обозрение Киргиз-кайсакской степи (часть 1) или Дневные записки в степи Киргиз-кайсакской 1803 и 1804 годов» (1806)[9] («Қырғыз-қайсақ даласын шолу (1-бөлім) немесе Қырғыз-қайсақ даласында 1803 және 1804-жылдары күнделікті жүргізген жазбалар») және «Обозрение Киргиз-кайсакской степи (часть 2) или Описание страны и народа киргиз-кайсакского» (1809)[10] (««Қырғыз-қайсақ даласын шолу (2-бөлім) немесе Қырғыз-қайсақ елі мен жұртын сипаттау») деген шығармалары жарияланды. Бұл еңбектер автордың Қазақ даласы арқылы Бұхара әміриятына бармақ болған сәтсіз саяхатының жемісі деуге болады. Атап айтқанда, 1803-жылы Ресей Бұхараға ресми мәмілегерлік миссиясын жоспарлап жібермек болады. Бұл елшілікті басқару поручик Гавердовскийге жүктеледі. Я.П. Гавердовский бастаған ресми миссия қазақ жолсеріктерін алып, сауда керуенімен бірге шілде айында Орынбор қаласынан аттанып Сырдарияны бетке алады. Елшілік Қазақ даласының батыс бөлігі арқылы сол кездегі белгілі жолдардың бірін таңдайды. Ақырында, бұл елшілік сәтсіз аяқталады. Қыркүйек айында Сырдарияға 70 шақырымдай жер жетпей керуен қарақшыларға тап болады. Мұздай қаруланған көптеген қарақшылар тобы бас салып, керуенді аямай тонап, көптеген адамды қырып не тұтқынға алып, қалғандарды кері қайтуға мәжбүрлейді. Сәтсіздікке қарамастан Я.П. Гавердовский жол-жөнекей жинаған мәліметтер негізінде қысқа баянхат пен мақалалардан басқа үлкен, ғылыми маңызы зор шығарма жазып қалдырады. Ерекше атап өтерлік жағдай, елшілікке қатысушылар арасында міндеттер алдын ала үлестіріліп анықталған. Гавердовскийдің жазуынша, оның міндетіне бойлық пен полюстің биігін анықтау, жол мен жолшыбай болған уақиғалар журналын жүргізу, жүрген жолдың географиялық жағдайын байқау, жергілікті халықтардың мінез-құлқы мен әдебі және тарихы мен заңдары туралы мәлімет жинау жатқызылған.[11] Яғни, зерек саяхатшы қазақ кәдуілгі құқығына байланысты мағлұматты ұқыпты жазып жүрді. Қазақ құқықтанушыларына Гавердовский еңбектерінің маңызын арттыратыны ол шығармаларында тарихта тұңғыш болып жазбаша түрде Тәуке хан заңдары, яғни қазақ тарихнамасында «Жеті жарғы» деген атпен белгілі заңдар жиынтығы туралы мәлімет келтіреді. Оның үстіне, мәселен, атақты қазақ оқымыстысы Т.М. Күлтелеевтің пікірі бойынша, басқа зерттеушілермен салыстырғанда «Жеті жарғыдағы» құн жөнінде ең дұрыс мәлімет Гавердовский берген.[12] Кейбір құқықтық мәселелер бойынша, оның ішінде «Жеті жарғының» түп мәтіні жөнінде, Гавердовскийдің жазып қалдырғаны іс жүзіндегі жағдайға ең жақын екені туралы С.Л. Фукс (1900-1976) те кезінде бірнеше рет баса айтып көрсеткен.[13] Гавердовскийдің жазбалары Тәуке ханның заманына басқа белгілі жазба тарихи шығармаларға қарағанда ең жақын болғанын ескерсек, жағдайдың осылай қалыптасқанына, яғни Гавердовскийдің мәліметтері ақиқат ауылына ең жақын екеніне таңдануға болмайды. Тағы бір айтарлықтай жайт, Гавердовский машықтанған академиялық зерттеуші емес. Ол сипаттап жазған көптеген оқиғалар мен фактілердің тікелей куәсі болған. Яғни, оның шығармаларын тарихи куәгердің сенімді дереккөзі ретінде қабылдауға әбден болады. Дегенмен, оларды да сын көзбен пайымдасақ артық болмас. Үшбу мақалада Гавердовскийдің жоғарыда аталған шығармаларынан алынған қазақтың кәдуілгі құқығына қатысты үзінділер топталып, жүйеленіп цитат түрінде орысша келтіріліп, қазақшаға аударылып берілмекші. Орайы келгенде келтірілген цитаттарға қосымша түсінік пен ескертпелер де беріледі. Орысша цитаттар Гавердовский жазғандай (жоғарыда аталған кітап мәтіні бойынша) емлесі мен грамматикасы және лексикасы еш өзгеріссіз сол қалпында сақталып келтіріледі.