[«Жеті жарғы» туралы] «…Около 1680 г. один старшина из меньшей орды Тявка-султан, присоединя к себе большую часть народа из всех орд и сделав удачные над прочими победы, наименовал себя первым ханом всех трех орд, в которых знаменитыми родоначальниками тогда были и в сие время утвердились первенствующими биями: в Большой орде - Тюля, в Средней - Казбек, а в Меньшей - Итка. Они вообще с ханом старались об успокоении в ордах волнений и для лучшего к оному усилия разделились совершенно…».[21] «…Шамамен 1680-жылы Кіші жүз басшыларының (старшындарының) бірі Тәуке сұлтан үш жүз халқының көпшілігін өзіне қаратып және бар бәсекелестерін жеңіп шығып өзін бүкіл үш жүздің бірінші ханы деп жариялайды. Сол кезде атақты рубасылар болып және әр жүзде, атап айтқанда Ұлы жүзде - Төле, Орта жүзде - Қазыбек, ал Кіші жүзде - Әйтеке, төбе билер болып орнықты. Жалпы олар жүздерінде болатын берекесіздікті жойып ханмен бірге тәртіп орнатуға тырысып бақты және осыны жүзеге асыру үшін тіптен дербестеніп кетті…». Тарихи дереккөздерге қарағанда, Тәуке ханды (немесе Тәуке сұлтанды) Кіші жүз басшыларының (старшындарының) бірі деп айту қате болса керек. Гавердовскийдің бұл тұжырымы оның жергілікті хабаршыларының бірі айтқан бұрыс сөзіне сүйенгені болуы мүмкін. Дегенмен, бұл сөз Тәуке ханды оның сұлтан кезінде хан тағына ұмтылғанда Кіші жүздің рулары қолдағандықтан ел есінде осылай (Кіші жүз басшыларының бірі болып) сақталып қалуы мүмкін. Оның үстіне, кейбір авторлар 1680-жылды «Жеті жарғы» қабылданған уақыт (не жыл) деп көрсетеді. Бұл да, менің ойымша, қате болса керек. Гавердовскийдің Тәуке ханның 1680-жылдың шамасында хан болып көтерілгені туралы дерегі рас болса да, қарапайым логикаға жүгінетін болсақ, біріншіден, билікке келе салып дереу заң қабылдау миға қонбайтын сияқты, екіншіден, қазақ хандарының білік ету дәстүрінде ондай құбылыс әдетте болмаған. Керісінше, менің пайымдауымша, Тәуке хан реформаларын жоспарлаған болса, оның ішінде құқық саласында да, бұндай реформаларды қазақ жамағаты сияқты дәстүрлі қоғамдарда дәстүрлі жолмен өзгеріс енгізу әлдеқайда тиімді болатыны түсінікті. Бұны қазір біз түсінетін болсақ, Тәуке хан сықылды мемлекет қайраткері сол кездегі жағдайды біле тұра түсінбеді деу қисынсыз. Осыған байланысты «Жеті жарғы» деген заңдар жиынтығының ол кісінің бастамасымен расында қабылданғаны болса, оны асықпай, ел ағаларымен бір емес, бірнеше рет ақылдасып, ептеп-септеп қазақ қоғамына енгізді деп болжағанымыз әлдеқайда ақылға қонымды болса керек. Бұл кәдуілгі құқықтың даму заңдылықтарымен де үндесетін әрекет болса керек. Яғни, бұл тұрғыдан қарастыратын болсақ, «Жеті жарғы» деген заң жиынтығы тарихта расында қабылданған болса, 1680-жылы емес, сол жылдан кейін пайда болғаны ақиқат ауылына жақынырақ болу керек. Атап айтарлық бір ерекше жайт, қазақтың дәстүрлі құқықтық сана-сезімінде Тәуке ханның «Жеті жарғысы» негізгі құқықтық мифтерінің бірі болуы мүмкін. Яғни, менің айтайын деген ойым, «Жеті жарғы» расында, тарихта іс жүзінде болмағаны да мүмкін. Қазіргі заман заңгерлерінің тілімен айтатын болсақ, «Жеті жарғы» құқықтық фикция (legal fiction), яғни жасанды дүние (artificial matter) болса, таңдануға болмайды. Кейбір кезде құқықтық фикцияның маңызы іс жүзінде (расында) болған құбылыстан, нақтылы объектіден әлдеқайда жоғары болуы таңсық емес екенін заңгерлер мен құқықтанушылар біледі. Осыған байланысты құқықтық фикциялығы «Жеті жарғының» қазақтың жалпы және құқықтық тарихындағы шешуші рөлі мен маңызын төмендете алмайды. «Жеті жарғының» фикция екеніне кейбір жанама дәлелдер де бар. Мәселен, сол заңның атауына назар аударсақ, ерекше бір атап өтерлік жайт, Гавердовский Тәуке ханның жаңа заң жиынтығын қабылдап бекіткені туралы бірінші болып жазғанымен оны «Жеті жарғы» деп атамайды. Тәуке ханның заңдары туралы жазбаша мәлімет қалдырған басқа да орыс зерттеушілері (И.П. Шангин (1783-1830) және А.И. Левшин (1797-1879)[22]) сол заңдарды «Жеті жарғы» не осыған ұқсас атаумен атамайды, тек жалпылама Тәуке хан заңдары деп көрсетеді. Меніңше, бұл кездейсоқ болмаса керек. Демек, бұл кісілерге сол заңдар туралы мәлімет берген қазақ хабаршылары бұндай атауды білмеген болса керек, әйтпесе атақты заңдар туралы айта тұрып, олардың жалпы атын атамау түсініксіз. Яғни, Тәуке хан заманында да, одан кемінде жүз жыл кейін де «Жеті жарғы» деген атау қазақ қоғамында мүлдем болмағанға ұқсайды. Осыдан бұл атау кейінгі кезеңнің жемісі деп болжауға болады. Яғни, XIX-ғ. басында Тәуке хан заңдарын қазақтар «Жеті жарғы» деп әлі атамаған. Дегенмен, қазақтың тарихи дәстүрінде бұл заңдар «Жеті жарғы» деп аталады, нақтырақ айтқанда - «Әз Тәуке ханның Жеті жарғысы». Бұл атау қазақша жазбаша түрде алғаш рет Абайдың (1845-1904) «Үшінші сөзінде» кездеседі деп ойлаймын. Орыс дереккөздерінде бұл атау тұңғыш рет П.Е. Маковецкий (1886) еңбегінде келтіріледі.[23] Бұдан кейін бұл атауды (не бұған ұқсас атауды) басқа орыс зерттеушілері де қайталап кең қолдана бастайды.[24] Бір атап өтерлік жайт, тарихи әдебиеттен білуімше, Абай мен Маковецкийлер өзара жақсы таныс болған, осыған байланысты қазақ құқығы жөнінде Маковецкий шығарған кітапшаға Абайдың (хабаршы не ақылшы ретінде) қатысуы әбден мүмкін. Олай болса, Маковецкийдің «Жеті жарғы» атауын білуі түсінікті болып шығады. Яғни, XIX-ғ. соңында Тәуке хан заңдары қазақтың тарихи дәстүрінде «Жеті жарғы» деген атаумен белгілі болып шықты. Сол сияқты не Гавердовский, не Шангин, не Левшин Қасым ханның «Қасқа жолы» мен Есім ханның «Ескі жолы» туралы бір де бір сөз жазып қалдырмаған. Демек, жоғарыда айтқанымдай, Әз Тәуке ханнын «Жеті жарғысы» қазақ халқының өте маңызды құқықтық мифтерінің бірі деген болжамым дұрыс болса, бұл болжам, әлбетте, Қасым ханның «Қасқа жолы» мен Есім ханның «Ескі жолына» да қатысты болса керек.